Қазақ тарихындағы би - шешендер мұрасы
Арал көпсалалы колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Гүлхан Шарапатқызы Тілепованың брошюра шығаруға дайындаған материалы
Қазақ тарихындағы би-шешендер мұрасы
Сайын дала төсінде мал-жан, тіршілік қамымен көбінесе аттың жалы, түйенің қомында көшіп-қонып жүрген дарынды халқымыз көршілес батыс-шығыс елдеріне қарағанда жазу-сызу мәдениеті кенжелеу дамығанымен, мазмұны мен сапасы, көлемі жағынан алғанда қай халықтікінен болса да кем түспейтін,олқы соқпайтын орасан бай ауыз әдебиетін жасады.Тумысынан ойшыл, дана халқымыз өзі өмір сүріп отырған орта, саялы табиғат, тұрмыс-тіршілік болмысын, ел-жұрт арасындағы қарым-қатынас, ел басынан өткен қилы-қилы кезеңдерді, жақсы- жаман жағдаяттарды ой-сана елегінен өткізіп, оған деген өзінің көзқарасын білдірді.Халықтың өмірі, тарихы, елдің тұрмыс-тіршілігі қазақ көкірегінен жыр-дастан, өлең-ән, ертегі-аңыз, күмбірлеген күй болып төгіледі.Табиғатынан көзі ашық, көкірегі ояу, өзінің кең жазира туған даласындай дарқан дарынды ойын-сауықшыл халқымыз осы баға жетпес қазынаны киелі дүниедей қастерлеп, ұрпақ санасына сіңістіріп, болашаққа мәңгі өлмейтін мұра етіп қалдырады.Барша қазақ мәдениетінің түп қазығы саналатын осы теңдесі жоқ қазына бүгін халқымыздың рухани сусындайтын шалқыған шалқар дариясына айналып отыр.
Халқымыздың мақтанышына айналған қазақтың көне ауыз әдебиетінің арада талай ғасырлар өтсе де ұрпақтан-ұрпаққа тарап, ел зердесінде мықтап орныққан, танымдық мәнін, тәрбиелік мазмұнын әсте жоймаған, заман ағымына қарай қайта жасарып, айрықша көпшілік ілтифатына ие болып отырған түрі шешендік сөздер, тағылымдар.Қазақ- табиғатынан ділмар, шешен халық.Бізде ежелгі Грек, Рим мемлекеттеріндегідей шешендер тәрбиелейтін арнаулы мектептер болмаған, әйтсе де сөз қадірін білген халқымыз ел ішінен шыққан тума дарын шешендерді, ақылгөй қария, күміс көмей әнші-жыршыларды айрықша көтермелеген.Тілі қылыштың жүзіндей өткір, ойы салиқалы, терең, қысылшаңда қиыннан қиыстырып жол табатын шешендердің әділ төрелігіне тоқтай да білген.Халық туғанына, қарына тартпай тура билік айтқан шешендерді ханнан бетер бағалаған.
Бұрын соты, қаралаушысы мен ақтаушысы жоқ заманда ел ішіндегі жер, жесір, құн дауы, екі ел арасындағы үлкен дау-жанжалдарды да билер екі-ақ ауыз сөзбен орнықты кесімін айтып, әділ шешіп отырған.Қазақ тарихында елдің елдігін, халқының бірлігін, бүтіндігін көксеген, елді адалдыққа, адамгершілікке, жақсылыққа үндеп, халқының мұң-мұқтажын, мүддесін көздеп ғұмыр кешкен ділмарлар көптеп саналады.Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер-заманында қоғамдық қайраткерлер дәрежесіне көтерілген ірі тарихи тұлғалар, қара қылды қақ жарған әділ шешендер.
Қазақтар ықылым заманнан –ақ шешендікті өнердің ең биік сатысы деп жоғары бағалаған.Өйткені, шешендік сөздер-өнердің шыңы ғана емес, елдің әлеуметтік өмірінде, тұрмыс-тіршілігінде аса маңызды роль атқарған.
Шешендік нақылдар мен толғаулар-ділмарлар ата-бабаларымыздың алтыннан соққан сөз сарайы, тіл маржаны, ақыл-ойдың дариясы, қасиетті ата-бабамыздың келер ұрпаққа айтып кеткен кір шалмас ғұмырлық өсиеті.
Қазақ ауыз әдебиетінің ерекше бір жанры – шешендік өнер. Халқымыздың даналығының үлгісі шешендік сөздер – ғасырлар бойы халық сынынан ерекшеленіп өткен құнды мұра, асыл қазына. Шешендік өнеріне ерте замандардан-ақ, үлкен мән берілген. Ежелгі грек, рим елдерінде шешендік өнерді "риторика" деген атпен жеке пән ретінде оқыған. Дүние жүзіне әйгілі ерте заман шешендері Пратогор, Демоссфен, Цицерон, Квинтилиан сияқты өз заманының мемлекет қайраткерлері, ел аузына қараған ойшылдары болған. "Риторика" ғылымы өнердің падишасы ретінде ерекше бағаланған.
Қазақтың шешендік сөз тарихы Майқы би мен Аяз билерден басталып (XII-XIII ғғ.), Жиренше шешен, Асан қайғы (XIV-XV ғғ.) есімдерімен қатысты калыптасып, өркендей түсті. Шалгез, Бұхар (XV-XVIII ғғ.), Шортанбай, Дулат, Мұрат, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекелерге жалғасты. Шешендік өнерінің кеңінен дамып биіктеген кезеңі – XV-XVIII ғғ. Бұл кез қазақ халқының жоңғар, қалмақ, қытай басқыншыларына қарсы тұрып, өз тәуелсіздігін қорғау жолындағы күрес жылдары еді.
Шешендік сөздердің алғашқы үлгілерін халық ауыз әдебиеті туындыларынан, ертегі, аңыз әңгімелерден, өлең-жыр, дастандардан ұшыратамыз. Осы сөз өнерінің кең қанат жайып, орнығып дамуында тапқырлық пен шешендіктің тамаша нұсқалары – жыраулар толғаулары, айтыстар мен мақал-мәтелдердің орны ерекше.
Қазақтың шешендік сөздерін өзге жұрттың атақты адамдары, ғалымдары жоғары бағалады. Шешендік сөздер нұсқаларын академик В.В.Радлов (XIX ғ.) зерттеп жинаған. Ол: "Қазақтар... мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауыз екі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласын", – деп көрсете отырып, әсіресе қазақ тілінің тазалығы мен табиғилығын дұрыс аңғарып, қазақтардың сөзге тапқырлығы мен шешендігі өзіне ерекше әсер еткенін жазған. Сондай-ақ, қазақтың шешендік, тапқырлық, нақыл сөздерін жинап жариялағандардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол халық даналығының жас өспірімдерді тапқырлыққа, өткірлікке, адамгершілікке баулитын тәрбие құралы екенін жете танып, өз еңбектеріне орнымен енгізіп, пайдалана білді.
Шешендік сөздерді алғаш зерттеушілердің бірі – М.Әуезов. "Қазақ әдебиеті тарихы" (1927 ж.) еңбегінде "Билер айтысы" деген арнаулы тақырыппен шешендік сөздердің кейбір түрлеріне мысалдар келтіреді. Ауыз әдебиетінде алатын орны мен халықтық сипатына дәлелді ғылыми тұжырымдама береді. Ауыз әдебиеті мұраларын зерттеп, жинап, ерекше еңбек сіңірген ғалым-лингвист А.Байтұрсынов шешендік өнерді жеке алып қарастырып, құнды пікірлер білдірді (1926 ж.). Шешен сөз, көсемсөз, дарынды сөз деп үш топқа бөліп, әрқайсысын қолданыс орнына қарай (саясатқа қатысты, сотта сөйлеу, қошемет сөздер, ғалымдардың ғылыми тақырыптағы сөзі, діни уағыз сөздер) іштей тағы беске бөліп, әрқайсысына қысқаша түсініктер, тың анықтамалар берген.
Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр логикаға құрылады.Халық мақалдарында: "Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді", "Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ", "Қылыш жарасы бітеді, тіл жарасы бітпейді", "Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды", – деп сөзді айтушыға да, оған құлақ қоюшыға да биік талап қойған. Демек, шешеннің ең негізгі құралы – сөз. Ол тындаушының жүрегіне жетіп, ерекше сезімге бөлеген.
Сөз туралы Бөлтірік шешен: "Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт, кімге, қай жерде, қай кезде, қалай сөйлейтініңді біл", – деп толғайды. Бұлар – "Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін, жауласқан елдің арасына бітім айтатын, күлгенді жылатып, жылағанды жұбата алатын даналық сөздер иесі". Мұндай сөз білетін, жөн білетін адамға ел ісіне араласуға, халық атынан сөйлеуге құқық берілген. Шешендік өнер — көрген-білгенді көкейге тоқып, көп үйреніп ізденудің арқасында талай айтыс-тартысқа түсіп, жалықпай жаттығу арқылы жетілетін өнер. Шешендік өнердің қиындығы туралы Бұқар жырау: ...Көш бастау қиын емес – Қонатын жерде су бар. Қол бастау қиын емес – Шабатын жерде жау бар. Шаршы топта сөз бастау қиын – Шешімін таппас дау бар, –
деп дұрыс аңғартады. Нағыз шешен үшін сөзге шебер болу жеткіліксіз. Табанда тауып сөйлейтін тапқыр, топ алдында тайсалмай, мүдірмей сөз бастайтын батыл, сөз сайысында саспайтын сабырлы болуы қажет.
Шешендік сөздерге тән ерекшеліктер. Біріншіден, қазақ шешендерінің сөздері жазбаша емес, ауызша айтылып дүниеге келеді де, одан кейін бірден-бірге жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетеді.Екіншіден, айтыла келе бастапқы нұсқа қалып өзгертіліп отыруы мүмкін. Үшіншіден, шешеңдік сөздер кейінгі айтушылар тарапынан қажетіне қарай өзгеріп қолданылып отырған. Шешендік сөз ақындар айтысы сияқты сөз тартысы дау үстінде, ел тағдыры талқыланған ұлы жиын кеңес кезінде, оңаша ой толғау не сұхбат, әңгіме-дүкен барысында арнау, сәлем, өсиет түрінде де өмірге келген.
Шешендік сөздер көбінесе түсінік сөзден басталады. Түсінік сөзде айтылмыш шешендік сөздің немен байланысты, қандай жағдайда туғандығы мен кім айтқаңдығы баяндалады. Шешендік сөздің, айтылар ойдың негізі – мазмұн. Сөз нақтылы, нені айтса да сендіретіндей, иландырып қарсыласын мойындататындай дәлелді айтылған. Жазба әдебиетіміз дамыған кейінгі дәуірде шешендік сөздер саптан шыққан жоқ. Заманға сай жаңа мазмұн, жарасымды тұр тапқан шешендік сөз нұсқалары көбейді. Шешендік сөздің шыны – айтыс. Мұнда ауыз әдебиетіне тән барша қасиеттер тоғысқан.Шешендік сөздер мән-мағынасының тереңдігімен ғана емес, сондай-ақ тақырыбының кеңдігімен де ерекшеленеді.Шешендер сөзі – халқымыздың тілдік қазынасы. Ол көркем әдебиетіміздің қалыптасып дамуына белгілі дәрежеде үлес қосқан ақын-жыраулардың арнау, толғау сөздеріне ұқсас болып келеді.
Ертеден-ақ, халқымыздың өзіндік басқару жүйесі болды. Ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеген, әділін айтқан шешендері, білімпаз билері болды. Би – халықтың көкейіндегісін айтқан, ойын жарыққа шығарған әділет жоқшысы. Қазақтың атақты билері Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекеден қалған сөз дәстүрі ғасырлар бойы үзілген емес.
Ш.Уәлихановтың: "Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған өкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес, тек сот ғұрыптарына әбден жетік, сонымен қатар тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болған. Би атағын алу үшін би болам деген қазақ өзінің заң ісіне жетіктігі және шешендік қабілеті бар екеңдігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне мәлім болып отырған", – деген сөздерінен би – халықтың көкейіндегісін айтқан, жарыққа шығарған әділет жоқшысы екенін танимыз.Кезінде Ахмет Байтұрсынов: "Әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді", – деді. Демек бұл қастерлі мұра – шешендікпен айтылған билер сөзі ұмытылмайды, қай кезде болса да халық жадында.
Қазақ тарихы мен заң жүйесінде, фольклоры мен көркем әдебиеті, мәдениеті және тіл білімі саласында-билер ерекше тұлға болған.Халқымыздың өткен дәуірінде елі, жері үшін, халық қамы үшін қара қылды қақ жара әділ билік айтқан билер, шешендер аз болмаған.Қазақ даласында олар жүздеп саналған.Әр елдің, әр ауылдың сөз тыңдаған өз ақсақал, билері болды.Олар қазіргі соттың, прокурордың, әкімнің қызметін бір өзі атқарды.Атқарғанда қандай, «халық биі айтса, қалып айтпайды» деп оның билігіне тоқтам жасады.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағиданы олар мықтап ұстады.Әділеттік деген осы емес пе? Мұндай халық өкілін қазақтан басқа халықтан іздеп көріңізші, таба алар екенбіз.Демек би-шешендер тек қана қазақ халқына тән құбылыс болған.
БӨЛТІРІК ШЕШЕН СӨЗДЕРІНІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
Қазақ тіл білімі мен әдебиеттануы зерттеулерінің (А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ә.Мәметова, Б.Адамбаев, Р.Сыздықова, С.Негимов, Г.Қосымова) ортақ нысандарына алынып келе жатқан би-шешендер сөздері де ұлттық әдеби тіліміздің айрықша поэтикалық құбылысы тұрғысында бағаланады. Қазақ тіл білімі зерттеулерінде әдеби тіліміздің қалыптасу жолында халықтың көркем ойлаудың көрнекті үлгісі болған би-шешендер сөздерінің бағалануы жаңа тұжырымдармен де толыға түсетіні – табиғи заңдылық. Бұл орайда профессор Г.Қосымованың жаңа пікірін назарға аламыз:«…тыңдаушысын толғандыру, одан соң ойландыру, бұдан кейін еліктіріп әкету, ақырында дәлелді уәжге бас қойғызу – шешендік сөздің ерекше қасиеті болды. Уәж сөзге келерде, үкім-кесім қабылдағанда халықтың мораль кодексі іспетті мақал-мәтелдеріне жүгініп, өсиет, мәтел үлгілес афоризм сөздерді жиі қолданып отырған». Шешендік – қазақ сөз өнері салаларының халықтық көркемдік ойлауденгейін танытатын байырғы үлгілерінің бірі. Қазақ халқының қалыптасуы мен дамуы кезеңдерінде тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастардың аса маңызды мәселелерін, жеке адамдар мен халықтың тағдырын шешетін сын сәттерінде би-шешендердің шешімдері негізгі ықпалды құқықтық, тәлім-тәрбиелік қызмет атқарған. Би-шешендердің қызметі қазақ халқының барлық әлеуметтік топтарының адамгершілік-имандылық мінез-құлық дағдыларының ата-бабалық қалыптасқан жүйемен жүріп отыруын қадағалаған, елді басқарып отырған хандарды да, қол бастаған батырларды да, мыңғырған малы бар байларды да, дәулеті жоқ кедей шаруаларды да, ел ісіне араласа бастаған бозбалаларды да – барлық жастағы адамдарды халықтық адамгершілік ұлағатымен тәрбиелеген. Қазіргі заманғы ғылыми-зерттеулер нәтижелеріне негізделген анықтамалар бойынша би-шешендердің әлеуметтік қызмет салалары сан алуан дәстүрлерді қамтыған.А. Байтұрсынов, М. Ж. Көпеев, С. Сейфуллин, М. Әуезов, Ә. Мәметова, Б. Адамбаев, Н. Төреқұлов, С. Негимов, Ж. Дәдебаев, С. Дәуітов, т.б. ғалымдардың еңбектерінде би-шешендер сөздерінің тарихи-поэтикалық ерекшеліктері үнемі қарастырылып келеді. Қазақтың халық болып қалыптасуының, ұлттық тұтастықпен ұйымдасуының рухани кұралы – би-шешендердің қызметі. Ғасырлар бойы ұрпақтарды адамгершілік мінез-құлыққа тән асыл қасиеттерге тәрбиелеуде дарынды адамдардың айтқан сөздері мен өнегелі қызметтері жетекші орын алады. Ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» (1926) атты кітабында шындықты нақты әңгімелейтін туындыларды «Қара сөз» деп атайды. Қара сөз әңгімелерінің «ес» және «іс» ұғымдарымен болатын екі жақты сипатын атап көрсетеді. Қара сөздің үш салаға («Әуезе», «Әліптеме», «Байымдама», «Зейіндеме») бөлінетінін, шешендер сөздерінің «Байымдамаға» («Зейіндемеге») жататынын атаған еді. Шешендердің сөздерін «Шешен сөз» деп атап, онда айтушы мақсатының түсіндірілетінін, пікіріне нандыратынын, сендіретінін, ұйытатынын, бұйытатынын, иман келтіретінін бағалайды. Шешен сөздердің бес түрі жүйеленген: а) мемлекет ісіне … сөйлегенде саясат шен сөзі; б) сот билігіне әсер ету үшін айтқан билік шешен сөзі; в) біреудің … еңбегін, қызметін қошеметтеп сөйлеген … қошемет шешен сөз; г) білімділердің, ғалымдардың пән мазмұнды сөйлегені – білімір шешен сөзі; ж) дін жайынан сөйлеген ғұламалар, … молдалар сөзі – уағыз. Қазақ би-шешендерінің елді басқарушылығы, қазылық-төрешілік батагөйлігі, халықтарды біріктіруші-бітімгершілігі, т.б. сан салалы әлеуметтік қызметі арқылы сөз өнерінің мемлекеттік қолданысы қалыптасқан. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеде қолданылуының Қазақ хандығы дәуіріндегі нығаюы да осы би-шешендер қызметінің мемлекеттік-құқықтық мәртебеде қолданылуымен, әсіресе, Әз-Тәуке ханның тұсындағы би-шешендерге мемлекеттік билік берген тұста айрықша нығайды. Би-шешендердің сөздері – халықтық тәлім-тәрбие құралы. Қазақ халқының отбасылық ортасынан бастап, ауыл-аймақпен, байтақ атамекендегі ағайын-туыстармен, көпшілікпен қарым-қатынас жасау мәдениетінің адамгершілік асыл қасиеттер аясында қалыптасуында би-шешендер сөздерінің ықпалы зор болды. Ата-ананы, аға-ініні, бірге туысқан үлкенді-кішілі қыздарды, жеңгені, келінді, нағашыны, жиенді, қайын жұртты, көршіні, ауылы аралас ағайынды, қандас халықтарды, бүкіл адамзатты – бәрін де құрметтеу мәселелері би-шешендер сөздерінде қамтылған. Бөлтірік Әлменұлы (1771–1854) қазақ тарихындағы әрі би-шешен, әрі жауынгер-батыр, палуан ретінде танымал болған көрнекті қайреткер. Оның шешендік сөздерін жинаған, құрастырып жариялаған (Әлменұлы Б. Шешендік сөздер. Алматы: Ғылым, 1993. – 144 б.), арнайы монографиялық зерттеу кітабын (Дәдебаев Ж. Бөлтірік Әлменұлы және қазақ шешендік өнері. Алматы, 1994) жазған профессор Жанғара Дәдебаев бидің сөздерін үш топқа («Ділмәр сөз», «Билік сөз», «Нақыл сөз») бөліп қарастырған. Осы үш топтағы халық әңгімелерінде Бөлтіріктің жастайынан өмірден өткенге дейінгі аралықта адамдардың тағдырларына қатысты саналуан мәселелердің барлығына да даналықпен, әділдікпен шешімді бағалаулар жасағанын көреміз. Ғалым Ж. Дәдебаев Бөлтірік шешеннің шығармашылығы мен қоғамдық-әлеуметтік қызметінің тарихи-мәдени өнегесіне баға берген:«Жастайынан ақындық, батырлық жолын қуып, есейген шағында ел арасындағы жер, су, еңбек, құн және жесір дауларына талай рет әділ төрелік айтқан. Бөлтірік – билер дәуірі әдебиетінің ірі өкілі. Бөлтіріктің шешендік сөздері оның заманы мен сол заман адамының ең бір маңызды да мәнді, ең көкейтесті мәселелеріне арналған. … Бөлтіріктің сөздері қырғыз, өзбек халықтары арасында да кездеседі». Шешендік сөздердің афоризмдік сипаты бейнелі көркем тіркестерімен өрнектелетіні – қалыптасқан үрдіс. Бұл ерекшелікті халықтың тыңдаушылық-қабылдаушылық психологиясын баурайтын көркемдік эстетикалық ықпал аясында түсіну керек.Бөлтірік Әлменұлы (1771–1854) қазақ тарихындағы осындай халықтық-мемлекеттік тұғырдағы қайраткер тұлға. Оның сөздері халықтық тәлім-тәрбиені құрайтын барлық мәселелерді (достық, жолдастық, жомарттық, қайырымдылық, кішпейілділік, т.б.) кешенді түрде қамтығандығымен ерекшеленеді. Би-шешендер – қазақ сөзінің қолданылуындағы көркемдік-эстетикалық ұлағатты қалыптастырған шығармашылық тұлғалар. Қазақ халқының адамзат тарихындағы құндылықтар қазынасына өзіндік мол үлесі бар екендігі ғылыми дәлелденіп келе жатқан ақиқат. Сондықтан Бөлтірік Әлменұлы сөздерінің тәрбиелік ықпалы зор болмысынан біз әлемдік ағартушылық ой-пікірлер антологиялары құрамына лайықты педагогикалық-психологиялық сипатын көреміз. Профессор С. Негимов «Шешендік өнер» атты кітабында би-шешендердің «Есту, еске сақтау, көру, түйсік қабілетінің күштілігінің арқасында небір ойлар, сөздер тіріліп, оянып, дауыстап, құйылып кететініне» баға бере келіп, осы өнер иелері сөздерінің тәлім-тәрбиелік ұлағатын ерекше атап көрсетеді: «Қазақ қоғамында шешендік өнердің алатын орны зор. Ұрпақ тәрбиесінде, ел басқару жүйесінде, елді сәулелендіру жолында, әрине, халықтың сан ғасырлық тәжірибесінде қорытылып екшелген, жинақталып жүйеленген ақыл-нақыл, өсиет-насихатқа негізделген отты да нақышты, шебер де шешен айтылатын ауызша сөздің тағылымдық-танымдық әрі тәрбиелік мәні айрықша». Бөлтірік Әлменұлының шешендік сөздері жастардың да, ересектердің де жақсылық пен жамандық қасиеттерін салыстыра бағалауға бағдарлайды. Адамдардың фәнидегі қарым-қатынастарының күрделі қайшылықтары, қақтығыстары өмірлік шындық құбылыстарымен, қасиеттерімен нақты дәлелдене, дәйектеле түсіндіріледі. Аз сөзге астарлы, мегзеулі ой-мағыналарын сыйғыза білу – шешендердің шығармашылық өнерінің басты ерекшелігі. Адамдардың рухани жан әлемі сұлулығының қоршаған ортасына, кейінгі ұрпаққа тағылым болатын ұлағаты шешендер сөздерімен тұжырымдалған. Яғни, би-шешендер ғасырлар бойы ұрпақтарды сөйлеу мәдениетін игеруге қалыптастырды. Бұл орайда, Бөлтірік «Нақыл сөз туралы» топтамасындағы мынадай оқиғалы сөздер тақырыптарын айтамыз:«Сөздің көркі мақал-ды», «Сөз қадірін білмесе», «Басқа пәле тілден»,«Бәле қайда деме – аяқ астында», «Әкең қапа болады», «Сөз мәнісі», «Тұзсөздің де дәмін кіргізеді», т.б.Бөлтіріктің осы топтағы оқиғалы сөздерінде халықтың барлық орталарындағы (отбасы, ауыл-аймақ, жалпы халық) сөз өнерінің құдіретті қызметінің адамгершілік-эстетикалық, әлеуметтік ықпалды маңызы саралана бағаланған. Мысалы, «Сөз қадірін білмесе» атты әңгімеде Бөлтіріктің салыстыру-шендестіру тәсілімен берілген бағалауларын көреміз:
Бай болмаған бай болса,Жайламаған саз қоймас.Би болмаған би болса,Басын шалмаған сөз қоймас.Сөз қадірін білмесе,Байдан байлық көшеді.Сөз қадірін білмесе,Биден билік көшеді.
«Әкең қапа болады» атты әңгімеде «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» деп шынында да ауызы қисық, бірақ жұрттың арасында ретсіз әр нәрсені айта берген байдың баласын бағалағаны үшін жиынның шырқы бұзылғанына қапа болған Бөлтіріктің айтқан сөйлеу мәдениетін ұғындыру ұлағатының барлық күнде де мәнін жоймайтыны анық:«– Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады». Сөйлеу мәдениетіне баулу, тәрбиелеу – халықтың ата-бабалық игі дәстүрі. Бірде өзіне орынсыз тисе берген байдың баласының «…айтқан сөзін, уәжін каңбақ құрлы көрмей, оны сөзден де, уәжден де жыға» бергесін байдың баласы төбелес шығарып, сілтеген қолы үй иесінің күрек тісін сындырып, бірақ нәтижесінде Бөлтіріктің баласы айып тартады. Өзі жазықсыз болса да өзіне жасалған әкесінің билігін мойындағысы келмей тұрған баласының сұрағына («– Әке, дұрыс сөйлегенде қалай сөйлеу керек еді? Менің сөзімнің бұрыс жері бар ма?») Бөлтіріктің айтқаны да тәрбиелік маңыздылығымен бағалы:
Жатқа сөйлеме,Жаманға сөйлеме,Асырып сөйлеме,Батырып сөйлеме.Жасқа сөйлемеМасқа сөйлеме,Ұрыға сөйлеме,Қараға сөйлеме,Жаман сөзден жақсы сөз дұрыс.Жаманға айтқан сөзденЖақсыға айтқан сөз дұрыс.Ойсыз сөзден ойлы сөз дұрыс.Ойсызға айтқан сөзден,Ойлыға айтқан сөз дұрыс.Айтылмай қалған сөзденАйтылып қалған сөз дұрыс.Сөйлемес жерді білсеңСөйлемес жерде сөйлемей қалуды білсең.Бәрінен де сол дұрыс.Олай болмаған жердеҚанша асыл демеСөзіңнің алды бұрыс,Арты – ұрыс.
Бөлтірік сөздерінің біразы адамдарды жолдастыққа, достық қарым-қатынастарға тәрбиелеу болып келеді. Әкенің баласын тәрбиелеуі – ата-бабалардың жолы. «Саңылауы жоқпен сабақтас болма» атты әңгімеде шешеннің ұлының сотқар, бұзық балалармен бірге жүргені, әкесінің ескертулеріне құлақ аспағаны, ақыры солардың тазы ұрлаған оқиғасына байланысты жазаланып, айып тартқандардың бірі болғанына байланысты айтқан Бөлтіріктің насихат сөзі де тағылымды:
Саңылауы жоқпенСабақтас болма.Байлауы жоқпенСанаттас болма.Тілегі жаманменҚапаға түспе.Тегі жаманменОртаға түспе.
Адамдардың балалық және есейген, егделенген жастары кезеңдерінің барлығында да достық, жолдастық қарым-қатынастардың ең маңызды орын алатыны белгілі. «Жақсымен жолдас болған» атты әңгімеде адамдардың арасында көп жылдар бойы қалыптасқан шынайы жолдастықты, достық көңілді қарым-қатынастарды сақтай білу ұлағаты назарға алынған. Ал, асыл текті жақсы адамдардың өзара суысып бара жатқан бұрынғы жолдастық қатынастарын сақтау керектігі тек ғана тұспалды, мегзеулі сөз мағыналарымен ғана жеткізетін Бөлтіріктің суырып салып (импровизациямен) айтқан қанатты сөздерімен өрнектелген:
Жақсымен жолдас болған,Ел ұстанған тілектей болады.Қыз ұстаған жібектей боладыЖадыраған жаздай болады,Айдын көлдегі қаздай болады,Отау ортасындағы оттай болады,От ортасындағы шоқтай болады,Тұрағы алтын шырақтай болады.Тұяғы асыл пырақтай болады,Мұнша дәулет кімге тұрақтай алады?!
Адамдардың өзара жолдастығы, достығы нағыз сын сағаттарында, қиын-қыстау кездерінде танылады. Адамдардың арасында жолдастық, достық қарым-қатынастарын тек ғана дәулеті шалқыған, қызмет дәрежесі бар кезіндегі пендешілік есепке ғана құрып жүретіндер де кездесетіні мәлім. Ал, шын жолдастық, достық тек ғана қиыншылықтарды бірге көтеріскен мәрт мінезді қасиеттермен ғана көрінуі тиіс емес пе? «Жолбарыс терісін жамылған батыр» аталатын халық әңгімесінде бірге келе жатқан адамдардың жолбарыспен бетпе-бет кездесіп қалғанда аңмен алысып жатқан Бөлтірікті тастап қашып кеткендіктеріне байланысты бағалау жасалған. Жолбарыспен жалғыз өзі алысып, өлтіріп, «Иығына салып алған жолбарыс терісінің бір пұшпағы жерге сүйретіліп» келе жатқан Бөлтірікке қашып кеткен жолдастары қайта оралып келгендегі диалогтардан, шешеннің қорытынды бағалауларынан жолдастықтың шынайлығы мен жалғандығына баға берілген. Бөлтірік шешеннің поэтикалық мағынасы, мегзеулі ойлары терең сөздері арқылы адамгершілік қасиет сапасының шынайылығы дәлелденген:1. «Тірі болсам да, өлі жолбарыс құрлы болмадым. Өлі болса да бұлжолбарыс тірі Бөлтіріктен гөрі жолды екен»;2. «Мен екі сойылдым, жолбарыс бір сойылды…– Мынау қасымда тұрған қоянжүректер мені жалғыз тастап қашып кетіп, бір сойылдым. Олардан соң батыр жүректі жолбарыс болат тырнағымен, алмас азуымен тағы сойды. Ал, жолбарыс болса, ол бір-ақ сойылды».3. «– Жолбарыста қырық жігіттің айбаты бар, бір жігіттің қайраты бар.Жүрегін тоқтата алған жігітке бір жолбарыс не қайрат қылушы еді» – депжауап беріпті. Осы оқиғадан кейін ел ішінде Бөлтіріктің «Жолбарыс жүректібатыр», «Жолбарыс терісін жамылған батыр» деген аты шығыпты».Жақсы адамдардың достығы арқылы адамзаттың өсіп-өркендеп келе жатқаны белгілі. Сондықтан, Бөлтірік шешеннің жолдастық, достық туралы сөздері азаматтық-отаншылдық тұғырнамамыз берік халық екенімізді дәлелдейді. Бөлтірік шешен сөздеріндегі тәлім-тәрбиелік мағыналы ойлар жақсылық пен жамандық ұғымдарын танып-білу ұлағатын саралауға арналған. Мысалы, «Жаның жеті жаманнан аман болсын», «Өнерің мен өнегең азбасын», «Жеті жетіні білгенді адам дейді», «Жеті жақсы», «Жеті жетім», «Балаға ақыл», «Бес жаман», «Ақыл», т.б. нақыл сөздері жас ұрпақтың адамгершілік ұлағатымен қалыптасып өсуіне халық даналығы бойынша бағдар береді. Шешен қазақ ұғымындағы киелі жеті санына негізделген қасиеттер, дәстүрлер тағылымын толғайды. Қазақ ұл-қыздарының жеті жетіні (жеті ата, жеті ру, жеті жарғы, жеті құбыла, жеті жақсы, жеті жаман, жеті жетім), соларды саралағанда жеті жақсыны (ақыл, талап, білім, мал, кісілік, кәсіп, сөз), жеті жаманды (күншілдік, кекшілдік, астамшылық, сараңдық, қараулық, бәлеқорлық, ынсапсыздық), жеті жетімді (жауын жаумаған жер, басшысы жоқ ел, елінен ажыраған ер, аққу-қазы жоқ көл, тыңдаушысыз сөз, киілмей тозған тон, қатарлары жоқ шал) – білудің ұлттық-отаншылдық дүниетаным үшін маңыздылығын байқатады. Бөлтіріктің «Балаға ақыл» атты насихат-нақыл, бата-тілек бағдарымен айтылған сөздері де дидактикалық-философиялық байыпты сипатымен ерекшеленеді.Шешендік насихат-нақыл сөздерінде қазақтың ата-бабалардан жеткен адамгершілік қасиеттер ұлағатын жас ұрпақтың жадына, санасына сіңіру ұсынылған. Қолдағы бар дүниені орынсыз шашпауды, ашкөз дүниеқоңыз болмауды, меншікті жердің, судың («Сулы жер – нулы жер, нулы жер – рулы ел») иесі болуды, жігіттік пен қарттықтың үйлесімін білуді, ойдың да, сөздің де, істің де таза, ақ болуын сақтауды уағыздайды. Адамдармен қарым- қатынастар жасаудағы тәлім-тәрбиелік, этикалық ұстанымдардың мәнісін өмірлік шындық қорытындыларымен дәйектей түсіндірген:
Ақылы жоқты аға тұтпа,Қасиеті жоқты қадір тұтпа,Ақылы жоқты аға тұтсаң,Кішілігіңді кемшіліктей көрер,Қасиеті жоқты қадір тұтсаң,Кісілігіңді ерсіліктей көрер.
* * *Тегі жаманды тең тұтпа,Тілегі жаманды ес тұтпа.Тегі жаманды ес тұтсаңТөріңе шығар.Тілегі жаманды ес тұтсаң,Төбеңе шығар.
* * *Үлкен алдында иіліп сөйле,Кіші алдында сызылып сөйле.Иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді,Сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді.
* * *Екі ойлы болма,Екіұшты сөйлеме.Ұрының қасында жүрме.Өтірікшінің қасында жүрме.Өтірікшінің қасында тұрма.Ежелгі доспен ұстаспаЖаманмен кеңеспе,Баламен егеспе.
Бөлтірік шешеннің этнопедагогикалық-этнопсихологиялық мәнді көңіл айту-жұбату өлеңдері де бар. Байзақ батырдың он сегіздегі баласы Бекмолда Қоқан зекетшілерін аймақтан аластау шайқасында қаза тапқанда шығарған көңіл-айту – жұбатуында дәстүрлі сарынмен психологиялық егіздеу бейнелеулерінің метафоралық баламаларымен, символдық мегзеулерімен ел азаматтарының өмір мен өлім алмасқан заңдылығын мойындауға шақырады:
Аққу құсқа оқ тисе,Қанатын суға тигізбес,Ақсүйекке оқ тисе,Көршісіне сездірмес.Қас батырға оқ тисе,Қара аспанды төндірмес.Қас жаманға оқ тисе,Басын жерден көтермес.Ноқталы басқа бір өлім,Ақыр бір күн келмей ме?Ажалдың соқса дауылы,Өмірдің шамы сөнбей ме?Қанша күн сақтап тұрғанмен,Сұрай келсе иесіАманатын бермей ме?Ағадан шыққан дана сөзҚұлақ құрышын қандырар,Атадан шыққан бата сөз,Өлгеніңді тірілтіпӨшкеніңді жандырар.Дос көтерер көңілді,Ер көтерер өлімдіБекем бу, батыр, беліңді,Мұңайтпа баққан еліңдіИт жүгіртіп, құс салыпЖүйрік мін де, сұлу құш,Алғын осы тілімді.
Бөлтірік Әлменұлы сөздерінің барлығында да тәрбиелік мән бар. Адамгершілік қасиеттерді бағалау тұрғысында саналуан оқиғалар (жер дауы, жесір дауы, ұрлық, барымта, т.б.), ағайынның, дос-жолдастардың қарым-қатынастары, т.б. мәселелерге байланысты туындаған сөздері халықтың жадында жатталған. Әсіресе, оның билермен болған сөз сайыстарындағы билік шешімдері сөз өнерінің құқықтық заңдылықтары сақтау құралы болғандығын дәлелдейді. Суреткер жазушымыз Мұхтар Әуезов «Әдебиет тарихы» атты кітабында «Билер айтысын» әдебиет тарихындағы «Айтыс өлеңдері» саласы аясында қарастырған еді. М. Әуезов «Билер айтысын» «ішкі мағынасына ғана қарап» жіктеп, оларды билік айтыстары атауымен жүйелейді: «бірінші – дау мен билікті қоса айтып, ру жігінің бетімен сөйлейтіндер болады. Мысалы, Бұқар жыраудың Керейге айтқан тақпағы; «Екінші, екі бидің әділ билікке таласып айтқан талас сөздері. Мысалы, Ақтайлақ, Солтабай билігі; «Үшінші, арбасып, ырғасып, жұмбақпен, тұспалмен айтысатын талас билік, мысалы, Қараменде мен Кеңгірбай билігі; «Төртінші, дау мен билік тұсында, не жамандап, не мақтау айтатын сөздер. Мысалы, Сабырбайдың Солтабай төреге айтқан өлеңі». Бөлтірік шешеннің де әлеуметтік-қоғамдық қайраткер тұғырына көтерілген қызметі осындай «Билік сөз» үлгілері арқылы танылған: «Аға бордан, іні зордан» (жесір дауы), «Халқым үшін тудым» (жер дауы), үш нұсқалы «Алтын Емел дауына дауа» (жер дауы), «Сыпатай батырдың құты» (жомарттық-мәрттік), «Тентек төртеу болғанда» (тентектікке баға), «Аздым деп ұрлыққа барма» (озбырлыққа үкім), «Құдайдың өзі оңғарар» (жомарттық), «Даудың түбін қыз бекітеді» (қырғыз-қазақ достығы), «Арыстан қартайса тышқан аулайды» (ірі мінез-мәрттік), «Еріккен хан өстіп оттай ма екен» (халықтың қуатын таныту), т.б. Бөлтірік Әлменұлының шешендік сөздері – мыңжылдықтар белестерінен өткен, қазіргі кезде жаңа әлемдегі Қазақ мемлекеті атымен әлемдеп ең озық елдермен иық теңестірген халқымыздың ұрпақтарын тәрбиелейтін рухани құралдарымыздың бірі. Қазақтың тәлім-тәрбиелік негізі бай, терең мағыналы осындай мұралары әлемдік педагогикалық көзқарастар жүйесін де байыта түсетіні ақиқат. Бұл орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлттық-отаншылдық бағдарлы сөздерінің де Бөлтірік баба сынды даналарымызды ұлықтау арқылы өз бағытымыздан адаспайтынымызды дәлелдей түседі: «Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақ. … Салтанаты жарасқан қаласы бар, байтағы ұшан – теңіз даласы бар, аруақ қолдаған бабасы бар ел екенімізді мақтан етейік!».Бөлтірік шешеннің тарихи тұлғасы дастандарда да (К. Әзірбаевтың «Аңыздар сыры» (1969), Б. Бигелиевтің «Балкаш» (1970) кітаптарындағы дастандарда бейнеленген. 2007 жылы Балқаш ауданының, Бақанас ауылы орталығында ескерткішінің қойылуы да қазақ халқы бабалары ұлылығын ұрпақтары ұлықтауының көрнекті көрсеткіші. Қазақ тарихындағы көрнекті би-шешен, батыр Бөлтірік Әлменұлының сөз өнері шығармашылығы мен қайраткерлігі тұтасқан қызметінің өнегесі біздің ұлттық және жалпы адамзаттық мұраттарды игерген озық өркениеттік болмысымызды анықтай түседі. Қазақ өркениетінің осындай гуманистік тағылымы ұрпақтарды адамгершілік ұлағатымен мәңгілік болашақта да тәрбиелей береді.
Қазақтың қоғамындағы билердің билігі
Қазақ би-шешендерінің ел арасындағы саяси қызметін сөз еткен тұста, билік пен шешендік қазақ даласында ежелден бірге қалыптасқан дәстүрлі құблыс екендігін айту керек. Өйткені би мен шешен халық ұғымында бірінен-бірі ажырағасыз тел түсінік. Бисіз – тапқыр шешендікпен айтылатын көркем төрелік сөз болмақ емес, шешен сөйлей алмайтын адам – би болмақ емес. Екеуіне де бірдей тән қасиет – белгілі бір үрдіс, дәстүрлі рухи принциптерге бағынушылық. Сондықтан елдің бүкіл би-шешендері оны тек өнер деп қарамай, әлеуметтік –саяси феномен ретінде мойындап, дала демократиясын қалыптастырып, әлеуметтік-саяси тұтастықты барынша орнықтыруға атсалысқан.
«Би» ұғымының шығуы мен қоғамдық санада орнығу тарихына үңілетін болсақ та, би — дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесі болатындығын көреміз. Зерттеуші ғалымдардың, әсіресе, В.В. Бартольдтың пікірінше, “би” сөзі шамамен 14 — 15 ғасырларда ежелгі түркі тіліндегі “бек” атауының бір нұсқасы ретінде пайда болып, басқарушы, ел билеуші мағынасын білдірген. Кейіннен бастапқы семантикалық-тілдік формасынан ажырап, көбінесе, дау-жанжалды шешіп, кесімді төрелік айтушы, әділ үкім шығарушы адамды бейнелеу үшін қолданылған. ХҮІІ ғасырда өмір сүрген Махмұд ибн Уәлидің «Бахр әл-асрар фи манақиб әл-ахйар» атты еңбегінде «жоғарғы мәртебелі әмірлер мен елге сыйлы, пендәуи тіршіліктен азат адамдардың» барлығы би аталғанын жазады. Ал қазақ халқының дәстүрлі түсінігінде бұл атау төрт түрлі мағынада қолданылады: 1) ел билеуші; 2) сот, төреші; 3) батагөй, шешен; 4) елші, дипломат. Оған дәлелді пікірді Ә.Бөкейхановтың: «Қазақтың би һәм билігін өзгертіп не керек...? Бұл биді, билікті жоғалтып, орыс судьясына қарату керек деп орыс айтады, шариғатқа қарату керек деп біздің молдалар айтады. Біз мұның екеуіне де қол қоймаймыз...», -деп айтқанынан табамыз.
Белгілі академик – С.З.Зимановтың сөзімен айтқанда, «...көне дәуірдің мұрасы ретінде ұрпақтар үшін қазақтар екі мәңгі құндылықты сақтап қалды – ол Сөз құдіреті мен Заң құдіреті» (Қазақтың ата заңдары, 2004). Билік пен шешендіктің арасындағы мұндай тұтастықты, біздің ойымызша, бірнеше факторлармен түсіндіруге болады. Біріншіден, биліктің қоғамдық жүйенің негізгі қажетті атрибуттарының бірі ретінде мойындалуы болса, екіншіден, дәстүрлі қазақ қоғамындағы саяси өмір әлеуметті дамудың біртекті айналымы және оның қауымдасқан формасына тәуелді болды. Үшіншіден, биліктің беделі мен саяси биліктегі діни түсініктерге байланысты болды. Төртіншіден, қоғамдық қатынастағы әлеуметтік тұтасуға нұсқан келтіретін ауытқуларды реттей отырып, әлеуметтік ыдырауға тосқауыл қойып, халықты белгілі бір этникалық-саяси шеңберде ұстап тұру қажеттілігінің болуы. Бесіншіден, қазақтың дәстүрлі қоғамының саяси-әлеуметтік құрылымының өз ерекшелігінде деп айтар едік. Алтыншыдан, қазақ қоғамындағы «Дала заңының» үстем билігінде дер едік, оның рухани қорының сақтаушысы да. Реформаторы да, жүзеге асырушысы да – билер болды. Жетіншіден, дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер билігін, олардың қоғамдағы беделінің жоғары болуымен негіздеуге болады. Осыған байланысты, қазақтың көрнекті ғалым-зерттеушісі Ш.Уәлиханов былайша тұжырым жасайды: «Билердің беделі Европадағы ақындар, ғалымдар мен адвокаттар сияқты өздерінің жеке бастарының қасиеттеріне байланысты болған». Жалпы қазақ даласындағы «әділ билік», «ақыл мен ар үйлесімділігі», «қоғамдағы әлеуметтік-саяси тәртіп» бидің беделді төрелігімен байланыстырылады. Демек, билер халықтық санада әділдіктің символы ретінде сақталады. Оған А.Байтұрсыновтың: «...Бұрынғы әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатұғын жақсы дәрі еді...», -деп айтқаны дәлел. Оған билердің кәсіптік ұранына айналған: «Шындықтан өткен құдай жоқ», «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы», -деген шешендік нақылдары дәлел бола алады. Мысалы, С.З.Зиманов билер өздерінің «жеке қасиеттері мен әлеуметтік межелер биігінде ханнан да жоғары тұрды» дейтін тұжырым жасап, билер беделінің биік мәртебесін көрсетеді. Міне, сондықтан да халық арасында: «Ханда қырық кісінің ақылы бар, биде қырық кісінің ары, білімі бар» деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан би беделді, дәстүрлі билік төрінен орын алды деуге болады.
Бидің қоғамдағы рөлін жан-жақты түсіну үшін қазақ халқының тарихи-әлеуметтік даму кезеңдерінің ерекшелігін жете ескеру шарт. Өйткені, ежелгі дәуірлерден 19 ғасырдың басына дейін қазақ қоғамы саяси потестарлы билік жүйесінің негізінде дамығаны белгілі. Ең төменгі бұқаралық билікті ауыл-аймаққа, ру-тайпа ішіне сыйлы, өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдар атқарса, орта буындағы, яки, потестарлы билік тізгінін ру-тайпа басылары — билер уысына ұстады. Ал мемлекеттік және мемлекетаралық деңгейдегі мәселелерді қамтитын жоғары билікті төре тұқымы — хандар мен сұлтандар иеленген. Міне, бүкіл қазақ қоғамының елдік тұтастығы осы соңғы екі билік жүйесінің өзара тепе-теңдігі мен бір-біріне қарама-қарсылығы принциптеріне негізделді. Саяси-әлеуметтік құрылымға арқау болған рулық-тайпалық жүйенің өзі айқын қандас туыстардың ұйымы емес, саяси билік және саяси-әлеуметтік қауымдастық қызметін ғана атқарды. Сондықтан қоғам болмысындағы рулық негіз мемлекеттік әрі саяси институттардың нығайып, жеке-дара үстемдік құруына қай кезде де мүдделі болған емес. Халықтың қалың бұқарасына жақын әрі оның тікелей қолдауына арқа сүйеген потестарлы билік иелері, яки ру-тайпа басылары — билер хан-сұлтандардың билігін белгілі бір дәрежеде шектеп отырды. Сол арқылы олар өздерінің әлеуметтік-саяси статусын нығайтып, абырой-беделге кенелді. Әйтсе де, ерекше әлеуметтік-саяси жік ретінде билерді тарих сахнасына шығарған рулық құрылым өзіне субэтникалық-әлеуметтік топтарды тарта отырып, қоғамды ұйымдастырушылық, мемлекеттілік нышандарын нығайтушылық қызметін атқарды. Хандық билік жүйесінде бидің ерекше беделді тұлға болғандығын айғақтайтын жазба деректер де, ауыз әдебиетінің нұсқалары да жетерлік. Қазақтың алғашқы заңгерлерінің бірі Д.Сұлтанғазин “Бұрынғы замандағы қазақтардың билік қылуы” атты мақаласында: “... бағзы билер болыпты, бек білімді, атақты һәм ақылды, әділетті, көпті көрген және іс бітіргенде әдет рәсімдерін тегіс біліп, әр жұмысты қара қылды қақ жарып орнына келтіреді екен..., һәм солардың бітірген жұмыстарын ұлы хандары да әрқашан бұзбайды екен... Сондай билер турасында қазақтың мақалы да бар. Батыр мен биді салыстырғанда, биді қатты артық көретінін білдіретін сол мақалы мынау: “Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның бірі табатын, би деген бір ақсарағат, бүтін елден біреуі ғана табатын” дейді (“Дала уәлаятының газеті”, 1888, ғ51). Билердің батыр, бай, т.б. әлеуметтік жіктерден ерекше құрметтелуінің бірнеше тарихи себептері бар.
Біріншіден, би мемлекет басқару жүйесінде кейбір айрықша құқылар иеленді: «Жеті Жарғы» қағидаларына сай ол өзіне бағынышты ру-тайпа шегінде сот және әкімшілік билік (ханмен қатар) жүргізді. Мысалы, С.З.Зиманов: «Би, ең алдымен – сот (судья)», -деп көрсетеді. Сот төрелігін жүзеге асыратын болғандықтан, би халықтың әдет-ғұрпын, салт-рәсімін, жол-жосығын жатқа білуге, дауласқанға әділдікпен жөн сілтеп, адасқанға даналықпен жол көрсетуге, әсіресе, “тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген құқықтық-гуманистік принциптен айнымауға тиіс болды.
Билердің негізгі ұстанымына айналған бұл моральдық құндылық әділ соттың өзіндік болмысын білдіреді. Мәселен, орыс ғалымы А.Е.Алекторов қазақ билерінің сотын таңдана сипаттай отырып, сот әділдігінің көне дәстүрлерін сақтаған билер ежелгі дала демократиясы үлгілерін іске асырғандығын атай келе: «істі қарастыру кезінде би және ақсақал дауласушыларға асқан әділдік танытуды өзінің қасиетті парызы санайды, ол екі жақтың да дәлелдемелерін әбден тыңдап болған соң ғана өзінің әділ шешімін жариялаған және ол шешім міндетті түрде орындалған», -деп жазады. Ғылыми деректер бойынша, Абай 13 жасында соттық шешімдер шығара бастаса, Шорма мен Есет би де осындай жас мөлшерінде сот қызметіне араласқан, ал Төле би 9 жасынан бастап сот ісіне қатыса бастаған. Сонымен билер сотының құқықтық қорына тек дәстүрлі «хан жарлықтары» ғана еніп қоймаған, сонымен бірге атақты билердің жалпы халыққа тараған бітім, шешім, жүгініс үлгілері де енгендігін байқауға болады.
Екіншіден, би ру-тайпаның басшысы ретінде әкімшілік қызметті де қоса атқарып, өз қауымының тұрмыс-тіршілігін қадағалап, тәртіп-талабына жауапты болды. Осылайша олар билеуші хандардың халық арасындағы сенімді тіректеріне айналып, саяси бедел иеленді, сұлтандармен тең құқылы дәрежеде мемлекеттің мәселелерді талқылауға қатысты. Ел ішіне биліктілігімен, қара қылды қақ жаратын әділдігімен, тура жолдан таймайтын адалдығымен даңқы тараған Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, айыр тілді Әйтеке би, т.б. саңлақтар хан жанындағы билер кеңесінің құрамына енді. Олар нақты тарихи-әлеуметтік ахуалға қатысты жол-жоба белгілеп, заңи жосындар қабылдады, мәні ескіріп, маңызы кеміген қағидаларды елдік мүдде тұрғысынан қайта қарап, жаңасын қолданысқа енгізіп отырды. Тіпті, ханның ішкі және сыртқы саясатына, әскери доктринасына тікелей ықпал етіп, өзгерістер енгізе алған. Мәселен, 1695 ж. Қазақ Ордасында болған орыс елшілері Ф.Скибин мен М.Трошин: “... Тәуке хан Қазақ Ордасының таңдаулы адамдарын өзіне шақырып алды да, біздің — Федка мен Матюшкенің — көзімізше, әлгілерден мына біздерді ұстап қала ма, әлде жібере ме, Русь қалалары мен слободкаларына соғыс ашып бара ма, әлде бейбіт тұра бере ме, соны сұрап алды” деп жазады. Кей тарихи деректерде Мөңке Тілеуұлының өзі өмір сүрген заманда ел билігіне араласқан қайраткер екенін жалпы жұртшылық жазушы Әбіш Тевкелевтен соң төрт жылдан кейін қайта елші келіп, соның құрметіне бас қосқан жиында “елу бидің сары ала тобының” ішінде шектінің Мөңке, Мойнақ, Мәметек, Айдаралы билерінің де есімдері аталатыны бар. Мысалы, 1748 жылы 5 қазанда Орта жүз бен Кіші жүз билері мен батырларының Нұралы сұлтанды Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарына хан етіп тағайындау туралы Елизавета ханымға хат жазғаны мәлім. Сондағы “Сіздің мәртебелі құзырыңызға шын берілген Әбілқайыр хан бұл өмірден өтті, оның орнына біз мұрагерлік жолымен оның өз ұлы Нұралы сұлтанды сайладық. Біз ата салты бойынша Нұралы сұлтанды хан сайлағанымызбен, Сіздің ұлы мәртебелі патшалық жарлығыңызсыз хан тағына отырғыза алмаймыз. Сондықтан Сіздің императорлық ұлы мәртебеңізден Нұралы сұлтанды әкесі Әбілқайыр ханның орнына бас хан етіп тағайындау туралы жарлық шығаруыңызды және өзіңіздің императорлық алтын мөріңіз басылған грамотамен марапаттауыңызды адал берілгендікпен сұраймыз”, — деп басталатын осы хатқа шақшақ Жәнібек тархан, керей Наурыз би, шақшақ Қойсары, Жәлмәмбет билер, Құдайшүкір батыр, шөмекей Қыдай би, шекті Бапы би, Бақтыбай би, Айдаралы би, Есенбай би, Мойнақ би, Мәметек би және басқалармен бірге өз таңбасын басқандардың бірі – бұл кезде, біздің шамалауымызша, пайғамбар жасына жеткен осы Мөңке би болатын дейтін мағлұмат бар. Мөңкенің ел басқару ісіне араласқанын білдіретін және бір деректі Әбілқайыр ханды өлтіру себептерін анықтау мақсатымен Кіші жүзге барған сапарының қорытындылары туралы қалдырған тілмаш Я. Гуляевтың жазбасынан табамыз. Ол былай дейді: “…Қыркүйектің 27-сі күні ханшаға (яғни Бопайға – С. Б.) Жәнібек тархан келді… Сонда ол, Жәнібек мұндағы билік ханша мен оның балаларының қолында болса, Орта жүздің билері мен батырлары бар билікті оған Жәнібек тарханның қолына бергенін хабарлады, яғни ол қандай ұйғарым айтса, басқалар соны мақұлдайды екен… Сол күні барлық әйгілі билер мен батырлар кеңесе келіп, Батыр сұлтанды шақырып келуге төрт биді, атап айтқанда шөмекей руынан – Жаилған биді, шектіден Сырлыбайды және Бапы мен Мөңкені, шайқылар әулетінен Кебек мырзаны жұмсауға ұйғарым жасайды…”
Үшіншіден, ел тағдыры сынға түскен жаугершілік замандарда билер батыр-баһадүрлермен қатар атқа қонып, қарамағындағы тайпаластарынан жасақ құрып, мемлекет тұтастығын, ұрпақтар азаттығын қорғауға ұйытқы болған, қолбасшылық қызмет атқарған.
Төртіншіден, би атағы мұрагерлік заңымен берілетін лауазым емес. Көшпелілер мәдениетінің ерекше қыры — шешендік өнерді меңгермейінше, тек әдет жосындарын жетік біліп, әділет принципін ұстану арқылы ғана би атану, ел сенімін иелену мүмкін болмаған. Халық арасында бір ауыз сөзбен құн кешіп, жалғыз уәжбен дау шешкен ділмарлардың аты ардақталып, төрелік істері үлгі-өнеге тұтылған.
Әйтсе де, қазақ тарихында атадан балаға билік тізгінін жалғап, бірнеше ұрпағы ел ішінде би атанған әулеттер өткен. Мұндай айрықша қасиет дарып, абырой қонған әулет билігін халық шынжырқатар деп атаған. Билердің әлеуметтік-саяси статусы қазақ ұлысының тарихындағы әр қилы өтпелі кезеңдерге, алмағайып уақиғаларға байланысты өзгеріп отырған. Әсіресе, орталықтандырылған хандық биліктің пәрменін нығайтуды талап ететін әскери-жорық жылдарында плебисцитарлық, яки халықтық демократияның классикалық үлгісі ретіндегі би билігі — төрелік ету, әкімшілік басқару рөлі төмендей түскен. Мысалы, Шыңғыс ханның, сондай-ақ, хандық билікті қалпына келтіру үшін күрескен Кенесарының тұсында билер өкілеттілігін шектеп, сұлтандар мен қол бастаған батырларға басым билік берілген. Әсіресе, патшалық Ресейдің отаршылдық пиғылмен жүргізген құқықтық-әкімшілік реформалары қазақ даласындағы дәстүрлі саяси құрылымды түбірінен өзгертті.
1822 жылғы реформадан кейін хандық билік жүйесі күйреді. Ал билер институты 19 ғасырдың аяғына дейін формальді түрде өмір сүрді.
1854 жылдан бастап би атағын сұлтандар мен ауыл ақсақалдары қоғамдық сайлау арқылы, округ басшыларының бекітуімен алды.
1868 ж. 21 қазандағы “Далалық облыстарды басқару туралы ереже” бойынша, би атағы уақытша, тек қызметтік лауазымды атқару барысында ғана берілетін болды.
Ресей патшалығының қазақ даласын отарлау саясатын түбегейлі жүзеге асырған құжат — 1891 ж. 25 наурыздағы “Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже” дәстүрлі потестарлы билік жүйесін толық істен шығарып, би лауазымын жойды. Тәуелсіздік алып, дербес даму жолына түскен Қазақстан жұртшылығы замана талабына сай мемлекеттік жүйе мен саяси құрылым қалыптастыру үшін дәстүрлі құқықтық мәдениеттің демократиялық-гуманистік принциптерге құрылған билер төрелігі тәрізді жекелеген институттарын қайта жаңғырту қажеттігін жақтады. Елдің сот жүйесінде билер институты қалпына келтіріп, оған жергілікті заң бұзушылық көріністеріне, неке дауы, отбасы, ағайын-туыс араздығы тәрізді келеңсіздіктерге төрелік ету функциясын беру туралы ұсыныстар жасалды.
Ұлттық шешендік өнер ғылымының қалыптасуы мен дамуы
Қазақ тілі Қазақстан Республикасында мемлекеттік мәртебе алып, қазақ тілінің қоғамдық қызметі бұрын болып көрмеген дәрежеде ұлғайған шақта шешендік сөздің әлеуметтік мәнін ұғындыру қажеттілігі туындайды. Осы қажеттілік шешен сөз, шешендік өнер дегеніміз не, шешендікке қойылатын талаптар қандай, шешендікке үйренудің қайнар көзінде, қазіргі шешендікке қалай баулуға болады деген мәселелер төңірегінде ойланып, шешендік өнер жайында айтылған еңбектерді жинақтап, шешендік материалдары талдап, филология факультетінде арнайы пән ретінде оқытуды мақсат етеді.
Шешендікке әлеуметтік қызмет артқан ежелгі Греция мен Рим қоғамынан бастап, көптеген Еуропа халықтары мен шығыс халықтарында шешен сөз дегенді әңгіме еткенде, оның қоғамдық құбылыс екендігіне, яғни оның тек шаршы топ алдында сөйленетін сөз екендігіне көңіл аударылды.
Шешендік өнер қазақ елі жағдайында да әлеуметтік мәселелерді шешуде болсын, жас буынды тәрбиелеуде болсын, үлкен рөл атқарған. Қоғам өмірінде тілдің, тіл мәдениетінде шешендік өнердің алатын орны, атқаратын қызметі ерекше. «Шешендік сөз – халық даналығы, ақыл-ойдың қоймасы, әдеби тілдің бастауы; дәстүрлі шешендік сөз нұсқаларын оқып, үйренумен бірге, шешендік өнер ғылымының сыр-сипатын, ерекше заңдарын жастар да игеруге, білуге тиіс. Сондықтан шешендік сөздерді орта мектептер мен педагогикалық институттардың, университеттердің оқу бағдарламаларына енгізілуі қажет», - деп шешендік өнерді арнайы зерттеген Б.Адамбаев кезінде мәселе көтерген.
Шешендік сөздерді жоғары оқу орындарында оқытудың мақсаты – талғампаз халқымыздың әлеуметтік, әдеби-эстетикалық қажетін әлденеше ғасырлар бойы өтеп келген халық даналығының үлгілі нұсқаларын оқып-үйрету, шешендік өнердің сырын ашқызу, табиғатын таныту, халық алдында өтеген қызметін білгізу, сондай-ақ шешендікке қойылатын талаптарды меңгерту, оны практикалық іс-дағдысында қолдануға үйрету.
ШЕШЕНДІК ӨНЕР ТАРИХЫ
Осы уақытқа дейін сан ғасырлық тарихы бар ұлттық шешендік өнері, яғни би-шешендер мұрасы көркем сөз ретінде бағаланды да, әлеуметтік-қоғамдық мәні, мемлекет тағдырын шешудегі ересен қызметі елеусіз, ескерусіз қалды. Көне Эллада мен Рим елінде Демосфен, Цицерон сынды даңқты шешендердің тағдыры мемлекет тағдырымен төркіндес болғаны аян. Олар мемлекеттің көркеюіне, мәңгілік тұғырына жарқырап көтерілуіне, жақсылыққа, бақытқа, жарқын заманға ұмтылуына зор үлес қосты.
Римдіктер сөз зергерлерін төрт топқа жүйелеген. Олар: 1) шешендер; 2) философтар; 3) ақындар; 4 ) тарихшылар.
Риторика немесе шешендік өнер ғылымы «өнердің падишасы» ретінде саналған. Ол поэтиканың, логиканың, стилистиканың және грамматиканың өркендеуіне үлкен әсер етті.
Риторика ғылымы төрт бөліктен түзіледі: а) ойлап табу, ойдан шығару, шығарымпаздық; ә) әшекейлеу; б) орналастыру және в) орындау не айта білу (Ломоносов М.В. Краткое руководство к риторике).
Ерте заманда шешендік өнер Мысыр, Вавилон, Ассирия, Қытай, Үндістан елдерінде өркендеп дамыған. Алайда осынау өнердің үзілмес тарихы Көне Грекиядан басталады. Өйткені шешендік өнер қоғамдық қажеттіліктен туды, құлиеленушілік қоғамда әлеуметтік даму өрістеп, демократияның жандануына жойқын қозғаушы күш ретінде тарих сахнасына шықты. Б.з.д. Ү ғасырдың екінші жартысында грек-парсы соғысынан кейін, Афиныда және оның қоғамдық өмірінде мемлекет істерінде, саясат майданында маңызды факторға айналды.
Бұл қасиетті, киелі өнерді ыждағатпен үйрену әрбір грек азаматының асыл парызы болған. Мінеки, осы уақытта риторика ғылымы шықты. Шешендік өнерге баулитын тәлімгер ұстаз (ритор) мамандығы пайда болды. Ал оратор – латыншы orare яғни сөйлеу, ғайыпты болжау деген мағынаны білдіреді.
«Риторика» терминдік атауының әуелгі әрі негізгі мағынасы шешендік өнердің теориясы дегенді білдіреді. Филология ғылымында риторика мәнерлі сөйлеудің теориясы деп те табылады.
Көне дәуірде шешендік өнерінің көркейіп гүлденуінің екі кезеңі болған. Біріншісі, б.з.д. Ү-ІҮ ғасырлар, Афины елінде сөзі күннің күркірі мен жалт еткен найзағайындай Периклден бастап даңқты шешен Демосфенге дейінгі уақыт, ал Румде б.з.д. бірінші ғасыр немесе Цицерон заманы.
Атамзаманда адамзаттың рухани болмысының негізгі арналары – риторика мен философия саналған. Әу баста бұл әдебиеттің ми-тамыр жүйесі болып есептелген. Асылы, шешендік өнер және оның теориясы – ұлттық мәдениеттің бөлінбес бөлшегі.
Шешендік өнер мынадай түрлерге жіктеледі:
1. Саяси тақырыпта сөйлеу.
2. Салтанатты мәслихатта сөйлеу.
3. Сотта сөйлеу.
Саяси тақырыптағы шешендік, алдымен, тыңдаушыларды сендіруге ұмтылады. Салтанатты жиындағы шешендік тыңдаушылардың көңілінен шығуға әрекет жасайды. Алдыңғысына тегеурінді күш, соңғысына әсемдік тән.
Шынайы шешен салтанатты жиында жақсылық пен жамандықты, сотта әділеттілік пен әділетсіздікті, халық кеңесінде пайдалы мен пайдасыздықты негізге алады.
Шешендік өнер үш қайнар бұлақтан нәр алып сусындайды. Біріншісі, табиғи қабілет пен дарын, екіншісі, теориялық қисындармен қаруландыру, үшіншісі, тынымсыз, толассыз еңбек, жүйелі жаттығу.
Және де шешендік өнер үш мақсатты көздейді:
1. Сендіру; 2. Рахаттану, ләззатқа бөлеу; 3. Толқытып тебіренту.
Риторика 5 бөліктен тұрады: 1) материал іздеп табу, 2) материалдарды орналастыру, жайғастыру, 3) сөзбен уиіндіру, 4) есте сақтау, 5) айта білу шеберлігі.
Бірінші бөліктің өзі: а) нақты істер мен ә) жалпы мәселелерге тармақталады. Нақты істер мекен-жайға, уақытқа, кейіпкерлерге қатысты. Жалпы мәселелердің өзі теориялық және іс-тәжірибелік болып бұтақталады.
Екінші бөлік бес қабаттан тұрады: 1) кіріспе, 2) мазмұндау, 3) тақырыпты айқындау, 4) дәйектемелер, 5) түйіндеме.
1. Кіріспеде негізгі мәселенің мәнін түсіндіру, тыңдаушылардың ынта-зейінін аудару, көңіл-күйін бөлісу қарастырылады.
2. Мазмұндамада пән туралы сатылап әңгімелеленеді. Мазмұндамаға анықтық, қысқалық, шындыққа сәйкестік тән.
3. Көркем тіл саласында а) тілдің грамматикалық және лексикалық нормасын мұқият дұрыс сақтау, ә) сөзді жалпыхалықтық мәнде, сонан соң табиғи тіркесімді бұзбай қолдану, б) асқақ һәм құбылыстарға лайық өзіндік стиль таңдау, в) көркем тілдің әуезділігі мен суреттілігі, мұның өзі екіге бұтақталады: 1) асқақтық пен 2) жағымдылық.
Жалпы айтқанда, сөз өнері 1) сөз таңдау, 2) сөз тіркестері мен 3) фигураларға жіктеледі.
Егер де шешен сөз таңдауда, сөз тіркестерін әдемі, әуезді, әсерлі құруға, бейнелегіш-суреттегіш құралдарды шебер қолдануға ниеттенсе, онда оның сөзі ауызекі сөйлеу тілінен жоғары болады. Сондықтан да стильді үш түрге: жоғары, орташа, қарапайым деп бөлуге болады. Жоғары стиль үлгісіне – Демосфен, орташа стильге – Деметрий Фалерский, қарапайым стильге – Лисий жатады.
Еске сақтау, жатқа төгілтіп айту шешеннің даралық ерекшелігіне байланысты. Шығарманың графикалық суретіне көз қандырып, көңілге ұялатады, санасына сіңіріп, жатқа айтады. Сенека (фиолософ Сенеканың әкесі) бірден екі мың сөзді немесе екі жүз өлеңді естісімен жатқа заулатқан. Науаи жүз мың өлеңді жатқа білген. Қазақ қоғамында құйма құлақ, естігенін жатқа қайталайтын шешен билер, білгір шежірешілер ересен мол болған.
Шешендік біліктілік пен білімнен, қуатты түйсік пен терең сезімнен, санадағы саңлақтық пен ұшқыр қиялдан, тер төгу мен ой тербелісінен туады. Шешендік өнердің теориясының дамуына Дәуірлеу дәуірінің кемеңгерлері Кампанелла мен Томас Мор, Петрарка мен Данте, Рабле мен Шекспир, Сервантес пен Лопе де Вега өнерпаздығы зор әсер етті.
ХІХ ғ. мен ХХ ғ. басында Америка мен Еуропадан П.Лафарг, В.Либкнехт, Ж.Жорес, Ж.Гед, Г.Эккариус, Э.Джонс, В.Вольф, У.Филлиппс, А.Бебель сияқты жалынды шешендер жарқырап шықты.
Риторика ғылымы Кембридж, Оксфорд университтерінде (пән бойынша Квинтилиан мен Цицерон еңбектері оқытылған), Америкада ХҮІІ ғасырдың 1-ші жартысында Гарвард университетінің оқу жоспарларында болған.
Шешендердің ұлы шоғырына, атап айтқанда, Георгий Леонтинский, Фрасимах Холкедонский, Протагор Абдерский, Продик Кеосский, Гипий Элидский, Юлий Цезарь, Демосфен тәрізді санаткерлерді қосуға болады.
Шешендік өнер тарихы – адамзат мәдентиеті тарихының бір бөлігі. Көне Грекияда риториканы «өнердің патшасы» деп есептеді, б.ж.с.д. 594 жылы Афины басқарушысы Солонның шығарған заңы бойынша, Афины азаматы сотта өзін-өзі қорғау үшін қызыл тілге жүйрік болуға тиісті болған. Шешендік өнердің биік дәрежеде дамуы үшін әрбір азамат Отанының саяси-мәдени өміріне мықтап араласуы қажет. Сайып келгенде, демократия – шешендік өнердің анасы.
Б.ж.с. дейінгі Ү ғасырда Эллада жерінде Динарх, Гегесид, Гиперид, Георгий, Исократ, Исай, Эсхин, Филократ сынды шешендер шоғыры тарих сахнасына шығып, өнер туын жоғары ұстаған. Олар шешен сөздің ережелері мен түрлерін, логиканың қисын-қағидаларын шебер игерген. Сондықтан да идеялық және саяси күресте риториканы өткір құрал ретінде пайдаланған.
«Риторика» - тыңдаушының ынта-зейінін аудара білу, иландырып сендіре білу өнері. Риторика ғылымының іргетасын грек софисі Протагор қалаған. «Софист» - дана, кемеңгер деген мағынада қолданылады. Протагордың ақылды, ойшыл болмысын ежелгі грек философы Демокрит (б.з.д. 460-370 жылдар) байқап, фиолофия ғылымына бейімдеп ыңғайлаған.
Шешеннің басты парызы – тыңдаушыларды ортақ пікірге ұйыту, ортақ келісімге келтіру.
ШЕШЕНДІК СӨЗДЕР ЖӘНЕ ОНЫ ЗЕРТТЕУ
Фольклор қай халықтың болсын ежелгі рухани мұраларының бірінен саналады. Онда халықтың ақыл-ойы, арман-тілегі, тұрмыс-салты, шаруашылық кәсібі бейнеленеді. Сондықтан да белгілі бір халықтың ауыз әдебиеті сол халықтың ежелгі мәдениетінен, тарихынан мағлұмат береді, өмірге, дүниеге көзқарасын танытады.
Қазақтың ауыз әдебиетінің бір саласы – шешендік сөздер. Шешендік сөздер, ақындық айтыс секілді, қазақ ауыз әдебиетінің өзіндік ерекшеліктерін көрсететін негізгі жанрлардың бірі.
Жазушы шеберлігін, жалпы тіл мәдениетін көтеруде мақал-мәтелдермен бірге шешендік сөздерді мұқиятттап жинап, зерттеп сұрыптап жариялаудың әдеби мәні зор. Өйткені сөз өнерінің әлі жеткілікті зерттелмеген саласы – шешендік, тапқырлық, нақыл сөздерде, мақал-мәтелдер сияқты, ойды кеңейтіп, тілді байытатын мазмұнды да көркем сөз үлгілері мол.
Әдетте, шешендік өнер айтыс-дауда туып, дамиды. Дүние жүзіне есімдері әйгілі шешендердің көбінесе мемлекет қайраткерлерінен, заң қызметкерлерінен, парламент мүшелерінен шығатыны ешкімге құпия сыр емес. Мәселен, ежелгі Афин (грек) шешені Демосфен мен Рим шешені Цицерондар әуелі адвокат, кейін парламент басшылары болған. Ал ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген орыс шешендері П.А.Александров, Ф.Н.Плевако, А.Ф.Кони тағы басқалар адвокаттар еді. Сол сияқты атақты қазақ шешендері Төле, Қазыбек, Әйтекелердің би болғаны мәлім.
Қазақтың шешендері мен шешендік өнеріне қазақ ауыз әдебиетін алғаш зерттеуші ғалымдар да назар аударған. «Билер сотының ертеден келе жатқан халықтық түрі» туралы айта келіп, Ш.Уәлиханов былай дейді: «Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған үкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес, тек сот ғұрыптарына әбден жетік, сонымен қатар тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болған».
Шоқанның бұл пікірге қарағанда, қазақ қауымында би атағын алу үшін екі шарт: бірінші – әдет-ғұрып заңын жетік білу, екінші – шешендік қабілеті болу керек. Дәл осыған ұқсас пікірді Абай да айтады.
Ежелгі Грек тарихында шешендік өнердің өркендеуіне атақты Солон заңы себеп болған. Солон заңы бойынша Афиннің әрбір азаматы өз мүддесін өзі қорғауға тиіс болған.
Қазақтың шешендік сөздерін жинап, халық шешендігін алғаш бағалаған адамдардың бірі – белгілі ғалым В.В.Радлов. Ол қазақ ауыз әдебиетінің нұсқаларынан өзі құрастырған жинаққа бірнеше шешендік нақыл сөздерді енгізіп, кітаптың кіріспесінде былай дейді: «Қазақ тілі – исламның бүлдіргіштік әсеріне ұшырамай, түпкі таза түрін – түркі сипатын сақтап қалған тіл».
Қазақтың шешендік-тапқырлық, нақыл сөздерін алғаш жинап, жариялаушы ғалымдардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол өзінің «Қазақ хрестоматиясына», «Ізбасты», «Байұлы», «Жәнібек батыр», «Жиренше шешен» дейтін тапқырлық-шешендік сөздерін енгізіп, оларды оқуға ұсынды.
Осы сияқты қазақтың шешендік-тапқырлық сөздерінің алғашқы қағазға түскен нұсқаларын А.Васильевтің, А.Диваевтың, М.Көпеевтің т.б. қолжазбаларынан, кейбір мерзімді баспасөздердің беттерінен кездестіруге болады. Алайда революцияға дейін шешендік сөздер арнайы жиналған да, зерттелген де емес.
Шешендік сөздерді ауыз әдебиетінің бір саласы ретінде бөле зерттеуді М.Әуезовтің жиырмасыншы жылдардағы еңбектерінен кездестіреміз.
Шешендік сөздердің қайсысы қай уақытта шығып, қалай қалыптасқанын кесіп-пішіп айту қиын. Біз білетін қазақ шешендерінің атасы Жиренше шешен және ел аузында сақталған шешендік сөздердің ең көнесі де Жиренше атымен байланысты сөздер.
Майқы би (ХІІ – ХІІІ), Жиренше шешен, Асан қайғы (ХІҮ-ХҮ) атынан сақталған өсиет, насихат, нақыл сөздерде жоқшылықтың, шапқыншылықтың ауыр азабын шеккен қазақ халқының бейбіт өмір, жайлы қоныс туралы арманы мен қиянатшыл хандарға, қайырымсыз шапқыншыларға қарсы наразылығы, күресі бейнеленген. Қазақта шешендік өнердің бір дамыған дәуірі – ХҮІІ –ХҮІІІ ғасырлар. Бұл дәуір қазақ халқының Қоқан, Жоңғар, Қалмақ басқыншыларына қарсы өз тәуелсіздігін қорғау жолындағы ауыр күрес жылдарымен тұстас келеді. Осы кезде аттары шыққан қазақтың белгілі шешен билері мен батырлары Төле, Қазыбек, Әйтеке, Сырым, Жәнібек атымен байланысты шешендік сөздер дұшпанның әрекетін, хандардың әділетсіздігін әшекерелеуге, елді бірлікке, күреске жұмылдыруға бағытталған.
Жаңа, жазба әдебиетімізді бастаушы Абай өлеңдерінің, шешендік сөздерінің өнеге-үлгісі аз емес. Абайдың философиялық толғауы «Сегіз аяқ» мазмұны да, құрылысы да дәстүрлі шешендік үлгісінде жазылған.
С.Сейфуллин «Қазақ әдебиеті» кітабында «Билердің сөзі» деген тарау енгізіп, шешендік сөздерді дербес жанр деп қарайды.
Қазақ шешендік сөздерін арнайы зерттеген бір еңбек Әмина Мәметованың «Қазақ билерінің шешендік сөздері және оның әдебиеттегі тарихи орны» (1945) дейтін кандидаттық диссертациясы еді.
Кеңес дәуірінде шешендік сөздерді сөз зергерлері журналистердің, ақын-жазушылардың шығармаларынан оқимыз.
ШЕШЕНДІК СӨЗДЕРДІҢ ЖАНРЛЫҚ ҮЛГІЛЕРІ
Мазмұнына қарай шешендік сөздер шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау дейтін үш салаға бөлінеді.
1. Шешендік арнау. Белгілі бір адамға арнайы айтылған сәлем, сын, әзіл және бата (тілек) сөздерді шешендік арнау дейміз.
Жаңалық пен жақсылыққа «құтты болсын» айту, қаза мен қайғыға «арты қайырлы болсын» деп көңіл айту – қазақтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы. Келгенде «қош келдіңіз» деп қарсы алу, кетерде «жолыңыз болсын» деп шығарып салу жаңа салтымызға да жат емес.
Бөлшіл, бөлшіл, бөлшіл бол,
Боз торғайдай төлшіл бол
Тәңір берген несібең,
Тепкілесең кетпесін, - дейтін бата, алғыс сезімдері әр халықтың үміті мен келешегі болып табылатын балаң көп болсын, бақытың баянды болсын деген ешбір дәуірде ескірмейтін игі тілекті білдіреді.
2. Шешендік толғау.
Шешендік арнау адамдар арасындағы қарым-қатынас пен көңіл күйін бейнелесе, шешендік толғау халықтың табиғат құбылыстары мен әлеуметтік өзгерістерге өзіндік көзқарасын көрсетеді, көп жасаған қарттар көрген-білгендерін қорытып, келесі ұрпаққа айтар аманат-ақылын, өсиет-насихатын баяндайды. Шешендік толғау: шешендік нақыл, шешендік мақал, шешендік мысал, шешендік жұмбақ және шешендік жауап болып беске бөлінеді.
Шешендік нақыл халықтың үрім-бұтағына, жеткіншек ұрпағына қалдырған өсиеті, өнегесі.
Қара жерді жамандама,
Кіретұғын көріңді,
Қауым жұртты жамандама,
Көп табады мініңді.
Білгендерді жамандама,
Басшы болған піріңді.
Бұл сөзде тағын жеріңді, туған еліңді сүйе біл, басшыңды сыйлай біл деген насихат бар. Шешендік толғау халықтың көрген-білгенінен шарпытқан ойы мен келер ұрпаққа айтар аманат-өсиеті болып табылады.
3. Шешендік дау.
Шешендік арнау адамдар арасындағы қарым-қатынасты, шешендік толғау халықтың философиялық көзқарасын көрсетеді десек, шешендік дау – қазақ қауымының материалдық және рухани даулы мәселелерді, қылмысты істерді шешетін ежелгі әдет заңы, ережесі іспетті.
Шешендік дауларды мазмұнына қарай жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал және ар дауы деп беске бөлуге болады. Бірыңғай мемлекеттілігі, қабылданған заңы жоқ елде барлық дау-талап мәселесі қалыс ағайынның қазылығымен, жол-жоба білетін адамдарға жүгінумен шешілген. Қазақтың осындай қарапайым тәжірибесінен қазылық институт, билік-төрелік айту әдеті қалыптасқан.
Мұны кейін хандар пайдаланып, төңірегінде кеңесші билер, қарапайым қазылық, билік институтты өзінше ел билеу және қаражат түсіру статьясының біріне айналдырған.
Қазақ жерге бүкіл халықтық-ұлттық қазына деп қараған, қоныс пен өрісті ру-ру болып жайлап-қыстап ортақ пайдаланған.
Бірақ қоныс салып, егіс екпейтін малсыз кедей арық, құдық қазып суландыру, байлардың малын жаю, шөбін шабу және дұшпаннан бірлесіп қорғау жұмыстарына ортақ болғанмен, жердің қызығын көруде өгей болған. Сол қоныс, жайылым, шабындық үшін ру мен рудың, әсіресе дәулетті адамдар арасында болған дау-жанжалдарды бейнелейтін шешендік даулардың үлгілері бар.
ШЕШЕН СӨЙЛЕУ СЫРЫ
Шешен сөйлеудің табиғатын тексергенде, ең негізгі, ең басты мәселе – сол шешен адамның жаратылысы, табиғи психологиялық қасиеттері, ерекшеліктері, жүйке талшықтарының жүйесі. Әсіресе миға алуан түрлі, сан қилы хабарлар жеткізетін жүйке талшықтарының сезімшіл, қозғаушы, тітіркендіруші қасиеттері, көру, сезу, есту қабілеттері, образдар ассоциациясын тудыру, сыртқы дүние әсерлерін қабылдау – шешен болмысының өзгешелігін анықтайтын көрсеткіштер.
Шешен адамға сөйлеу мен есте сақтау ерекше қажет. Рухани қабілеті (реттеу, жүйелеу, жіктеу, ойлай білу, себеп пен салдарын тексеру) айрықша талантты шешенде ұшан-теңіз сөз-образдар мен оралымдардың қоры болады.
Шабыт, импровизация, елестету – еске сақтаудың түрлері. Шын мәнісінде, шабытты кемеңгер шешен сөйлеген шақта күш-қуаты буырқанып, толқынды ойдың құшағында тербеліп, небір ғажайып көркемдік ассоциацияларға бой ұрып, даналық меруерттерін жайып салады.
Шынайы шешен – жарқын тұлға. Оның ойлау, сөйлеу мәнері, кескін келбеті, рухы, тәжірибесі, ішкі мәдениеті, білім өресі, дүниетанымы, талант табиғаты, жан мен тән қуаты, мінбедегі тәртібі, ым-ишараттары, дауыс ырғағы қызықтырмай қоймайды.
Қазақ қоғамында шешендік өнердің алатын орны зор. Ұрпақ тәрбиесінде, ел басқару жүйесінде, елді сәулелендіру жолында, әрине, халықтың сан ғасырлық тәжірибесінде қорытылып екшелген, жинақталып жүйеленген ақыл-нақыл, шебер де шешен айтылатын ауызша сөздің тағылымдық-танымдық әрі тәрбиелік мәні айрықша.
Адамдардың көпшілігі сөйлеу мен тыңдауға үйір де, жазу мен оқуға енжар. Оқығанды көкірекке тоқу оқырманның қабілет-қарымына, зейін-зердесіне тәуелді, ал ауызша яки шешен сөзді ұғып қабылдау сөйлеушінің әсерлі, мәнерлі, ойнақы-ойнатып жеткізу қабілетіне байланысты. Тыңдарман қауым, негізінде, шабан. Олардың құлшынысын тудыру, жігерін жану, ынтасын ояту, ой дүниесін сілкіндіру – лекторға тиесілі.
Ауызша сөздің құрылыс-жүйесі барынша қарапайым, тұжырымды, түсінікті болса, оны тыңдаушы шапшаң қабылдап, жүрекке ұялатады.
Ауызша сөздің артықшылығы – әрбір сөз, сөз тіркесі, сөйлем өзгеше үн-дыбысқа, үйлесім-келісімге ие болып және бұлар оймен, сезіммен, ерекше лебізбен айтылып, мән-мағынасы күшейіп, көркейіп қанаттанады.
Сөздің мазмұны мен мәнерлілігі, эмоциялық-экспрессивтік бояуы сөйлеушінің интонациялық ерекшеліктерді әдемі пайдалануынан түрленіп отырады.
Дауыстың 1) жоғарылығы яки биіктігі, 2) ұзақтығы, 3) бояуы немесе тембрі, 4) күші тәрізді қасиеттері болады. Осынау қасиет-белгілерді құбылтып қолдану – шешеннің өнерпаздық дарынына, тәжірибесін, көркемдік танымына, көңіл-күйіне, табиғи-рухани болмысына байланысты.
Шешен сөздің өзіне тән ерекшелік-сипаттары мынадай:
Алдымен, шешен сөз тұп-тура топтың, жиналған әлеуметтің алдында айтылады. Шешен қауыммен жүзбе-жүз, бетпе-бет кездесіп сұхбаттасады.
Екіншіден, аудиторияның қалай қабылдап отырғанын көзбе-көз таниды.
Үшіншіден, шешен әртүрлі таңбалар жүйесін комплексті пайдаланады. Олар: 1) лингвистикалық, 2) интонациялық және 3) кинетикалық болып сараланады.
Төртіншіден, шешен сөздің артықшылығы – шешеннің өзіндік қасиеттерін әрі аудиторияны қалай бағындырып билеу шеберлігін әрі толық, әрі жан-жақты айқындап беруі.
Шешен сөйлеудің табиғатына үңілгенде мына бір мәселелерді жіктеп айтуға болады: 1) лингвистикалық жағы, яғни тілдік-образдық жүйесі; 2) психологиялық яки сөйлеу мен аудитория тәртібінің ара-қатынасы; 3) әлеуметтік немесе шешен сөйлеу әлеуметке ықпал жасаудың құралы.
Шешеннің тұлғасы. Үздік туған шешеннің ең негізгі құралы – сөз. Сөзін тыңдаушының жүрегін толқытып, бойын балқытып, көңіліне ұялатудың өзі асқан өнерпаздықты, дарын-қабілетті қалайды. Шешен туралы Бөлтірік ділмар былай толғапты:
«Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл» деген екен. Тұрлаулы тұжырым.
Қазақ шешен-билерінің импровизациялық қабілет-қарымы шешендік өнердің ең жоғарғы биігіне шыққан деуге болады. Әрине, қаумалаған қауымды дүр сілкіндіру, ой-қиял теңізінде жүздіру, ынта-ықыласын арттыру – шешеннің табиғат сыйлаған қасиетінің үстіне табанды ізденістерімен, білім қорын үнемі жаңартып, толықтырып, еселеп көбейтіп отырумен және шапшаң жүйеге келтіріп, түйінді қорытындылар шығарып, мәнерлі, әсерлі, әуезді тілмен жеткізумен ерекшеленеді.
Импровизация – өнердің ең жоғарғы түрі. Шешеннің болмысындағы құштарлықтың, сүйегіндегі асылдықтың шынайы белгісі. Жүйрік ойлау, тапқыр сөйлеу – ішкі қуат-серпінге, эмоциялық, экспрессивтік бояуға ие. Бұл сипаттар – шешеннің беделін биіктетіп, тұлғасын асқақтатады, тыңдаушыларды рухтандырады. Импровизация сұраққа жауап беруде, айтыс-тартыста, жарыссөзге шыққанда аса ұтымды құралы.
Шешен баяндама жасағанда мыналарды еске алған орынды:
1. Материал жинау, жүйелей білу, көздеген мақсат-нысанаға ыңғайластыра, сәйкестендіре алу, композицияның, логика мен психологияның заңдарына, ауызша сөйлеу мен аудиторияның ерекшеліктеріне үйлестіру.
2. Сөзді дауыстап айта білу өнерін меңгеру, мінбеде өзіңді-өзің билеу ережесін қатаң сақтау, аудиторияның тілеу, қалауын қабылдау, ескеру.
3. Шешендік өнердің қыры мен сырын мүлтіксіз меңгеру (дауыс, интонация, қимыл-қозғалыс, сөйлеу мәдениетінің бүкіл талаптарын бұлжытпастан сақтау).
4. Аудиторияның тұтқиылдан қойылған сұрақтарына тапқыр жауап беру, білім-ғылым бәсеке таласын ұйымдастыра білу. «Бір шешен топты жойқын, буырқанған шабытымен билеп-төстейді, екіншісі жатық, әсем жеткізу шеберлігімен, үшіншісі – әзіл-оспақ, күлдіргі, айтқыштық талантымен, төртіншісі – желілі, сабақтас, анық баяндауымен баурайды», – деп жазады В.Г.Белинский.
Аудиторияны өзіңе бағындыру, ықыласына бөлену – үлкен өнер. Өзіңді қалай ұстаудан, сөзіңді қалай бастаудан, яғни алғашқы әсерден басталады. Аудиторияның әлеуметтік құрамын (зиялылар, жұмысшылар, шаруалар, студенттер), білім, білік, жас ерекшеліктерін, яғни түсіндіру мен қабылдаудың мәселелерін, іліктестік табиғатының құпиясын зерделей білу.
Аудиторияның тәртібі – оның әлеуметтік құрамының біркелкілігіне байланысты. Кейде ынта-ықыласы, ой-өрісі, білім, жас ерекшеліктері, әлеуметтік құрамы, жалпы мағлұматы, дүниетанымы әрқилы тыңдаушылар болады. Қалай болған күнде де олардың құштарлығын ояту, тәнті ету – шешеннің тәжірибесіне, өнерпаздық қабілетіне, ойлау жүйесіне, сезімталдығы мен өткір қабылдауына тәуелді.
Лекция тыңдаймын дегендердің ықыласын мынадай мотивтер оятуы мүмкін. Психолог Н.А.Зимняя былайша жіктейді: 1) интеллектуалдық, 2) моралдық және 3) эстетикалық мотивтер.
Лекцияға интеллектуалдық мотивтермен қатысқандар айрықша ықыласпен тыңдайды. Білім-ғылыммен мұздай қарулансам, көкірегіме тоқысам деген ізгі ой жүрегін әрқашанда тебірентеді.
Енжар тыңдаушыларды еліктіріп әкету оңайға соқпайды.
Эстетикалық мотивтермен келгендерге шешен қайтсе де олардың жоғары эстетикалық талабын қанаттандырып, қанағаттандырып жіберуіне, олардың күткеніндей биіктен жарқырап көрінуге тиісті.
Шешенде көсемдік, әділдік, адалдық, имандылық қасиет болса, тереңнен толғап, құштарлықпен сөйлесе, қандай аудиторияны болса да жетектеп әкетеді. «Ел бастау қиын емес, қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ», - деп Көмекей әулие Бұқар жырау шешендіктің қиын өнер екенін қатаң ескерткен. ҰЛТТЫҚ ШЕШЕНДІК ӨНЕР
7. Ақтайлақ би
8. Бөлтірік шешен сөздері
9. Абайдың шешендік өнері
Осы уақытқа шейін шешен-билердің мейлінше дәл, ұтымды сөздері көркем сөз ретінде қарастырылып келгені белгілі. Негізінде, шешен-билер мемлекет тағдырын шешетін шынайы тұлғалар. Мемлекеттің көсегесінің көгеруі, дамуы нағыз шешен-билердің тегеурінді өнерімен, қызметімен тамырлас.
Сандаған ғасырлар мен замандарды шолар болсақ, сонау Шыңғыс хан тұсында жасаған Майқы би Төбейұлынан (1105-1225 жылдар шамасы) бастап, ойымызға Аяз би Жаманұлы (ХІ – ХІ ғ.ғ.), Мөңке би (1207-1259), Едіге би (1354-1419), Бәйдібек би (1356-1419 жылдар), Әз Жәнібек (1406-1473), Жиренше шешен, Шоған би (1584 – 1642), Әнет би (1626-1723), Қадірғали би(1530-1605), Досай, Ескелді, Балпық, Есей, Бекболат, Тайжан, Тоқсан, Жанкісі, Ақтайлақ, Бөлтірік, Сары, Сырлыбек, Қарауыл Қанай би, Мәтжан, Қазанғап, Шоң, Шорман, Байдалы, Қараменде, Зілқара, Алшынбай, Жанқұтты, Байкөкше, Бала би, Ноғайбай, Бөгенбай батырдың ұрпақтары Саққұлақ пен Бапан сияқты «талғанда тіреу, сасқанда сүйеу» болған шешен-билер есімдері оралады.
Тәуке хан. Ұлттық мәдениет тарихындағы кесек тұлғаның бірі – Есім ханның немересі, Салқам Жәңгірдің баласы Тәуке хан 1680-1718 жылдарда хандық тізгінін мығым, бекем ұстаған. Халқының ынтымақшыл, ұйымшыл болуына ұшан-теңіз қажыр-қайрат жұмсаған.
Тәуке хан тұсында (1680-1718) атақты «Жеті Жарғы» дүниеге келген. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, Тәуке хан қырық атадан үздік шыққан 40 биді таңдап, солармен ақылдасып, қорытындысында «Жеті Жарғыны» жүйелеген. Тәуке ханның ұйымдастыруымен толықтырылған, жинақталған, жүйеленген «Жеті Жарғы» Ресей тарихында «Тәуке хан заңдары» деп айтылады. Сондай-ақ ол халық мұрасының жанашыр жинаушысы, қазақтың ру-тайпаларының таңбаларын, ұрандарын бір ізге түсіруші де. Тәуке ханның «Жеті Жарғысын» Қасым хан (1511-1523) мен Есім ханның (1598-1645) ережелері, билік-кесімдері негізінде жасалған. Әлмисақтан бері, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деген мінсіз, кіршіксіз қанатты сөздер баршамызға аян.
Қасым ханның ережелерінде мынадай түйінді әдет-ғұрыптық қағидалар қамтылған:
1. Мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауы).
2. Қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлық қылмыстарына жаза).
3. Әскери заң (аламан міндеті, қосын жасау, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат).
4. Елшілік жоралары (майталмандық, шешендік, халықаралық қатынастарда сыпайылық, әдептілік).
5. Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке үстіндегі ережелер).
Ал Тәуке хан бұларға 6. Жесір дауы және 7. Құн дауын қосқан.
Жиренше шешен. Ұлттың зердесінде сақталған, жадында жатталған жезтаңдай шешендігімен аты шыққан, үздік жаралған мінсіз жарқын бейненің бірі – азуы алты қарыс Жиренше шешен. Аңыздарды сөйлетсек, атақты Қасым ханның әкесі Әз Жәнібек ханмен (1406-1473) замандас. Сол ханның білгір ақылшысы, кемеңгер кеңесшісі, ғұлама сыншысы Жиренше шешен – «қазақ ауыз әдебиетіндегі кейіпкер, ақыл-парасаттың, тапқырлықтың символы. Қазақтан өзге түркі, моңғол және үнді-еуропа халықтарының фольклорында Жиренше шешен туралы шығармалар кездеседі. Қазақ фольклорында Жиренше шешен жайлы ертегі, аңыз, әңгіме бір топ.
Асан қайғы Сәбитұлы көшпелі халықтардан шыққан, болашақты болжаған көріпкел, көреген би, жырау біткеннің атасы, тереңнен толғайтын ойшыл сөз зергері. Ұлы оқымысты Шоқан Уәлихановтың пікіріне сүйенсек, ол «көшпелі қазақ, ноғай ұлысының философы».
Асан қайғы әуелінде Алтын Орданың астанасы Сарай қаласында, сонан соң Қазан шаһарында Ұлұғ Мұхамедханның (Ормамбет хан) бас биі болған. Алтын Орда ұлысы ыдыраған соң, Қазақ хандығын құрған Әз Жәнібек ханның (1456-1473) ақылгөй кеңесшісі болады. Асан қайғының толғауларында қазақ жерінің кербез сұлу табиғаты («Қырында киік жайлаған, Суында балық ойнаған»), мекенінен жөңкіліп көшкен ел («Ойыл көздің жасы еді, Ойылда кеңес қылмадың, Ойылдан елді көшірдің»), қилы-қилы заманның көріксіз суреттері («Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің»), жарқын келешекті көкірегі қарс айрылып армандауы, көксеуі, «Жерұйықты», «жұпар қорығын сарсылып іздеуі, әлеуметтік қайшылықтардан ада ғажайып тұрмысты аңсауы («Желмая мініп жер шалсам, Тапқан жерге ел көшір»), тарихи оқиғалардың көріністері елестеп өтеді.
Төле би. Атақты шешен-ділмардың өмірбаяндық деректерін сөйлететін босақ, Төле Әлібек ұлы (1663-1756) қазіргі Жамбыл обылысы, Шу ауданының Жайсаң жайлауында дүние табалдырығын аттаған. Төле араб, парсы тілдерін жақсы білген. Өз елінің, өзгехалықтардың, әсіресе, Шғыстың аңыз-әңгімелерін, қиса-дастандарын еркін меңгерген. Ән-күй, ақындық өнердіқұрметтеген. 15 жасынан бастап ел билеу ісіне ынтасы ауған. Ардақты істерімен, асыл қассиеттерімен, «даналық шешімдерімен» қазақ елін көркейтуге бар қажыр қайратынжұмспған ғұлама.
Қазақ елінің еркіндігі мен егемендігін ерекше көксеген абыз көршілес халықтармен, атап айтқанда Бұхар, Қоқан, Жоңғар, Ресей елдерімен ынтымақта, бірлікте болуды көздеген. Әдет-ғұрып ережелерін көкірегінде керемет тоқыған Төле би ел ішіндегі қисынсыз істерге тиісті жазасын да әділдікпен қолданып отырған. Бұ да ақылдың, ойдың, танымның тереңдігі болса керек.
Қаздауысты Қазыбек би. Ұлттық сана мен тілінің, рухы мен арман-мұратының ұшан-теңіз ұлылық қасиеттерін ересен қуат-құдіретімен көрсете білген, тәуелсіздік жолында қабырғасы қайысып еңбек еткен көрнекті мәмлегер, арыстан жүректі ер, мемлекет қайраткері –Қаздауысты Қазыбек би.
Тарихта жазба деректерді сөйлетсек, кемеңгер би 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген, 97 жасында яғни 1764 жылы көз жұмған. Қаздауысты Қазыбектің тегіне, затына, сүйегіне зер салсақ, Орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек (Болатқожа) руынан шыққан. Қазыбек биден Бекболат би, бұдан Тіленші би баласы Алшынбай би (Құнанбай қажының құдасы, Абайдың қайын атасы). Алшынбайдан Бәпи тарайды. Атақты әнші-композитор Мәди Бәпидің ұрпағы.
Қаздауысты Қазыбек би аумалы-төкпелі, күрделі, қилы заманда ғұмыр кешті. Кең байтақ қазақ жеріне бір бүйірден Жоңғар хандығы, екінші бүйірден Ресей империясы, үшінші жақтан Бұхар мен Хиуа хандықтары әбден мазасын алып, әзәзілдік көрсетіп отырды. Жан-жағынан анталаған алпауыттарға қарсы Тәуке хан икемді саясат жүргізді.Сонымен бірге қазақ қоғамындағы жат құбылыстарды, адам бойындағы келеңсіз міндерді құртып-жоюмен шұғылданды.
Қаздауысты Қазыбек би Жоңғария хандығында елшілік, мәмлегерлік жолмен үш рет барған. Асылы, ойлау қабілетінің аса жоғарлығы, жаратылыс дарытқан судай төгілген қасиетті тілінің оралымдылығы, сөйлеу мәдениетінің кемелділігі арқылы дұшпанын бордай егілткен. Ұлтымыздың ұлылық сипат белгілерін, мемлекеттік мән-мағынасы өзгеше келелі, кесек істерін отты, сыршыл сезіммен, өрісі кең өнегелі лебіз-ғибытратымен, біресе құйылта құйқылжытқан, тамылжыта толқытқан, өрелете қаңқылдатқан дауысымен, ойын өлеңмен өрнектеп аңырақан зу шешеннің мірдің оғындай екпінді сөздерімен ешкімнің тіл-ауызын аштырмапты.
Сайып келгенде, осынау жүйріктіктен туған жүйелі сөз, шешендік толғаныс-ойшылдықтан, дүниетаным тереңдігінен, даналықтан, әрі шапшаң, әрі аса тегеурінді ойлау мүмкіндігінен туғандығын байқауға болады.
Қаздауысты Қазыбектің әділдікке, дұрыстыққа, туралыққа суарылған келісті келісім-биліктері, сұлулық пен мөлдірлікке ие, алғыр-тапқыр лебіздері өлшеусіз тереңдігімен, өнегелі пайым-парасатымен, даналық қорытындыларымен ерекшеленеді.
Әйтеке би. Әдебиет, өнер тарихында рухани таза болмысымен, турашылдығымен, даналығымен, күйлі-қуатты әрі сымбатты сөздерімен аты аңызға айналған ақыл-ой алыптарының бірі – Алшын Әйтеке би. Ол ұлтының біртұтастығын сақтаған, мемлекеттің ігретасын көркейте қалаған, елінің есендігі мен еңсесі биік болуы үшін қайраткерлік, санаткерлік, мәмлегерлік, батырлық, шешендік өнерінің күш-қуатын мейлінше сарқа пайдаланған текті өнерінің күш-қуатын мейлінше сарқа пайдаланған текті тұлға.
Әйтеке би Нұрата тауының Бұқарға қарай созылған Қызбибі тауының сілемінде 1644 жылы өмірге келген (қазіргі Өзбекстан Республикасы Науайы облысы). Ол он екі жасына дейін ұлы әкесі Ақшаханның тәрбиесінде болып, ел басқару мен әскери өнерді меңгерген. Бұқар мен Самарқан медреселерінде араб-парсы тілдерін үйренген.
Ашу бар жерде ақыл тұрмайды
Ашу деген – ағын су,
Алдын ашсаң, арқырар,
Ақыл деген – дария,
Алдын тоссаң тоқырар,
Кісіге бірге туыспау керек.
Сөз қуған пәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады.
Өрелі өркениетті біртұтас мемлекет болу үшін ынтымақ, бірлік ауадай қажет. Ел ішінде ауыз бірлік болса, берекелі, мағыналы істер мол болады. Адамның жүйкесі тозбайды, жұмысқа қабілеті ерекше артады, өмірін көркейтеді, елін есейтеді.
Сырымның шешендік өнері. Ұлтымыздың тарихында асқан батырлық-ерлік істерімен, асқақ сипатты, тапқырлық даналық, шешендік сөздерімен, әділетті билік-кесімдерімен жарқын із қалдырған заңғар тұлғаның бірі – Сырым Датұлы.
Сырым Датұлының заманында қазақ елінің шұрайлы, нулы, сулы жерінен, құтты-жайлы қоныс-мекеінен айрылып, зар жылаған шағы еді. Патша үкіметі жазалаушы отрядтарын-яғни казак орыстарды қазақ ауылдарына жұмсап, құт-берексін кетірді. Сонда Сырым батыр адамның сүйегі сырқырарлық сөз айтып, елі мен жерін қорғауға жұртын шақырды. Сырым Датұлы 1783-1797 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің ту ұстаушысы болады.
Шешеннің пайым-парасаты, зерде-зейіні, адамгершілік қасиеттері, жоғары ойлау мәдениеті сөйлеген сөзінен байқалады. Нақтылап айтқанда, ойын дұрыс, мінсіз жеткізу мен ойлаған пікір-лебізінің дұрыстығына деген сенімі. Бірде хан:
Дау мұраты не?
Сауда мұраты не?
Жол мұраты не?
Қыз мұраты не? – депті. Сол мезетте Сырым:
Дау мұраты – біту,
Сауда мұраты – ұту,
Жол мұраты – жету,
Қыз мұраты – кету, - дейді.
Осынау Сырым сөздері жоғары танымдық қабілеттен, этикалық-тәжірибелік даналықтан, көрегендік интуициядан туған. Сырым би өнернамасында жүзіктің көзінен өткендей оймақтай оралымдар – ақыл мен сұлулықтың тұтаса қауышқан құймасындай жұмыр бітімді нақыл-ғибратқа бергісіз түйінді тұжырымға ие сөздер бар. Мысалы:
1. Табалдырықтан биік тау жоқ,
Жаман ағайыннан мықты жау жоқ.
2. Үгітті – ұққанға, ақылды – жұққанға.
3. Ата тұрып ұл сөйлесе – ер жеткені болар,
Ана тұрып қыз сөйлесе – бой жеткені болар,
Ата балаға кесір болса – кері кеткені болар.
Ақтайлақ би. Атақты би Ақтайлақ Байғара ұлы 1720-1816 жылдарда өмір сүрген. Ата-бабасы азуы алты қарыс, қара сөзді орып айтқан, тілге даңғыл дүлдүлдер болыпты. Ақтайлақ ХҮІІ ғасырдың аяғында Ташкентте бек болған «нар дауысты Нарынбайдың» шөбересі, даусы аққудай саңқылдаған «қу дауысты Құттыбайдың» немересі.
Ақтайлақ би ел арасындағы дау-шарларды әділ билігімен, парасатты ақылымен,тапқыр, ойдағыдай кесімді пайымдауларымен мүлтіксіз тындырған. әрине, өзінің жаратылысы, кісілік болмысы, кіршіксіз таза пейіл дүниетанымы, көзқарасы, әдептілігі аса жоғары болғандығын мына бір қасиетке толы мөлдір тізбектерден тануға болады: «Асқа арыңды сатпа, ілінбе жаманатқа», «Еріншек болма, елгезек бол, еңбексіз бос жатпа», «Жақсысын ешкім бермейді, өз қолыңда барыңды мақта», «Алтының болса әсерленбе, арыңды сақта, арамдықтан аулақ бол, адалдықты жақта», «Береке-бірлік іздесең, ең әуелі үй-ішіңмен бол ынтымақта», «Қайырымды бол қарындасқа, өзі тимегенге ұрынба босқа», «Мұзға бұзаулап, жеріме тасқа», т.с.с.
Ғасырда жуық ғұмырында небір қиян-кескі дау-шарларда ақ алмастай жарқылдап, ақ сұңқардай саңқылдап билік айтқан Айтайлақ би мұрасының тарихи-әдеби мәні мейлінше зор.
Бөлтірік шешен сөздері. Қазақ халқының тухани-мәдени тарихындағы атышулы «құс көмей» шешен, «жолбарыс терісін жамылған» айтула батыр, атақты билердің бірегейі – Бөлтірік Әлменұлы (1771-1853).
«Бөлтірік – Ысты елінен шыққан ақын, шешен әрі батыр. Өз қатарында ешкімнен жеңілмеген. Терең ойлы, тапқыр тілді, дауысы күндей күркіреген Бөлтірік шешенмен талай тарландар иық теңестіре алмаған, адуынды да алғыр шешенннің қасында олар жіп есе алмаған, жалындаған жүйрік оза шауып отырған.
Әділдіктің, дұрыстықтың, туралықтың жолында алмас қылыштай тілін аямай жұмсаған. Ойын бүкпесіз айқын жеткізген, сүйектен өткізген.
Бөлтіріктің шешендік өнері этикалық-тәжірибелік даналыққа негізделген. өз ұлтының қасиетті ұғым-түсініктеріне (жер, ел, ер, т.с.с.) сұлу сипаттама береді. Мысалы:
Жер деген – байлық,
Ел деген – халық.
Жер сәні – мыңғырған мал, ағылған аң.
Аққан су, жайқалған ну.
Ел сәні – атаға қарап өскен ұл.
Анаға қарап өскен қыз.
Жерді су көтереді.
Елді ер көтереді.
Жердің құты күйінде болады.
Ердің құты үйінде болады.
Елдің құты биінде болады.
Жас ұрпақты ата-анасын, отбасын, ортасын, Отанын қастерлеуге, көздің қарашығындай сақауға һәм қорғауға үндейді. Азаматтық парызы мен қарызы екенін шегелеп айтады.
Абайдың шешендік өнері. Замана шамшырақтарының бірегейі, ақыл мен ойдың телегейі, ұлтымыздың данагөйі Абай ел ішіндегі жер дауы, жесір дауы, құн дауы сияқты істерге араласқан, солардың бірі Салиқа қыздың дауында ерекше біліктілік көрсеткен.
Тілі қылыштай өткір, түйсік қуаты, таным-білігі, ой-өрісі ерекше Абай небір қисыны келіскен, тапқырлыққа суарылған кесек-кесек түйдекті сөздерді жөпелдемеде туындатып отырған. Бірде дәулетті кісі мен сіңірі шыққан кедей балалары турасында былайша лебіз білдіріпті:
- Бай баласы көп ішсе,
Ішіп үйренген ғой дейді.
Ал аз ішсе,
Негізі тойған дейді.
Кедей баласы көп ішсе,
Көні кеуіп қалған дейді.
Аз ішсе шілдесінде шық тимеген дейді.
Осы кедей баласының күнәдан құтылар күні бар ма?
Ұлы ойшыл Абайдың жарқын бейнесі Балқыбек сиязындағы Салиқа қыздың дауында тұлғалана көрінеді. Осындай шым-шытырық қиян-кескі дауда билік айту, кесім шығару жұртшылықтың ұйғаруымен Абайға жүктеледі. Ол көмекші билер ретінде Оразбай мен Жиреншені алады. Абай оларға даулы мәселелерді тексеру барысында қандай шарттарды мұқият орындау қажеттігін шегелеп түсіндіреді. Атап айтқанда: «Ішке түйіңдер. Әсіресе шырай беріп, уәде берме». Сондай-ақ «жең үшінен жалғасып, дүниеге сатылып жүрмеңдер», «әділ-ақтық жолына бастап ұшатын қанатым болыңдар» деп, ізгі көңілін, аппақ ниетін, түпкі мақсатын жайып салады.
Атақты Жанқұтты шешен Абайды бозбала шағында көріп, ақыл ойын, білім-білігін, таным-өресін тексереді.
Шырағым, дүние неге сүйенеді? – деп сұрайды Жанқұтты шешен.
Абай лезде:
- Дүние үмітке сүйенеді.
- Көздің көрмесі бола ма?
- Көз қабағын көрмейді.
- Шам жарығының түспесі бола ма?
- Шам жарығы табанына түспейді.
- Болат пышақтың кеспесі бола ма?
- Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді.
- Тамағына тартпайтын мақлұқат бола ма?
- Өз тамағына тартпайтын мақлұқат болмайды, - дейді бала Абай.
Жанқұтты шешен осы ойларында өлең сөзбен кестелеші дейді.
Сонда Абай:
Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы,
Талпынған мен балапан ұядағы,
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
Дүниенің жалғыз үміт тиянағы,
Көз көруі жетпейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табағыңа,
Өз сабын болат пышақ өзі кеспес
Мақлұқат тартпай қоймас тамағына, - депті.
ҰЛТТЫҚ ШЕШЕНДІК ӨНЕР ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ
Ұлттық шешендік өнер ғылымының тарихы, әлбетте, «Шығыстың Аристотелі» атанған отырарлық оқымысты Әбу Насыр әл-Фарабиден басталады. Ол «Риторика» атты күрделі трактатында ғылыми-теориялық топшылауларын алдымен кәдімгі тәжірибелік іс-мақсаттан, қолдану аясынан туындатады.
Шығыстың екінші ұстазы әл-Фараби философиялық трактатында «сөзге тапқырлық – жақсы адамгершілік қасиет» деп жазады. Тағы бір тұста қайырымды қаланың әкімінде тамаша 12 қасиет болу керек. Соның бірі – «өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан-анық айтып бере алатын ділмар болу шарт» деп түйеді. Ғұлама пікірдің қалай-қалай тұжырымдалатынына зер салып, зерделейді. Пікірдің екі түрлі әдіспен қорытылатынын: «не анық дәлелдеме арқылы, не иландыру арқылы» болатынын айқындайды.
Ш.Уәлихановтың «Сот реформасы жайындағы жазбалар» деген ойлы еңбегінде салмақты пікірлер өрбітілген. Оқымыстының жазғанындай, империя билер соты мен съезіне түбірлі өзгерістер енгізуге қасарысып баққан. Олардың сайланбалы болғанын жөнсіз қуаттаған. Және тағайындаудың да жоғарыдағының билігінде болғанын қолдаған. Әрі біреуді біреудің үстінен бақылауды, бір-біріне бағыныштылығын көздеген.
Білгір тарихшы Құрбанғали Халид араб-парсы, қытай, түркі, моңғол жазбаларындағы деректер негізінде сөйлеткен «Тауарих хамсасында» қазақ билері арғы-бергі дәуірлер мен заманның «жақсысын жаттап, қиынын қаттап», «тіршілік істеріне шежіре қағидаларын» барынша ұтымды қолданып, «бұрынғы күнде өз үлгілерімен бітіретін істерін, шығаратын үкімедерін сұрап екшегендегі» түйінді тұжырымдары «әкімнің мөрмен бекіткен шешімімен» өткір қабылданатыны турасында баяндаған.
Оқымысты Шәкәрім Құдайбердіұлының «Би һәм билік туралы» деген ойлы мақаласында қазақтың «қазылған қара жолдай» тамаша билік-кесімдері болғанын, бірақ та даңғыл дәстүрлердің бәрі «орыс законына қарағандықтан» мүлде көмескіленіп кеткенін, егер де солардың кейбір ерекше ереже-қағидаларын сұрыптап алса, қазіргі күннің рухына, қазақ тұрмысына сайма-сай келетінін әңгімелейді.
Қазақ зиялыларынан шыққан біртуар саяси қайрткер, көсемсөзші, әдебиетші, аудармашы, журналист, фольклоршы Әлихан Бөкейханов «Тағы да би һәм билік» деген жазбасында би тағдыры, билік жасаудың қиындығы мен күрделілігі, орыс судьясына құлақ асу керек пе, не болмаса шариғат жолын берік ұстау керек пе, міне осылардың арасындағы мәлімсіз күйі, кереғар жайлары айтылады.
Атақты ғұлама Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» атты әйгілі еңбегінде шешен сөзге жан-жақты сипаттама береді. Оның түсіндіруінше, шешеннің басты нысанасы – баяндап, сипаттап, анық түсіндіріп беру. Әрі «сөз қанға, жанға әсер етіп, арбау сияқты адамның ойын да, бойын да балқытып, билеп алып кетуге ыждаһат етеді» деп жазады. А.Байтұрсынов шешен сөзді мынадай түрлерге жіктеп саралаған: 1) саясат шешен сөзі, 2) билік шешен сөзі; 3) қошемет шешен сөзі, 5) дін турасында ой қозғаған ғұламалар мен діндарлар сөз.
Академик М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде (1927) «Билер айтысы» деген тарауша бар. Онда бұл жанрлық түрдің толық жиналмағаны, сондықтан да жіктеу, ерекшеліктерін анықтау, түбегейлі тексеру уақытша қиындық тудырып отыр деп жазады.
Сондай-ақ фольклоршы Ә.Мәметованың 1948 жылы жарияланған «Қазақ әдебиеті тарихында» шешендік сөздер жайлы зерттеуі басылды. Мұнда шешендік сөздердің тақырып аясы, философиялық сипаты, қалайша жіктелуі қарастырылады.
С.Сейфуллин «Қазақ әдебиеті» (1932) деген еңбегінде шешен-билер мұрасын жинап, жүйелеп, талдап тексереді. Бұлардың мәнді белгілерін атап-атап көрсетеді. «Билер дәуірінің әдебиеті», «Билер сөздері» деген терминдік атаулар ұсынады. С.Сейфуллин би-шешендерді «заң ережелерін жұртқа жүйелі қылып жақсылап айта білетін», «тұрмыс тәжірибесінен екшеліп ереже, заң болып шыққан қорытындыларды билер айырым-айырым қылып, жинақты, көркем сөзбен жатқа алуға жеңіл, айтуға оңай, ыңғайлы қылып ұйқастырып, үйлестіріп шығаратын» қабілет иесі санайды.
ШЕШЕНДІК ӨНЕРДІҢ ТЕКТЕРІ МЕН ТҮРЛЕРІ
Шешен сөздің негізгі жанрлық түрлеріне: 1) лекция, 2) баяндама, 3) жарыс сөз жатады. Лекцияның өзі құрылыс-жүйесіне орай көпшілік алдында сөйлеу мен жоғары оқу орындарында оқылатын курстық лекцияларға жіктеледі.
Жоғары оқу орындарында оқылатын лекция толық курстың бір бөлімі және ол алдыңғы өткен лекцияның заңды жалғасы, ол алда болатын лекцияның рухын, арқау-желісін еске салады.
Академиялық сипаттағы шешендік мынадай түрлерге бөлінеді: 1) лекция, 2) ғылыми баяндама, 3) ғылыми хабарлама, 4) ғылыми шолу, 5) ғылыми-көпшілік лекция.
Соңынан сөйлеген сөзіңіз үшін жинаған материалдар әбден ой сүзгісінен өткізіп, ойланып-толғанып, салыстырып-толғанып, салыстырып-тексеріп, құнды дүние тудыруға негіз болады.
Шешендік өнердің тектері мен түрлері
Шешен сөздің тектері 1. Әлеуметтік-саяси тақырыптағы шешендік | Шешен сөздің түрлері
|
2. Академиялық шешендік | - Лекция - Ғылыми баяндама - Ғылыми хабарлама |
3.Әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптағы майталмандық | - Прокурор немесе қаралаушының сөзі - Адвокаттың немесе қорғаушының сөзі - Айыптаушының яки өзін-өзі қорғайтын сөз - Мерейтойларда айтылатын мадақ сөз - Дастархан басында сөйленетін сөз - Қоштасу сөз |
АУЫЗША ШЕШЕН СӨЙЛЕУ ТАБИҒАТЫ
Ұлтымыздың даналығы мен тапқырлығын, көрегендігі мен шешендігін, көсемдігі мен көшелілігін, айбындылығы мен айдындылығын алты алашқа паш еткен, «билердің биі», ғұлама-оқымысты Әнет баба, Үйсін Төле би, айыр тілді Алшын Әйтеке би, Қаздауысты Қазыбек би есімдері қазақ тарихындағы сұңқар үнді текті тұлғалар. Шежіре өрген сырларға үңілсек, «Төле тауып айтады, Қазыбек қауып айтады, Әйтеке жарып айтады деген тағылымды сөз бар. Ауызша сөздің алуан-алуан түрі бар. Бұларға әзірленудің де сипаты әрқилы. Кейбіреулерінде қажырлы ізденістер ауадай қажет болады. Ал әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптарға (дастархан басында, салтанатты жиында) әзірліксіз-ақ сөйлеу дәстүрі кең өріс алған.
Сотта және академиялық сипатта сөйлеу ыждаһатты еңбектенуден, жүйелі машықтанудан туады.
Сөйлеп жаттығу.
Лекцияның толық тексі, яғни конспектісі, тезисі, жоспары нақ-нағымен, жүйе-жүйесімен айқындалды делік. Мазмұндық желісін, мағыналық мәнерлілігін, көркемдік қуатын тыңдаушыларға үлбіретіп сұлу жеткізу үшін ауызша айту оңтайлы ма, әлде оқып берген қолайлы ма? Мұның бәрі шешеннің өнерпаздық табиғатына байланысты. Еске сақтау қабылеті күшті болса, ойша сөйлегенннің табиғи әсері болады. Мәнерлеп оқу барысында өзіңді-өзің тыңдай білу де әрі ести білу де өнер.
Сөйлеудің үш түрлі тәсілі бар. Біріншісі, мәтінді оқу. Екіншісі, еске сақтау қабілеті бойынша ойша айтып шығу, аракідік кейбір үзінділерді де оқу. Үшіншісі, еркін импровизациямен есілтіп-төгілтіп айту.
Дипломатиялық сөздер мен баяндамалар оқылғаны қажет. Саясат пен ғылым ауытқымауды талап етеді.
Ауызша шебер сөйлей білу – тынымсыз, толассыз жаттығудан, жалықпай еңбектенуден, ізгілік пен кісіліктен, сыршылдық пен ойшылдықтан туады.
СӨЗДІ АЙТУ ЖӘНЕ ДЫБЫСТАУ МҮШЕЛЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТІ
Шешенге пәнді терең, жан-жақты меңгеру, мақсаткерлік пен икем-бейім керек. Икем-бейімнің баяндылығы жүйелі жаттығулармен, қажырлы ізденістермен жүзеге асады. Әдеби тіл нормалары мен сөз қолдану ерекшеліктерін қатаң сақтау, мәні мен мағынасын айыра білу, сөздің табиғи тіркесін бұзбау, сөздің стилистикалық бояуын шебер қолдану, фразеологиялық оралымдарды ұтымды пайдалану – дарынды, ағынды шешенге тән сипат-белгілер.
Сөйлеу барысында сөйлемнің мән-мәйегін жарқыратып көрсету үшін, сөздің мәнерлі әрі экспрессивтік бояуын түрлендіріп беру үшін, дыбыстың мейлінше айқын, мөлдір, таза естілуі үшін шешеннің дыбыстау мүшелері аса жетілген, дамыған болуы керек.
Дыбыстау мүшелері – күрделі жүйе. Ол – тыныстау, вибратор, резонатор және артикулятор аппараттарынан құралады. Осылар дауыстың 1) әуезділігіне, 2) орындау жылдамдығына (темп), 3) жоғарылығына, 4) дыбыстың ерекше естілуіне және 5) дыбыстау мүшелерінің қызметіне әсер етеді.
Дыбыстардың акустикалық тұрғыдан мінездемесін еске, есепке алған орынды.
1. Дыбыс ырғағы – фразалардың түрлеріне, эмоциялық бояуына, экспрессивтік мәнерлілігіне тәуелді.
2. Дыбыс күші – уақыт мөлшерінің ішіндегі дірілдің амплитудасы яки қарқыны.
3. Дыбыстың созылымдылығы.
4. Дыбыс әуені.
5. Дыбыстардың мынадай негізгі қасиеттері бар:
а) жоғарылығы (биіктігі), ә) ұзақтығы, б) дыбыстың ерекше естілуі, дауыс құбылысының сүйкімділігі, әдемі, әсерлі бояуы (тембрі), в) күші. Музыкалық дыбыстар дегеніміз сұлу, әсем, мәнерлі дыбысталатын, өзара үйлесімді дыбыстар яки жүйелі дыбыстар келісімі.
Пауза дегеніміз музыкалық тыныс, үзіліс. Бұл – демалысты жеңілдетеді, ойлануға мүмкіндік тудырады, ойды, пікірді бөліп, ерекшелеп айтуға қолайлы жағдай жасайды.
Паузаның бірнеше түрі бар. Біріншісі, тыныс белгілеріне орай грамматикалық кідіріс жасалынады. Екіншісі, әсер ала білу қабілетіне, ойлау парасатына байланысты психологиялық пауза туындайды. Үшіншісі, сөздің, сөйлемнің, абзацтың мағынасына қарай логикалық пауза пайда болады. Және де ырғақтық, физиологиялық паузалар бар. Сөйлеу келте, қысқа үзбелерден: - дыбыс шумақтарынан құрылады: 1) фраза, 2) такт, 3) буын.
Сөйлеудің әуені (тембр) «жайдары», «жігерлі», «баяу» болып бөлшектенеді. Сонан соң дауыс әуені және дыбыс әуені бар.
БИЛЕР СӨЗІНІҢ БЕЙНЕЛІЛІК СИПАТЫ
Би-шешендер мұрасы – ұлт, замана, мемлекет тағдырын, өмір, тіршілік, тұрмыс құбылыстарын, адамгершілік дүниесін жан-жақты қозғап, әділ таразылайтынғ ғаламат тұжырымды, тұрлаулы пікірлер қорытатын, нәзік талдаулар жасайтын, туған халқының ақыл-ой дәрежесін, рухани болмысын танытатын теңдесі жоқ өмір оқулығы. Даланың дархан даналары «Көп сөз басты жерге әкеліп иеді, сөз білгенге патша тағы тиеді» (Ж.Баласағұн), «Ойлы сөз көпті ұтады, ойсыз сөз басты жұтады» (А.Йүгінеки), «Қылыштай тілмен жаһанды жеңуге болады» (Көне жазу ескерткіші) деген қанатты ойлар өрбітіп, сөз құдіретіне табынған, баға жетпес гауһар деп ұғынған.
Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи ұлтымыздың кермет ойшылдығын, Абай, Мағжан тңғажайып ақындығын, Майқы би, Асан қайғы би, Жиренше шешен, Әнет баба, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Сырым, Балпық, Ескелді, Қарауыл Қанай би, Байдалы би, Бөлтірік, Жанқұтты, Ақтайлақ тәрізді саңлақтар шешендік өнерін әлемге паш етті.
Шешендік өнер тарихында әрқайсысы жеке бір дәуірге лайық осынау дүлдүл ділмарлардың ойлау еркіндігі, кең құлаштылығы, ұшқырлық, тапқырлық, алғырлық қасиеттері, тілінің мейлінше оралымдылығы, салыстыруға сұңғылалығы, жалпыдан жекеге (дедукция), жекеден жалпыға (индукция) аналогиялық ой қорытуларға ересен зеректігі, сыншылдық қабілеті, логикалық жүйелілігі таңдай қақтырады.
Билер сөзінде ұлт-азаттық, пәлсапалық, үгіт, әлеуметтік сарындар мол. Шешен-билердің сөздерінде дәлділік, айқындылық мейлінше жоғары деңгей, дәрежеде көрінеді. Сондықтан да оны қазақ әдеби тілінің негізі, арналы саласы деуге болады.
Шешен сөз әншейін айтылатын сөзден әуезділігі мен суреттілігі ерекше болуға тиісті. Асқан әдемілік, естуге жағымдылық жарасады. Сондықтан да ол барынша сәнді-салтанатты болуға лайық.
Сөйлеу мәдениетінің ерекше белгісі – сөздің дұрыстығы мен дәлдігі. Ол – анық, айқын ойлаудан, биік дүниетанымнан туады. А.Байтұрсыновша айтқанда, «Сөйлемдерді бір-бірімен дұрыс орайластырып, дұрыс құрмаластырып, дұрыс орналастыру шарт.
Мәшһүр Жүсіптің «Жидебай батыр» дейтін еңбегінде «қазақ жақсыларының қасқа маңдайы» Жанғұтты шешен Түркістан еліне сапар шегіп, Үйсін Төле бидің басында Көктің ұлы Сапақтың бел баласы Иманберді датқаға сөйлегенде өз елінің санаулы ардагерлеріне мынадай сипаттама берген екен: «Тобықты Құнанбай шыңның басынан шыққан қайнар бұлақ. Қыпшақ Ыбырай қажымас қара болат. Мұса қабыршағы жоқ қолға тұрмас жылмағай қара балық. Шыңғыс төре мұсылманға суық, орысқа жуық».
Билер сөзіне бейнелілік, анықтық, тазалық, ұғынықтылық тән. Ой-пікірлерін әсерлі, әсем жеткізу үшін шешен қарама-қарсы салыстыруларға сүйенеді. Құбылыстарды, нәрселерді, оқиғаларды пайымдағанда басты және қосалқы белгілеріне орай жақындығын яки айырмашылығын ойша көрсетеді. Содан сөйлемдер де өрнектілікке, үйлестікке, ұқсастыққа бейімделеді.
Хан алдына барғанда, хан таппады мінімді,
Би алдына барғанда, би таппады мінімді,
Өз үйіме келгенде, итке берсін күнімді. Мәтжан би.
Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ұрпағы, сара тілдің қас жүйрігі Бапан би жосылтып сыр толғап, желдей есіп отырғанда, тыңдаушылар тосыннан «Кімді қалай танисыз?» дегенде, былайша тамылжыта төгілтіпті:
Кісі болар кісіні кескінінен танимын,
Кісі болмас кісіні мүшесінен танимын.
Жомарт болар кісіні табағынан танимын.
Сараң болар кісіні қабағынан танимын.
Дауы жөнсіз кісіні сөзінен-ақ танимын.
Өзі тұйық жігітті жүрісінен танимын.
Іші сұйық әйелді күлісінен танимын.
Ақын болар жігітті дауысынан танимын.
Палуан болар жігітті шалысынан танимын.
Мерген болар жігітті сапысынан танимын.
Бай болатын жігітті пейілінен танимын.
Бидің сөйлемдері синтаксистік-ырғақтық параллелизмге негізделген. Сондықтан да көркемдік сапасы, мағыналық өткірлігі, бейнелілік сипаты тартымды.
Ойлауға қатысты құбылтудың көрнектісі – шендестіру. Уәли хан қайтыс болғанда, Бйдалы би Айғанымға сөзін жоқтаумен бастап, соңында мынадай тоқтау айтады.
Қайрат деген қыран бар,
Қайғыға тізгін бермейтін.
Қайғы деген жылан бар,
Өзекті шағып өртейтін.
Үміт, сенім, тілек бар,
Қуантып, қуат алдырар.
Жылау деген азап бар,
Қуартып отқа жандырар.
Мен қайғыңды қозғағалы келгем жоқ,
Қайратыңды қолдағалы келдім – деген екен.
Шешен-билер шығармашылығында поэзиялық сәулет, стилистикалық мән, экспрессивтік бояу-реңк мейлінше мол. Сөз – образ, сөз – ұғым, сөз – сиволар жиі қолданылады. Мысалы:
Ақыл – адамды аздырмайтын ем.
Білім – таусылмайтын кен.
Адамның басшысы – ақыл.
Жетекшісі – талап,
Шолғыншысы – ой,
Жолдасы – кәсіп,
Қорғаны – сабыр,
Қорғаушысы – мінез.
Біліп туған бала екенсің
Тумысыңнан дана екенсің, - дейді, Шоқан Уәлихановқа көңілі құлаған, мейірленіп сөйлеген «кеудесінің есігі бар, құлағының тесігі бар» бірнеше тілді меңгерген Саққұлақ шешен.
Билер тілінде көркем метафоралар мысға тартқан күмістей тізілуі орынды. Мәселен,
Көңіл – гүл,
Тіл – бұлбұл.
Сезім – сері,
Нәпсі – бөрі,
Сабыр – алтын,
Ақыл – алмас Ескелді би.
Асылы, билер сөзі – көркемдік, суреттілік сырларымен, ыстық лепті, мөлдір мағыналы, айшықты оралымдарымен, қанатты ойларымен, кемеңгерлік ғибраттарымен көркем.
Билер тағылымы
Әр халықтың өз заманына қарай хандары, билеушілері немесе рухани ұстаздары болды. Сол сияқты қазақ елінің де тарихтың даму сатысына қарай хандарына ақыл қосып, қара халықтың сөзін сөйлеп, түрлі мәселелерін шешіп отыратын билері болған.
Билер, шығу тегіне немесе жас мөлшеріне қарай, өмір сүру деңгейіне қарай таңдалмады. Оларды жастайынан халықтың арасынан ашылып сөздерін нақты дәлелдеп таңқалардай шебер сөйлеуіне қарай және жасаған жақсы істеріне қарай, әділ би бола алады деп халық сайлап отырды. Би – билеуші емес ол жұртқа сөзін өткізе алатындай, әділ, шыншыл, халықтың сеніміне лайық тұлға болуы керек. Билер ұғымы туралы түсінікті С.Негимов «Шешендік өнер» атты кітабында: «Би шешендер мұрасы – ұлт, заман, мемлекет тағдырын өмір, тіршілік тұрмыс құбылыстарын, адамгершілік дүниесін жан-жақты қозғап, әділ таразылайтын, ғаламат тұжырымды тұрлаулы пікірлер қорытатын, нәзік талдаудар жасайтын, туған халқының ақыл-ой дәрежесін, рухани болмысын танытатын теңдесі жоқ өмір оқулығы» деген еді.
Шешендік өнер тарихында әр қайсысы жеке дәуірге лайықты Майқы би, Асанқайғы би, Жеренше шешен, Әнет баба, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Сырым, Ескелді, Қарауыл Қанай би, Байдалы би, Бөлтірік, Жанқұтты, Ақтайлақ би, т.б. атауға болады. Олар өздерінің ойлау еркіндігімен, ұшқырлығымен, тапқырлығымен алғырлығымен тілдерінің мейлінше орамдылығы, жылдам ой қорыту қасиеттерімен, сыншылдық-шыншылдығымен таңқалдырды.
Сөйлеу мәдениетінің ерекше белгісі – дәлдік. Дәлдік – анық, ұшқыр ойдан тұрады. Шешен ана тілінің көркемдік қазынасын және өз пәнін жүйрік білгенде ғана, сөз қолдану, байланыстыру тәсілдерін, көп мағыналы сөздерінің сәні мен мәнін, құпия сырларын, синоним, антоним, омоним, нақыл, қанатты сөздерді еркін әрі сәтті пайдаланады. Бұл ретте шешен – билердің сөздерінде дәлділік, айқындылық мейлінше жоғары деңгей – дәрежеде көрінеді, сондықтан оны қазақ әдеби тілі негізі арналы саласы деуге болады [1, 145 б.]
Билер сөзі анық, таза, салыстырмалы, түсінікті болу керек. Ең бастысы, билер сенімді, әділ шешімдер қабылдап, елдің түрлі мәселеріне дұрыс бағыт көрсетіп отырулары керек.
Жалпы алғанда, ұлттық би-шешендік өнердің тарихы мен теориясы мәдени, саяси, рухани дәстүрлермен тамырлас. Ұлттық сананың кемелденуіне, мәдениеттің көркеюіне, дүниетанымдық дамуына «билердің биі», «Жеті жарғы» заңын жасаушылардың ірі өкілі. Тәуке ханның кеңесшісі, үш кемеңгер Төле бидің, Қаздауысты Қазыбек бидің, Әйтеке бидің ақылшысы Әнет бабаның, Абылай ханның бас билері Байдалы мен Қарауыл Қанай бидің, қолбасшысы Ескелді мен Балтық билердің және т.б жүздеген тұлғалардың қайраткерлік ерен еңбегі қазақтың ескі сөздерінде айрықша аталады.
Билер мен шешен ұғымы жалпы халық арасында ұқсас түсінік бергенімен, екеуінің айырмашылықтары болды. Билер – қазіргі сот дәрежесінде көрініп, заңмен бақылайтын, халықтың сан түрлі мәселелерін сынмен қарап тура жолын таразылап отырған. Ал шешендер болса, көбіне хандармен қара халыққа туралықты бетке айтып, болашағын нақты жоспарлап, сөздерін анық, шумақ – өлеңмен ұйқастырып отырған ақындар түрінде танылды. Шешендік, билік өнердің шығуы белгілі бір қоғамның дауымен байланысты екенін қазақ тарихы да растайды. Қазақ рулары мен ұлыстары пайда болғаннан бері-ақ өз замандастарының озат ойлы, шебер тілді адамдар болғаны күдік туғызбайды. Қазақ ауыз әдебиетінде шешен деген атау Жиреншеден басталады. Сірә, бұл ұғымды оған дейін «би» деген атау атқарып келсе керек. «Би» мен «шешен» деген атаулар тіпті революцияға дейін қатар қолданып, кейде бірін-бірі ауыстырып келгені кездейсоқ емес [2, 313 б.]. Билер институты XVIII ғасырда барлық қырымен танылып дами түсті. Оның өркендеп қанат жаюына үш түрлі себеп болды. Бірінші жағдай – Тәуке хан шашыранды қазақ руларын үш ұлысқа – жүзге топтап, олардың басына төреден емес, қарадан шыққан үш биді қойды. Сосын бауырлас қырғыз, қарақалпақ елдерінде одақ етіп алып, оларды да билер арқылы басқарды. Хан жағынан елдік, мемлекеттік маңызды мәселерді кеңесіп ақылдасып отыратын кеңесті де билер арқылы басқарды. Хан жағынан елдік, мемлекеттік маңызды мәселерді кеңесіп ақылдасып отыратын, Билер кеңесіне «Жеті санат» құрды. Осы жеті жарғы /бас/ бидің ақыл – кеңесімен қоғамдық қарым – қатынасты белгілейтін «Жеті жарғы» заңын шығарды. Сөйтіп билердің беделін көтерді, солар арқылы бірегей қазақ хандығын құрды. Екінші жағдай бұл қазақ еліне көршілес жоңғар, ойрат хандықтары тынымсыз шабуыл жасап тұрған жаугершілік уақыт еді. Міне, сондай шапқыншы, басқыншы жауларға қарсы халық – азаттық күресі жүріп жатқан, халықтың ел қорғау сезімі ойянып, қол бастайтын қолбасшылар, сөз бастайтын шешен билердің қызметті артып, беделі көтеріліп тұрған кез еді. Үшінші жағдай – патша үкіметіне қарсы шыққан орыс шаруаларының отар ұлтардың өнегесімен қазақ шаруаларының да «өз» хандарына және патша өкіметінің жазалаушы отрядтарына қарсы шыға бастаған ұлт – азаттық көтерілсін бастайтын көсемдер халықтың ар – намысын оятып, азаттық сезімін оталдыратын шешендер керек бола бастаған күрестер, көтерілістер дәуірі еді. Міне, осындай жағдайларда ел қорғаған ерлігімен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек секілді атақты батырлармен қатар Төле би, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке би, Қанай би сияқты айтулы би – шешендер шықты [2, 313 б.].
«Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды» дейді халық. Шынында да қандай халық болса да өзіне лайық қоғамдық құрылысы оған лайық басқарушылары болады.
Қазақ мемлекетінің нығаюына, өркендеп дамуына би-шешендердің қосқан үлесі өте көп. Олар халқының болашағына, тағдырына, ілгері басуына, адамгершілік қасиеттірінің гүлденуіне ерекше еңбек сіңірді. Қазақ билері сонымен қатар рухани тұтастықтың кепілі бола білді, қоғамның рухани жағынан жаңғырып-жаңаруына, бақытты заман орнауына, ұлттың тілімен дінінің құдіретін түсінуге қызмет етті. Осындай мемлекеттің қалыптасуымен жеке тарихын орнықтыруда орасан зор қызмет еткен билердің өмір тарихы мен жасаған игі істері тарих толғауында көрініп тұрулары әбден керек. Қазақтың атақты билері Қазыбек би, Қараменді би, Қарауыл Қанай би, Шоң би, Шаштұғыл би т.б билер Түркістан қаласындағы Әулиелердің сұлтаны, дәстүрлі ислам көрнекті ғұламасы, рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген. Сонымен қатар бұл кесенеде қазақтың хандары, батырлары мен сұлтандары да жерленген. Осындай танымал, биік тұлғалардың Ясауи қабірінің маңында жерленуді, рухани сабақтастықтың, тұтастықтың белгісі, ұлағатты өнеге деп санады. Бұл дүниеде ынтымағы жарасқан алаш баласының, о дүниелік болған соңда Әзірет Сұлтанның қасына жерленіп, бір жерде жатуы кемелдікке жеткендіктің айқын көрінісі. Олар осы үрдісті ұрпағына аманат ретінде қалдырды. Заманында, «Қара қылды қақ жарған» шыншыл, әділ билер, қандайда бір дау болмасын дұрыс талқылап, ақыл ой қорытып, санасы мен жүрек тазалығына сүйене отырып шешім қабылдады. Әлбетте, бұлар өздері қайтыс болғаннан кейін, өздері жерленуге өсиет қалдырған, рух пен тән тазалығының мәнін білген, әулие баба Қ.А.Ясауи жолын ұстанған жандар болса керек.
Кесенеде жерленген көптеген қазақтың белгілі билерінің ішінде, аса танымал болған Қаздауысты Қазыбек би, Қарауыл Қанай би, Шоң билердің өмірлері туралы, айқын еңбектерін толығырақ нақтылай түссек.
XVII ғасырдың аяғында туылып, бүкіл өмірін XVIIІ ғасырдың қым – қиғаш оқиғаларын, шешуге арнаған, бүгінде есімі ел аузында ерекше қастерлі ілтипатпен аталатын тұлғалардың бірі – Келдібекұлы Қаздауысты Қазыбек би. Орта жүзден тараған би бабамыз 1667 жылы Сыр өңірінде дүниеге келген, бабасы абыз атанған Шаншар, атасы Бұлбұл, өз әкесі Келдібек те өз замандарының беделді де белді билері болған. Жас Қазыбек жастайынан ел көзіне түсіп, бүкіл ел танитын, дәрежеге дейін көтерілді.
Қазыбек бидің өмір сүрген кезеңі Қазақ хандығының әлсіреген тұсымен сәйкес келді. Сондықтан болар Тәуке хан тұсында ол орта жүз атынан «Төбе би» болып сайланды. Осы Тәуке хан тұсында қабылданған атақты «Жеті жарғы» заңдар жинағын құрастырушылардың бірі ретінде аталды.
Қазыбектің жоңғар-қалмақ ханына елшілікке барғандығы тарихтарда айтылады. Қалмаққа қазақ елінен елші болып Қазыбек бір емес үш рет барған. Соңғы сапарында ол бұдан былай тату тұруға қалмақпен келісім жасады.
Осы секілді Қазыбек би қазақтың ұлы көршісі орыс елімен де татулық, достық қатынасты жақтағанын көрсететін аңыз-әңгімелер мен жазба деректер сақталған.
Қазыбек би орта жүздің Ресейге қосылуына белсене атсалысқанын және басқа елдердің шабуылынан, зорлық-зомбылығынан Ресей мемлекетті қорғайды деп сенген. Сонымен қатар Қазыбек би кезінде қазақ халқын жапсарлас қалмақ, өзбек және орыс елдермен тату көршілікке және Қазақстанның Ресеймен бірге болуын жақтаған өз заманының озық ойшыл, көреген қоғам қайраткері болған. Қазыбек би өз дәуіріндегі түйіні қиын, күрделі істердің басы-қасында болып, олардың жердің тұтастығы мен ел тыныштығы үшін дұрыс бағытта шешілуіне көп күш жұмсаған [2, 70 б.].
Қазыбектің кенже ұлы Сырымбеттің ұрпағы қазіргі Қарқаралы ауданы «Қырғыз» ауылында тұратын Сейілхан Досымханов (1897 туған) қария: «Қазыбек қартайған кезінде Қаракесекті бастап Семіз Бұғылы тауында, Теректі дейтін бұлақтың бойында, қысқы соғым кезінде 96 жасында қайтыс болыпты, баласы Бекболат әкесіне арнап киіз үй тіктіріп, оның ішіне төрттаған тас орнатып сөре жасатыпты. Сөйтіп, сыртынан былғары тұлып тіктіріп, Қазыбектің денесін төрт ай сөреде сақтап, қардан жол босасымен табытқа салып, көктем шыға Түркістандағы Әзірет Сұлтанның зиратына атпен апарып қойыпты» – дейді [3, 90-101 б.].
Халқымыздың қиын қыстау жылдарында XVIIІ-XVII ғасырларда қалмақ шапқыншылығы кезінде, қазақтың маңдайына біткен дана, батыл, кеменгер ұлдарының бірі – атақты Қарауыл Қанай би. Ол кісіні Абылай ханның Қараша биі – бас биі деп те атаған. Ел аузындағы аңыздар Абылайды ақ киізге орап хан көтергенде, оның ұсынысы бойынша Қанайды да Қараша би ретін бірге көтерген деседі [4, 3 б.].
Ташкент қазақтардың ықпалында болғанда, Қарауыл Қанай би осы қаланың бегі болып сайланып, өмірінің соңына дейін Ташкентте би қызметін атқарып, сонда қайтыс болған екен. Қарауыл Қанай би өте шешен, әрі батыр болған адам. Шешендік өнері басым болған соң, оның батырлығы көмескілеу қалып қоя берген. Қанай бидің белгілі болғаны – ол Қазыбек биден (мүмкін екі мүшел жас кіші болғандығы, Қазыбек орта жүздің бас биі болғандықтан, одан жасы әлде қайда кіші, Қанай би Қазыбек биді аға тұтып алдына шықпай, ол кісіге үнемі жол беріп отырған).
Шежіреге сүйенсек Қанай бидің әкесі Құттымбет би Жәңгірханның замандасы (1628-1652 ж.ш) Қарауыл Қараша бидің баласы болып табылады. Қараша бидің Тілеуімбет, Құттымбет деген екі ұлы болған, Құттымбеттен – Қанай, Балай, Аю, Бәкей туған [4, 3 б.]
Алаштың ағиық ақыны Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасында Қанай бидің қалмақ басқыншыларымен соғыстардағы ролін баса көрсеткен. Оның Абылай ханның басты кеңесшілерінің бірі екенін, атақты батырлар мен билердің топ басы болғанын анық айтады.
1684-1710, 1711-1723 жылдары Ташкент шаһарының іргесінде, яғни түстік жағында Күлтөбеде билік кеңестер өткізді. Мемлекет деңгейіндегі аса күрделі мәселелерді талқылауға Төле, Әйтеке, Қазыбек билер белсене араласты. Әрине, Ташкент қаласының бегі Қанай биге де Отан қорғау, әскери бірлік, жер мәселесі жайында тамаша шешімдер қабылдауда кемеңгерлік ғибраттар туындатқан шығар… [5, 159 б.]
Ел аузындағы аңыздарға, басқа да деректерге қарағанда, Қарауыл Қанай би XVII ғасырдың аяғында 1695-1698 жылдары туып, 1775-1780 жылдары қайтыс болған. Зираты Түркістанда, Абылай ханның қасында жерленген [4, 3 б.].
Қазыбек би мен Қанай бидің өмір жолдары бір бірімен өте ұқсас әрі сабақтас болып келеді. Екеуі де қазақ мемлекетінің тұтастығы, халқымыздың азаттығы үшін бар күш жігерлерін жұмсады. Жеке бастарының мүддесін ойламай елдің мүддесін ойлады. Ресейге қосылғанға дейін қазақ халқының қоғамдық құрлысы қатарлас елдер сияқты хандық болғанды белгілі. Хандықтың басшысы хан елді екі әкімшілік арқылы басқарған. Олардың бірі – би , екіншісі, батыр. Би – рудың билеушісі, әкімі ғана емес сонымен қатар өз ортасының, уақытының беделді, белді азаматы, ақылшысы. Ақылы асқан, ойы түпсіз терең би-шешендердің табиғатына ісқимыл әрекетіне мейірімділік, ізгілік, ақжарқын мінез, байыптылық, көкірек көзімен, есте сақтаушылық, әр нәрсенің обал-сауабын ойлаушылық тән. Бұлар жоқ жерде дана сөзің далаға кетеді. Тыңдаушың ұқпайды. Билік айту, өнерпаздықпен өнегелі. Сөз өрбіту – даналыққа баулу, рухани қорек беру, адамгершілікке шақыру, әдептілікке тәрбиелеу. Тағылым беру деген сөз.
Қазақ билері туралы деректер көп емес, бірақ олардың айтқан өткір сөздері және дұрыс әрекеттері халықтың аңыз-әңгімелерінде жақсы сақталып келеді. Солардың өзі де халқымыздың басынан кешкен үлкенді-кішілі оқиғалардың жаңарғанындай, жаугершілік замандардың, жауынгер ұрандарындай естіледі, елдің еркіндігі, жерінің бүтіндігі үшін күрескен ерлердің есімдері биік үлгі болып адамгершілікке баулиды.
Осындай халық аузында аңыз болып жатталып келген билердің көпшілігі қасиетті Түркістан қаласында, әулиелі Қ.А.Ясауидің жанында жерленді. Олардың кең-байтақ қазақ даласынан, дәл осы жерді таңдап, өздерінің мәңгі мекені етіп таңдауының өзінде үлкен астар, мән-мағына бар. Бұл біздің еліміз, жеріміз, тарихымызды сақтап қалған белгілі тұлғалар, хандар, батырлар, би-болыс, сұлтандарымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өнегесі. Ясауи бабаның жанында жерленген қандай да бір тұлғаның осы әулиеге деген махаббаты мен құрметі деп ұғынып, рухани тұтастықтың айғағы деуге болады.
- ПАЙДАЛАНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТ:
- Шыңдалиева М. Б. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы /Омбы қазақтарының әдеби мұрасы 18-20 ғ./. Фил. ғыл. канд. дәреж. алу үшін жаз. дисс. авторефераты. - Алматы, 1996.
- Шоқанова Б. Ә. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері. Фил. ғыл.канд. ғыл. дәреж. алу үшін жаз. дисс. авторефераты. - Алматы, 1994.
- Платон. Сочинения. В 3-хт. Т. І.-Москва, 1970.
- Античные риторики. -Москва, 1978.
- Кузнецова Т.И., СтрельниковаИ.П. Ораторское искусство в Древнем Риме. - Москва, 1976.
- Сейфулин С. Шығармалар жинағы. бтом. - Алматы, 1964.
- Қазақ. - Алматы: Білім , 1994.
- Есламғалиүлы М. Сан қыйлы сауал. - Алматы, Анатілі, 1995.
- АдамбаевБ. Қазақтың шешендік өнері. - Алматы: Ғылым, 1984.
- АдамбаевБ. Шешендікөнер.-Алматы: Жазушы, 1969.
- Адамбаев Б. Шешендік сөздер. - Алматы, 1992.
- Адамбаев Б. Халық даналығы. - Алматы, 1976.
- Лихачев Д.С. Поэтика древнерусской литературы. - Москва, 1967.
- Смағулов Ж. Қ. Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу жолдары. - Қарағанды, 1995.
- Поэтика древнеримской литературы. - Москва, 1989.
- Карибаева Б. Поэтика Современной казакской лирики. Дис. д-ра фил. наук. --Караганда, 1994.
- Твен М. Рассказы и шутки. // Библиотека крокодила. N15, 1947.
- Билер сөзі. - Алматы: Қазақ университеті, 1992.
- Бөлтірік шешен. - Алматы: Ғылым , 1994.
- Садырбаев С. Халық эдебиетінің тарихи негіздері. - Алматы, 1992.
- Кохтев Н.Н. Основы ораторской речи. - Москва, 1992.
- Чихачев В.П. Основные этапы истории ораторского искусства. - Москва, 1980.
- Қасқабасов С. Қазақ халық прозасы. - Алматы, 1984.
- Қазақ эдебиетінің тарихы. Ітом, 2 кітап. - Алматы, 1964.
- Ахметов 3. Абайдың ақындық әлемі. - Алматы, 1995.
- Үш пайғамбар. - Алматы, 1992.
- Рыбников М.А. Русские пословицы и поговорки. - Москва, 1961.
- Лук А.Н. Юмор, остроумие, творчество. - Москва, 1957.
- Мұқанов С. Қазақ қауымы. - Алматы, 1995.
- Төреқұлов Н., Қазбеков М. Қазақтың би-шешендері. - Алматы, 1993
- Қабдолов 3. Арна. - Алматы: Жазушы, 1988.
- Назарбаев Н. Казахстан - 2030. Послание президента страны народу Казахстана. -Алматы: Білім, 1998.
- Қабдолов 3. Сөз өнері. - Алматы: Қазақ университеті, 1992.
- АхметовЗ. Роман эпопея М. Ауэзова. — Алматы: Санат, 1997.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. 2 том. - Алматы, 1976.
- Уалиханов Ш. Таңдамалы. - Алматы, 1985.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру