Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  104


Автор: Олжас Сәндібек

Мен жайында ойламауың мүмкін-ді...

Мен жайында ойламауың мүмкін-ді,
Өткен күннің парақтарын ақтармай.
Сен жайында ойламасам біртүрлі,
Құлазимын күзгі жапырақтардай.
Сезім қылын шертіп жырлар арнадым,
Түсінбедің, бірақ, саған өкпем жоқ..
Сен мен үшін Лəйлі бола алмадың,
Сосын мен де Мəжнүн болып кеткем жоқ.
Қиналғам жоқ, мейлі мені ұнатпа,
Өкінішім уақытпен өтелмек.
Мен қиналдым, өзің үшін бірақ та,
Сезіміңе қаяу түспесе екен деп.
Сырт айналып тағдыр өңін бермеген,
Қайғы құшып жүрген сол бір күнімде.
Бағытыңды өзгертіп ең сен менен,
Бақытыңды таба алдың ба бүгінде?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу