Қазақ аңыз әңгімелеріндегі Абылай хан бейнесі
№187 М. Шоқай атындағы қазақ орта мектебі
ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСТЫҢ ТАҚЫРЫБЫ:
Қазақ аңыз әңгімелеріндегі
Абылай хан бейнесі
Бағыты: Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ
дамуы бар саяхат маршруттары
Орындаған: Сейітжан Несібелі Қайратқызы
Мектеп: №187 М. Шоқай атындағы қазақ орта мектебі
Сынып: 9 «Ә»
Ғылыми жетекшісі: Қамзаева Гүлшат
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік Университеті, Гуманитарлық- педагогикалық институтының
қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика
кафедрасының академиялық доценті, ф.ғ.к.
Жетекшісі: Нұрманова Гүлназ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Қызылорда, 2013 жыл
МАЗМҰНЫ:
І Кіріспе
Артық туған Абылай------------------------------------------------------ 3
ІІ Негізгі бөлім
2.1. Қазақ фольклоры мен Абылай хан туралы аңыздар
сабақтастығы --------------------------------------------------------- 5
2.2. Қазақ аңыздарындағы Абылай хан бейнесі ------------------- 9
ІІІ Қорытынды
Қазақтың туы мен ұранына айналған хан Абылай ------------------- 18
Лебіздер легі --------------------------------------------------------------- 19
Ұсыныс --------------------------------------------------------------------- 20
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ------------------------------------- 21
Қосымша /суреттер, сызбалар/ ---------------------------------------- 22
Аннотация
“Қазақ аңыз әңгімелеріндегі Абылай хан бейнесі” тақырыбындағы ғылыми зерттеу жұмысының мақсаты - биыл туылғанына 300 жыл толған қазақ тарихында өшпес орны бар Абылай бейнесіне қатысты аңыз бен ақиқат мәселесін зерделеу, идеалды билеушінің бейнесін жасаған қазақ аңыздарындағы Абылай ханның ерекше қасиеттерін ашу. Зерттеу жұмысында маңызды оқиғалар мен көрнекті тұлғаларға берген халықтың бағасын, қарым-қатынасын көрсетуде аңыз әңгімелердің орны ерекше екендігі айтыла келе, Абылай туралы аңыздар мен қазақ фольклорында жиі кездесетін тұрақты мотивтер талданған. Қазақ аңыздарындағы Абылай ханға берген халықтың бағасын көрсету үшін Абылай хан туралы аңыздарды жинақтай отырып, Абылай бейнесі, оның мінез қырлары жан-жақты ашылған.Атақты ханның бейнесі елдің рухында азаттықтың рәмізіндей болып сақталып, бүгінгі күнге дейін жетуі Абылайдың тектілігінен, елді жаудан қорғаған батыр, дарынды қолбасшы, халқын даналық істермен басқарған билеуші болғандығынан екендігі көрсетілген.
Мерзімдік басылымдарда, жинақтарда жарияланған ақпараттар мен аңыз әңгімелерді, Абылай хан туралы айтылған лебіздерді пайдалана отырып, өзіндік тұжырым жасалып, ұсыныстар енгізілген.
Аннотация
В научной работе по теме «Образ Абылай хана в казахских преданиях» исследуется исторические предания, составляющие важный, чрезвычайно богатый спектр национального фольклора и определяется их жанровые особенности. Цель исследование – раскрыть все качество исторического деятеля хана Абылая в образе одаренного правителя и командующего, которого в этом году отмечали 300 летие. В работе так же показаны и сравнены общие устойчевые мотивы и сюжеты в казахских исторических преданиях и преданиях об Абылае.
Источниками исследования являются сами предания в которых содержится важная информация об Абылае, так и другие материалы СМИ имеющие отношение к исследуемой теме. Научная работа состоит из введения, двух глав, заключения, списка использованной литературы и приложения.
Annotation
In scientific work “ The image of Abylaikhan in the Kazakh legends ” examines historical legends that make up an important, a very rich range of national folklore and defined the genre features. The purpose of research reveal all the qualities of a historical figure Abylair Khan in the form of a gifted ruler and commander, which this year celebrates its 300th anniversary. The paper also shown and compared overall stable motifs and themes in the history of the Kazakh legends of Abylai.
The sources research are themselves stories that contain important information about Abylai and the other media materials relevant to the subject in question. The scientific work consists of an introduction, two chapters, conclusion, list of references and apps.
№187 М. Шоқай атындағы қазақ орта мектебінің
9 – сынып оқушысы Сейітжан Несібелінің
«Қазақ аңыз әңгімелеріндегі Абылай хан бейнесі»
тақырыбына жазған жұмысына
ПІКІР
Зерттеу жұмысын жүргізуші Сейітжан Несібелі ғылыми жоба жазу барысында тамыры тереңде жатқан тарихымызды зерттеп, қазақ тарихында өшпес орны бар Абылай ханның ірілігі мен асқақтығын бүгінгі жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында Абылайды үш жүздің басын қосқан данышпан хан, алып мемлекеттердің аузына іліктірмей елін сақтап қалған кемеңгер дипломант, жаумен айқаста жеңістің жолын таба білген көреген қолбасшы ретінде көрсете білген. Жұмыстың мақсатына жету үшін Абылай хан туралы зерттеу еңбектері мен аңыздарды оқи отырып, қазақ фольклорындағы аңыз әңгімелердің тұрақты мотивтері мен Абылай хан туралы аңыздардың ортақ ұқсастықтары талданған.
Абылай туралы аңыздардағы ең маңызды деп саналған төрт оқиғаны - Жас Абылайдың жетімдік көруін, Сабалақ атанған баланың алғашқы ерлігін, Абылайдың жекпе-жекте өлтірген жау батырын, Абылайдың қалмаққа тұтқынға түсуі мен одан шығуын - тақырып етіп алып, төрт оқиғаға байланысты көрінген Абылай ханның ерекше қасиеттерін ашуға тырысқан. Өзінің жас ерекшелігіне сәйкес мерзімдік басылымдарда жарияланған ақпараттарды, Абылай хан туралы аңыз әңгімелерді, ғылыми еңбектерді кең түрде пайдалана отырып, тақырыпты аша білген. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
Абылай ханның туғанына 300 жыл толуына орай оқушының жүргізген бұл ізденіс жұмысын деректері мол жұмыс деп есептеймін. Болашақта әдебиеттану әлеміне терең үңіліп, әрі қарай дамытып, зерттеу жұмысын күрделендіретініне сенімдімін.
Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік
университеті
Гуманитарлық- педагогикалық
институтының
қазақ тілі мен әдебиеті және
журналистика кафедрасының
академиялық доценті, ф.ғ.к.: К.С.Қамзаева
І КІРІСПЕ
Тарихы сан ғасырлардың тереңіне кететін халқымыздың «қазақ» аталғаннан бергі дәуірінде ел бастаған көсемдер, сөз бастаған айтулы шешендер, жүйрік ақындар, жердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен шешкен дана билер, қалың жауға қарсы жалғыз шапқан жүректі батырлар аз болмаған. Олар туралы сан алуан аңыздар, жырлар, толғаулар мен дастандар, өлеңдер мен әндер, күйлер туып, біразы біздің дәуірімізге жетіп отыр. Солардың ішінде халық жадында молынан сақталғаны – атақты Абылай хан туралы аңыздар мен жекелеген ақын-жыраулардың жырлары мен дастандары.
Шындағында, Абылай өмір сүріп, елінің азаттығы жолында жанкештілікпен арпалысқан ХVІІІ ғасыр қазақ елінің басына қара күн туып, құрып кету қаупі төнген, халқымыз «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап, «Елім-айлап» күңіренген зар заман екені бүгінде әркімге аян. Абылайдың аты осы қазақ-жоңғар соғысында жарқ етіп шығып, ерлігі мен ақылы арқасында қатардағы сарбаздан беделді сардар, батыр қолбасшы, көреген хан дәрежесіне көтеріліп, ата жаудан ата мекенімізді түгел тазартуы-оның қазақтың бағына туған жан екенін дәлелдемей ме?[5].
Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналып, қазақ үшін қасиетті Алаш сияқты жауынгерлік ұранға айналған Абылай туралы «Адам Атадан Абылайға дейін, Абылайдан кейін де Қазақбайдың баласы Абылай тұсындағыдай өмір сүріп көрген жоқ» деген Мәшһүр Жүсіптен немесе «Қазақтардың аңыз-әфсаналарында Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі – қазақтың ерлігі мен серілігінің ғасыры» деген Шоқаннан асырып айту қиын.
Болып өткен оқиға зор,тарихи тұлға тұғырлы болған сайын оның жұмбағы мол болады. Себебi оның айтылмай қалған тұстарына "аңыз", "ертегi" тор құрады
Аңыз – фольклорлық проза жанры. Онда тарихи шындыққа негізделген, халықтың тарихи жадында сақталған, әйтсе де уақыт өте өңделіп, көркемдік сипат алған оқиғалар баяндалады. Заман алға озып, ел жадында тарихи тұлға көмескі тартып, тарихи оқиға елеске айнала бастағанда, әуелдегі реалистік әңгіме халықтың көркемдік қисын тезіне түсіп, өзгеріске ұшырап, аңыз ретінде айтылатын болған. Аңыздар шартты түрде тақырыптық сипатына қарай , тарихи аңыздар және топонимикалық аңыздар болып жіктеледі. Қазақ арасына көп тараған Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Райымбек, Сұраншы, Кенесары, Исатай, т.б. көрнекті тұлғалар туралы аңыздар бірінші топқа жатса, екінші топқа нақтылы қоныстардың тарихын баяндап, оның қай кезде, қалай аталуының сырын ашатын аңыздар кіреді. Қазақ аңыздарына алғаш рет назар аударған Ш. Уәлиханов пен Г. Потанин еді. Аңыз дербес жанр ретінде М. Әуезовтің еңбектерінде ғана қарастырыла бастады. Ол аңызға «тарихта болған адамдар жайында айтылған, халық шығарған көркем әңгіме» деген анықтама берді. М. Ғабдуллин осы пікірді қуаттай отырып, аңызды «аңыз әңгіме» деп атады да, оның жанрлық ерекшеліктерін айқындай түсті. Аңыздың жан-жақты зерттелуі С. Қасқабасовтың халық прозасына арнаған еңбектерінде жүзеге асты [6].
Зерттеудің маңыздылығы.Тарихи аңыздар – ұлттық фольклордың көркемдік ерекшелігі, тағылымы терең салаларының бірі. Аңыздар - сан ғасырлар бойы халықтың өткенін білуге, тануға деген сұранысы мен қызығушылығын өтеп келген бай рухани қазына. Онда қазақ руханиятына қатысты көркемдік танымдармен қатар ұлт пен мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы тарихында болған оқиғалар мен айтулы тұлғалар туралы хабар-деректер де сақталған. Өкінішке қарай, айрықша рухани әрі тарихи маңызға ие аңыздар осы күнге дейін арнайы зерттеудің нақты нысанына айнала қойған жоқ. Аңыздардың көркемдік мән-мағынасы мен қоғам тарапынан үлкен сұранысқа ие тағылымын мақсатты түрде жүйелі, кешенді қарастыру ғылыми межеден тыс қалып келді. Сондықтан аңыздарды тұтас фольклорлық жанрлар жүйесінде қарастыру және оның ұлт тарихындағы «ақтаңдақ» тұстарды қалпына келтіруге көмектесетін дерек көзі ретіндегі танымдылығын көрсету – көтеріліп отырған мәселенің өзектілігі мен маңыздылығын айқындайтын басты сипаттардың бірі болып табылады.
Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Зерттеу жұмысының алға қойған басты мақсаты - Абылайханды ұлы тұлға ретінде көрсетіп, оның тарихи сахнада алатын орнын бағалау, ардақты бабамыз Абылай ханның жетістіктері мен жемістерін бүгінгі ұрпаққа жария ете отырып, қазақ аңыз әңгімелеріндегі Абылай ханның бейнесін ашу.
Осы мақсатқа жету үшін зерттеу жұмысында мынадай міндеттерді шешу көзделді:
- Абылай хан туралы аңыздарды жүйелей, кешенді түрде қарастырып, аңыздардың тарихилығы мен көркемдік белгілерін ашу. Аңыздардың фольклорлық жанрлар жүйесіндегі ролі мен маңызын талдау, зерделеу. аңыздардың ортақ сюжеттік құрамын белгілеу;
- Аңыз бен тарихи шындықтың арақатынасын талдап, белгілі тұлғалар мен олардың фольклорлық бейнесі арасындағы байланысы мен айырмашылықтарын көрсету;
- Тарихи аңыздарда жиі кездесетін тұрақты мотивтерді сипаттау.
ІІ НЕГІЗГІ БӨЛІМ
2.1.Қазақ фольклоры мен Абылай хан туралы аңыздар сабақтастығы
Аңыз әңгімелер бір жағынан әдеби мұра болса, екінші жағынан тарихи мәні бар мұра. Өйткені аңыз әңгімелер тарихи қайраткерлер жайында әңгімелейді, халықтың тарихқа қатысын, көзқарасын танытады. Маңызды оқиғалар мен көрнекті тұлғаларға берген халықтың бағасын, қарым-қатынасын көрсетеді.
Фольклорлық шығарманың жүйелі сюжетін құруда мотивтер ерекше қызмет атқарады. Қазақ аңыздарында жиі кездесетін тұрақты мотивтерді Абылай туралы аңыздардан да кездестіреміз.
Жетімдік.Атақты тұлғалардың жас күнінде жетімдік күйін шегіп, елден жыраққа кетіп аңшылықпен, болмаса қарапайым кісілердің қолында малшы болып күн кешіп, кейін өзіне лайықты орынға (таққа) ие болуы - фольклорда жиі кездесетін мотив. Жетімдік – болашақ билеушінің ғұмырнамасындағы ажырамас, тұрақты бөлік. Ол – кейіпкерді төменнен жоғарыға қарай өрлетудің тұрақты формасы, халық эстетикасының қаһарманды дәріптеу мақсатынан туындаған көркемдік тәсілі. Халық аңсары мен тілегі билік басындағы ханның тағдырын қара бұқараның тағдырына ұқсас болуын қалайды және билікке өз басының жеке қадір-қасиеті арқылы көтерілген кісінінің келгенін көксейді.
Бұл мотив Абылай хан туралы аңыздарға да тән. Әкесі Түркістанды жаулап алған көрші билеушінің қолынан қаза тапқан он үш жасар Абылайды оған қалтқысыз берілген бір құлы аман алып қалады. Ол оны қазақ даласына алып қашады. Қазақ даласына келген Абылай Жақсылық руының бір бай кісісіне қызмет етеді
Лақап есім.Эпикалық сюжеттердегі тұрақты кездесетін мотивтердің бірі - болашақ лауазым иесінің немесе батырдың лақап есіммен жүруі.
Қазақ аңыздары лақап есімді таңуда қаһарманның лауазымы мен атқарған ерлік істеріне байланысты беретін көне түркілік дәстүрді сақтаған. Ел билеген хандардың бір тобына даналық, данышпандық қызметтері үшін (Әз-Жәнібек, Әз-Тәуке хан) «әз» деген лақап қосылса, жауға қарсы ерлік, батырлық істерімен көзге түскен хандарға «арыстан, ер, салқам, баһадүр» (Еңсегей бойлы ер Есім, Салқам Жәңгір, Әбілқайыр баһадүр, Абылай баһадүр ) деген лақап есімдер қосылып отырады.
Болашақ батырлардың жастайынан жетім қалып, халық арасында қиындық көріп өсуі, лақап есіммен жүруінің арғы түбінде халықтың елді, жерді қорғаған қаһарманды дәріптеуі жатыр. Жұртшылық өзінің сүйікті батырын барлық қиындықтарды жеңе білетін, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын көріп өскен, өзі де соны басынан кешкен, қалың халықтың арасынан шығып, құдай берген қадір-қасиетінің , ата-анасынан дарыған тектіліктің арқасында биік тұғырға көтерілген ұлы қайраткер етіп көрсетуге тырысады, оны барынша көтермелеп, асқақтата бейнелейді. Бұл - халықтың арман-тілегіндегі қаһарманды төменнен жоғары қарай көтеру жолы.
Абылай алғашқы ерлік көрсеткенге дейін Сабалақ деген есіммен ұсқынсыз, көріксіз кейіпте тегін әдейі жасырып жүреді. Қолайлы сәтті күтеді. Тегін жасырған, сырты ұсқынсыз, киген киімі көріксіз, шашы таз кейіпкерлер қазақ фольклорында жиі кездеседі. Олар керекті уақытында ақылды, қу, тапқыр болып шыға келеді.
Алғашқы ерлік.Түркілік аңыз-жырларда батырлар көрсеткен алғашқы ерлік түрлері сан алуан. Қаһарманның алғашқы ерлігіне жеке дара жауға шауып, асқан батырлық көрсету, жабайы аңды өлтіру, түрлі күрес, сайыста жеңіп шығу, т.б. жатады.Алғашқы ерлік сынына дейін болашақ батыр елеусіз, атақ-даңқсыз жүреді. Ал аталмыш сыннан өткеннен кейін ол шексіз құрметке, атақ-даңқа ие болады, ер атанады. Сабалақтың жаңа батырлық «Абылай» есімі қалмақ батыры Шаршыны жеңгеннен кейін қойылады. Кісі қолында жалшы болып, елеусіз күн кешіп жүрген жетім бала Сабалақ ел назарына бірден батырлығымен ілінеді. Батырлық – оның өзін танытудағы аса маңызды бекет. Қаһарманның мұндай сын бекеттен өтуі – бүкіл фольклорға тән көрініс. Ерлік істен кейін Абылай қайта «түлеп» , өзіне лайықты есімге ие болады, қолдаушы, жанашыр туыс табады. Алғашқы ерлікке дейін жас жетім қаншалықты елеусіз болса, одан кейін, керісінше, соншалықты шексіз құрметке бөленеді. Абылайдың халық құрметіне ие болуына жол ашқан басты қадір-қасиеті, әрине, оның жеке басының жауынгерлігі, ер жүрек батырлығы.
Қаһармандық істері мен жорықтары. Абылайдың қаһармандық жорықтары дін немесе шексіз билікке ие болам деген билікқұмарлық емес, қазақ халқының қалмақ пен қырғызға кеткен кегін, өзге жұрт билеген қазақтарға өз биліктерін қайтару мақсатында болды. «Орыспен жауласпады - ел болды, шүршітпен жауласпады – ел болды, екеуіне де тіл болды. Өзіне-өзі әбден келді, кемеліне толды. Енді Үргеніш, Бұқара , Қоқан, Ташкент жанындағы қазақты сыртқа билетіп қоймаймын деп, үш жүздің баласына жар шақыртып, қосын жинап аттанады» , - деп баяндайды аңыз [3].
Бас кейіпкерге қамқорлық, адал қызмет көрсетушілер.Абылайдың ел бірлігін сақтаудағы қызметіне атақты батыр, би-шешен, жырау-жыршылар көмектеседі. Аңызда жас жетім, Үш жүздің болашақ ханы Абылай, әдейілеп Төле бидің қолына келеді. Бұл келіс – оның ықпалды би тарапынан саяси қолдау іздегенінің белгісі. Ал Төле бидің оны өз қамқорлығына алуы – болашақ ханға саяси қолдау көрсеткені.Батырлар ханға адал қызмет жасайды. Олар қашан да, қай уақытта болмасын елді жаудан қорғауға, қиын-қыстау сәт туғанда кеудесін оққа тосып, басын қауіп-қатерге тіге отырып ханның амандығын сақтауға әзір. Батырлар ханға жасаған қызметті халыққа жасаған қызмет деп ұғынады. Билік басында да, жорық үстінде де хан жанынан табылатын тұлғалардың бірі – жырау, жыршылар. Абылай туралы аңыздарда көп аталатын жырау – Бұқар. Ханның көрген түсін жору, ертеден қалған сөздің мағынасын ашу, сүйікті батырдың өлімін естірту, ажал жастығына бас қойған ханның көңілін сұрау – бәрі Бұқар қызметіне тиген. Халық ұғымынша, ханның жырау сөзіне ден қоюы – хан мен қарашаның татулығының белгісі.
Ақ түйенің қарны жарылды - молшылыққа, қуанышқа, жақсылықка, үлкен тойға кенелді деген мағынада қолданылатын дағдылы сөз тіркесі - тоқ тіршіліктің тағы бір метафоралық кеңістіктік образы. Қазақ халқы ақ түсті малды, әсіресе, байлықтың өлшеміне саналған түйе малының ақ түстісін ұстау бақыт әкеледі деп санады. Себебі, ақ түйеге қасиетті Халифа Хазірет Әлінің мәйіті артылып келген-мыс. Қазақ ақ түсті аруана, ақ інген, ақ бураларды төрт түлік малдың «басы», «киесі» деп қасиеттеп салтанат пен байлықтың көрсеткіші ретінде бағалаған. Қазақтың қайтыс болған адамның мәйітін о дүниеге жөнелтуге қатысты мифтері мен аңыздарында игі жақсылары мен батырларының жерлейтін жайлы жерін анықтау үшін ақ түсті түйені пайдаланғаны жөнінде мотив мол кездеседі. Атан, боз інген, аруана қай жерге шөксе, сол жерге адам жерлейтіндігі туралы мифологиялық сюжеттер түйенің ақ түстісін киелі күшке теңеумен байланысты қалыптасты. Оған Райымбек батыр денесі артылған ақ түйе мысал бола алады. Сонымен қатар, хан Абылай туралы тарихи жырларда ақтық шайқас алдында ақ бас атанға байланысты ғұрып атқарылғаны және ұрыстың алдында жануардың жаудың шабуылын да алдын-ала сезгіштігі, осыған орай оның мінез-құлкы мен қылығын ескерудің қажеттілігі айтылады:
Ақ бас атан қараған жаққа жүрсең жеңесің.Қайшы келсең сен оған бақты басқа тебесің,
немесе:
Ақ бас атан боздаса, от жағатын салт еді.Жау шабуыл қозғалса, сақ тұратын шарт еді.
Мәшһүр Жүсіп: «Абылайдың киесі сары бурасы екен» дейді. Бұл сары бураның қасиетін қазақ аңыздары былай суреттейді. «Абылай жас кезінде Төле бидің түйесін бағып жүргенде кішкентай сары ботаны бауыр басып, атан болғанда да қалмайтын. Кейін Абылай хан болғанда сарай маңынан атан табылды. Абылайдың саят құрып демалған, жорық шатыры тігілген жерден сары атан табылатын. Оңғарылып жатса, жолы болатын, көлденең жатса – сәтсіздіктің белгісі. Абылайдың «Сары атан» күйінің шығуы да осыдан болар» [14]. Ал, қазақ дәстүрінде ақ түсті түйені сою өте сирек ұшырасады. Оны құрбандықка шалу үлкен қоғамдық мәні бар серттескен немесе өте қуанышты жағдайда ғана болды. Сонымен, Ақ түйенің қарны жарылды идиомасы көшпелі ортада ақ және ақбоз түсті малды ерекше қастерлеу түсінігіне байланысты қалыптасты.
Тұтқынға түсу. Абылайдың тұтқынға түсуі мен босану себебі де дәстүрлі фольклорлық арнаға сай келеді. Аңда жүрген Абылай ұйықтап жатқанда – қапыда қолға түседі. Эпос батырларының басым көпшілігі алып ұйқы үстінде тұтқынға алынады, өйткені қаһарманын ұрыс үстінде жеңілтіп немесе күші кемдігінен жау қолына түсіру – фольклорлық дәріптеуге қайшы. Қазақ фольклорындағы билігі мен байлығы асқан ханды шешендік тапқыр сөз арқылы жеңіп шыққан қарапайым халық өкілдері Тазша, Алдар Көсе, Аяз би сияқты Абылай да Қалдан тұтқынынан шешендік тапқыр үлгісі арқылы босанып шығады.
Түс көру. Қаһарманның қарапайым жандардан тегі бөлек, айрықша жаратылған жан екенін білдіретін белгінің бірі - оның ерекше түс көруі. Фольклорлық қаһарманның ерекше түс көруі - көнеден келе жатқан тұрақты мотив.Түс көру мотиві кейіпкер бейнесін әсірелей суреттеуге, дәріптей түсуге, оны идеалды қаһарманға айналдыруға қызмет жасайды. Қазақ халқында «Мөңке бидің түсі», «Абылай ханның түсі», «Балуан Шолақтың түсі», «Шақшақ Жәнібек батырдың түсі» деген даналық ойға толы аңыз-әңгімелер бар. Абылай ханның түсіне назар аударсақ, ұлы хан түсінде арыстанды қуады, ол жолбарысқа айналады, ал жолбарысты қуса, жолбарыс қасқырға, қасқыр түлкіге, түлкі құрт-құмырсқа мен бақа-шаянға айналып кетеді. Мұны ханның көріпкелдері ұрпақтарына байланысты жорып, әулетінің өзінен бастап, арыстан, жолбарыс болатынын, бара-бара ұсақталып кететінін айтады. Иә, хан тұқымынан енді қайтып Абылайдай тұлғаның туар-тумасы бір Аллаһқа ғана аян еді. Ал Шақшақ Жәнібектің түсін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да өзінің «Абылай хан» атты әңгімесінде жазып қалдырған. Бірде қалмақтың ханы Цэван Рабдан Абылайға кісі салып, бір батырын өзінің батырымен жекпе-жекке шығаруын сұрайды. Абылай Шақшақ Жәнібек батырды шығармақ болады. Сол түні Жәнібек батыр түсінен шошып оянады. Түсінде қалмақпен жекпе-жекке шыққанда ол найзасымен өзін шаншып түсіреді. Абылай атқосшысына: «Нар қызыл атымды алып кел» деп бұйырады, сосын «Жақсы түске де – садақа, жаман түске де – садақа, жаратқан ием, мен қалай жорысам, сен соны қабыл ет!» деп атты сойып, етін таратып жібереді де: «Түсің түс-ақ екен, түсіңде сені шаншып түсірсе, өңіңде сен оны шаншып түсіресің. Ал оң емшегіңді емген айдаһар – өзіңнен бір қыз туып, одан туған жиенің айбынды ер болады, ұлдан туған ұрпағың, қыздан туған жиенің ту ұстап туады екен. Мына жекпе-жек сенің даңқыңа даңқ қосады» деген екен. Расында да сол шайқаста Жәнібек батыр жеңеді. Сол сәт қалмақ батыры: «Түнде түсті сен де көріп едің, мен де көріп едім. Сені мен алып едім-ау, алып, табан астына салып едім-ау. Тек әттең, сенің түс жорушың жақсы жорығандықтан, сенің мәртебең асып кетті-ай» депті.
2.2. Қазақ аңыздарындағы Абылай хан бейнесі
Абылай туралы аңыздар белгілі бір болған оқиғаның негізінде туғанымен уақыт өте келе өзгерістерге ұшыраған, жаңа мазмұнмен толықтырылған, сондықтан олар тарихи фактіні дәлме-дәл бермейді, оны өңдеп, өзгертіп, халықтық таным-түсінік, арман-тілек, аңсары негізінде жеткізеді.
Абылай туралы аңыздарды екі топқа бөліп қарастыруға болады:
- Өмірбаяндық аңыздар және тарихи ғұмыр.
- Абылайдың жорықтары мен бейбіт өмірдегі істері туралы аңыздар.
Өмірбаяндық аңыздар тізбегі мынадай айрықша белгілерімен ерекшеленеді:
- Баяндалатын оқиғалардың сюжеттік желісі бір-бірімен байланысқа түскен;
- Бас кейіпкер бойындағы батырлық пен асыл тектілік қасиет басым сипатталған және ол белгілер түрлі жағдайда біреудің қатысуымен сыналады;
- Аңыз сюжетінде негізгі қаһарманның жеке бас белсенділігі ерекше дараланады.
Абылай туралы аңыздар мен жырлар негізінен ең маңызды деп саналған төрт оқиғаны тақырып етіп алады.
- Жас Абылайдың жетімдік көруі
- Сабалақ атанған баланың алғашқы ерлігі
- Абылайдың жекпе-жекте өлтірген жау батыры
- Абылайдың қалмаққа тұтқынға түсуі, одан шығуы.
Әртүрлі аңызда баяндалғанмен аталған төрт оқиға Абылай ханның ерекше қасиеттерін ашуға арналған. Демек фольклор осы тәсілмен идеалды билеушінің бейнесін жасаған. Әлбетте аңыздарда баяндалатын оқиғалар тарихи шындықпен дәлме-дәл келіп жатпайды, соған қарамастан әр аңыз Абылай ғұмырындағы қиын сәттерді қамтыған және өзінше фольклор заңдылығына сәйкес суреттеген.
Абылай және оның айналасындағы батырлары мен билері туралы аңыз әңгіменің бір парасы атақты ақын әрі шежіреші, ауыз әдебиетін жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбалары арқылы жеткен. Бұл әңгімелер Абылайдың халық санасында қаншалық берік те биік орын алғанын дәлелдейді. Өзінің көркем жинақтаушылық күші жағынан мұндай әңгімелер ұлы хан жөніндегі эпикалық аңыздаулардың ең шұрайлы беттерін құрайды деуге болады. Қиялдан туған , көптеген жарасымды әсірелеулері аралас аңыздар ел басшысы қандай болуы керек деген жұртшылық аңсарына неғұрлым толық жауап бере алатындай деңгейге көтерілген. «Абылай айтыпты» деген сөздерді дер кезінде жазып алған хатшы жоқ, оның есесіне «Абылай айтуға тиіс» дегенді халық даналығы өзінше қиыстырып, шындықтың шырқын бұзбай, жағдайға, уақытқа, орнына сәйкес етіп, тамаша шығарма тудырған. Осы сарындас хикаялар ел арасында ұзақ сақталып, жиі айтылғандықтан, қауымның «редакциясынан» өткен, әрбір айтушы оларды жетілдірген. Соның арқасында түрі мен мазмұны , көркемдігі мен ғибраты тең түсетін жұп-жұмыр әңгімелер тізбегі дүниеге келген. Бұлар Абылайдың қазақ халқы алдындағы өшпес еңбегін бағалаған жамағатшылықтың таусылмас алғыс лебіздерінің көріністері, ауызша тараған сан түрлі аңыздың ұмытылмай қалғандары ғана.
Мәшһүр Жүсіп жазып қалдырған «Абылайдың қалмақтың ханы Қалдан Серенге тұтқын болған хикаясы» дастанның жүгін көтеріп тұрған халықтың қарасөз туындысы.Мұндағы әрбір әңгіме ханның мінез қырларын жан-жақты жарқыратып аша алады. Абылайдың бірнеше күн бойы аш бола тұрса да «бір аяқ қара суға тобықтай тоң май салып бергенді намыс көріп» ішпей қоюы оның өрлігін көрсетсе, қалмақ ханының ақылымен жендеттер келіп «ханнан жарлақ болды, қарадан жабдық болды, сіздің мейманаңыз толды, құдайдың сізге бұйрықты жазуы осы болды» деп бопсалап, қылышпен шаппақ болғанда жасқанбастан отыруы жүрек жұтқан ерлігін танытады. Сондай-ақ Абылайды қамаудан шығарып, қалмақ ханының үйіне кіргізгенде босағада тұрып қалмай, төрде тұрған таққа барып отыруы, «ол жерге неге отырасың» дегенде «бұл орын Қалдан серендікі еді, оның құты қашты да менің аруағым басты. Өз орнына өзі отыра алмай, менің атағымның зоры, аруағымның күштілігінен орнынан безіп шығып кетті. Тақтың үсті ханның орны болады, қалмақтың ханы Қалдан Серен отырмағанда, қазақтың ханы Абылай отырмағанда бұл орынға шайтан отыра ма?» деуі кемел парасаттылықтың белгісіндей [3].
Бұндай "тектiлiктi" тіпті бала жасында да бiреу байқап, Төле би атамызға жеткiзедi. "Қара жерге отыра кетпейдi, шекпенiн төрт бүктеп, өзiне "тақ" жасап алады" дейдi әлгi адам. Ұлы би әлгi айтқанға сенiңкiремейдi. Сонда өз бәйбiшесi: "Басқаны қойшы, сол жылқышың сәлем берiп кiрiп келгенде, өзiң орныңнан қалай жылжып кеткенiңдi бiлмейсiң ғой!"– дейдi. Төле би: "Ол мүмкiн емес!"– дейдi. Содан бәйбiшесi баланы бiр күндерi шақыртады да, байқатпай бидiң шапанын жердегi көрпешеге тебен инемен шаншып қояды. Айтқандай-ақ бала "Ассалаумағалайкөм!" деп iшке сәлем берiп кiрiп келгенде, көрпеше де бiрге көтерiлiп, қопсып кеткен екен дейдi.
Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп былай жеткізеді: «Сарыарқаға шығып Ағытай, Қарауыл деген елдің ішіне келіп, Дәулеткелді байдың жылқысын бақты. «Атың кім?»- деп сұрағанда, атым «Сабалақ», - депті. Бай бәйбішесіне айтыпты: - Өзге жалшыдай көрме мұны, күте гөр, осы Сабалақ анық сарт емес. Ана Оразауық сарт болса болар! Көзі алақандай, табаны түйенің табанындай жап-жалпақ болып, көзі адамды ішіп-жеп, аузынан суы ағып, ессіз-түссіз болып отыра береді. Мынау Сабалақтың ешнәрсемен ісі жоқ, ойлағаны ғақыл-ой, езу тартып күлмейді, қабағын шытып кейімейді. Алты күн, алты түн аш жүрсе де өз қолымен құйып ас ішпейді. Және жарты аяқ ас ішсе де сарқытын кісіге бермесе көңілі көншімейді. Жерге бір отырмайды. Дәнеме табылмаса, сайын далада болса да киімін шешіп астына салып отырады. Және ұйықтап жатқанда үсті жап-жарық болып тұрады. Сыйлап ұстай гөр, қасиеті болып бір нәрсесіне ұшырап қалып жүрмейік, - дейді» [3].
Абылайдың өмірінің осы кезеңін күміс көмей Үмбетей жырау:
... Күндіз түйе баққанда,
Жалғызбын деп шошымай,
Еш малшыға қосылмай,
Қара жерге отырмай,
Күпіңді салып астыңа,
Жең жастанып басыңа ,
Қол-аяғың төрт жақта
Жатушы едің сол шақта....[7].
Абылайдың эпостық жырлардағы Алпамыс батыр, Ер Тарғындардан кем түспейтін аруақты батыр екенін аңызда былай көрсетіледі: Құданың құдіретінің шеберлігінің тамашасы өзіне оқ өтпейді, шапса қылыш өтпейді. Кірген жерін - есік, шыққан жерін - тесік қылып, жападан-жалғыз өзі қалмақтың қамалын бұзып, жылқының жасау тезегіндей топырлатып тастаған соң, қазақтың батырлары тұс-тұсынан кіріп, қалмақты шауып, талап, шаш етектен олжаға қарық болып қайтыпты.
Хан Абылайда ұлы әруақ болғанын замандастарының бәрi айтып өткен. Мысалы Шарышпен жиырма жасында жекпе-жекке шыққанда, Шарыштың сол шайқасын бақылап, байқап тұрған үзеңгiлес жолдастары : "Анау Шарышқа ұмтылғанда, екi иығында екi қыран бүркiт қанаттары далпылдап келе жатқандай болды. Содан ба Шарышты қара басты ғой!"– дескен екен...
Халық аңыздарының көпшілігінде әңгімеленетін тақырып – Абылайға батырлық даңқ әкелген ерлік іс – қалмақтың ерен батырымен жекпе-жегі. Аңыз- жырларды жиі кездесетін бұл көріністе кімнің батыры жеңсе, сол әскердің рухы көтеріліп, шайқас жеңіспен аяқталады деген халықтың байырғы түсінігі сақталған. Абылайдың алғашқы жекпе-жегінде өлтірген жау адамы – Қалдан Сереннің өзі. Қазақ батырларын шетінен жапырып өлтіріп жатқан Серен Қоңтажыға жас бала Абылай қарсы шығып, қалмақтың атақты ханын масқара етіп жеңіп, басын кесіп алады. Бұл – фольклордағы көрініс. Аңыз бен оны айтушы адам үшін маңызды нәрсе – қазақ ханының жеңуі, ал өлген қалмақ кім еді, аты-жөні кім, ол шындыққа тура келе ме, жоқ па – бұл мәселелер аңыз үшін де, жыршы үшін де аса маңызды нәрсе емес. Басты идея – қазақ елін, жерін жаудан қорғау және мемлекеттің тәуелсіздігін сақтап қалу. Сондықтан да кейбір аңыздарда Абылайдың жекпе-жекке шығып жүрген қарсыласы Қалдан Сереннің баласы Шарыш немесе қоңтайшының інісі Сәру. Бұлардың қай-қайсысы болса да талай шайқасқа қатысып, жекпе-жектерде жеңіске жеткен, бетіне жан қаратпайтын баһадүрлер. Оларды жекпе-жекте жеңу кімнің болса да абыройын өсіріп, даңққа бөлейтіні сөзсіз. Осылайша қазақ сұлтаны жас Абылай ерлік ісі арқылы бүкіл елге танылады және елге абырой әпереді. Халыққа да, айтушыға да керегі – осы.
Қалдан Серен мен Абылай арасындағы «сынасудың» шырқау жері қалмақ ханының соғыста өлген ұлы Сәру туралы әңгімесі. Тарихи деректер бойынша Сәруді бір ұрыста Абылай өлтірген. Ішіне ыза-кегі сыймай отырған Қалдан Сереннің «Сәру қайда?» деп үш қайталаған сұрағына Абылай бірінші жолы «Жақ тартушы көп болды, жаман аты бізде қалды», екінші кезекте «Сәрумін деп ол айтпады, кеспеймін деп қару айтпады», үшінші кезекте «Көрінбеген Сәруді іздегенше, көрініп тұрған өзіңді ізде» деп жауап береді. Алғырлық пен тапқырлыққа толы бұл сөздер бір қазақ емес, жаһан әдебиетінің шежіресінен орын аларлық. Әрине, Қалдан мен Абылай арасындағы сөздердің дәл осылай болғанын құжатпен дәлелдеу мүмкін емес, бірақ артында іргелі елі бар Абылай сынды қайраткердің тұтқында отырмын, қылмысым ауыр екен деп дұшпанға жалбарына сөйлемейтіні, болған істі терезесі тең адамша баяндайтыны күмән туғызбайды. Демек бұл арада халық қиялы шындықтың мәйегін дәл тапқан. Сол үшін Абылайға мағынасы терең, дәлелі мықты сөздер айтқызады. Абылайдың ақыл-парасатының "тұтқынына" Қалдан Цереннiң өзi қалай түсiп қалғанын байқамай қалғандығын тағы бір аңызда былай жеткізеді. "Шарышты неге өлтiрдiң?"– деп сұрағанда, оның қолында қару болды, менiң де қолымда қару болды, Серумiн (Шарышты қазақ Серу дейдi) деп ол айтпады, не де болса бiр Аллаға аян, дәл сол күнi дәм-тұзы таусылған болар ... – деп жауап берiптi. Ойраттың орасан қосынынан қорықпай, қазақ елін азаттық күресіне бастаған адам тұтқында отырса да басқаша сөйлеуі мүмкін еместігі кімге де болса сенімді естіледі.
Жекпе-жекте жауды жеңген батыр енді өз намысын, абыройын жау ордасында да қорғап, қайсарлығын танытып, елдің мерейін асыруы қажет. Мұндай сәт фольклорда қаһарманның тұтқында болуы кезінде жүзеге асады. Бұл – Абылай туралы аңыздардың ішіндегі ең маңызды тақырып. Қазақ билеушісінің тұтқында болуы – тарихи шындық. Тарихи мәліметтер бойынша 18 ғасырдың бірінші жартысында болған шайқастардың бірінде, дәлірек айтқанда, 1741 жылы Абылай екі мыңдай жасағымен жоңғарлардың, яғни Қалдан Сереннің қолына тұтқынға түскен. Осы оқиға аңызда айтылады, бірақ фольклорлық дәстүрге сәйкес өзгертілген. Мысалы, Шоқан Уәлиханов жазып алған аңыз бойынша, жоңғарлардың кезекті бір шабуылында Абылай жекпе-жекке шығып, Қалдан Сереннің Чарча деген баласын өлтіреді. Қалдан баласын өлтірген адам кім болса да, қайдан болса да тауып әкелуді бұйырады. Қалмақтар аңдып жүріп, Абылайды серіктерімен аң аулап жүргенде қолға түсіреді де Қалданға алып келеді [9]. Кей нұсқада, мысалы Мәшһүр Жүсіп хатқа түсірген аңызда Абылай Қалдан Сереннің Сәру деген інісін өлтіріп қана қоймайды, жоңғар тарапынан қудаланған қалмақтың Сына батырын өзіне паналатады. Қалдан Серен кісі жіберіп бейбіт жолмен Сына батырды қайтаруды сұрайды. Қазақ ханы оны бермейді. Қалмақтар Көкшетауда бүркіт салып жүрген Абылайды ұйықтап жатқан жерінде ұстап алып, Қалдан Серенге әкеледі[8]. Батырдың жау қолына қапыда не ұйқы үстінде, болмаса аң аулап жүргенде тұтқынға түсуі фольклорлық шығармада жиі кездесетін сюжеттер. Шындығында Абылай қалмақтармен бірге болған кезекті бір ұрыста қолға түседі. Мұны тарихи еңбектер дәлелдейді. Сондай-ақ Абылай жорықтар үстінде бірнеше рет жараланады, бірақ ол оқиғалар аңызға түспеген. Себебі сүйікті қаһарманын жау алдында төмендетіп көрсету – фольклорлық дәріптеуге қайшы. Ал аңызда халық өзінің батырын , Абылайдай сұлтанын төмен дәрежеде көрсеткісі келмейді, сондықтан ол фольклор эстетикасына сәйкес көтермеленіп көрсетіледі, яғни Абылайдай сүйікті батыр жау қолына қапыда түседі, әйтпесе ол шайқасқа түсіп, дұшпанға дес бермес еді. Абылайға қатысты аңыздардың тарихи шындықты дәлме-дәл бермегені – оны халықтық аңсар-тілек, «ел билейтін адам осындай болса екен» деген арман-мүдде тұрғысынан көрсеткені анықталады.
Фольклорда Абылайдың тұтқындағы хал-жағдайы да көрсетіледі. Шоқан жазып алған аңызда тұтқында жатқан Абылайды Қалдан Сереннің әйелі күнде келіп, қарғап-сілеп, лағнеттеп отырады. Шыдамы таусылған Абылай бір күні дірілдеп, тісін шықырлатып, жұдырығын түйіп келе жатқан әйелге: «Ей, қақбас қалмақ, сенің балаң секілді қаңғыбас құл қайда өлмеген!?»- деп, жауынгер халықтың өжет рухын бейнелейтін сөздермен жауап қатады. Сөзден оңбай таяқ жеген әйел ойбайлап қалданға барады да, Абылайды өлтіруді талап етеді. Әйелінің ашуын көрген Қалдан: «Осы Абылайды өлтіріп қояр! - деп қауіптенеді де,иқазақ сұлтанын Жапақ батырымен бірге босатып, еліне қайтарады» [9]. Абылай тұтқында екі жылдай уақыт жүрсе де өзінің қадір-қасиетін жоғалтпай жоғары ұстайды, сөз жүйесіндегі тапқырлығы мен батылдығы жауларын тәнті етеді.Абылайдың тұлға ретіндегі ұстамдылығына, көсем ретіндегі кемеңгерлігіне дұшпандары да тәнті болған.
Абылай үшін жоңғар тұтқынында болған жылдар із-түссіз кеткен жоқ. Ол ойрат тілін, жазбасын үйренумен қатар ол елдің ішкі жағдайымен мұқият танысты. Абылай сонда жүріп жоңғар ханзадаларымен кездесіп, пікір алысты, мән-жағдайларын түсініп білді. Мұндағы хандықтың мықты және осал жақтарын көрді. Өзімен пікірлес адамдар тапты, әсіресе, Дауаци, Әмірсана деген нояндармен жақындасты. Мұның бәрін кейін өз саясатында мейлінше тиімді пайдалана білді [2].
Осындай әңгімелер ішінен нақтылығы жағынан неғұрлым күмәнсіз болып көрінетіндері де бар. Абылай өз тағдыры белгісіз алмағайып болып тұрған кездерде Қалданға «үш арманым бар» депті делінетін тұс тарихи диалогтың таза көшірмесінен әсер қалдырады. Елін, келешегін қатты ойлаған, алдына үлкен мұрат қойған данышпан ханның бұлайша толғанбауы, ойындағысын ақырғы сыр етіп айтпауы мүмкін емес. «Бірінші, мен айдалада жосып жүрген қазақ деген халыққа хан болып едім, бір жерге қала салып, отырықты ете алмай, жосыған күйінде қалдырдым-ау деп арман қыламын... Екінші, мен Сәруді қан майданда жекпе-жекте өлтіріп едім. Сәруше майданда өлмей, қапыда ұйықтап жатқанда ұсталып едім-ау деп арман қыламын... Үшінші, мен төрт атадан жалғыз едім, балам жоқ еді, мен өлсем тұқымым құрып кетеді-ау деп арман қыламын» деген сөздер дәл осылай қатерлі шақта жан сыры болып төгілуі табиғи.
Тарихи оқиғалар ізінен қаншалықты «ауытқуы» бола тұрса да, бұл әңгіме Абылайдың елден асқан ақылды , кең ойлайтын кемеңгер, соңындағы елінің жауаптылығын мойнына алған, дарыны мен қайратын осы жолға бағыштаған дара тұлға екенін айтуда әсте жаңылыс кетпеген, қайта көркемдік қиялмен әрлеуді күшейте отырып, типтендірудің биік үдесінен шыққан.
Абылай атына байланысты дастандардың да, өлеңдердің де , аңыз әңгімелердің де бір ерекшелігі – онда ел басшысының ғана бастан кешкендері баяндалып қоймайды, көптеген әңгімелер Абылайдың айналасындағы нөкерлері, ру көсемдері мен батырлар төңірегіне құрылған. Бірақ солардың бәрі дерлік қазақ ханының мәртебесін көтеруге қызмет етеді, алтын желідей әдемі тізбек құрайды. Қалмақ ханының ханымы қаз дауысты Қазыбекті, Тайкелтір шешенді, Жәнібек пен Тұрсынбай батырларды қалай мінездегені жөніндегі әңгіме өзінің мазмұнымен де, Абылай айналасындағы атақты адамдарды смпаттай алғанымен деқызғылықты. Қарашалары осындай ғажайып жандар болып көрсетілуі ханның бейнесін асқақтата түседі. Қалмақ ханы Сыбан мен Абылай ханның батырлары «жолбарысты құйрығынан ұстап алып жерге бір-ақ қойып өлтіретұғын күші бар екен» деп суреттеледі. Әсіресе осы екі батырдың сайысқа шығардан бұрын көрген түстері көңіл аудартады. Бірі жеңетінін, екіншісі жеңілетінін бұлар түс арқылы біледі. Бұл арада ғайыпқа сенетін өте көне түсінік алған. Ең таңқаларлығы сол – аңыз әңгіме жаман түстің өзін жақсыға жорыса, іс оңына басады деген ұғымға ден қояды. Бұл арадан да халықтың мәңгілік мұқалмас өршілдігі, зұлымдықтың жақсылықтың жеңетініне, сөздің күші адам бойындағы қуатты еселеп арттыра алатынына сенімділігі көрініс береді. Жаман түс көріп шошынған Жәнібекті Абылайдың қайраған қанатты сөздері тың қайратқа бөлегендей болғаны қазақ ханының ел алдындағы беделінің шексіздігін де аңғартқандай.
Абылайдың шын даналығы да бытыраңқы елді ұлы мақсат жолында біріктіріп, беделді батырлар мен билердің әрқайсысымен «тіл тауып», солардың қайраты мен қабілетін орнымен бағалай білгендігінде деуге де болады. Бір аңызда Абылайдың Қабанбай ерлігіне сүйсініп, оған «хан» атағын беріпті-міс деген сөздер айтылады. Бұл арада күмәнсіз анық нәрсе Абылайдың Қабанбай қызметін аса жоғары құрметтегені. Ал Қабанбайға хан атағын беріпті деу батырды ардақ тұтудың, асыра мадақ етудің тәсілі деп қарау керек. Қазыбек бидің қалмақ ханына елшілікке барғанда асқан тапқырлық, алғырлық көрсетіп, ел намысын жоғары ұстай білгендігі де Абылай заманында соғыспен қатар бітім сөздер жүргізуге де қаншалықты ақыл, сабыр, көрегендік, даналық керек болғанын сездіреді.Дана халқымыз «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп тегіннен тегін айтпаса керек. Егер Абылайды еліміздің игі жақсылары қолдамаса, Оның аты шығар ма еді, шықпас па еді!?Абылайдың ақылгөйлігі сол емес пе, ол ақсүйек сұлтандарға емес, қалың қазақ жұртшылығына, халқымыздың рухани көсемі болған Бұхар, Үмбетей, Ақтамберді сынды жырауларға, орта жүзден Қаз дауысты қазыбек Келдібекұлы, ұлы жүзден Төле Әлібекұлы, кіші жүзден Әйтеке Бәйбекұлы сияқты ақыл-парасаты шыңдалған билерге, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сияқты басқа да қаһарман батырларға сүйенді[2].
Абылай тек ақылды, әділ ел басшысы ғана емес, сонымен қатар ол батыр, дарынды қолбасшы да. Бұл оның жорықтағы қылықтарынан айқын көрінеді. Шоқан: Абылайдың әрбір жорығының өзінше аты болады екен. Мысалы, ол бір жорығын «Шаңды шабуыл» деп, екінші бір жорығын «Қап қағылған соғыс», енді бір жорығын «Жаяу жорық» деп атапты. Абылайдың әр жорығы туралы өлең, жыр, күй шығарылған екен, олар қазақ-қырғыз арасында әлі бар, - деп жазады. Мұның үстіне қазақ арасында «Абылай асқан асу» деген аңыз бар. Тегі бұл да Абылайдың бір жорығы – асу алып соғысқан жорығы болу керек. Жорықтар атауына, ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағандаАбылайдың Шығыста, Орта Азияда өзінен бұрын болған әйгілі қолбасшылардың – мысалы Шыңғыс ханның, Ақсақ Темірдің соғыс әдістерін шебер қолданғаны аңғарылады. Абылайдың «Шаңды шабуыл» деген жорығы аз қол аттандырып, бірақ аттың құйрығына бұта, бұтақты ағаш байлап, көп шаң шығарып, жер қайысқан қол келеді екен деген пікір туғызып, жаудың үрейін ұшырып, берекесін қашырып жеңген жорық болса керек. Ал бұл тәсіл Шыңғыстың да, Темірдің де тұсында қолданылған екен.
Абылайдың жорықтары бір жағынан оның өзінің тапқыр қолбасшы екенін көрсетсе, екінші жағынан қазақ халқының сол кездегі батырлығын, төзімділігін, елі, Отаны үшін бостандық, намыс үшін жанпидалықпен соғысатынын көрсетеді. Мысалы, Абылайдың әлгі «Қап қағылған соғыс» деген жорығын алсақ, онда қазақ жоңғарлармен қиян-кескі соғысады, айқас көпкке дейін созылады, қаптың түбі қағылып, әскердің азық-түлігі әбден таусылады, жеті күн бойы нәр татпай аш соғысады, осылый етіп ақыры жеңіп шығады[11].
Көкшетаулық Дәдет Шахановтың айтуынша /ел аузынан жазылып алыныпты/ талай шайқасқа қатынасқан батырларымыз бар тәжірибелі Абылай әскері қырғыз елін билеуші Садырбаланың жасақтарын талқандап, оның өзін тұтқынға алады. Енді Садырбала айыбын мойындап, Абылайдан келісімге келіп бітім жасауды өтіне отырып: «Абылай хан дәл осы кезде сіздің күшіңіз де қаруыңыз да менен артық емес еді. Сізде ерекше қасиет бар екен. Маған не істесеңіз де ризамын. Кінә менен, өзіңіз біліңіз. Қандай бітім айтсаңыз да барлық мал-жанымды, халқымды қолыңа бердім», - депті. Сонда Абылай тұрып: «Бұрын қазақ аулын шауып алған мал-мүлік, адамдарды қайтарасың. Онда дау жоқ. Сонан соң айыбыңа еліңнен таңдап жүріп қырық жігіт аламын. Өз балаңды алсам да қолымды қақпайсың. Сонан соң әлгі қырық жігіт еліңнен таңдап жүріп қырық қыз алады. Өз қызыңды алсам да, алдымнан шықпайсың. Сол қырық қызды отаулап, той жасап ұзатасың. Бұдан былайғы жерде жауласпауға анттасамыз» - депті. Мұндағы Абылайдың бір ойы «Қырғыздың басшы адамдарының балаларын алып, қан араластырсақ, жауласпаймыз» дегені [12]. Қырғыз феодалдарының қазақ ауылын қапылыста шауып, бейбіт елді зәбірлеп кеткенінен кейін де Абылай күшім артық екен деп бірден ашуға мінбей, мәселені ынтымақ жолмен шешуге ұмтылады. Сонан соң Абылай сол қырық отауды алып келіп, өз иелігіндегі Бурабайдың күнгей тұсындағы шұрайлы жерге жайғастырады. Осыдан кейін қазақ пен қырғыз арасында тұрақты бейбітшілік орнаған екен. Сол қырық отаудан өрбіген ұрпақтар жаңа қонысқа судай сіңіп кетсе де шыққан ата тегін ұмытпаған, өздерін қырғызбыз деп санаған. Сөйтіп қазақ даласының ортасында , жер шоқтығы Көкшетау әңірінде «қазақтың қырғыз деген руы» пайда болыпты. Жүз жылдай уақыт өткеннен кейін сол руда 350 отбасы болғаны кейбір құжатта көрсетілген[2].
Абылай хан, ірі әскери қолбасшы, көреген саясатшы болумен қатар, қазақтың шежіре тарихын, тұрмыс салтын, әдет-ғұрпын, ауыз әдебиетін, халықтың ән-күй сазын терең білген. Абылайдың өзі де «Ақтолқын», «Алабайрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние сарсаң», «Дүние қалды»,«Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жал», «Майда қоңыр», «Садаққақпай», «Сары бура», «Шаңды жорық», «Терісқақпай» атты күйлер шығарған. Бұл күйлерінде ел қамы мен халық тағдыры жөнінде толғанған ойлы сезімдердегі күйлерді дүниеге келтірген.
ҚОРЫТЫНДЫ
Аңыз әңгімелердің көбінде белгілі бір оқиғалардың дәл суреті болмағанымен, жаңғырығы жатады. Әуел баста нақтылы бір негізден тараған әңгімелер халықтың ой-елегінен өтіп барып, бас-аяғы бүтін бір шығармаға айналады. Халықтың көкейіне қонған, қауымға ғибрат болуға жарарлық деген әңгімелер ғана екшеліп, сақталатыны табиғи заңдылық. Сондықтан оларды Абылай хан атына қатысты ауызша тараған сөздердің көпшілік «сынынан» өткен нұсқасы деп есептеу керек. Олардың қанша уақыт өтсе де, ұмытылмай келуінің себебі осында.
Абылайдың әрбір істі парасат таразысына сала білетіні, асығыс шешіп, ағат қадамдарға бармайтыны, оның әрбір әрекеті халықтың «осылай болса екен» деп аңсап күткен арманына сай шығып отыратыны шыншыл әңгімеленеді. Дегенмен де Абылайға саяси мiнездеме беру үшiн кейбiр жағдайларды қайталауға тура келедi.Бiрiншi – Абылай өжет, ержүрек, ешнәрседен сескенбейтiн, тайсалмайтын тұлға болған. Соғыста болсын, тұтқында болсын, елдi билеп, ел арасында жүрсiн, Абылай айтқанынан қайтпаған. Алдына қойған мақсатына жетпей тынбаған. Мұны дәлелдейтiн көптеген тарихи деректер бар. Ол халықтың жадында да сақталған.Екiншi – Абылай өткiр ойлы, терең бiлiмдi, шешен адам болғаны айтылады. Түрiк халықтарының тiлiн айтпағанда, Абылай парсы, қытай, орыс тiлдерiн жетiк меңгерген.
Түйіндей келгенде, халық танымында Абылайдың бейнесі елді жаудан қорғаған батыр, халқын даналық істермен басқарған билеуші кейпінде бедерленсе, ол билеген қазақ хандығы жан-жағындағы көршілермен терезесі тең, мемлекеттігі толық сақталған азат ел ретінде суреттеледі. Тәңiрiм оған 300 жылға созылған қазақ-қалмақ қырғынын жiбек жiптей түйiндеудi тапсырыпты. Жарты әлемдi жаулаған көршiмiздiң жұтқыншағына жұтылып кетпейтiндей етiп ересен асыл рух қалдырыпты. Атақты ханның бейнесі елдің рухында азаттықтың рәмізіндей болып сақталып, бүгінгі күнге дейін жетті.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 1991 жылы Алматының басты даңғылдарының біріне Абылай есімі беріліп, темір жол вокзалының алдына ат үстіндегі ескерткіш орнатылды. Хан ескерткіші Жезқазған, Павлодар қалаларында да бар. Қазақстанның 1993 жылғы бірінші төл теңгесінде бейнесі бедерленді. 2005 жылы Абылайдың өмір жорлына арналған «Көшпенділер» фильмі түсірілді. 2008 жылы Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың қатысуымен Петропавлда «Абылай хан ордасы» кешені ашылып, алдына ескерткіші орнатылды. Оның есімі Алматыдағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне де берілген.
Абылайдың артында қалың қазағы барда, хан арманын арқалап, өмірге ұштастырған елге тұтқа Нұрсұлтан ағамыздай кемеңгер елбасымыз барда, қазақ елі жасай бермек. Қазақ елінің шоқтығы көтерілген сайын, Абылай бастаған ұлылардыңда мәртебесі биіктей беретіні даусыз.
Лебіздер легі
- «Иә, Абылай – аңызға айналған тұлға. Бірақ, біз ата тарихының бар шындығын ашу үшін, сол аңыздан ақиқатты ажыратып алуымыз керек және оны өткеннен сабақ, тарихтан тағылым алу үшін жасауымыз керек… Абылай тақырыбы ол туралы аңызды өршіту үшін емес, тәуелсіздік үшін күрескен тарихи тұлғаның өмірінен тағылым өрбіту үшін қажет… Мен үшін Абылай заманы ғана емес, бүкіл қазақ тарихы ұлт-азаттығы, мемлекет тәуелсіздігі үшін күрес сияқты көрінеді. Ел бостандығы, ұлт тәуелсіздігі біздің халық үшін еш уақытта да төбеден түскен сый болмаған. Ол әрдайым ел қамын жеген ерлердің жанқиярлық, жанпидалық еңбегінің, күресінің нәтижесінде ғана келгенін ешқашан ұмытпауымыз керек».
Нұрсұлтан Назарбаев
- «Қазақтың дербес ел болуына, әрі-беріден соң, қазақтың қазақ болуына, басы қосылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруына ерен еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас».
Мұхтар Әуезов
- «Адам Атадан Абылайға дейін, Абылайдан кейін де Қазақбайдың баласы Абылай тұсындағыдай өмір сүріп көрген жоқ».
Мәшһүр Жүсіп Көпеев
- «Қазақтардың аңыз-әфсаналарында Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі – қазақтың ерлігі мен серілігінің ғасыры».
Шоқан Уәлиханов
- «Ол ақыл парасаты жағынан болсын, қол астындағы халқының күші мен санының басымдылығы жағынан болсын сол кездегі қазақ даласын билеген замандастарының бәрінен де басым еді»
А.И.Левшин
ҰСЫНЫС:
- Абылай хан туралы аңыз әңгімелерді мектеп бағдарламасына енгізіп, қазақ әдебиеті оқулығынан орын беру.
- Тарихи аңыздар негізінде хан, би, батырлар, қазақ тарихы туралы хикаяттар, кинофильмдер түсіру.
- Абылай хан мерейтойын ЮНЕСКО шеңберінде, халықаралық дәрежеде өткізу.
- Абылай ханның атына орден не медаль тағайындау және ұлттық валютамыздағы Абылай суретін ірі купюраларға бастыру.
- Абылай ханның күйшілік, сазгерлік өнерін тереңірек зерттеу.
- Көкшетау өңірінен не Астана қаласынан Абылай хан атындағы ірі саябақ ашу.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Әбсадықов А. «Абылай туралы аңыздар» авторефераты.
Ақмола, 1998 жыл.
- Әбуев Қадіржан. «Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінен» Алматы, «Қазақстан», 1994ж.
- Абылай хан, тарихи жырлар. І том. Алматы, Жазушы, 1993жыл, Құрастырған С.Дәуіт.
- Сейіт Қасқабасов, Алмас Әбсадықов «Аңызға айналған ардағымыз» Егемен Қазақстан 2013 жыл, 28 мамыр
- Ерғали Ахмет «Айбынды Абылай хан: аңыз бен ақиқат»
Айқын 2011, 7 мамыр
- Қазақ әдебиеті энциклопедиялық анықтамалық «Аруна»баспасы, Алматы,2005 жыл
- Бас ғасыр жырлайды І том, Алматы, 1989, 76-77 беттер
- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Шығармалары 8том. Павлодар, 2006
- Валиханов Ч. Ч. Собр. соч. В 5-ти томах Т. І. А 1984, 217 бет
- » Валиханов Ч. Ч. Собр. соч. В 5-ти томах Т. 4. А 1985, 112 бет
- А. Байғұлов «Бірлік туын көтерген» Сұхбат, №15
1-15 тамыз, 1991ж.
- Егемен Қазақстан, 10 қараша,1992 жыл
- Г. Жалғасова «Алтын тақтың үстінде, үш жүздің басын құраған»
Сыр бойы, 2013 жыл, 7 қыркүйек .
- Қабылов С. «Абылай хан өмірінен бір үзік сыр» Қазақстан тарихы: әдістемелік журнал. 2011 жыл, №11
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру