Өлеңдер ✍️
АТА ЗАҢЫМ
Дербес ел болдық - мүддесі айқын халықтың,
Алғаны бойын Еділ мен Есіл, Жайықтың.
Тарихқа кеше куәсі болған елім-ау,
Қалықтап көкке, қанатты кеңге жайыпсың.
Аманат етіп атадан мұра балаға,
Тілеуін тілеп, тәу еткен талай жан ана.
Қашаннан көксеп, паш еттік алтын бесігін,
Жарқырап көкте жұлдызың мәңгі жана ма?
Арайлы күнге қазір де, міне, жол аштық,
Ғасырдан келген айбыны сенсің - Алаштың!
Тұғыры биік, арманы асқақ Ата Заң,
Толғанып мен де жыр арнап саған жақ аштым!
Бабалар салған шежіре жатыр түбінде,
Егемен алдық - ғасырым куә бүгінде.
Желкені етті қазағым қазір жарлығын,
Талайдан бері кіндік қан тамған жерімде.
Әділдік туын биікке қойып аңсаған,
Алты Алаш елге мақтанып мен де жар салам.
Тәуелсіз елім – жігері берік, қайсарлы,
Керегең де кең, тапталмас мәңгі босағаң.
Алаңдап халық кіріскен қазір қамына,
Тұмсығын тықпас өзге де елдің бағына.
Әз Тәуке жазған «Жеті жарғының» жалғасы,
Бағынар жұртым Тұғырлы елдің Заңына.
Бекіткен күні тарихқа енді Заңым да,
Текті ұрпақтың қаны бар бойда, жалында!
Желбіреп туым асқақтай берсін мәңгіге,
Тәңірім қолдап, алдырма елді залымға!
Жалында, елім, болашақ ұрпақ жолында!
Тәжіханқызы Гүлзия.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter