Қазақ баспасөзінің пайда болуы


Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы,

№32 мектеп - гимназияның

10 «Б» класс оқушысы Ергарина Гүлсезім Амангелдіқызы

Жетекшісі: тарих пәнінің мұғалімі Сатмағанбетов Берік Жақыпұлы

Тақырыбы: Қазақ баспасөзінің пайда болуы

Кіріспе.......................................................................................................................... 3

I тарау. Қазақ баспасөзінің пайда болуы.......................................................... 5

II тарау. Баспасөз беттеріндегі Қазақстан тарихы бойынша мәселелер

2. 1 Қазақстан тарихы мәселелерінің ұлттық басылымдардағы көрінісі…….. 13

2. 2 Қазақтың мерзімді баспасөзіндегі Қазақстанның әлеуметік - экономикалық және рухани өмірі…………………………………………………………………19

Қорытынды.............................................................................................................. 25

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі...................................................................... 26

Кіріспе

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Енді ғана өз билігі өзіне тиіп, ұлттық мемлекетінің іргетасын қалай бастаған қазақ халқы үшін өзінің жүріп өткен жолының ғылыми шынайы тарихын жазу қажеттілігі күннен - күнге айқын сезілуде. Өйткені ұлттың бүгінге дейінгі тарихы – оның ертеңгі тағдыры.

Біз қазақ баспасөзінің дәлірек айтсақ, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзінің сипатына, ондағы қарастырылған басты мәселелерге тарихи тұрғыдан тоқталып өттік. Бұл кезең қазақ баспасөзінің енді - енді ғана дүниеге келіп, халықтың арасына тарай бастаған кезеңі, әрі халықтың тар жол тайғақты кезеңі. Осындай аласапыран кезеңде халық тағдыры мен қоғам өмірінің шындығын бүкпесіз батыл жариялаған қазақтың баспасөзінің қызметі де орасан зор болды.

Дипломдық жұмысының өзектілігі сол – ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзінің атқарған қызметтері, міндеттері, көздеген мақсаттарының қандай болғандығы, сол баспасөз беттеріндегі қазақ халқының тарихы, өмірі мен жағдайы, сонымен қатар әдет - ғұрыптары мен салт - дәстүрлері жөнінде тарихи тұрғыда қаралып, мәлімет беруінде.

Қоғамда болып жатқан әр алуан, ірілі - ұсақты оқиғалар туралы дер кезінде оқырмандарына мәлімет жеткізу міндетін атқаратын мерзімді басылым, уақыт өте келе баға жетпес құнды деректер көзіне айналады. Халыққа болған оқиға туралы жедел ақпарат таратқан мерзімді басылым, сол оқиға туралы өз бойына қажетті мағлұматтар да жинайды, сөйтіп уақыт өте келе өзі де тарихи дерек көзі ретінде ғылымға қызмет етіп, оқиғалардың, басқа да мәселелердің кейбір қырларын ашуға көмектеседі.

Зерттеу жұмысының тарихнамасы. Бір жарым ғасырға таяу ғұмыры бар қазақ баспасөзі халқымыздың тағдырымен біте қайнасып, бірге жасасып келеді. Осы мезгіл ішінде түрлі кезеңдерді бастан кешіп, біресе алға басып дамыса, енді бірде жүрісін баяулатып, тіпті тоқыраған тұстары да болмай қалған жоқ. Бір кереметі, қандай жағдайда да қоғамдық ойдың қозғаушы күші қызметін адал атқаруда.

Ұлтымыздың кейінгі жүз жылдан аса тарихының сырлы шежіресі – қазақ баспасөзі XIX ғасырдың екінші жартысында «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті» болып патшалы Ресей үкіметінің үкімімен дүниеге келді. Бұл басылымдар отарлаушы елдің жыртысын жыртып, жырын жырлау мақсатында шығарылғанымен, шын мәнінде, сол шеңбермен тұйықталып қалмай, ұлтымыздың жоғын түгендеу бағытында едәуір көп еңбек сіңірді. Баспасөз – халықтың қоғамдық - әлеуметтік ой - пікірін оятуға, мәдени - әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, әдет - ғұрпын, салт - дәстүрін танып білуге, ұлттық намысын оятып, кеңейтуге әсер ететін, сөзсіз бірден – бір құрал.

Қазақ баспасөзінің де халықтың саяси ой – пікірін оятып, дүниетанымын байытуға едәуір әсері болды. Газеттің ақпарат жеткізуші, үгіт – насихат саласындағы қызметі жөніндегі А. Байтұрсыновтың: “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды” – деуі, газеттің әлеуметтік – қоғамдық өмір саласындағы алатын орнын, қызметін нақты бағалаудан туындаған [1, б. 199].

Қазақстанның қалаларында патшаның жергілікті әкімшілік орындарының ресми органдары болып табылатын газеттер шыға бастады. «Облыстық ведомстволармен» қатар қазақ тіліне аударылып, Орынборда «Торғай» газеті, Омбыда «Дала уалаяты» газеті, сондай - ақ Оралда және басқа қалаларда шығарылған газеттер де Қазақстан өмірімен байланысты болды.

Мерзімді басылымдарды түрлі мамандық иелері әр - түрлі мақсаттармен, әр - түрлі қырынан зерттеуі мүмкін. Тарихшыны өзі зерттеп жүрген тақырыбы бойынша жарияланған фактілік материалдар қызықтырады. Ал деректанушы баспасөзді оның деректік маңызы мен ерекшеліктерін көрсету үшін, жалпы тарих дерегі ретіндегі ғылыми құндылығын анықтау үшін зерттеді.

Қазақ халқының мерзімді баспасөзін өздерінің зерттеп отырған тақырыптарының басты мәселелерінің бірі ретінде қарастырып, зерттеген Кеңестік зерттеушілеріміз аз емес екені бізге мәлім. Оларға тоқтала кетсек, А. М. Панфилова, С. И. Антонова, В. Н. Алексеенко, К. Кереева - Канафиева, сонымен қатар, 50 - жылдардың соңы мен 80 - ші жылдардың екінші жартысына дейін еліміздегі баспасөз тарихына арналған Т. Амандосов, С. Имашев, М. Фетисов, Б. Кенжебаев, Т. Қожакеев, Х. Бекхожин, С. Матвиенко, С. Қозыбаевтардың еңбектері де жарық көрді.

Тақырыптың деректік көзі. Қарастырылып отырған зерттеу жұмысының деректік көзі ретінде көптеген авторлардың, тарихшылардың, жаушылардың еңбектері, сонымен қатар, шығармалар, газет - журналдар, авторефераттар, монографиялық еңбектері алынды. Солардың бастыларына тоқталып кетсек, Қамбар Атабаевтың «Қазақ баспасөзі: Қазақстан тарихының дерек көзі» атты еңбегі, «Қоғам және дәуір» атты ғылыми - сараптамалық журнал, «Қазақстан тарихы» әдістемелік журналы т. б. ғылыми еңбектер дерек көзі етіліп алынды.

Мерзімді басылымдар мәліметтерін тарих дерегі ретінде зерттеумен, оларды белгілі бір дәрежеде талдаумен немесе сыннан өткізумен тарихшы - зерттеушілердің барлығы айналысады. Дегенмен, оларды нақты тарихи проблемаларды зерттеуші тарихшылар және мерзімді басылымдарды тарих дерегінің көзі ретінде зерттеушілер - деректанушылар деп бөлуге болады.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың алдына қояр негізгі мақсаты – қазақ баспасөзінің, дәлірек айтсақ, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзінің тарихи тұрғыдан сол кездегі басты - басты қарастырылған, негізгі көтерілген мәселелерін ашып көтеру, сонымен қатар қазақ халқының хал - жағдайын, өмірін, әдет - ғұрпы мен салт - дәстүрлерінің қырын ашу болып табылады.

Баспагерлер арасындағы қазақтың әдет - ғұрпы және рухани өмірі жағынан рухани сабақтастықты, тарихи үндестікті пайымдау. Осы кезеңдегі қазақ баспасөзінің тарихи қызметін анықтау. Міне, осы мақсатты жүзеге асыру үшін жұмыстың алдына мынадай нақты міндеттер қойылды:

- «Дала уалаяты газеті», «Қазақ», «Серке», «Айқап», «Түркістан уалаяты газеті», т. б. газет беттеріндегі негізгі мәселелер, олардың топтастырылуын анықтау;

- Осы кезеңдегі алғашқы қазақ баспасөзінің шығу тарихын, ондағы көтерілген басты мәселелерді саралап, жүйелеу;

- Қазақтың мерзімді баспасөзіндегі Қазақстанның әлеуметтік - экономикалық және рухани өмірін барынша айқындап, ашып көрсету;

- ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзінің негізгі атқарған міндетін айғақтау, көздеген мақсаты мен жасаған қызметін ашып көрсету.

Жұмыстың зерттеу әдістері. Жұмыстың негізгі әдіс - тәсілдері – баяндау, салыстыру, қажетті мәліметтерді саралау, ұғымдарды жинақтау, пікірлерді қорыту, ғылыми тұрғыда талдау. Сондай - ақ, тарихи талдау басшылыққа алынды. Сонымен бірге, жұмысты жазу барысында салыстырмалы - тарихи талдау, сыни талдау, бақылау, логикалық зерттеу әдістері кеңінен пайдаланылды.

Жұмыстың хронологиялық ауқымы. Жұмыстың хронологиялық ауқымы XIX ғасыр мен XX ғасырдың басы аралығындағы ауқымды қамтиды.

I. Қазақ баспасөзінің пайда болуы

XIX ғасырдың екінші жартысында пайда болып, XX ғасырда қоғам өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналған қазақ баспасөзінің тарихы «Түркістан уалаяты газетінен» бастау алары баршаға аян. 1870 жылы сәуірдің 28 - інде (ескі стиль бойынша) Ташкент қаласында жарық көрген бұл газет, тек қазақ тілінде емес, жалпы Ресей қоластындағы барша түркі халықтары тілінде шыққан алғашқы басылым болды [3, 28].

«Түркістан уалаяты газетінің» қазақ тілінде шыққан тұңғыш газет екендігін дәлелдеп, оны халқына жеткізген Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының бас библиографы Үшкөлтай Субханбердина екендігі. Ол өзінің 1961 жылы жарық көрген «Айқап бетіндегі мақалалар мен хат - хабарлар» деген еңбегінде: «Революциядан бұрын қазақ тілінде шыққан басылымдар «Түркістан уалаятының газетінен» басталады» – деген пікір айтты. 1962 жылы «Білім және еңбек» журналының 5 - ші санында жарияланған «Түркістан уалаятының газеті» деген мақаласында оқырмандарды осы газеттің шығу тарихымен, оның шығарушыларымен, газет бетінде 1870 - 1882 жылдар аралығында айтылған негізгі мәселелерімен, газет авторларымен таныстырды. [4, 4б]

XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың басындағы қазақ баспасөзі патша үкіметінің екіжүзді мақсатына қарамастан, Қазақстандағы мәдениеттің дамуына елеулі әсер етті. Патша үкіметінің заңдарын, жарлықтарын жариялап, оның реакцияшыл, отаршылдық саясатын уағыздай отырып, сонымен қатар бұл газеттер өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мәселелерін көтеруге мүдделі болды. Газет беттерінде мал шаруашылығы жайлы, мектептер, егіншілік туралы және сауда туралы жазылып тұрды, қазақ халқының тарихына, тіліне, ауыз әдебиетіне, этнографиясына, Қазақстанның археологиясы мен пайдалы кен байлықтарына арналған мақалалар басылып отырды.

Қазақ тіліндегі алғаш жарық көрген «Түркістан уалаятының газеті» де, «Дала уалаятының газеті» де біздер үшін де, келер ұрпақ үшін де, ең алдымен, қазақ тарихының өзіндік ерекшеліктері бар жазба деректері, әсіресе қазақ жерлерін Ресейдің отарлауы тарихының дерек көзі ретінде қымбат.

Кез - келген дерек сияқты, олар да нақты уақиғаның, қоғамдық құбылыстың негізінде, белгілі бір уақыт пен кеңістікте, белгілі бір әлеуметтік топтардың не таптардың сұранысына, қажеттігіне сай дүниеге келді. Сондықтан, олар алдымен өзін дүниеге әкелген уақыт пен ортаның жемісі ретінде өз бойында, сол уақыт кезеңін сақтайды, сол ортаны бейнелейді. Аталған басылымдардың тарихи дерек ретіндегі мұндай табиғи қасиеттері оларды тарих үшін, сол өздері пайда болған уақыты мен ортасы туралы объективті мәлімет көзіне айналдырды.

Сонымен қатар, зерттеушілер бұл газеттердің дерек ретіндегі субъективті сипатын да ескерулері керек. Өйткені, оларды да басқа деректер сияқты белгілі бір субъекттер, белгілі бір мақсатпен шығарып тұрды. Сондықтан, олар өз бойында, сол субъекттер туралы ақпараттар сақтаумен қатар, көптеген мәселелерді солардың, яғни өзін шығарушылардың мүддесіне сай бейнелейді.

Елімізде большевиктік диктатура толық орнағанға дейінгі кезеңде ана тілімізде шығып тұрған 14 - 15 газет - журналдар арасында ең ұзақ өмір сүргендері де осы екеуі болғандығы кездейсоқ емес. «Түркістан уалаятының газеті» 1870 - 1882 жылдар аралығында, «Дала уалаятының газеті» 1888 - 1902 жылдар аралығында шығып тұрған.

Сонымен, «Дала уалаятының газеті» де, «Түркістан уалаятының газеті» де пайда болуының және мерзімді басылым ретінде қалыптасуының ең басты объективті алғышарты қазақ жерін, қазақ елін отарлаудың одан әрі күшеюі болды.

«Түркістан уалаятының газетінің» қандай мақсатпен шығарылғандығы туралы Х. Бекхожин: «Газет патшаның отаршылдық саясатын күшейте түсу, Россияға жаңадан қосылған өлкенің жай - жапсарын, табиғат байлығын орыс буржуазиясының талабына орай зертеп білу мақсатымен шығарылды» [8, 28б] – десе, «Дала уалаятының газеті» туралы: «Бұл газетте патша үкіметінің отаршылдық саясатын күшейте түсу, оның бұйрық жарлықтарын, ресми көзқарастарын халық арасына кең таратып, бұқараның санасын уландыру мақсатымен шығарылды» - дейді. [9, 38 - 39б]

Қазақ ғалымдарының ресми басылымдарға байланысты айтқан бұл пікірлерінің шындықтан алыс емес екендігін, сол газеттерді шығарушылардың өздері де дәлелдейді. Мысалы, «Туркестанские ведомости» газетінің шығарылуына байланысты, сол газеттің бірінші санында жарияланған бас мақалада патша өкіметінің Түркістан өлкесін отарлаудағы мақсатын, алдарында тұрған міндеттерін еш бүкпесіз ашық айтқан. Газеттің тікелей Түркістан генерал - губернаторының ұйымдастыруымен және басшылығымен шыққандығын ескеріп, бұл бас мақаланы әкімшілік бағдарламасы ретінде және құнды тарихи дерек ретінде толық келтірейік: «Біздің пайымдауымызша, Түркістан өлкесінің қазіргі әкімшілігінің міндеті мынадай: орыс өкіметіне бағынған халықтарды екінші мәрте жеңу, бірақ оларды қара күшпен емес, ақылмен және рухани басымдықпен жеңіп шығу, орыстардың Орта Азияға әкелген қоғамдық және әкімшілік құрылымының жергілікті жұрт бұған дейін бірнеше ғасырлар бойы тікелей мойынсұнып келген құрылымнан әлдеқайда жоғары және жемісті екендігін сезінуге оларды мәжбүр ету. Бұл басымдылық түземдіктердің көз алдында жылдам және өздігінен айқындала салады деп күтіп отырмау керек. Ескі әдет - ғұрыптар өміршең, оларды түбегейлі жою үшін бірте - бірте әрекет жасау қажет, түземдіктерді жаңаша ұғымдарға, жаңа өмірдің жағдайларына тәрбиелеу керек...

Түркістан өлкесінің қазіргі әкімшілігі алдына қойып отырған басты және негізгі міндеті осы. Осы мақсатқа жету өте - мөте қажет. Өйтпеген жағдайда Түркістан өлкесіне орыс элементтерін енгізу - тек қара күшпен ғана жаулап алу дәрежесінде қалып қояды. Орта Азияны дәл солай бағындырып, арада біршама уақыт өткенде із - түзсіз жоғалып кеткендер де болған. Егер орыс халқының рухани орасан зор күш - қуаты жәрдемдеспесе, Орта Азияға орныға бастаған орыс элементі де жойылып кетуі мүмкін» [10, 188 - 189бб].

Қасиетті Түркістан жеріне мәңгіге орналасып, оның шексіз байлығын иеленудің бірден - бір сенімді жолы – жергілікті халықтарды рухани жеңу екендігін жақсы сезінген Түркістан өлкесінің алғашқы генерал - губернаторы өз мақсатына жету үшін өлкелік басылымның қажеттігін де жақсы түсінді. Сондықтан газет шығару ісімен тікелей өзі айналысқан.

Зерттеуші М. Жақыптың айтуынша, ол «1868 жылы патшалық Ресейдің сол кездегі астанасы Петерборға барған сапарында Түркістан генерал - губернаторлығының ресми үні - «Туркестанские ведомости» газетін шығарудың қамына кірісті. Түркістан өлкесінде жарыққа шығатын тұңғыш орыс отаршыл газеті «Туркестанские ведомости» деп аталды.

Ресей патшалығының әскери министрі, генерал - адъютант Д. А. Милютиннің баяндамасы бойынша, император II Александр Түркістан генерал - губернаторлығы өкіметінің газетін шығару жөніндегі шешімді тікелей өзі қарап бекіткен.

Патша шешімімен келешек газеттің редакторы генерал - губернаторлықтың құрамында болып, соның ғана нұсқауларын орындауға тиіс болған.

Генерал - губернатор К. П. Кауфманның таңдауымен 1869 жылғы 2 қараша күні «Туркестанские ведомости» газетінің редакторы болып штабс - капитан Н. А. Маев тағайындалып, 1869 жылғы қараша айында Петербургке жіберіледі. Ол астанадан Ташкентке 1870 жылы наурызда қайтып оралып, газет - қағазын, баспахана әріптерін әкеледі.

Осыған байланысты 1870 жылдың 1 наурызына шығаруға жоспарланған газеттің бірінші саны сәуірдің 28 - інде (10 мамырда) шықты [11, 65б].

«Түркістан уалаятының газеті» алғашында айына төрт рет, екі нөмірі қазақша, екі нөмірі өзбекше шығатын болған. Түркістан генерал - губернаторының пайымдауынша газеттің бағдары: «Үкімет пен әкімшіліктің Түркістан өлкесіне қатысы бар жарлықтарын тарату, өлкені жан - жақты танып білуге ыждағат қою, маңызды ғылыми мақалалар жариялау болады. Таза көркем шығармалар, повестер, романдар басылмайды. Пікірталас тұрғысындағы саяси мақалалар басылмайды. Ресейдің ішкі өмірінің саяси және әлеуметтік жағдайлары туралы материалдар оларың Түркістан өлкесіне қаншалықты қатысы бар екендігіне қарай жарияланады» [12] – деп көрсетілген.

Газеттің басты міндеті - басқарушы өкіметтің Түркістан өлкесіндегі органы болу, ал, мақсаты ұзақ жылдар бойы мұсылмандық пен азиялық деспотизм езгісінде болған елде азаматтық тәртіп орнату, жалпыхалықтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өркениеттілік пен жалпыадамзаттық идеяларды енгізу жолында жүргізіліп жатқан үкімет шаралары мен жергілікті әкімшілік бұйрықтарын әрбір адамның қабылдауына және көруіне мүмкіндік жасау. Яғни, басқаша айтсақ, әр түрлі әдемі сөздермен бүркемеленген мұндай мақсаттың мәні: жаңа билеушілердің жергілікті халықтарды діни сенімі мен қалыптасқан дәстүрлі басқару жүйесінен айыру жолында жүргізіліп отырған отаршылдық іс - әрекеттерді ақтау. Олардың халық мүддесі үшін жүргізіліп жатқандығына әрбір адамды сендіру.

«Туркестанские ведомости» газетінің екінші бір маңызды міндеті: «Түркістан өлкесінің Ресей үшін маңызы туралы барлық жат мақсаттардан таза, дұрыс көзқарас қалыптастыру. Өйткені, кейде шетелдік газеттерде орыстардың Орта Азиядағы іс - әрекеттері туралы шындыққа сай келмейтін бұрмаланған материалдар кездесіп қалады. Газеттің ең басты міндеті сол жалғандықтар мен бұрмалаушылықтарды дер кезінде әшкерелеу. Түркістан өлкесі туралы жазған орыс және шетелдік мерзімді басылымдарды, кітаптар мен кітапшаларды талдаудан өткізу - деп, келешек газетке, сол жылдары орыстың демократиялық басылымдарындағы және шетел баспасөзіндегі Ресейдің Түркістандағы отаршылдық саясатын айыптаған мақалаларға қарсы күресу міндетін де жүктеген.

Жергілікті жерге, оның табиғи - әлеуметтік ерекшеліктеріне қатысты материалдар газеттің үшінші бөлімінде жариялануға тиіс болған. Онда: «Газеттің үшінші бөлімінде Түркістан өлкесінің тарихы, географиясы, этнографиясы, статистикасы туралы ғылыми мақалалар мен заметкалар, атап айтқанда, Ішкі Азияның таулы аймақтарының орографиялық құрылымы, олардың геологиялық құрылысы, литологиялық ерекшеліктері туралы мақалалар жергілікті жердің аңы мен құсы туралы заметкалар. Орта Азияның, әсіресе, Түркістан өлкесінің көшпенді және отырықшы халықтарының этнографиялық ерекшеліктері туралы, археологиялық зерттеулер мен жаңалықтар, жергілікті ертегілер, аңыз - әңгімелер, өлкедегі түземдіктер мен орыстардың сауда және өнеркәсіп саласындағы қызметі, Ресейдің Орта Азиямен сауда қатынасы туралы мәліметтер метереологиялық бақылау, Ташкент және басқа да Түркістан өлкесіндегі қалалардағы қоғамдық өмірі туралы заметкалар, жергілікті маңызы бар әр - түрлі хабарлар, анықтамалар, хабарландырулар, жаңадан шыққан кітаптар, карталар және өлкеге қатысты жоспарлар туралы мазмұндалған библиографиялық еңбектер т. б. басылады».

Отарлаушылардың мүддесін көздеп, небары 200 - 250 таралыммен шығып тұрған газеттің қазақ халқына өлі ұйқысынан оянардай дәрежеде әсер етті деу шындыққа сай келмейді. Тіптен, әр түрлі фактілерді бір бірімен салыстырып қарау «Түркістан уалаяты газетінің» шығуын тоқтатқан соң, көп ұзамай мүлдем ұмыт болғандығын көрсетеді. Мысалы, М. Дулатов 1923 жылы «Баспасөз үмесі» деген мақаласында: «Мерзімді баспасөз бізде қашан туғаны белгілі.... Қазағы, қырғызы бар Қазақстан, Түркістанды қоса санағанда бұл күнге шейін шығып тоқтаған һәм шығып тұрған газет, журналдар мыналар: 1. «Дала уалаятының газеті». 2. «Серке»... - деп барлығы 42 басылымды атаған. Бұдан М. Дулатовтың қазақ тілінде шыққан тұңғыш газеттің «Дала уалаятының газеті» екендігіне еш күмән келтірмей, сеніммен айтқандығын көреміз. Қазақ баспасөзі тарихын зерттеуші Б. Кенжебаев: «Қазақ халқының тарихында тұңғыш рет XIX ғасырдың ақырынан бастап қазақша газет шықты.

Патша өкіметі тарапынан қазақ тілінде шығарылған келесі және соңғы ресми газет «Дала уалаятының газеті» болды. Ол Омбы қаласында, 1888 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін шығып тұрды. «Дала уалаятының газетінің» дүниеге келуі 1882 жылы құрамына Ақмола, Семей және Жетісу облыстары кірген, Дала генерал - губернаторлығының құрылуымен байланысты. Өйткені, баспасөз жөніндегі бас басқарма «Дала уалаятының газеті» жергілікті халықты үкімет бұйрықтарымен таныстырып отыру үшін шығарылып тұруға рұқсат етті.

«Дала уалаятының газетін» арнайы зерттеген ғалым ретінде Х. Бекхожин, оның мақсаты, бағыт - бағдары, көтерген мәселелері, газет қамтыған қоғам өмірінің салалары туралы: «Газета, согласно программы, состояла из двух отделов: официального и неофициального» деп айтқан.

Газеттің негізгі міндеттері жөнінде «Дала уалаятының газеті» 1894 жылғы бірінші санында мынадай құлақтандыру жарияланды: «Газеттің ресми емес бөлімінде:

1. Ресей империясындағы және оған қарайтын халықтардың арасындағы оқиғалар, әр түрлі жерлердегі шаруашылық бастамалары, сауда, өнеркәсіп орталықтары мен жәрмеңкелердегі жағдайлар, қазақ даласынан шығарылатын өнімдердің қалай сатылатыны туралы мағлұматтар;

2. Өлкенің географиясы, тарихы, этнографиясы, бұратана халықтың тайпалық және тілдік құрамы, көшпенділердің қоғамдық - рулық тірлігі, салт - дәстүрлер, аңыздар, ертегілер сияқты мақалалар;

3. Ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығына арналған мақалалар;

4. Халық мейрамдарының сипаты, халық арасындағы белгілі адамдардың өліміне арналған минақиптер (некролог) мен билер сотының, болыс съездерінің үкімдері, табиғат құбылыстары мен апаттар туралы материалдар жарық көреді».

«Дала уалаятының газетінің» редакторы ретінде әр кезде И. Козлов, К. Михайлов, Г. Абаза деген кісілер қол қойып отырған.

«Дала уалаятының газеті» авторларының қазақ тарихындағы алар орындары, олардың басым бөлігінің келешекте алаш ардагерлері ретінде жеке тұлғаларға айналуы, олардың кезінде «Дала уалаятының газеті» бетінде жарияланған еңбектерінің қазақ тарихының дерегі ретіндегі маңызын арттыратын фактор екендігі даусыз. Мысалы, газеттің белсенді авторлары: Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәкәрім Құдайбердиев, Әлихан Бөкейханов, Асылқожа Құрманбаев, Отыншы Әлжанов, Сәдуақас Шорманов, Мейрам Жанайдаров, Қорабай Жапанов, Барлыбек Сыртанов, Жақып Ақпаев, Жағыпар Айманов, Әміре Айтбақин т. б. өткен ғасыр соңындағы қазақ өмірін терең білетін, ол халықтың тек өзіне ғана тән ұлттық ерекшеліктерін, мүддесі мен мақсаттарын жан дүниесімен сезініп, газет бетінде айта білген адамдар екендігіне ешкімнің күмәні жоқ деп ойлағанымыз дұрыс.

Газеттің алдына қойылған негізгі мақсатына сай, патша үкіметінің жергілікті әкімшілік орындарының бұйрық - жарлықтары, нұсқаулары, т. б. ресми материалдары орысшадан қазақшаға аударылып басылса, жергілікті авторлардың мақалалары, аңыз - әңгімелер, әдеби нұсқалар, өлең - жырлар т. б. қазақшадан орыс тіліне аударылып басылған. Газетте сапалы аудармалармен қатар, аударма тәжірибесінің жоқтығы, сауатты аудармашылардың жетіспеуі, қазақ баспасөз ісінің енді ғана қалыптаса бастауы, жатық газет тілінің әлі қалыптаспауы, т. б. себептерге байланысты аудармаларда кемшіліктер жиі кездеседі. Мысалы, «Дала уалаятының газеті» 1891 жылғы 26 - шы санындағы «Военное министерство, в ведении которого находится народное управление Закаспийской области, предполагает устроить во многих местах области русско - туземные школы...» деген жолдар қазақша қазақша «Ғасқарина уәзіріне таиг Каспиа облысының ниеттері бар. Русиа һәм мұсылман тіліншече оқұлатұрған медресе ачбаққа...» деп аударылған.

Әрине, мұндай аудармадан бір нәрсе түсіну оңай емес. Сондықтан, «Дала уалаятының газеті» тарихи дерек ретінде пайдаланушылар нақты мақаланың түпнұсқасын аудармамен немесе аударманы түпнұсқамен салыстырып қарағаны дұрыс болады. Материалдың екі тілде бірдей қатар берілуі, ол тілдерді жақсы білетін қазіргі зерттеушілерге ондай жұмысты еш қиындықсыз іске асыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл бір тілде оқығанда бұлыңғыр көрінген ақпаратты, екінші тілде оқу арқылы айқындай түсуге көмектеседі...

Дала уалаятындағы әкімшілік биліктің негізі туралы айтылған бұл циркулярлық нұсқаудың қазақ тіліне аударылып газетке басылмағаны анық. Ал оның қазақ аласындағы XIX ғасырдың аяғындағы басқару жүйесінің іргетасы болыстықтың қандай жолмен сайланатындығын көрсететін құнды тарихи дерек екендігі даусыз.

Жалпы газет қазақ баспасөзін шығарудың, таратудың, журналистік шеберлікті қалыптастырудың өткен ғасыр соңындағы өзіндік мектебі болды деп айтуға болады. Оның беттерінде Абайдан бастап, XIX ғасырдың аяғындағы ұлтымыздың белгілі азаматтарының шығармалары, хаттары, мақалалары басылып тұрды. Оларда бұдан бір ғасыр бұрынғы қазақтардың қоғамдық, саяси өмірі, таптық - әлеуметтік жағдайы, экономикасы, шаруашылығы, мәдениеті т. б. туралы мол мәліметтер берілген. Бүгінгі күні, әсіресе келешекте, бұл мәліметтердің XIX ғасыр соңындағы халқымыз тарихын зерттеуде баға жетпес дерек көзі міндетін атқарары даусыз.

«Түркістан уалаяты» газеті оқу - ағарту және әдебиет мәселелеріне едәуір орын беріп отырды. Ол қазақ жастарының гимназияда, орыс - қазақ мектептерінде оқи бастағанын құптайды. Әрине, алдымен дәулеттілердің балалары оқитыны сөз болады. Жастардың оқуға деген құштарлығын қуаттай отырып, орысша оқып білім алған қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметі туралы өнеге ретінде арналған мақала жариялады. [16, б. 145]

Орыстың мерзімді баспасөзінің әсерімен алғашқы қазақ газетінде заметка, корреспонденция, мақала, фельетон мен очерк сияқты жанрлар туа бастады.

«Ғылыми хабарлар» рубрикасымен сол кездегі ғылым мен техника табыстары жайында түсінік, сондай - ақ жаратылыс жөніндегі ғылыми тақырыптарда мақалалар, ветеринария және зоотехника мәселелері жайында консультациялар жариялауының қандай маңызы болғаны өзінен - өзі түсінікті. Бұлардың бәрі көшпелі халықтың дүниетанымына игі әсер еткені сөзсіз.

II. Баспасөз беттеріндегі Қазақстан тарихы бойынша мәселелер.

2. 1 Қазақстан тарихы мәселелерінің ұлттық басылымдардағы көрінісі

Бұл тарауда ХХ ғ. 20 - 30 жж. қазақ мерзімді басылымдарында ежелгі және ортағасырлық Қазақстан тарихының мәселелері, патшалық Ресейдің отарлау кезеңі, 1916 ж. ұлт - азаттық көтеріліс пен 1917 ж. қос төңкеріске, этнографиялық мәселелерге арналып жарық көрген материалдар мұрағат, ғылыми еңбектермен салыстырмалы түрде талданды.

Қазақ тарихын жазу мәселесі ХХ ғ. 20 жж. бірнеше рет мерзімді басылымдарда ашық түрде көтеріліп, қазақ зиялылары халықтың ұмыт болып бара жатқан тарихын, келешек ұрпаққа жазып қалдыруға шақырған еді. М. Дулатов, Е. Омаров, Қ. Кемеңгеров, Ж. Аймауытов, М. Әуезов және т. б. мерзімді баспасөз беттеріне нақты құжаттарға сүйенбесе де, бұрынғы жазылған ғылыми еңбектерді қолдана отырып, қазақтың шығу тегінен бастап хандық құрған кезең, қазақ этнографиясы, көне ескерткіштері, қазақтың әлеуметтік - экономикалық жағдайы жөніндегі қазақ тарихына қатысты ғылыми мақалаларын жариялап отырған. М. Дулатовтың «Қызыл Қазақстан» журналына шыққан «Қазақ - қырғыз тарихы туралы», «Қазақ - қырғыздың аты, тегі туралы» мақалаларын, Ж. Аймауытовтың «Жаңа әдебиет» журналына жарияланған «Әзірет Сұлтан», Е. Омаровтың «Қазақ календарына» жарияланған «Қазақ тарихынан» және тағы басқа тарихи мәселелерге арналған ірілі - ұсақты мақалалары дерек көзі ретінде аса құнды болып табылады.

Қазақтардың шығу тегі туралы мәселенің аса маңызды екендігін, оны жан - жақты зерттеу қажеттігін М. Дулатов «Қазақ тілі» газетіне жариялаған «Қазақ - қырғыз тарихы туралы» мақаласында (өтініш хаты) айқын көрсетіп берді. Шежірені ата - бабадан қалған асыл мұра ретінде бағалап, қазақ тарихы үшін ғылыми маңыздылығын көрсете отырып, алайда шежіре жазу барысында кейбір қателіктердің кететінін, осының нәтижесінде халық арасында шығу тегінде шатасушылық туындайтынын баса көрсетті. Ол «Қызыл Қазақстан» журналына басылған келесі «Қазақ - қырғыздың аты, тегі туралы» мақаласында қазақ халқының шығу тегіне, «қазақ», «алаш», «үш жүз» деген этнонимдерге тоқталып, бұл турада жазылған тарихи кітаптарды оқып, сыннан өткізуді ұсынды. Қазақ халқының ата - тегінің түп - төркінін айқындауда жазылған барлық шежірелерге аса назар аударып, ғылыми тұрғыда анықтауды, сонымен қатар шетел зерттеушілерінің ғылыми зерттеулеріне жүгінуге болатындығын, алайда оларды «қазақ, қырғыз халықтары жайлы жете біледі немесе зерттеді деуге болмайтындығын» ескертеді. Ол қате зерттеулердің арқасында қазақтар ұзақ уақыт бойы «қырғыз», ал нақты қырғыздар «қара қырғыз» немесе «тағы қырғыз» атанып, қытайлар оларды «юрвут» деп жүргендігін, қазақтың өзін қырғыз емес, бұрыннан қазақ санап, ал қырғыз өзін қырғыз деп келгендігін, қазақ пен қырғыздың арғы тегі бір болғанымен, екі атаның баласы, біріне - бірі туыс, жақын түркінің екі руы екендігін растаған. Қазақ халқын «беріде ғана құрылған құрама» деген орыс тарихшыларының пікіріне қарсы шықты. Қазақтың Алтын Ордадан бөлініп шығып, қазақ атанғанына толық сенетіндігін білдіре отырып, «Алтын Орда» аталуының да себептеріне, Жошы ұлысына, қазақтың үш жүзге бөліну үрдісіне, «Алаш» атауына, қазақ хандығына және олардың хандары жайында толымды мәліметтер берді. [27, 161б]

Қазақ зиялысы Е. Омаров «Қазақ календары» журналына жариялаған «Қазақ тарихынан» деп аталған көлемді мақаласында қытай жылнамаларына сүйене қазақ халқының шығу тегінен бастап, хандық құрып, жеке мемлекет болғанға дейінгі тарихына тоқталып, бұған өзіндік тұжырым жасады. Ол қазақ жерінде ежелден өмір сүріп келе жатқан ғұн тайпалары Қаңлы, Үйсін, Оғыз мемлекеттері туралы құнды мәліметтер келтірді. Сонымен бірге ХІІІ ғасыр басында Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алған моңғол ханы Шыңғыс хан билігі кезіндегі Қазақстанда мекендеген тайпалар жөнінде де аса маңызды мағлұматтар келтірді.

XV - XVIII ғғ. қазақ хандығы тұсындағы саяси оқиғалар мен әлеуметтік жағдай мәселесіне, қазақтың Жәнібек, Керей, Қасым, Есім, Жәңгір, Тәуке және тағы басқа хандарының тұсындағы қазақтардың саяси, әлеуметтік жағдайларына нақты болмаса да тоқталып, Қасым, Есім, Әз Тәуке хандары тұсында жазылған қазақ заңдары біртектілікті, елдің тұтастығын көксегеннен туындаған деп пайымдады. «Ақтабан шұбырынды» атанған кезеңдегі, Ресей патшалығының отаршылдығы тұсындағы қазақ халқының ұлт - азаттық күресінің шығуының себептерін ашты [28, 20 - 22б].

Түркі халықтарының шыққан тегін М. Тынышбаев та «Сана» журналына жариялаған «Түркі - моңғол тарихы» атты мақаласында ашып бермекке талпынды. Ол түркі - моңғол тарихын ең ескі заманнан бастап, 1456 жылға дейін (өзбек пен қазақ - қырғыз айырылған жыл), ал екіншісі, 1454 жылдан бері қарай, қазақ - қырғыз бөлініп шыққан жылдардан кейінгі уақыт деп екіге бөліп қарастыруды ұсынған. Ғұн, үйсін, сақ, қаңлы, жұжан, қырғыз, сәнбі сияқты тайпалар туралы, қазақ халқының шығу тегін (генезисін), түркі тайпасының қырғыз, үйсін болып бөлінуінің себептері, ғұндардың шапқыншылығын, оғыз мемлекетінің құрылымын бірнеше деректерге сүйене келтіреді және бижнек, болғар, мажар, башқұрт, қыпшақ жұрттары туралы да мағлұматтар берді. «Сана» журналына жарияланған «Мырза Едіге батыр» атты көлемді мақаласында тарихта кездесетін 9 Едіге батырға тоқталып, оның қайсысы нағыз тарихи тұлға екендігін ажыратып беруге тырысты [29, 560б].

Қазақ даласында көшіп - қонып жүрген тайпалар мен хандықтары туралы Ә. Әйтиев «Қызыл Қазақстан» журналына жарияланған мақаласында жан - жақты ашып берді. Автор Орта Азияны аралап, зерттеген венгр түріктанушысы, этнограф, саяхатшысы Арминий (Герман) Вамберидің зерттеуіне сүйене отырып, қазақ даласындағы тайпалармен көршілес қызылбас, иунан, моңғол сияқты елдердің үнемі айбар көрсетіп тұрған. Ыстықкөлге жақын жерде Чигучен деген астанасының болып, көп әскер ұстаған үйсін тайпасы туралы құнды мәліметтер келтірді. Шыңғыс хан мен Ақсақ Темір тұсындағы текетірес тартыстар, қазақ хандығының құрылуы, Тәуке хан, жоңғар шапқыншылығы және т. б. оқиғалар жайына тоқталды [30, 128б].

М. Дулатов «Еңбекші қазақ» газетіне (1926, №275) Қожа Ахмет Яссауи мешітінің салынғанына 530 жыл толуына орай «Әзірет сұлтан мешіті» атты көлемді мақаласын жариялап, газет оқырмандарын қысқаша түрде осы мешіттің салыну тарихымен таныстырмақ болды. Қазақ зиялыларының бірі Ж. Аймауытов та 1929 ж. «Жаңа әдебиет» журналының 1 санына жарияланған «Әзірет Сұлтан» атты көлемді мақаласында Қожа Ахмет Яссауидің неліктен Әзірет Сұлтан аталуының мәнісін бірнеше ғылыми зерттеулерге сүйене айқындады.

Тарихи тұлғалар, оның ішінде батырлар жайлы М. Әуезов 1925 ж. «Таң» журналына жарияланған «Қобыланды батыр» атты да мақаласында Қобыландының ел қиялындағы ұлы батырлығын ел аузынан жинаған әңгіме - жырлар арқылы беруге тырысып, оның аңыз, әңгіме, ертегіде ғана емес, шын адам болғандығын және оның жатқан жерін мұрағат құжаттарына сүйене отырып дәлелдеуге тырысты.

20 - 30 жж. ғасыр басында қалыптасқан қазақ зиялылары мерзімді басылымдар арқылы да қазақтың өткен - кеткен тарихы туралы мәселелерді көтеріп, орыстың Географиялық қоғамы арқылы белгілі бір тақырыптарда арнайы зерттеулер жүргізіле бастады. Қазақ тарихына қызығушылар қазақ хандары мен патша үкіметі билігі тұсындағы тарихи оқиғалар жөнінде, атап айтсақ жоңғар шапқыншылығы тұсындағы Қазақстан, Орта Азия халықтарымен байланыс барысы, одан кейінгі ХІХ ғасырдағы ұлт - азаттық қозғалыс мәселесі жөнінде танымдық - тарихи еңбектер жазды. 1923 ж. «Қызыл Қазақстан» журналының бірнеше нөмірлеріне жариялаған «Қазақ жер мәселесінің тарихынан» атты ғылыми зерттеуінде Телжан Шонанов қазақтың 1732 жылдан бастап орысқа бағына бастағандығын, сол жылдардан патша үкіметі қазақ жеріне қол салғандығын айта келе, қазақ жерін отарға айналдырудың екі дәуірін көрсетіп, қазақ халқының Ресей патшасының бодандығына кіруінің себептерін де ажыратып берді. Қазақ жері Ресей үшін колония болғандығын, бұдан былайғы тарихын «колония тарихы» деп бағалады. Отарлық езгіге қарсы Кенесары, Жанқожа және т. б. қазақтың азаматтары басшылық жасаған ұлт - азаттық көтеріліс барысына тоқтала келе, жалпы Қазақстанда Кіші жүздегі мықты көтеріліске 1869 - 72 жылдары болған көтерілісті жатқызады. [31, 80 - 84б].

Қазақ елінің Қазан революциясына дейінгі әлеуметтік тұрмысын зерттеуде Т. Рысқұловтың «Еңбекші қазақ» (1926, №543) газетіне жариялаған көлемді мақаласын келтіруге болады. Автор мақаласында патшалық Ресейдің қол астына кіргенге дейінгі жылдарда (1730 ж.) қазақ халқы рулық дәуірде өмір сүріп, мал бағып, көшіп - қонып, жау жауласа ру болып жаулап, ру болып кек алып, ру болып ас беріп, той қылғандығын, Ұлы, Орта, Кіші жүздерге бөліну сол кездерден бастап айқындала бастағандығын айта келе, руды ақсақалдар, билер, батырлар билеп, біршама уақыт өткеннен кейін мүлік теңсіздігінен бай, жарлы болып, ру басындағылар қолдарына түскен олжаны, малды өз жақындарына, туыстарына бөліп бергендігін, бұдан қазақ «ақсүйек», «қара бұқараға» бөлініп, ақсүйектерден хандар, сұлтан, қожалар пайда болу кезеңдерін нақтылап берді.

«Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған Қ. Жұмалиевтың Исатай мен Махамбет көтерілісі мен Махамбеттің поэзиясына қатысты көлемді, тарихи маңызы зор мақаласында бұл көтерілісті ХІХ ғасырдағы көтерілістердің ішіндегі ең күшті де, ең маңызды санатына қосты. Ол «Исатай мен Кенесарының соңынан қарапайым халық толықтай ерді» деген пікірге қосылмай, «халық Кенесарының қаталдығынан ерді» деген тұжырым жасап, нақты мысалдармен дәлелдемекке талпынды [32, 42 - 54б].

ХІХ ғ. 30 - 40 - шы жылдары Бүкіл Қазақстан территориясын қамтыған Кеңесары көтерілісінің маңыздылығын Жақан Сыздықұлы «Еңбекші қазақта» жарияланған «Кенесары» (1926, № 219) деп аталатын мақаласында айқындады. Автор Кенесарыны «қазақ ұлтының басшысы», «халықты бірлікке шақырушы», патша саясатына қарсы шыққан ірі тұлға ретінде көрсетті.

Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу