Жыр алыбы - Жамбыл
Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы,
Ж. Аймауытов атындағы мектеп - гимназияның
10 сынып оқушысы Даулетбай Бекарыс
Тақырыбы: Жыр алыбы Жамбыл
Кіріспе
Қазақ халқы бұл күндері дамудың тарихи жаңа кезеңдеріне аяқ басты. Ғасырлар бойы қалыптасу, даму жолдарынан өтіп келе жатқан қазақ халқы 90 - жылдардың басынан бері өз тарихына жаңаша көзқарастармен қарай бастады. Бұл – әлемдік өркениеттің қауымдастыққа өз тұлғасымен толық танылуға ұмтылған ұлттық жаңғыру, жаңару жолы. Осыған байланысты ұлттық әдебиет тарихындағы көрнекті шығармашылық тұлғалардың мұраларын жаңаша көзқарастармен бағалау маңызды. Қазақ әдебиетінің тарихындағы ұлы ақындардың қатарын құрайтын Жамбыл Жабаев шығармашылығы да бүгінгі және болашақ ұрпақтардың рухани қазынасы ретінде сөз арқауынан ажырамайды. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл толуына арналған мерейтойдағы баяндамасында осындай мәңгілік өмір ұлағатына айрықша баға берілді: «Егер біз Жамбыл даналығын тәу етіп, ұлылығын ұлағат тұтып жатсақ, оның басты себебі, Жамбыл арманының адамзаттың арман - аңсарымен ұласып жатқанында. Сондықтан да қазақтың Жамбылына адамзаттың Жамбылы ретінде құрмет көрсетіп, өлмес рухының алдында басымызды иеміз. Әрбір ұлттық мәдениетте бүкіл әлемге тиесілі есімдер, жалпы адамзаттық рухани құндылықтың өлшем - белгісі болған есімдер бар. Соған орай олардың осындай жасампаздық істері күллі адамзатпен біртұтас, әрі өзіміздің өткенімізбен, қазіргі кезімізбен және болашағымызбен ажырағысыз байланысты екенімізді еске салып, ерекше мән - мазмұнмен толықтыратыны жасырын емес»... Елбасымыздың осы бір сөзі Жамбыл мұрасына жаңаша көзқарастар тұрғысынан қарауға, оны бүкіл қазақ мәдениеті дамуымен біртұтас бағалауға ұштастырады.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен, ойы мұхиттай толқыған, сұңқар табиғатты, ұлттық сана мен тілдің, рух пен арман - мұраттың ұшан теңіз ұлылық қасиетін ересен қуат құдіретімен көрсете білген мемлекет қайраткері, XX ғасырдың Гомері атанған – жыр атасы Жамбыл.
Негізгі бөлім
Өмір жолы
Жамбыл Жабайұлы (1846 - 1945) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы. Қазіргі Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде 1846 ж. 28 ақпанда Жапа деген елге қадірлі адамның отбасында дүниеге келген. Шыққан тегі – Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы. Әкесі Жапа орта шаруа болған. Жапаның Ұлданай атты әйелінен: Тәйті, Жамбыл, Қоман туады.
Жамбылдың өсіп - өнген топырағында ән - күй, ақындық – жыраулық өнер айрықша биікке көтерілген. М. Әуезовтың «қазақ халқында ерекше дамыған айтыс өнері ХІХ ғасырдан бергі жерде өзге жерлерде саябырсып, Жетісу, оңтүстік өлкелерінде шоғырлана бастайды» деуінде үлкен тарихи себеп бар. Біріншіден, Қазақстанның өзге өңірлерін ертерек шарпыған отаршылдық ел ішінің дәстүрлі қалпына өктемдігін жүргізіп, шырқын бұзып үлгергенде, Жетісу алабы әзірше қағаберісте еді. Екіншіден, бұл өңірдің ертеден тамырын тереңге жайған өнерпаздық дәстүрі шын мәнінде ХІХ ғасырдан бергі жерде айрықша биік өреге көтеріліп еді. Осы кезеңде Жетісуға сонау Арқадан ұлы Абайдың келуі, Біржан, Шашубай, балуан Шолақ сияқты дауылпаз әнші - ақындардың келуі, Таластан – Жалайыр Түбектің келуі, оңтүстіктен – Майкөт пен Майлықожаның келуі, Атыраудан – Құрманғазының келуі, сөз жоқ, ең алдымен олардың алыстан жаңғырығы жеткен ұлы өнер мектебіне деген ұмтылыстарына байланысты еді.
Осындай өнер бесігінде тербеліп өскен Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен ақ таныла бастаған. Ол бозбала шағының өзінде ақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген. Осы кезде өрттей жалындап, жұрт аузына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып батасын алады. Мұнан әрі жал – құйрығы сүзілген жүйріктей арындап, сол кездегі Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбет сияқты ақындықтың жылжыған жорға, жылмиған жүйріктерімен айтысқа түскен Жамбыл ұдайы шоқтығын асырып отырған. Бұлар ғана емес қырғыздың Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбек сияқты ақын - жырау, манасшылармен өнер өрелестіріп, қырғыздың көл - көсір поязиясынан тағылым алады, ақындық өнерін одан әрі шыңдай түседі. Жамбыл енді ақындық суырыпсалмалық өнеріне қоса «Көрғұлы», «Шаһмардан» сияқты жыр - дастандарды апталап - айлап жырлап, ақындық жыраулық өнерін соны қырымен таныта бастайды.
Жамбылдың ақын - жырау ретінде қалыптаса бастаған кезі Ресей отаршылдары – бір жағынан, Қоқан хандығы – екінші жағынан, жергілікті жандайшаптар - үшінші жағынан қазақ халқын әлеуметтік саяси қыспаққа алған шақ еді. Жаны сергек, санасы өрелі Жамбыл өзінің «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңдерінде елдің әлеуметтік саяси өмірін ақындық шыншылдықпен азаматтық жауапкершілікпен бедерлейді. Жамбыл Қазан төңкерісінен кейінгі елдің саяси - әлеуметтік өміріндегі тарихи өзгерістерге үлкен үмітпен ден қояды. Оның «Туған елім» атты толғауы 1936 жылы жарық көріп, онан соң орыс тіліне аударылған нұсқасы «Правда» газетінде жарияланып, қарт ақынның даңқы бүкіл әлемге жайылды. Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл, шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай, жыр нөсерін селдетеді. Оның 1936 - 1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды. Шағын жыр - толғаулар ғана емес, оның қарт көкірегінен «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылар қайта жаңғырып ақтарылады.
Жамбыл - әрі эпик, әрі айтыс ақыны; абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты. Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі интернационалист ақын. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» - деген еді Сәкен Сейфуллин. Жамбыл - жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді.
Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті. Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі.
1945 жылы 22 маусымда Жамбыл дүние салды.
1946 жылы ақпанда Қазақстан жұртшылығы даңқты ақынның жүз жылдығын салтанатпен атап өтті. Мерейтойына қарай ақынның таңдамалы шығармаларының академиялық жинағы орыс және қазақ тілінде басылып шықты. Жамбыл Жабаев Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
Жылдар бойынша хронология
• 1937 жылы бүкіл еліміз Жамбылдың шығармашылық қызметінің жетпіс бес жылдығын аталып өтілді. Бұл күндері халық ақыны дүние жүзінің көптеген озат қайраткерлерінен құттықтау телеграммалар алды. Көрнекті француз жазушысы Ромен Ролланның Жамбыл ақындығының 75 жылдығына орай "Батыс Альпінің жүрегінен қазақ халқының және жаңа адамзаттың жаршысы Жамбылға туысқандық сәлем жолдаймын" деп телеграмма жіберуі.
• 1941 жылы Жамбылға мемлекеттік сыйлық берілді. Ұлы Отан соғысы күндерінде Жамбыл өзінің өлеңдерінде Кеңес Социалистік Республикалар халқын Отанды қорғауға, еңбектегі ерлікке шақырды. Совет адамдарының батырлығын, КСРО халықтарының мызғымас достығын жыр етті.
• 1943 жылы майданда Жамбылдың ұлы Алғадай қаза тапты. Бұл жөнінде ақынға хабар жеткенде, ол біраз үнсіз отырып барып, қайғылы хабарға өлеңмен жауап берді. Жамбылдың ақырғы жыры
• 1945 жылы 9 мамырда айтылды. Бұл неміс фашистерін біздің халқымыздың қаһармандықпен жеңгендігіне арналған еді. Жүз жасқа небары бірнеше ай қалғанда,
• 1945 жылы 22 маусымда Жамбыл қайтыс болған.
• 1946 жылы ақпанда Қазақстан жұртшылығы даңқты ақынның жүз жылдығын салтанатпен атап өтті. Юбилейіне қарай ақынның таңдамалы шығармаларының академиялык жинағы орыс және қазақ тілінде басылып шықты. Жамбыл Жабаев Ленин, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
Жамбыл шығармашылығы
Жамбыл – өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. Ақынның XX ғасырдың басына дейінгі шығармашылығы туралы деректер аз, өлеңнен ауыз жаппаған кісінің ұшан - теңіз жыр - толғау, айтыстары да түгел сақталмаған. Әйтсе де бала Жамбылдың дүмше молданы мысқылдап шығарған «Шағым», ақындық жолына рұқсат сұраған «Әкеме», «Менің пірім Сүйінбай» деген өлеңдері, бозбала кезінің мұңды да шуақты көркем жыры – «Айкүміспен айтысы», сылқым бойжеткен Кәмшат сұлуға шығарған құрбылық наз өлеңі сияқты дүниелер сақталған. Одан бертіндегі Жетісуды, Қаратау, Сыр өңірін өнеріне тәнті еткен, қырғыздың шалқар «Манасын», Шығыстың әйгілі қиссаларын жырлаған ақын мұрасынан бірталайының аты ғана белгілі. «Кедей күйі», «Пұшықтың ұрыға айтқаны», «Әділдік керек халыққа», «Кәрібайдың төбеті», «Жылқышы», «Мәңке болыс» тәрізді тегеурінді де өжет ақындык мінезден, халықтық даналықтан туған өлеңдері, әйгілі Құлмамбет, Сарбас, Нұрмағанбет, т. б. ақындармен айтысы, Өтеген, Сұраншы батырлар туралы ұзақ дастандары – даңқты шайырдың төңкеріске дейінгі шығармашылығынан сақталған қомақты мұрасы. Осылардың өзінен - ақ, Жамбылдың халықтың ақындық қазынасын жете, зерделей меңгеріп, жаңғырта, жаңарта дамытқан, өмір - тіршілік даналығын көкірегіне тоқыған, елдің арғы - бергі тарихын әділдік, шындық сөзін ешкімнен де тайсалмай айтатын, өлеңі тау өзеніндей тасқынды үлкен дарын иесі екенін танимыз.
Өлеңдер
• Атаның әлдиі
• Балаларға
• Балама хат
• Бесік жыры
• Жастық жыры
• Жаңа жыл
• Жаңа жыл сәлемі
• Жеңіс жырын сайраңдар
• Жүз жасаған жүректен
• Ленин
• Ленинградтық өренім
• Шәкірт балаларға
• Октябрь толғауы
• Сәлем саған комсомол
• Сыйлық
• Туысқан ел
• Чапай
• Халық туысқандығы
• Өнердің өсуі есік жыры
Айтыстар:
• Жамбыл мен Айкүміс
• Жамбыл мен Құлманбет
• Жамбыл мен Шашубай
• Жамбыл мен Досмағанбет
Дастандары:
• Өтеген батыр
• Сұраншы батыр
• Көрұғлы
• Бақ, дәулет, ақыл
Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің
Нева өзенін сүйкімді
Бұлағымдай көремін.
Көпіріне қарасам,
Көмкерген су көремін.
Өркеш - өркеш жарасқан
Шоқылардай дер едім.
Сапырылған көк теңіз,
Шомылдырған кемерін!
Шамы күндей жайнаған
Аспанға үйлер бойлаған...
Арқа тұтып алыста
Айбыным деп ойлағам!
.......................................
Шамы Күндей жайнаған,
Аспанға үйлер бойлаған…
Арқа тұтып алыста,
Айбыным деп ойлағам!
Жабықпағын Ленинград!
Отан әмір берген шақ.
Сап - сап қол барар
Қорғап сені ол қалар.
Жанышталар айдаһар!
Жата алмаймын төсекте,
Жаным қалай жайланар?
Құс ұйқылы көнемін,
Қайтып ұйқы көремін,
Жетсін деймін сендерге,
Жыл құсындай өлеңім,
Қаласында Лениннің,
Сайып қыран өренім.
Алма - Ата
Совнаркому
Заговельеву
243 42 20/5 23 46
Прошу посоветоваться с товарищем Шаяхметовым о возможности составления поэмы - письма ленинградцам в связи организацией подарков силами писателей
Казахстана во главе Джамбула. Необходимо перед составителями поставить задачу добиться высокого идейно политического качества, чтобы этот документ своей значимостью соответствовал великой патриотической революционной традиции ленинградцев и героической работе трудящихся Казахстана
- Ундасынов.
Бұл құжатты соғыс жылдарында ел Үкіметін басқарған, яғни, ең ауыр кезеңде Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болған Нұртас Оңдасыновтың жазған. Дәлелімізді толықтыра түсу үшін өзі жазып кеткен естелікті қайта бір қарап, оқып шықтық. Естелігінде ол былай депті:
«Неміс басқыншылары Ленинградты қоршап алды. Сыртпен байланыс үзіліп, 90 тәулік қала қоршауда тұрды. Ладога көлінен өтетін бір ғана соқпақ арқылы кең байтақ Кеңестер Одағынан жиналған азық - түлік, киім - кешекті бораған оқтың астынан амалдап өткізіп, қала тұрғындарына жеткізілді. Содан бұл соқпақ -«өмір жолы» деп аталып кетті.
Қазақстан тез арада ленинградтықтарға ұзын саны 140 вагоннан тұратын, екі теміржол составын жасақтады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бұл сәлем - сауқатты оларға Жоғарғы Кеңестің Төрағасы Әбсемет Қазақбаевтың бастап баруын ұйғарды. Сыйлыққа қоса Қарағандының № 31 шахтасының кеншісі Түсіпов өз атынан хат жолдады. Ол өз хатында қазақ халқының сый - сияпатын ақ ниет пен берік достықтың нышаны деп білерсіздер деп жазды.
Менің көкейімнен материалдық көмекпен қоса қоршауда қалған қала жұртшылығына моральдық күш беретін, рухын көтеретін бір сәлем сөз арнау кетпей қойды. Бұл ойымды Орталық Комитеттің отырысында айтып едім, көпшілік қолдады. «Сөз анасы – сәлем» демей ме қазақ, сол асыл сөзді кімге жаздыруды ойлаған кезде аузыма Жәкең - Жамбыл Жабаев түсті.
Содан Орталық Комитеттің тапсыруымен 1941 жылдың күзінде қасыма ақындар Әбділда Тәжібаев, Ғали Орманов, тағы да біраз адамдарды ертіп Жәкеңнің аулына келдік. Бір топ адам сау етіп ертемен келгенге ауыл адамдары елеңдесіп қалды. Онсыз да соғыстың суық хабары жүректерін шайлықтырып қойған ғой. Жәкең ауыл сыртында ат үстінде жүр екен. Бәріміз сол кісіге қарай жүрдік. Амандық, саулықтан соң келген мақсатымызды айттық, жеткіздік. Жәкең біздің сөзімізді ат үстінде отырып тыңдады да, үнсіз қалды. Бір мезетте еңсесін көтеріңкіреп, қызылға түсер қырандай қомданып, қапталда жатқан ақ басты Алатауға қарап қойды да, ишарамен «үйге жүріңдер» дегенді білдіріп, өзі жол бастады.
Қашанда да қонаққа жаюлы тұратын Жәкеңнің мол дастарханы, оның айналасына бәріміз жайғастық. Жәкең төрде ілулі тұрған домбырасын алдыртып, шанағын қағып - қағып жіберді. Әдетте қарт жыраудың жырды нөсерлетіп төгіп - төгіп жіберетін, бір сөзін екінші рет қайталамайтын қасиетін білетін ақындарымыз қағаз бен қаламдарын алып, аңысын аңдып дайын отыр. Жәкең жырын бастады, ол қағазға түсіп мәңгілік дүниеге айналып жатты…
Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің!
……………………………….
Шамы Күндей жайнаған,
Аспанға үйлер бойлаған…
Арқа тұтып алыста,
Айбыным деп ойлағам!
Жабықпағын Ленинград!
Отан әмір берген шақ.
Сап - сап қол барар
Қорғап сені ол қалар.
Жанышталар айдаһар!
Жата алмаймын төсекте,
Жаным қалай жайланар?
Құс ұйқылы көнемін,
Қайтып ұйқы көремін,
Жетсін деймін сендерге,
Жыл құсындай өлеңім,
Қаласында Лениннің,
Сайып қыран өренім…
Келген мақсатымыз орындалып, кіші бесінде Алматыға олжалы оралдық. Қуанышымыз шексіз.
Тез арада Жамбыл ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңін орыс ақындары аударды. Жамбыл өлеңін, республика жұртшылығы жинаған сәлем - сауқатты алып Қазақстан өкілдері Ленинградқа жүріп кетті.
Жәкеңнің өлеңі көп кешікпей Бүкілодақтық радио арқылы оқылды, сан мәрте плакат болып басылып, қала көшелеріне ілінді. Сол кезді көзімен көрген көрнекті орыс жазушысы, публицист Всеволод Вишневский «Правда» газетіне былай деп жазды:
«…қалаға тез тараған плакаттан Жамбыл ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңін оқығанда барлығымыз көзімізге жас алдық. Жылап тұрып қайта - қайта оқыдық. Қазақ халқының достығы мен сүйіспеншілігіне шексіз риза болдық. Алыста жатса да арқа сүйер тірегіміз барына қуандық.»
Ағынан жарыла айтылған бұл сөздің құдіреті Жәкең жырында, жыр құдіретінде жатқанын түсіндік. Және орыс әдебиетінің аса ірі өкілдерінің бірі Николай Тихонов Жамбылды – «Ақындар атасы» деп атағанда өз халқына деген адал, пейіл, таза жүректі бағалағаны болуы керек. Шынында да «Ленинградтық өренім» деген бір ауыз сөздің өзінде қаншама жылылық, нағыз жанашырлық пейіл жатқан жоқ па?! Жәкең өлеңі тоңғандарды жылытты, қажығандарға әл берді, зұлым жауға қарсы бітіспес күреске шақырды. Соғыс түнегіне көмілген ұлы қаланың зеңгір аспанында найзағайдай ойнап, қыспаққа алған жауға сес көрсетті…».
Бұл Қазақстан Үкіметін ең ауыр жылдарда (1938 - 1951) он үш жыл басқарған, күш пен қайратын, білім мен парасатын тек қана халқына, оның болашағына арнаған адал азаматтың артында қалған сөзі. Біз бұны қолымыздағы қолжазба - құжаттар арасынан кезіктірдік. Қарап отырсаңыз ол «Ленинградтық өренім» өлеңінің жазылуына себепкер болғанын, яғни, «сәлем сөз» – арнау арнайық деген идеяның өзінен туғанын мақтан етіп отыр. Сонау бір жылдары бізге баяндаған әңгімесінен де осы сарынды, осы сезімді аңғарған едік. Мынау Мемлекеттік Мұрағаттан табылған телеграмма осының бәрін, яғни, шын болған оқиға екенін дәлелдеп тұр. Адамдарды осылай достыққа, бауырмалдыққа шақырып, қиындықта жаныңа жылылық құйып, рухыңды көтеретін жақсы идеялар жан - жақтан туындап жатса, «Соғыс!» деген суық сөз жер бетін кезбес еді.
Жырдың мәні мен маңызын талдап жатудың қажеті жоқ, өйткені ол барша Кеңестік кеңістікте мойындалған, марапатталған, жақсы жыр болып таралып кеткен.
Негізінде Жамбыл Жабаев пен Нұртас Оңдасынов арасында әке мен балада ғана болатын ерекше бір құрмет пен сыйластық болыпты. Бұны көзімен көргендер айтады, барынша баяндайды. Жамбыл жырау Нұртасқа лауазымы биік бастық деп қарамапты, жасы кіші інідей, әзілін көтерер құрбыдай санапты.
Жамбыл — айтыскер ақын
Алғашқы ақындық ортасы бір ғана Сүйінбай болып қоймаған. Ол жас кезінен - ақ Алатау, Қаратау атырабындағы көптеген ақындармен кездескен, олармен тұздас - дәмдес болған.
Іле бойындағы топардан шыққан Қуандық ақын (1831 - 1919) Жамбылдан бір мүшелдей үлкен екен. Екеуі талай кездесіп, бірінің өлеңін бірі айтып, әзіл - қалжыңдасып жүрсе керек. Сол Қуандық қасқарау ақыны Сарбаспен (Тілеулі Майкөтұлы) кезек - кезек айтысып, бірін - бірі жеңісе алмай жүреді.
Жамбыл мен Тоқтағұл
Қырғыз елінің ақын, жыршы, манасшыларымен талай кездесіп, сұқбаттасып жүрген Жамбыл өмірінің соңғы күндеріне дейін Мұратәлімен дос болған. Осы екі өнерпаздың достығы жөнінде қырғыз зерттеушісі Б. Алагүшевтің кітапшасында Мұратәлінің Ыстықкөл жағасында Жамбылмен талай кездесіп, күй шертісіп, жыр айтысқаны жазылыпты. Сонда Мұратәлі «… қазақтың атақты ақыны Жамбылмен дос болған. Одан қазақ елінің талай өлеңдері мен күйлерін үйреніп екі шекті домбыраны шебер шерте білген. Бір туған қазақ ауылдарына досы Жамбылмен бірге барып қырғыздың күйлерін шертіп берген. Қазақ елінің әдет - ғұрып, салтымен танысқан, елінің тілін үйреніп өлеңдерін, күйлерін домбырада сандуғашша сайратқан». Бір бұл емес, Жамбыл ертеректе Тыныбектен «Манасты» тыңдаған. Әсіресе қырғыз халқының ұлы ақыны Тоқтағұлмен сырлас, мұңдас болып өткен. Кеңес тұсында Қалық, Әлімқұл, Оспанқұл сияқты жыршы қобызшылармен жиі кездескен.
Қырғыз ССР ғылым академиясының қолжазбалар қорындағы сақталған материалдарда Тоқтағұлдың 1910 жылы Сібір тұтқынынан қашып шығып, қазақ еліне қалай жеткенін, Жетісуда Жамбыл ауылына келіп, онымен танысып, айлап бірге жүргені жазылған.
Тоқтағұл Сібір түрмесінен қашып, орманды аралап жүре беріпті. Сөйтіп, қазақ жерінің шетіне ілігіпті. Ауыл аралап, өлең айтыпты, жарасы жазылып, есін жинапты. Семейді жағалап, Аягөз асып, Жетісуға жетіпті. Қаракестекте Жамбылмен кездесіпті. Жәкең жарықтық Тоқтағұлдың тау суындай тасқындап, төгілген жырына, бай, манаптарға бетің бар, жүзің бар демей батыл айтқан сөзіне тәнті болып, оны өзі ертіп жүріпті. Қастек, Қаскелең, Майтөбе, суықтөбені аралатыпты. Екеуі Құлансаздағы тойда болыпты. Содан Қордай асыпты. Кебекпай, Ноғайбай ауылдарын ән мен жырға бөлепті. Берегіректе Жәкеңнің қасында көбірек жүрдік қой. Сонда Жәкең әсіресе Мұратәлі мен Тоқтағұлды аузынан тастамайтын. Қырғыз достарына Тоқтағұлдың жырларын айтқызып, Мұратәлінің күйлерін шерткізетін. Жаздың тамылжып тұрған бір күнінде Ыстықкөл жағасындағы бір қырғыздың үйінде аялдап отырғанымызда ол Тоқтағұл туралы біраз әңгіме айтып еді. Сондағы Жәкеңнің:
- Айдауды көрген Тоқтағұл,
Байлауды көрген Тоқтағұл,
Зынданды көрген Тоқтағұл,
Мұң, зарды көрген Тоқтағұл,
Қол - аяғы кісенмен
Қинауды көрген Тоқтағұл,
Қайда екен сол Тоқтағұл? – деген терме сөзі әлі есімде…
Тоқтағұл мен Жамбылдың тағы бір кездесуін Жамбыл шәкірттерінің бірі, төкпе жырдың шебері Үмбетәлі Кәрібаев кезінде былай әңгімелеген – ді:
- Ұмытпасам, 1912 жылдың жаз айы болатын. Қырғыз Алатауының кең жайлауында Россия патшалығының полковник атағын алған қырғыздың манабы Шабденге ас берілді. Кең сазға үш жүздей үй тігіліп, әр тараптан халық ағылып келіп жатты. Жетісудан да көптеген адамдар барды. Жамбыл, Кенен, бәріміз сол тойға барып қатыстық. Маған жыр кезегі үшінші күні ат бәйгесі болардың алдында ғана тиді. Оның алдында Жамбыл, Кенен және қырғыздың ірі ақындары жырлап өтті. Ақындар айтысы да аяқталды. Әр елдің өңкей дөкей бек, манаптары үлкен ақ үйде қымыз ішіп, ет алып отыр еді, қырғыздың аға ақыны Қалмырза:
- Кәне, Үмбет жыршы, жорғаңа салып, тамашаңды көрсет! – деді.
- Мен ақпалы термемді төге жөнелдім. Екі елдің достығын, ақындарын, батырларын мадақтадым. Бір кезде Тоқтағұлды атай беріп едім, төр жақта отырған бір бегі болу керек: «Тоқтат!» — деп, ақырып қалды. Сол кезде манадан бері үй сыртындағы топ адамның ішінде жүрген Тоқтағұл үйге кіріп келді. Әлгі бек Тоқтағұлға қарап:
- Шық үйден, айыпкер қашқын! – деп зеки бастады. Осы кезде кең үйдің бір жағында Мұратәлі, Оразәлі, жыршы, күйшілер ортасында отырған Жамбыл: «Тоқтай тұрыңдар», - деп Тоқтағұлға:
Келдің бе, ақ иығым, алыс жерден,
Өтіпсің самғап ұшып асқар белден.
«Алмас пышақ қап түбінде жатпас» деген,
Хан, төре айналмай ма сендей ерден.
Ер ғана елін табар іздеп жүріп,
Жүрсе де ғұмырында қорлық көріп,
Құландай - ақ бұғауын үзіп қашқан
Жетіпсің енді, міне, елге келіп»,- деді де, орнынан тұрып барып, оны айқара құшақтап, қасынан орын берді. Тоқтағұлға «үйден шық» деп жатқан сол елдің Бәйтік деген манабы екен. Ол өршелене түсіп:
- Ай, қазақтың жалғыз атты жыршысы, билік айтатындай бұл сенің тойың емес, біздің қасиетті патшамыздың асы, қаңғыбас қашқынды жақтамай жайыңа отыр! – демесі бар емес пе? Бәріміз сол арада дау шығып кетпесе екен деп, елжіре қалыппыз. Тоқтау айтып жатқандарда бар. Мұндайда даудан да, жаудан да беті қайтпайын Жәкеңнің екілене түсетін әдеті бар ғой:
- Тұлпарды тұлпар таниды,
Ертеден шапса талмайтын.
Сұңқарды сұңқар таниды,
Ілерде жемін самғайтын.
Батырды батыр таниды,
Сыртынан ғайбат айтпайтын.
Ел бұлбұлы Тоқтағұл,
Жырымен жауын жасқайтын,
Пенде емес пе Тоқтағұл,
Ордаға аяқ баспайтын.
Қарғаны қарға таниды,
Қарқылдап қағып қанатын.
Құзғынды құзғын таниды,
Өлексеге ауыз салатын.
Болысты болыс таниды,
Параны жалмап алатын.
Манапты манап таниды,
Нашарға құрық салатын.
Ақынды ақын таниды,
Сөз қадірін аңдайтын.
Тоқтағұл мен Жамбылдың
Жырлары сел боп ағатын.
Қиядан ұшса қос қыран,
Бірін - бірі табатын.
Осылайша термелеп төгіп - төгіп жібергенде, отырған көпшілік сүттей ұйыды. Батыл да байламды сөз айтқан Жамбылдың сұсы басты білем, манадан бері өз буына өздері пісіп, асып - тасып, серпіле - лепіре сөйлеп отырған бай, манаптар да бірауық үнсіз тына қалды. Осы бір сәтте Тоқтағұл комузын безектете шертіп - шертіп жіберді де жырлап жөнелді:
- Қазақта, Жамбыл, сен едің,
Шалқып жатқан көл едің,
Өлеңі оттай лаулаған,
Тасып бір өткен сел едің.
Қырғызда бір бауырың,
Тоқтағұлың мен едім.
Қай қырғыздан кем едім.
Қарсы болып манаппен,
«Ит жеккенді» көргенмін,
Жаласынан бектердің
Сібірде де өлмедім,
Қорлық көріп жүргенде,
Өлең болды ермегім.
Сағынып елге келгенде,
Намысты қолдан бермедім.
- Ей, манаптар, манаптар!
Шабденнің бұл асында
Қырғыз бенен қазақтар
Бас қосады деген соң,
Жиналыпты санаттар.
Болыс пенен билерің
Қазан аңдып бұл күнде
Бұралқы иттей жалақтар,- деген кезде, көп ішінен біреу «тоқтат!» деп айқай салды. Қарасақ, қырғыздың Бұғы - марал руынан Ешкібай манап екен. Ол орнынан тұрды да:
- Тағы да «ит жеккенді» көрейін демесең, жап аузыңды! – деді. Осындай ұлан - асыр аста «бұралқы иттей жалақтар» деп кімді айтып тұрсың, жалаң аяқ қашқын неме?! – деп Тоқтағұлға тұра ұмтылды. Осы кезде Жамбыл тағы да:
«Сабыр, сабыр! Ақын елдің еркесі, оған қол жұмсауға болмайды, ащы айтса да соныкі жөн! – деп әлгіні тоқтатып тастады».
Қырғыз ССР Ғылым академиясының қолжазба қорында Шабден асының қалай аяқталғаны да жазылыпты. Оның Жамбыл мен Тоқтағұлға қатысты беттерінің қысқаша мазмұны мынадай: Әр елден асқа келгендер тарап жатады. Жамбыл жыры мол тыңдап, оған риза болған Шабденнің үрім - бұтақтары оған ат мінгізіп, шапан жабады.
Жамбыл – дара тұлға
Жамбыл Жабаев – ұлы ақын, жырау, жыршы. Жасынан өлең - жырға қанып өсіп, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім - тәрбие алды. Сонымен бірге Жамбыл туысқан қырғыз елінің де сөз өнерін жетік біліп, Тоқтағұл, Мұратәлі, Әлімқұл, Балық, Тыныбек, Қатаған сияқты дүлдүлдермен өнер сайысына түскен. Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлең - жырмен өткізген. Жамбылдың шығармашылық өмірі 19 - ғасырдың 70 - жылдарынан басталған. Бұл – қазақ халқы үшін өте ауыр кезең еді. Осы жылдары Ресей империясы бүкіл қазақ елін түгел отарлап алған болатын. Соның салдарынан жерден, малдан айырылған жұрттың тұрмысы жүдеп, күйзеліске ұшырады. Ол аз болғандай, 20 - ғасырдың 20 - жылдарында ақ пен қызылдың соғысы, кәмпескелеу мен ұжымдастыру сияқты оқиғалар халықтың тағдырына теріс әсерін тигізді, қарапайым адамдардың да, зиялылардың да психологиясын өзгертті. Осындай жағдайдың куәгері болған Жамбыл шындықты айтып, замана болмысын жасырмай суреттеді, өзінің өкініші мен күйінішін ащы дауыспен жырлады, күйініп те, қиналып та сөйледі.
Жамбылды нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан өнері – оның айтыстары. Бұл айтыстарында қыз бен жігіттің қайым айтысы да, түре айтыс та, сүре айтыс та бар. Осының қай - қайсысында да Жамбыл өзінің нағыз майталман, кестелі сөздің шебері, әрі ұшқыр ойлы, тапқыр шешен екенін көрсетеді. 1916 жылғы ұлт - азаттық қозғалысына Жамбыл ақын белсене қатынасты. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. Өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды. Кеңес дәуірі жылдарында Жамбыл қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлады. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнмен байытып жеткізді. Мемлекет басшылары мен партия көсемдеріне қарата айтқан жырларында жалпы мемлекеттік мәселелерді көтерді.
2 - дүниежүзілік соғыс тұсында бүкіл Кеңес Одағында Жамбылдан дәрежесі, мәртебесі биік ақын болған жоқ. Жамбыл есімінің әлемнің шартарабына танылған тұсы да осы кезең еді. Ақын жырлары майдандағы әр ұлттан құралған жауынгерлердің бәрінің де жүрегіне жетіп, жігерін қайрады. 1945 жылдың 22 маусымында Жамбыл жүзге қараған шағында Алматы қаласында қайтыс болды. Жамбыл – жыршылық өнердің де асқан шебері. Оның үздік шығармалары қырықтан астам шет елдер тілдеріне аударылды. Ромен Роллан, Мартин Андерсен Нексе, Катарина Сусанна Ричард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең - жырлар жазылды. 20 - ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды. Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, т. б. белгілі суырып - салма ақындар бар. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Жамбыл Ленин, Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталды. 1941 ж. Сталиндік сыйлықтың лауреаты атанды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше ауданға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына берілді. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті.
Қорытынды
Жамбыл – халық әдебиеті үлгілерін жасаушылардың дәстүрлі өкілдерінің бірі. Оның бойындағы туа біткен табиғи дарыны, қабілеті әмбебап өнерпазлық жаратылысымен ерекшеленеді. Жамбылдың күнделікті тұрмыстық қарым - қатынастардың өзіне өлеңмен сөйлейтіні, қанатты ұшқыр ойлы тіркестерді қолданатыны, домбыра әуені мен өлеңді сөзді қосыла өретіні - ақындық шабыт нәтижелерін бірнеше өнер қосындылары арқылы дүниеге әкелетіндігін дәлелдейді.
Дәуірінің жыршысы болған Жамбыл Жабаев барша келешек ұрпаққа үлгі болатындай өнегелі ғұмыр кешкен. Осындай ақынның ерекше табиғат болмысы мен тағдыр жолын тереңнен ұғынып, зерттеген ғалымдар аз емес.
Қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың атында бір облыс, бір қала, бірнеше аудан, өткен дәуірдің ұжымшалары, көптеген мектептер, институттар аталады. Жамбылдың өлеңдері мен айтыс дастандары шет тілдеріне бірнеше рет аударылды.
Қорыта айтсақ, Жамбылдың шығармалары дәстүрлі халық өнерінің заңды жалғасы. Ұлы ақынның поэзиясындағы ақындық шығармашылық тұлғасына тән қасиеттер өз маңыздылығын сақтай отырып, талай ұрпаққа үлгі өнеге екені тарихымыздың мақтанышы.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Н. Назарбаев. Адалдық пен адамгершіліктің, әділдік пен ізгіліктің алып жыршысы // Қазақ әдебиеті, 27 - 35 тамыз, 1996 жыл.
2. Ж. Жабаев Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ғылым, 1996ж. 2т. – 346 бет.
3. С. Негимов. Ақын - жыраулар тілінің бейнелілігі. – Алматы: Ғылым, 1991ж.
4. М. Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы: зерттеулер, мақалалар. – Алмата: Жазушы, 1985ж. – 448 бет.
5. Айбын. Энциклопедия // Бас ред. Б. Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. – 880 бет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру