Оғызнама - Сыр бойында туған шығарма


Қызылорда облысының білім басқармасы 187 Мұстафа Шоқай атындағы қазақ орта мектебі

Жұмыстың тақырыбы: «Оғызнама» - Сыр бойында туған шығарма»

Бағыты: Қазақстанның тарихи ескерткіштері және

болашақ дамуы бар саяхат маршруттары

Секция: Әдебиет

Орындаушы: Темірбекова Ақбота

Сыныбы:11 «ә»

Жетекшісі: Ибраева Айгерім

187 М. Шоқай атындағы қазақ орта

мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті

пәнінің мұғалімі

Ғылыми жетекшісі: Филология ғылымдарының докторы,

профессор Тоқболат Еңсегенұлы

Қызылорда 2013 жыл

Мазмұны

Кіріспе

Ғасырлар қойнауынан сыр тартсақ

Шығарманың ішкі құпиясы

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

«Оғызнама» шығармасы түркі тілдес халықтардың ортақ қазынасы екені баршаға аян. Сол түркі тектес халықтар, Оғыз қағанның тілімен айтқанда - дүниенің төрттен бір бөлігіндей жерді жайлаған ғой. Сонда бұл дастан әлгіндей ұлан ғайыр жердің қай жерінен келген? Бұл әлі шешілмеген жұмбақ.

Екінші, осы «Оғызнама» шығармасы қай дәуірде туған асыл мұра? Үшінші, «Оғызнама» дастанын бірсыпыра зерттеушілер «аңыздық дүние» деумен келеді. Неге бұлай бұрмаланып айтылады?Төртінші бұл дастан негізінен бүгінгі ұрпаққа аузша жеткен бе, әлде жазбаша түрде түскен бе, кезінде хатқа түскен бе? Бесінші, сол дүниені эпостық шығарма деп айта аласыз ба? Алтыншы, «Оғызнама» дастанындағы Оғыз қаған деген кім, тарихи тұлға ма,әлде аңыздық кейіпкер ме? Жетінші, осы дастанның негізі арқауы – Оғыздар қайдан шыққан,олардың өмір сүрген жері, заманы қайсы? Міне, осылай тізбектелген өзекті сұрақтарды тіркей беруге болады.

Бірақ, осы сауалдардың көбіне қазіргі таңға дейін әлі тұжырымды, толық жауап қайтарылған емес. Адалына көшсек, «Оғызнама» дастаны түркі тілдес халықтардың мұрасы екенін шет ел ғалымдары ашып, айтып берді.Осы зерттеу еңбекке ғылыми түрде жауап қайтаруды мақсат еттік.

 Сонымен бірге «Оғызнама» дастанының қазақ әдебиетіне, соның ішінде қазақ эпосына ықпал қоса қарастырылады.Екінші «Оғызнама» дастаны Сыр бойында туған дүние екенін дәлелдемекпіз. Олай болса, бұл ескі асыл мұраның осы өңір ақын-жырауына қандай ықпал болған?

Осы мәселенің сырын ашуды негізінен назарда ұстадық. Бұл бағытта көздеген мақсатқа жетуде біраз еңбектенуге тура келді. Өйткені, Сыр бойында жүзге жуық ақын-жыраулар өмір сүрген.Осы кезге дейін солар жасаған асыл мұралар жинақталып, зерттеліне қойған жоқ.

Әдебиет зерттеушілер мына өңірде жыр төккен соншама ақын-жыраулардың үш-төртеуінің ғана шығармаларын жинақтап, жарыққа шығарды. Қалғандарының өздерінің де, асыл сөздерінің де қайда қалғаны беймәлім. Кейде сол арқылы аруақтардың сүйегін басып тұрған жоқпыз ба деп зәре қалмайды. Олай жасасақ имангершілігіміз, адамгершілігіміз, ата-баба дәстүрін сақтағанымыз қайда? Осындай зәру мәселелерді қоса шешу ниетімен бұл өңірде ғұмыр кешкен ақын-жыраулардың бірталайының артында қалдырған әдеби мұраларын ел аузынан жинастырып, сосын «Оғызнама» дастанымен салыстыра зерттеп, баға беруді мақсат тұттық.

«Оғызнама» эпостық шығарма екенін дәлелдеу барысында, мұның өзге нұсқалары - Әбілғазының «Түркімен шежіресі» және «Түрік шежіресі»

шығармаларының мәнін ашу да назарда болды. «Оғызнама» дастанына жан-жақты талдау жасарда негізінен мұның Париж қаласындағы нұсқасы басты назарда ұсталды.

 Осы әдеби дүниені оқығанда көп нәрсенің сыры ашылады. Бұл Париж нұсқасы – көне ұйғыр әрпімен жазылған. Шығарма 21 парақ, 42 беттен тұрады.Әр бетте 9 жолдан бар.Сол мөлшерге дәл жеткенде сөздің аяқталуына қарамай келесі цикл басталады. Сөйтіп, барлығы 42 цикл құрайды. Және бір ерекшелік – «Оғызнама» шығармасының алғашқы беттерінде өгіздің, мүйізтұмсықтың суреттері салынған.

 Бұл Париж нұсқасы - әдеби шығарма деп табылды. Сол дастанның құрылысы 732 жылы жазылған «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларын еске түсіреді. Соған сәйкес, «Оғызнама» дастанының көркемдік ерекшеліктері де ерекше қызықтырып, сол орайда аз-кем сөз қозғалады. Осы айтылған мәселелерге қоса сөз арасында мынандай – ежелгі әдеби мұраларды игерудегі толғақты жәйттер қоса әңгіме етілді.

«Оғызнама» дастаны жан - жақты зерттеуді аса қажет етіп отырған ежелгі мәдени мұраның бірі. Бұл еңбекте сол мақсатқа жетуге кішкентай болса да үлес қоссақ – адамгершілік парыздың орындалғаны.

Ғасырлар қойнауынан сыр тартсақ

«Оғызнама» дастанының дүниеге келген жері, дәуірі әлі жете зерттелінбей, сөз арасында ғана айтылумен шектелуде.Сол олқылықты толтыра түсудің бірбен – бір жолы - әлгі шығарманың туған жерін анықтап, сондағы оқиғаны бұл туынды дүниеге келген ортаның таихи жағдайымен салыстыра зерттесе нақты шындықтың беті ашылады. «Оғызнама» шығармасының дүниеге келген жерін, дәуірін, мұның қандай туынды екенін және көркемдік дәрежесін, өзге де ашылмаған сырларын танып – білу үшін әуелі осы дастанның мазмұнына қысқаша тоқталып өтелік. Сонда көздеген мақсатқа жету жолы аз – кемдеп айқындала түседі.

 Күндерде бір күні Ай қағанның көзі жарық етіп ашылып, ер бала туады. Осы ұл анасының көкірегінің уызын татып көріп, одан кейін ембейді. Ол әр түрлі дәм – тағам жеп, қырық күнде жүріп, тез арада ерекше тұлғалы жігіт болып өседі. Сол жерде ориандағы бір әйдік мүйізтұмсық әрдайым жылқыны, адамды жеп халықты қатты қайғыға ұшыратады екен. Ер жүрек Оғыз қаған ақырында оны өлтіреді. Әлгі мүйізтұмсықтың етін жеген сұңқардың да көзін жояды.

 Тағы бірде Оғыз қаған тәңірге жалбарынады. Содан айналаны қараңғылық басқанда көктен бір жойқын жарық түседі. Оғыз қаған арнайы барып қараса – басында оттай жарқыраған меңі бар аса сұлу қызды көреді. Оғыз қаған соған үйленеді. Ол үш ер бала туады. Олардың біріншісіне Күн, екіншісіне Ай, үшіншісіне Жұлдыз деп ат қояды.

 Бірде Оғыз қаған аңға шыққанда айналадағы көл ортасындағы үлкен ағаш қауашағында жалғыз отырған бір сұлу қызды көреді. Оған ғашық болады. Екеуі қосылып, үш ер бала көреді.Бұлардың біріншісіне Көк, екіншісіне Тау, үшіншісіне Теңіз деп есім береді.Солардың құрметіне Оғыз қаған үлкен той жасап, ел – жұртқа жарлық беріп «Міне, мен сендерге қаған болдым, жақ пен міне қалқан алыңдар, біздің таңбамыз береке болсын, ұранымыз көк бөрі болсын. Темір сүңгілеріміз орман болсын» дейді. Сосын тағы да «Күн туымыз болсын, Көк шатырымыз болсын » дейді де Оғыз қаған төрт жаққа жарлық жазып, елшілер арқылы таратады. Онда ол өзін дүние жүзінің төрт бөлігінің қағаны болатынын, осы талабын қабылдағанмен сыйласып, тату – тәтті тұратынын, ал бұл тілегіне қарсылық білдіргендерге соғыс ашып талқандайтынын білдіреді.

Оның бұл әмірін естіген оң жақтағы көрші ел басшысы Алтын қаған

Оғыздың талап - тілегін толық қабылдап, оған сый – сияпат көрсетеді. Айырылмас достықты жақтайды. Оғыз қағанның сол жағындағы ел билеушісі Ұрым қаған оның талабына мойын ұсынбайды.Оғыз қаған Ұрымға қарсы аттанады.

Жолай оның әскері тіккен шатыр үстіне күн сияқты алапат жарық түседі. Одан көк жал әйдік арлан бөрі шығып, Оғызға тіл қатып, соның әскерінің алдында жүріп отыратынын айтады. Оғыз соның соңынан еретініне келісім береді.

Арада бірнеше күн өткеннен кейін Итіл өзеніне жеткенде жол бастаған бөрі тоқтай қалады. Оғыз қаған әскері де солай жасап, қарсы беттегі жаумен соғысып, ұрым қағанның жауынгерлерін қырғынға ұшыратады.

Осы жеңілген жақтың терең өзен ортасындағы қаласына Ұрысбек деген әкім басшылық етеді екен. Ол өзінің баласын сол жаққа жұмсап, әлгі қаланы жауға бермей қорғап қалуды тапсырады. Бірақ Ұрысбектің баласы әкесінің айтқанын орындамай қарсы жаумен достсып, оған алым – салық төлеп тұратынын білдіреді.Оғыз қаған баланың бұл ниетіне ризалық білдіріп, оған Сақтап деп ат қояды. Өйткені ол қаланы жақсы сақтап қалған екен.

 Оғыз қаған енді Итіл өзенінен өте алмай дағдарады. Сол сәтте өз шеруі ішіндегі бір ақылды кісі сол маңдағы ағаштарды кесіп сал жасайды. Барлығы түгел арғы бетке өтеді.Оғыз қаған жаңағы адамның тапқырлығына көңілі толып, оған Қыпшақ деп ат қойып, сол өңірге бек етіп тағайындайды.

 Мұнан кейін де көкжал бөрі Оғызбен тілдесіп, әскерді ілгері бастайды. Сол сапарда Оғыз қағанның мініп жүрген шұбар айғыры жоғалады. Оны тоғыз күннен соң осы топ ішіндегі бір адам табады. Оғыз ананың тапқырлығына сүйсініп, оған қағарлық деп ат қойып, бектердің бастығы етеді. Оғыз бастаған қалың қол жолай түндігі , есігі темірден жасалған, ашқышы жоқ әйдік үйге кездеседі. Бұл үлкен мекен – жайдың есігін Темірду Қағұл деген шебер ашады. Оғыз мұның іскерлігіне риза болып, оған Қалаш деп ат береді.

Бұл жорықтан түскен қыруар мол олжаны алып жүруге қолдағы өгіз, ат- қашыр аздық етеді. Сол сәтте сол шеру ішіндегі Бармалық есімді шебер жаңадан арба жасап шығарады. Нөкерлер түгелдей сондай арба жасауға кіріседі де барлық көлденеңнен түскен дүние мүлікті соған артады. Оғыз қаған мына жәйітке сүйсініп, әлгі шебердің Қаңғалақ атануына ұйғарым жасайды.

 Оғыз қағанның жанында ақ сақалды, ақ шашты ақылгөй бір қарт кісі бар еді. Оның есімі – Ұлық Түрік. Бір күні ол түсінде бір алтын жақ, үш күміс оқ көреді. Алтын жақ бір жаққа, үш оқ қарсы тұсқа қарап қалыпты. Ұлық Түрік түсінде көргенінОғыз қағанға білдіреді. Ол дана кісінің лебізін тыңдап, ақылын тыңдайды.

 Сөйтіп, Оғыз қаған балаларын жинап алып, Күн, Ай, Жұлдызды - шығыс жаққа, Көк, Тау. Теңізді - батыс тұсқа аң аулауға жұмсайды. Олар сапардан оралғанда алтын жақ және үш күміс оқ тауып әкеліп әкесіне береді.Оғыз қаған алтын жақты үш ұлына бөліп береді.Күміс оқтарды да соны тауып әкелген үш ұлына береді.

 Осы арада еске салар нәрсе – «Оғызнама» дастанының әзірге белгілі бір нұсқасы бар. Соның бірі Ташкенттегі Шығыс қолжазбалары институтында сақтаулы. [4374 - папка], 1815 жылы Бұхар әмірі Хайдар [1800 – 1826ж.] сол аңыздың бірін Миргарап медресесінің тарихшысы Марданабайұғлы Есқали Қоңыратиға әндетіп жаздырған.

 Түркі тілдес халықтардың ежелгі тарихын, әдебиетін көп зерттеген әйгілі ғалым В.В. Бартольд «Түркістан моңғол шапқыншылығы тұсында» деген еңбегінде Сырдария өзенінің төменгі жағын ертеректе Оғыздар ұзақ жыл мекендегенін, көптеген сәулетті қалалар тұрғызғанын, соның ішінде даңқы дүниеге тараған қала – Жанкент екенін айта келіп: « Оғыздардың меншігінде болған Сырдария өзені жағасынан онша қашық емес жердегі Янкент [Жаңа қала] қаласы – Оғыз әкімдерінің қысықы резиденциясы болды. Бұл – қазіргі қираған Жанкент. Бейбітшілік уақытында сырдария арқылы Жанкентке Мавреннахрдан астық тасылды», - дейді. [Бартольд В.В. Сочинение в 9 –и т.М. изд. «Восточ. лит.» 1963, т. І подгод. К изд. И.И. Петрушевский. М. 1963, стр. 235 ].

 Осы Оғыздар ұлысы жайлы өзгелермен салыстырғанда нақты деректер жинап, тұжырымды пікірлер айтқан – орыстың білгір археолог - ғалымы Сергей Павлович Толатрв. 1946 жылы сол ғалым басқарған Хорезм археологиялық- этнографиялық экспедициясы Оғыздардың астанаы атанған Жанкент қаласын арнайы зерттеп, ертедегі осы қаланың орнын, қорғанын әуеден суретке түсіріп, кітабына жариялады.

Ертеде даңқы дүниеге жайылған оғыз мемлекеті жайлы алыс – жақын елдердің көптеген ғалымдары өз ой-пікірлерін білдірген. Бірақ, олардың айтқан дәлелдері де жоғарыдағы келтірілген деректкермен сабақтасып жатыр. Мысалға орыстың шығысты зерттеуші ғалымдарының бірі А.Ю. Якубовский оғыздардың көпшілігі ІХ ғасырда Сырдарияның орта жақ төменгі бойында, Үстірт,Ембі мен Жайық маңында тұрғандығын жазады.

Енді Оғыздар ұлысы жайында барлық ой-толғамның түйіні болып табылатын энцикпопедияға назар салайық. Онда: «Оғыз тілі - ертедегі көне тайпалардың бірі – оғыздардың тілі. Оғыздар Түркі қағандығы құлағаннан кейінгі дәуірде өз мемлекетін құрып [орталығы Жанкент], төңірегіндегі түркі тайпаларының [оның ішінде қыпшақтардың] тіліне зор ықпал жасады және бірнеше дербес тілдердің [түркімен, әзербайжан, газауыз, т.б.] қалыптасуына негіз болды»,- деп жазылған [Қазақ совет энциклопедиясы 8-том, Алматы, 1976, 439-бет].

Ежелгі дәуірде төрткүл дүниені сұсымен қаймықтырып, қайсар, қайтпас жаугерлігімен, әрі сандаған сәулетті қалаларымен және түрлі саладағы озық жетістіктерімен биік мәдениетін танытқан Оғыз империясының астанасы – ертедегі Жанкент шаһары.Бұл тарихи көне қаланың бүгінгі орны – қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы «Өркендеу» кеңшары тұрған жер.Төтесінен білдіргенде, әлгі аталған шаруашылық бұрынғы әйгілі қаланың 9 түркі тілдес халықтардың ежелгі астанасының үстіне орналасқан.

Бұл шаһардың Оғыз мемлекетінің астанасы болғанын сол дәуірді зерттеумен айналысқан шетел ғалымдарының бәрі дәлелдеген. Өткен ғасырда осы қала жайлы нақты да мол дерек ұсынған орыстың көрнекті шығыстанушысы – П.И. Лерх еді. Ол 1860 жылдан бастап өз елінің археологиялық қоғамына мүше болады. Сосын оны 1867 жылы Сырдария құярлығындағы Жанкент шаһарын және де басқа сол өңірдегі ескі мәдени ескерткіштерді зерттеуге арнайы жібереді.

 Осы ескі қала жайлы орыстың өзге де зерттеушілері мен саяхатшылары өз пікірлерін кезінде білдіріп отырды. Атап айтқанда, И.В. Анчиков «Қазалы уезі тұрғындарының кейбірінің қызықты археологиялық тұрғыдағы ерекшеліктері туралы», П. Спиридонов «Жанкент қирандысына сапар»,

Е. Александров «Жанкент жайлы аңыз» атты мақалаларын сол тұстағы мерзімді басылымдарда жариялап, солардың бірсыпырасы кейін арнайы жинақтарға енгізіпті.

 Қысқасы, құдіретті Оғыз мемлекеті негізінен Сыр өңірінде 400 жылдай дәуірлеп тұрыпты. Осы пікірге атақты тарихшы – ғалымдар Әбілғазы,

Н.Я. Бичуран, В.В. Бартольд, С.П.Толстов, П.И. Лерхтардың және басқа да саяхатшылардың сол мемлекет жайлы айтқан болжамдары сай келеді. Өзімізден шыққан белгілі ғалым Ә. Қоңыратбаевтың « 1219 жылы Шығыс әскері Сыр бойындағы оғыз қалаларын қиратып, елін қырды. 400 жыл бойында қалалы мәдениет жасаған Оғыз - қыпшақ тайпалары тағы да көшпелі өмірге көшеді»,- деп жазғаны біз жасаған байламды нақтылай түседі. [Ә. Қоңыратбаев, Қазақ эпосы және түркология, «Ғылым» баспасы, Алматы, 1987,115-бет].

«Оғызнама» шығармасының сюжетін нақты өмірмен байланыстыра зерттесек, оның Сыр суы бойында туғаны нақтылана түседі. Бұған дәлел келтіру үшін «Оғызнама» шығармасына жүгінейік. Онда: Оғыз қағанның жанында ақ сақалды, ақ шашты ақылгөй бір қарт кісі бар еді. Оның аты Ұлық Түрік еді. Күндерде бір күн ол түсінде бір алтын жақ көрді, үш күміс оқ көрді,- деп жазылған [А.М. Щербак Огуз-наме. Издательство восточной литературы, Москва, 1959,стр.57].

Енді Әбілғазының «Түркімен шежіресі» шығармасына назар тігейік. Оғыз қаған көп жерді жаулап алып, жұртына қайтып келіп үлкен той жасайды. Сонда ұлдарына қарап: «Сіздер, үш ұлым алтын садақты тауып әкеліңдер, тағы оны бұзып, бөліп алыңдар. Сіздердің аттарың бұзық болсын! Сіздерден тараған ұлдар һәм қияметке шейін бұзық атансын! Сіздер, үш оқты әкелген үш кіші ұлым, одан таралғандар бүгіннен бастап дүниенің ақырына дейін Үш оқ аталсын» ,- дейді. [«Жалын» журналы. Екінші саны, 1991 жыл, 19 - бет]. Бұл деректерге қарағанда, Оғыз қағанның көптеген елді жаулап алған кезде тұрған жері – Сыр бойы, мемлекет астанасы – Жанкент еді ғой.Олай болса Оғыз қаған өз еліне – Сыр бойына оралған соң сондай әрекет жасап жатыр. Демек, бұл оқиға оғыздардың ұзақ жылдар мекені – Сыр бойында өткен.

Мына деректен туындаған біздің пікіріміздің дұрыстығын академик Ә. Марғұланның: «Сырдария жағасын қоныстанған оғыз, қыпшақ арасында екі күшті тайпа жасалған. Оның біреуін – Үш оқ, екіншісін – Боз оқ деп атаған. Қазақтар өздерінің арғы туысын үш оқ деп санайды. Қазақтың үш жүзге бөлінуі де осыдан шыққан.», - дегені нақтылай түседі. [«Қазақ әдебиеті» 12 желтоқсан 1992 жыл]. Сонау ежелгі дәуірде, Оғыз қаған тұсында қалыптасқан үш жүзге бөлу – тұтас елдің бір-бірінен бөлектенуі емес. Ұлы кемеңгер Оғыз қаған өзі жаулап алған кең байтақ жерді сыртқы жаудан қорғау үшін балаларының ұрпағына бөліп беріп, бұл аймаққа ие болуды соларға жүктеген. Осы тұжырымның көңілге қонатынына мына «Оғызнама» шығармасындағы: «Одан соң Оғыз қаған ұлдарына жұртын ілестіріп берді.

- Ей, ұлдарым, мен көпті көрдім, көп ұрысты бастан өткіздім, жақпен көп оқ аттым, айғыр мініп көп жорыттым, дұшпандарымды жылаттым, достарымды күлдірдім. Көк тәңірге мен өтедім, сіздерге беремін жұртымды», - деген сөз бұлтартпай дәлел бола алады. [А.М. Щербак, Огуз – наме . Мухаббат – наме. Москва, 1959, стр. 63]

Ойымызды жинақтап білдірсек, осы шығармаға арқау болған ірі - ірі оқиғалардың Сыр бойында өткендігі және бұл туындыдағы елдікке байланысты деректердің қазақ халқының түп төркінін,негізгі тарихын танытатындығы – осы шығарманың шын мәнінде қазақ жері Сыр бойында туғандығын мәлімдейді.Сонымен бірге бұл келтірілген дәлелдер – осы «Оғызнама» шығармасындағы оқиғалардың нақты өмірдегі деректермен қабыса байланысып жатқанын шынайы түрде танытады. Әр кезде ғылыми түрде зерттелінген жұмыс – осындай бұлтартпас шындығымен құнды. Фольклор – шығарманың тегін зерттейтін болса, бұл зерттеу барысында сол мақсаттың орындалғанын аңғаруға болады.

Төртіншіден, «Оғызнама» шығармасының атақты Қорқыт жырымен сабақтастығы – осы саладағы бірталай мәселенің сырын ашып, біздің айтып отырған ғылыми ой- тұжырымымыздың нысаналылығын, айқындылығын бекемдей түседі. Мысалға, «Қорқыт ата кітабының» Сыр бойында туғаны анық. Осы үлкен шығарманы зерттеген ғалымдардың бәрі дерлік сол тұжырымға тоқталған. Бұған қысқа ғана түрде бір- екі дәлел келтірейік. Ірі ғұлама В.В. Бартольд бұл екі дастанды салыстыра зерттеген. Оған Василий Владимировичтің белгілі шығыстанушы В.Р. Розенге 1891 жылы жазған хатында «Қорқыт ата кітабы» жайлы айта келіп: «Оның мазмұны, поэзия тілі

көркем. Петерборға қайтқан соң, оны «Оғыз – наме » шығармасымен салыстырмақ ойым бар» дегені дәлел. Кейін ол сол ойын жүзеге асырды. Қорқыт жырының негізінен Сыр бойында туғанын анықтады.

 Оғыздардың тілі де, өзі де ерен дәуірлеп тұрғанында «Оғызнама» шығармасының дүниеге келгенінен ешкім таласпас. Ал, оғыздардың даңқы жер жарған тұсы Сырдария бойында ғой. Бұған тағы қосарымыз «Қорқыт ата кітабы» Сыр өңірінде туғаны толық дәлелденген. Ендеше осы әйгілі жырмен сарындас, тақырыбы ортақ,әрі бұл да оғыздар жайында жазылған «Оғызнама» дастанының осы өңірде туғаны анық.

 

 

Шығарманың ішкі құпиясы

Осы кезге дейін «Оғызнама» шығармасына аңыз деген сөз қосақталып айтылып жүр. Неге олай? Ойымызды сығымдай білдірер болсақ, мұндай жаңсақ пікір білдірудің себебі – бірсыпыра ғалымдар «Оғызнама» шығармасы мен үлкен тарихшы Әбілғазының «Түркімен шежіресі» және «Түрік шежіресі» туындыларындағы Оғыз хан жайындағы баяндауларды біртұтас дүние деп есептеп, көбіне Әбілғазының еңбегіне сүйеніп өз ой – байламдарын білдірген. Бұл арада «Оғызнама» шығармасы – көркем тілмен жазылған деректі туынды екенін, атақты тарихшы Әбілғазының еңбектері – шежіре екендігі ескеріле бермейді.

 Ойымызды түсінікті ету үшін дәлел келтірейік. Мысалға шығысты зерттеуші ғалым Н.Я. Бичурин Оғызды қытай жылнамасында айтылатын хундардың Шаньюя ханның мұрагер үлкен ұлы Модэ болмысы деп жобалаған. Ал, И.Макварт Оғыз қағанды – Шыңғыс хан бейнесі деген мегзеу жасаған. Осы пікірлерді В.В. Радлов та қолдайды [А.М.Щербак. Оғуз – наме. Мухаббат – наме. Москва, 1959, стр. 92]. Бұл ғалымдардың бұлай ұйғаруына себеп болған - Әбілғазы шежіресінің жалпылай алғанда Рашид- ад- Диннің «Жами –ат -тауарих» еңбегіне ұқсастығына сүйенген.

 Олардың осы пайымдаулары да онша жобаға соқпайды. Белгілі ғалым А.М. Щербак «Түрік шежіресі» кітабы Әбілғазының өз таза еңбегі екендігін дәлелдеп, оған Әбілғазының «Жами-ат-тауарих» атты кітап туралы: «Бұл тарих менің алдымда жатыр. Мұнан тыс Шыңғыс туралы он жеті тарихи жылнамасын қоса пайдаландым», - деп айтқан сөзін дәлелге келтіреді [А.М.Щербак. Огуз-наме. Мухаббат-наме. Москва, 1959, стр. 18].

 Тағы да табиғат ерекше дарынды етіп жаратқан Араб Мұхаммедұлы Әбілғазының өзіне сүйенсек, ол «Түрік шежіресі» кітабына жазған алғы сөзінде: «Құдай тағала мырзалық қылып маған біраз нәрсе берген, мен, әсіресе, үш түрлі өнерді жете меңгердім... Үшіншісі – бұрын Арабстан, Иран, Тұран, Монғолияны билеген патшалардың өмірі мен мемлекеттік маңызды істерін, оларда болған ірілі-уақты оқиғаларды жатқа білдім», - дейді [Әбілғазы. Түрік шежіресы. Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1992, 8-бет]. Осы келтірілген үзіктерден-ақ Әбілғазының көптеген елдердің тарихын әріден білетін ғұлама екені байқалады.

 Әлгі жалпылама топшылау жасаған зерттеушілер кімдер? Олар неге сондай ойды қуаттаған? Бұл сауалға жауап қайтару үшін солардың бір-екеуінің өмірінен қысқа ғана мәлімет келтірейік. Рашид-ад-Дин [жанама аты Ат-Табид 1247 – 1318] – Иранның тарихшысы және мемлекет қайраткері. Ол бірнеше еңбектер жазған. Соның ішінде құндысы – негізінен үш бөлім болып парсы тілінде жазылған «Жами-ат-тауарих» [«Жылнамалар жинағы»] атты шығармасы.

 

 

 

 

 Осы «Жами-ат-тауарих» деген кітаптың екінші бөлімінде монғолдар жаулап алғанға дейінгі мұсылман мемлекеттерінің тарихы және Батыс Европа халықтары, Рим императорлары мен Папалары, Үндістан мен Қытай, Шығыс Европа халықтары туралы мәліметтер бар.

 Екіншісі – орыстың шығысты зерттеген ғалымы – Н.Я.Бичурин [1777-1853]. Оның ұлты чуваш, Қазанның діни академиясын бітірген. Н.Бичурин 14 жылдай орыстың қытайдағы діни миссиясын басқарды. Негізінен ол қытайдың тарихын зерттеумен айналысыпты. Сонымен бірге ол Қазақстанның ежелгі замандағы халқы мен жері туралы мәлімет беретін «Орта Азияны мекендеген ерте дәуірдегі халықтар жөнінде мәліметтер жинағы» атты еңбек жазған. Қысқасы, бұлар ойлы тарихшы ғалымдар да емес, саясатшы-тарихшылар. Сондықтан бұлар тарихи тақырыпты жазылған көркем шығарма мен шежіре арасындағы айырмашылықты елемей, ескермей қалған болуы мүмкін.

 Осындайда тағы еске салатын мәселе - әсіресе, шығыстану ғылымы саласында тіпті ертеректегі қолжазбаларда, еңбектерде келтірілген кейбір деректер мен айтылған болжамдар кейінгі зерттеу жұмыстарында сол күйінде қайталанып, сол мәлімет, сол пікір бірден-бірге өзгермей жалғаса береді. Жоғарыдағы аталған тарихшылардың әлгіндей болжамының әсерінен кейінгі кезге дейін «Оғызнама» шығармасының салмағы қаңбақтай боп жеңілдеп-ақ қалды. Әрі «Оғызнама» аңызы деген сөз біртіндеп тұрақты тіркеске айналды. Әйтеуір белгілі ғалым А.М.Щербак бұл бағытта ескі сүрлеуге түспеді.

 Бұл зерттеуші осы шығарманың мәніне түсініп, зерттеу барысында мына туындыдағы Оғыз қаған және Ұрым қаған, Ұрысбек, Қалач, Қаңғалық сияқты кейіпкерлерді белгілі бір тарихи тұлғалардың нақ өзі емес, соларға негізделген әдеби бейнелер екенін айта келіп: «Оғыз қаған бейнесінің прототипі белгілі бір тарихи тұлға еді деу онша сендіре алмайды, өйткені бұл эпикалық туындының табиғатына сай келмейді. Эпоста нақты тарихи тұлғалар мен образдардың сол күйінде жасалуы мүмкін емес. Сондықтан Оғыз қағанды әлгі айтылған Модэ, Александр Македонский,Шыңғыс ханмен бір тұлға деп айтудың реті жоқ», - деді [А.Шербак. Огуз-наме. Мухаббат-наме. Москва, 1959, стр. 93].

 Сөйтіп А.Шербак бұл туындыға эпостық шығарма негізінде қарады. Бірақ әрі қарай талдамады. Өйткені ол осы шығарма тілін тереңірек зерттеумен айналысты. Осы орыс ғалымының әлгіндей ой тұжырымына «Оғызнаманың» тілін зерттеген өзімізден шықан ғалым Қ. Өмірәлиев бірден қарсы шығыпты.

 Соңғы зерттеушінің бұл шығарма жайлы айтқан тұжырымдарын тұтас қамту үшін оның осы туынды жайлы түйінді топшылауын сол қалпында келтірейік. Қ.Өмірәлиев «Оғуз қаған эпосының тілі» атты кітабына жазған алғы сөзінің алғашқы жолын: «Бұл күнге дейін «Оғуз-наме» аталып келген ескерткішті біз «Оғуз қаған» деп өзгертіп алып отырмыз. Себебі, біріншіден, «Оғуз-наме» - зерттеушілер қойған шартты атау: бұл атты көбіне отандық

түркологтар қолданады, ал шетелдік әдебиеттерде мұны «Оғуз қаған туралы аңыз» деп айтады», - деген кесімді пікірмен бастап, оған П.Пелльоның 1930 жылы жазған еңбегінің атын дәлел етеді. Бұл да «Оғызнаманың» тілін зерттеген ғалым.

 Алайда Қ.Өмірәлиев осы туындыны эпостық шығарма ретінде қарастырған белгілі шығыстанушы Риза Наур 1928 жылы мына дастан жайлы жазған еңбегінің атын «Оғуз-наме» деп атағанын ескермепті. Осындайда, әділіне көшкенде, А.М.Щербактың жазған осы көлемді зерттеуін талдай оқығанда байқағанымыз – ол сол екі ғалымның да еңбегіне жіті көз тіге оқып, одан мәнді-мәнді мәліметтер келтірген [А.Щербак. Огуз-наме. Мухаббат-наме. Москва, 1959, стр. 21,96]. Олай болса А.Щербак екі туындыны салыстыра зерттеп, содан өз тұжырымын жасаған.

 Одан кейін зерттеуші Қ.Өмірәлиев осы дастан нұсқаларын көшірушілердің «Аңыз» деп жазғанына қатты иланып, әрі бұл туындының өз халқымыз арасында кең көлемде тарамағанын тілге тиек етіп: «Бұлардың сыртында көне дәуірден сақталып жеткен осы әдеби мұра қазақ ортасында қалың оқырман қауымға сондайлық белгілі болған емес. «Оғуз-наме» атымен жазылған күрделі зерттеу-еңбектер қазақ филологиясында тағы жоқ», - дейді [Қ.Өмірәлиев. Оғуз қаған эпосының тілі. «Ғылым» баспасы, Алматы, 1988, 3-бет]. Егер тиісті мамандар, ғалымдар мұндай асыл мұраларды жинастырып, зерттеп, көпшілікке таныстырмаса, қалың жұртшылық «Оғызнама» дастанының мәнін қайдан білсін. Негізінде, Қ.Өмірәлиевтің пікірінде біздің жоғарыда келтірген мәліметтеріміз орнықты жауап бола алады. Алда ретті сәтте тағы да бекемді тұжырымдар жасау ойда бар. Әрі «Оғызнама» нұсқасын ертеректе көшірушілер тиісті дәрежедегі маман, ғалым емес екенін есте ұстаған жөн.

 Осы байқағанымыздай, «Оғызнама» дастаны жайлы әлгіндей шашыраңқы болжамдардың етек алу мәнісі – бұл эпосты әдеби туынды есебінде кең ауқымды зерттеу қазірге дейін қолға алынбай келеді. Соның салдарынан «Оғызнама» дастаны әлі аңыздық дүние аталып келеді.

 Белгілі түрколог ғалым Ә.Қоңыратбаев осы туынды жайлы зерттеу мақаласын «Оғызнама» аңызы деп атапты. Оның бұл шығарманы осылай деп атауының себебі – біріншіден, бұл ғалым «Оғызнамаға» талдау жасағанда негізінен Әбілғазының «Түрік шежіресі» мен соның негізінде жазылған Ташкент нұсқасына сүйеніпті. Оған Ә.Қоңыратбаевтың «Оғызнама аңызының бірнеше нұсқасы бар», - деп жоғарыда аталған шежірелерді көрсеткені дәлел [Ә.Қоңыратбаев. Қазақ эпосы және түркология. «Ғылым» баспасы, Алматы, 1987, 276-бет]. Екіншіден, ол қеңес дәуірінің саясатынан қорқып қалғандықтан орыс ғалымдарының «Аңыз» деп айтқан сөзін қайталауға мәжбүр болған шығар.

 Осы орайда аңыздық мән-мағынасын ептеп еске түсірген жөн сияқты. Жинақтай білдіргенде, аңыз-фольклор жанры. Шығыс ауыз әдебиетінде әфсана [парсы сөзі] деп те аталады. Аңыздық шығармалар халықтық наным-

сеніммен, қиял-арманынан туындаған. Соған орай онда фантастикалық элементтер молынан кездеседі. Аңыз мазмұны бірде тарихи фактілерге негізделсе, бірде қиялдан туған қызықты оқиғаларға құрылады. Тіпті кешегі арамыздан өткен ірі тұлғалар М.Әуезов, Б.Момышұлы жөнінде де аңыздар бар. Түйіндей білдіргенде, аңыз – ел аузындағы әңгіме. Меніңше шағын көлемдегі жанр.

 Бұл тұжырымға сүйеніп ой қорытсақ, біріншіден, «Оғызнама» - аңыз шеңберіне симайды. Бұл эпостық шығарма. Бізден бұрынғы көзі ашық, көңілі ояу адамдар тегін тұлғалар емес. Олар әуелде хатқа түскен тарихи дастан болған соң сол дәстүрді әрі жалғастырған. Екінші, соқырға таяқ ұстатқандай айғақ нәрсе – «Оғызнаманың» сонау ғасырларда хатқа түскен нұсқалары Париж, Стамбул, Ленингра, Ташкент сияқты атақты қалаларда сақтаулы тұр ғой. Үшінші, ең маңызды көз жеткізер нәрсе – «Оғызнама» шығармасындағы сол дәуірдегі шамандық нанымның, соған сәйкес оқиғалардың бұлжымай баз қалпында сақталуы, бұл дастанның ежелден-ақ хатқа түскенін растайды.

 Төртіншіден, шығарманың атына назар салайық. «Оғызнама». Осындағы «нама» сөзінің мәні нені білдіреді? Ол парсы тілінен шыққан сөз. Нама – хат, өтініш, дастан, кітап деген ұғымды танытады. Сондықтан «наме» сөзі – жазба түрде өмірге келген, көбіне авторы белгілі шығармалардың тақырыбына қосылып аталады. Мәселен, «Шаһнаме» - Шаһ туралы кітап, «Махаббатнама» - Махаббат дастаны».

 Бұл жәйтті одан әрі ежіктеп түсіндірудің қажеті бола қоймас. Олай болса «Оғызнама» тарихи дерек негізіне сүйеніп жазылған көркем шығарма, кезінде хатқа түскен дастан. Тағы еске саларымыз – егер эпостық туынды мен шежіренің ара жігін ашып барып, «Оғызнама» шығармасына зерттеу жасаса әлгіндей олқы жәйттерге жол берілмес еді.

 Бұл арада сырттай долбарлап, кеуде көрген Европадан шыққан кейбір зерттеушілердің бұлыңғыр болжамына еліктеп, «Оғызнама» шығармасының кезінде хатқа түскеніне шек келтірудің қажеті шамалы. Бұл жолы да тарихи мәліметтерге сүйенейік. Бұл туындыдан кейін дүниеге келген «Қорқыт ата кітабы» кезінде жазбаша тарайды. Олай болса «Оғызнама» туындысына неге күдікпен қараймыз? Мұның да сол дәуірде хатқа түскені сөзсіз. Оған жағарыда, сөз арасында, қисынды дәлел келтірдік.

 Екінші, Оғыз жазуы көне түркі дәуірінде қалыптасқан ғой. Бұған Н.Келімбетовтың «Сөйтіп, түрік қағанаты тарихының алғашқы кезеңіде-ақ көне түрік таңбаларында, яғни ру символдарына ұқсас болып келетін түріктердің өз жазуы өмірге келді. Бұл жазу геометриялық пішіндегі 38 таңбадан тұрады», - дегені айғақ. [Н.Келімбетов. Ежелгі дәуір әдебиеті. Алматы, «Ана тілі», 1991, 28-бет].

 Осы ой толғамымен сабақтастыра келіп, «Оғызнама» дастанын – түркі тілдес халықтардың, соның ішінде қазақ елінің эпостық шығармаларының басы деуге болады.

 

 

 Осындай тұжырымды орыстың шығысты зерттеген ғалымдары да нақты болмағанмен жобалап сездіртеді. «Оғызнама» дастаны түркі әлеміндегі алғашқы эпостық туындылардың бірі екенін білімдар ғалым Ә.Қоныратбаевтың «Оғызнама» аңызы прозамен жазылса да содан кейін шыққан «Бозұғлан», «Көрұғлы», «Алпамыс», «Қобыланды», «Манас», Қорқыт жырларының туына әсер еткен деген сөзі нақтылай түседі.

 Келесі арнайы әңгіме етуді тілеп тұрған нәрсе – «Оғыз» сөзі. Бұл жайлы түрколог ғалымдар түйінді тұжырымға келген емес. Бұлыңғыр болжамдар көп-ақ. Оған М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бір топ ғалымдары жазған «Оғыз-наме» және қазақ әдебиеті» атты мақаладағы: «Енді «Оғыз» сөзінің түп төркіні жайына оралсақ, бұл туралы әр тұста әр түрлі пікірлер айтылып келген. П.Пелльо мен П.Н.Березин мұның түпкі этнонимы «Уғыз» - «уыз» деген сөзден шыққан десе, ал Л.Лигети бұған қарама-қарсы мынадай бір болжам ұсынды. Ол алғашқы «Оқ» түбірі – кәдімгі садақтың «оғы» деген ұғымды білдірсе, «уз» - көптік мағынаны көрсететін жұрнақ деген пікір айтады. Бұл ойды Ю. Немет те қолдайды. Алайда бұған қарсы топтың өкілдері «Оғыз» сөзінің арғы тегі төтемдік «өгізден» шыққан деп жорамалдайды. Біздіңше, соның алдыңғысы дұрыс сияқты», - деген сөз дәлел. [Оғыз-наме. Мухаббат-наме. Алматы, «Ғылым» баспасы, 1986, 7-бет].

 Бұл орайда біздің де айтпақ пікіріміз баршылық. Соның басқасын былай қойып, сол «Оғызнама» дастаны эпостық шығармаға зер салайық. Бұған Әбілғазының «Түрік шежіресі» еңбегін араластырудың қажеті жоқ. Өйткені біз «Оғызнама» туындысын әдеби тұрғыдан зерттеуді ниет тұттық.

 «Оғызнама» дастанының Париж нұсқасы – ішіне терең сырларын бүккен ең асыл дүние. Сол қалада сақталған «Оғызнама» шығармасы әлі де ойлы көзбен қайта-қайта оқуды қажет ететін тәрізді. Оған дәлел мынау: әлгі нұсқаның алғашқы беттеріндегі ғажайып көріністерді аңғарған А.М.Щербак «Қолжазбаның бірінші бетіне өгіздің бейнесі салынған, сосын алтыншы бетке түсірілген қорқынышты бейнені В.В.Радлов суреттің болмысына қарап отырып, ол – Мүйізтұмсық бейнесі екенін айтты», деп жазады [А.Щербак. Огуз-наме. Мухаббат-наме. Москва, 1959, стр. 15]. Бұл бағыттағы ойымызды түйіндей білдірсек, мұндағы өгіздің де, мүйізтұмсықтың да бейнесі символ есебінде алынған. Себебі, ол дәуірде ел қорғау – ең бірінші мәселе болған. Оның мәніне оғыздардың эпостық шығармаларын оқығанда айқын көз жетеді.

 Париждегі қолжазба беттеріндегі таңғажайып бейнелердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталғанда, меніңше, өгіз – күштіліктің, қайсарлықтың, өлмей беріспес өжеттіліктің, батырлықтың белгісі. Екінші, қорқынышты сурет – мүйізтұмсық – жауыздықтың, қас дұшпанның, ата жаудың бейнесі. Бұған нақты дәлелді сол шағарманың өзінен келтірейік. Мысалға, бұл «Оғызнама» дастанының үшінші циклы: «Осы орман ішінде әйдік бір мүйізтұмсық бар еді. Жылқыларды және адамдарды жер еді. Әйдік бір жаман аң еді. Ауыр азадан халықты қайғы басты», - деп басталады

[А.Щербак. Огуз-наме. Мухаббат-наме. Москва, 1959, стр. 24]. Одан әрі шығармада ер жеткен Оғыз қаған мүйізтұмсықты аулауға шығады. Сөйтіп бірнеше күннен кейін аңдысқан жауы – мүйізтұмсықты өлтіреді.

 Әне, сондай, ел қорғайтын алып ұлды армандаған ата-ана, жалпы жұртшылық дүниеге келген перзент есімін «Оғыз» деп қойған болуы керек. Сонда бұл сөздің арғы тегі «өгіз» деген сөзден шыққан деп жорамалдауға негіз бар.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

«Оғызнама» дастанының қай дәуірде туғанын анықтау мақсатында бірталай зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Осы мақсатқа жетуде орыс халқының, өзге де шет ел ғалымдарының шығыстың тарихын, мәдениетін, әдебиетін зерттеген еңбектерін басшылыққа алдық. Сонымен бірге «Оғызнама» дастанын әуелі талдап оқып, сондағы оқиға желісін, шығарма құрылысын, бұл туындының көркемдік жетістіктерін жете ұғып, содан өзімізше тұжырым жасадық.

Қысқасы, бұл шығарманың дәуірін анықтауда әуелі осы туындының мазмұнына назар аударғаннан кейін, «Оғызнама» дастанындағы басты тұлға – Оғыз қағанның кім екенін жете тануға күш салып, көптеген осы саладағы зерттеу еңбектерді ақтардық. Сөйтіп, осы эпостағы Оғыз қағанның тарихи тұлға болғанын дәлелдедік. Екінші, бүкіл әлемнің төрттен бірін жаулап алып, соншама жерді түгел мекендеп, әмірін жүргізген – Оғыздар деген кім? Соның сырын аштық.

Осылай, Оғыз мемлекетінің дәуірлеген кезін анықтағаннан кейін әлгі туындының қай кезеңде дүниеге келгенін білу онша қиын бола қойған жоқ. Себебі, осы эпостық шығармаға Оғыз қағанның көптеген елдерді өзіне бағындырып, билік жүргізгені, кейін балаларына бөліп бергені сөз болған. Ал, Оғыз мем лекетінің үстемдік құрған кезеңі тарихтан және үлкен ғалымдардың зерттеу еңбектерінен белгілі.

Үшінші, «Оғызнама» туындысының мәні, мазмұнына үңіле талдау нәтижесінде, бұл шығарманың шамандықтың үстемдік құрған тұсында туындағанын, яғни, ерте дәуірде жазылғанын білдік. Төртінші, «Оғызнама» эпосы «Қорқыт ата кітабы» жырымен салыстыра зерттеп, алдыңғы дастанның бұрын туғанын, түйіп білдіргенде, «Оғызнама» дастаны – түркі тілдес халықтардың эпостық шығармаларының басы екенін дәлелдедік.

Бесінші, «Оғызнама» дастаны – Оғыз мемлекетінің үстемдік құрған тұсында және сол ұлыстар төрт жүз жылдай мекен еткен Сыр бойында шығарылған эпостық дүние деп таптық. Алтыншы, «Оғызнама» дастанын – эпостық шығарма деп қарап, оны оғыздар жайындағы шежірелермен қосып зерттемей, өз алдына сөз ету қажет екенін ғылыми түрде дәлелдедік.

Жетінші, «Оғызнама» дастаны Сыр бойы ақын-жырауларының шығармаларына едәуір ықпал еткен. Осының өзі бұл туындының осы өңірде шығарылғанын мәлімдейді... Сегізінші, осы дастанның қазақтың эпостық шығармаларына және аңыз әңгіме, ертегілеріне елеулі оң ықпал еткені көп нәрсенің мәнін аша түседі. Әне, осындай тарихи деректер мен терең зерттеуден туған болжам, байлам, тұжырымдар бұл дастанның әлі ашылмаған сырларын ашуға көмегін тигізді.

Бұған қарап «Оғызнама» дастаны осы еңбекте жан-жақты зерттелініп болды деп айта алмаймыз. Шынына көшкенде, бұл жұмыс – мына ежелгі дәуірден сақталған асыл қазынаны арнайы зерттеудің бастамасының бірі деп

есептеген жөн. Оның мәнісі – «Оғызнама» шығармасы тіл тұрғысынан ептеп әңгіме етіліп, бірнеше еңбектер жазылды. Осы туындыны әдеби тұрғыдан қарастыру, кең көлемде талдап, монографиялық кітаптар жасау бүгінге дейін қолға алынбауда.

Әсіресе, «Оғызнама» шығармасының қазақ әдебиетімен сабақтастығын әр жанр, түр бойынша талдау жасап зерттеу алдағы келелі міндеттердің бірі. Біздің бұл еңбекті жазуда алған қойған мақсатымыз – «Оғызнама» эпосының дәуірін, туған жерін анықтау еді. Сондықтан осы туындының өзге қырларының сырын ашуды кейінгі, өзгелердің еншісіне қалдырдық. Әділін білдіргенде, «Оғызнама» дастанының көркемдік ерекшелігі және сөз етуді сұрап тұрған тың сала. Бұл өзекті мәселені жедел қолға алып, тиянақты шешу – бүгінгі таңдағы ірі, маңызды істің бірі.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. «Ана тілі» баспасы, 1992.

2. Әбілғазы (Хиуа ханы). Түрікмен шежіресі. «Жалын» журналы, 1991, 2-саны, 13-бет.

3. В.В.Бартольд. Сочинения. В 9-и том. Москва, изд-во «Восточной литературы», 19636. т.1.

4. Н.Я. Бичурин Собрание сведений о народах обитавших в Средней Азии в древние времена. Москва – Ленинград, 1950 – 1953.

5. Базар жырау шығармалары. Алматы, «Жазушы» баспасы, 1986.

6.Батырлар жыры,. Төртінші том, Алматы, «Жазушы» баспасы, 1989.

7. Бес ғасыр жырлайды. Үш томдық. «Жазушы» баспасы, 1984.

8. Р. Бердібаев Қазақ эпосы. Алматы, 1982.

9. М. Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы, 1958.

10. Л.Н. Гумилев Древние тюрки. Москва, 1967.

11. Х. Көр – оғлы Огузский героический эпос. М. 1976.

12. Ә. Қоңыратбаев Эпос және оны айтушылары. Алматы, 1975.

13. Ә. Қоңыратбаев. Көне мәдениет жазбалары. Алматы, 1991.

14. Ә. Марғұлан. Ежелгі жыр аңыздар. Алматы, 1985.

15. Ғ. Мұсабаев. Қазақ тілі грамматикасы тарихынан. Алматы, 1986.

Аннотация

«Оғызнама» дастанының қай кезде және дастанның қай өңірде пайда болғандығы жайында №187 Мұстафа Шоқай атындағы қазақ орта мектебінің 11 «б» сынып оқушысы Темірбекова Ақбота көп ізденістер жасады. Осы мақсатқа жету үшін орыс халқының, өзге де шетел ғалымдарының, шығыстың тарихын, мәдениетін, әдебиетін зерттеген ғалымдардың еңбектерін атап айтқанда: Әбілғазының «Түркімен шежіресі» және «Түрік шежіресі», В.В. Бартольд «Түркістан монғол шапқыншылығы жолында» еңбегі, Х. Сүйіншәлиев пен Н. Келімбетов, жергілікті өлке танушы

Т. Мәмиев, жерлесіміз Ә. Қоңыратбаев т.б. секілді зерттеуші – ғалымдардың еңбегін пайдалана отырып өзінің ғылыми жұмысында «Оғызнама» - Сыр бойында туған шығарма екенін дәлелдеді.

Сонымен бірге «Оғызнама» дастанын әуелі оқып, талдап ондағы оқиға желісін, шығарма құрылысын, бұл туындының көркемдік жетістіктерін жете ұғып, содан өзімізше тұжырым жасадық. Мазмұнымен танысып болғаннан кейін, «Оғызнама» дастанындағы басты кейіпкер - Оғыз кім? Ол тарихи тұлға ма, әлде аңыз кейіпкері ме? Осы саладағы сұрақтарға баса назар аударылды. Оғыздардың кім екендігінің еңбекте сыры ашылды.

«Оғызнама» дастаны – Оғыз мемлекетінің үстемдік құрған тұсында және сол ұлыстар төрт жүз жылдай мекен еткен Сыр бойында шығарылған эпостық туынды деп таптық.

Аннотация

Ученица 11 «б» класса СШ №187 имени М.Шокая Темирбекова Акбота проделала огромный объем работы, чтобы найти ответ на такие вопросы как: в какое время и в каких краях зародилась поэма «Огызнама»? Чтобы достичь поставленной цели, ученицей были изучены научные работы русских и других зарубежных ученых, исследовавших историю Востока, его культуру, литературу. В частности, были использованы труды Абильгазы, В.В.Бартольда, Х.Суйншыалиева и Н.Келимбетова, местного краеведа Т.Мамиева, нашего земляка А.Коныратбаева и других. Опираясь на данные, сделанными этими выдающимися ученными, К.Нурбол в своей научной работе пришел к заключению, что произведение «Огызнама» появилось на свет ни где-нибудь, а именно на земле Сыра.

Темирбек Акбота несмотря на столь юном возрасте,терпеливо и целенаправленно, как и подобает человеку, вставшему на путь науки, шла к решению сложной задачи. Надо отдать должное тому, как он смог логически построить ход своей работы. Естественно, первым дело была прочитана поэма «Огызнама». Затем последовала анализ сути содержания произведения, его строение. Внимательно ознакомившись с содержанием поэмы, особый акцент был уделен к личности героя произведения – Огузу. Кто он? Вымышленное лицо или он действительно историческая личность? Тайна этих и других вопросов довольно четко раскрыта в научной работе школьницей.

Таким образом, на основании научных исследований можно смело утверждать, что «Огызнама» - поэма, написанная во времена существования Огузкого государства, которое четыре столетия господствовала на берегу Сыра.

Abstract

Apprentice 11 "b" grade school № 187 of M. Shokaya Temirbekova Akbota done a huge amount of work to find answers to such questions as: what time and where the edges originated poem Ogyznama? To achieve this goal, students were studied scientific works of Russian and other foreign scholars who have studied the history of the East, its culture and literature. In particular, they employ Abilgazy, V.V. Bartold, N. Suynshyalieva and H.Kelimbetov, a local ethnographer T. Mamiev, our countryman A. Konyratbaeva and others. Based on the data made by these outstanding scientists, Temirbekova Akbota in their research concluded that the product "Ogyznama" came into the world or anywhere else, namely, the land of cheese.

Temirbekova A. even at such a young age, patiently and deliberately, as befits a man who gets on the path of science, came to the solution of complex problems. We must pay tribute to how he was able to construct a logical course of their work. Naturally, the first case was read the poem "Ogyznama. This was followed by analysis of the essence of the content of the product, its structure. Carefully examined the contents of the poem, special emphasis was given to the personality of the hero product - Oguz. Who is he? Fictitious person or he is really a historical figure? The mystery of these and other questions is quite clearly revealed in the scientific work of the student.

Thus, on the basis of scientific research we can safely say that "Ogyznama" - a poem written in the time of the rump state which was dominated by four centuries on the banks of the cheese.

Ұсыныс

1. Қазалы ауданы «Өркенді» елді мекенінің маңында қала болған Жанкент қаласының орны жермен тегістеліп кеткелі тұрғаны жаныма батты. Сол себепті бұл еліміздің тарихи мұрасын келешек ұрпаққа естелік ретінде әрі осындай елді мекеннің үлкен қала болып, ІХ-Х ғасырларда оны Оғыз ханның билегендігін біліп жүруі аса қажет деп ойлаймын. Сондықтан Жанкент қаласының орнын сақтап қажет болса қайта жөндеп, қолға алынса деген ұсынысымды білдіремін.

  • Түркі тектес халықтардың бәріне ортақ қазына «Оғызнама» дастанының басты кейіпкері – Оғыз қаған бейнесін сомдап, кино түсіруге болмас па екен деген өз пікірім бар.
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу