Қазақ ою - өрнегінің даму тарихы
«Екібастұз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің
№28 Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп»
Мемлекеттік мекеме
Бағыты: Өнертану
Секция: Этномәдениеттану
Тақырыбы: Қазақтың ою-өрнектері
Авторы:
Саясат Үнзулан
Павлодар облысы
№28 Абай атындағы
жалпы орта білім
беретін мектеп
3 «А» сыныбы
Жетекші:
Арынова Г.С.
Бастауыш сынып мұғалімі
Басталу мерзімі: 2010 жыл
Екібастұз қаласы
Мазмұны
Аннотация 3
Кіріспе 4
Қазақ ою-өрнегінің даму тарихы 5
Ою-өрнек түрлері 10 Ою-өрнектің мән-мағынасы 12
Қорытынды 16
Қолданылған әдебиеттер 17
Аннотация
Қазақ халқының ою-өрнек өнерін зерттеудің басты мақсаты:
Ата-бабамыз қалдырған ою-өрнектердің даму тарихын, ежелгі нұсқаларын, оюлардың түрлерін, еліміздің мәдени шежіресін зерттеп, әрі қарай жалғастырсам деймін.
Болжамы:
Халқымыздың ұмытылмас таңбасын, ата-бабамыз қалдырған асыл мұраның маңыздылығын түсіну.
Зерттеу бағыттары: ою-өрнектің даму тарихын, ежелгі нұсқаларын, оюлардың түлерін, еліміздің мәдени шежіресін зерттеу.
Тәжірибенің әдістемесі: ақпарат іздеу, әдебиеттерді қарастырып, керекті мәліметтер іздестіру, ою-өрнектердің жасалу жолын білу үшін мұражайға бару, олардың жасалуын бақылап, қиып алу, жапсыру, тігу, ойып алуын үйрену.
Зерттеудің жаңалығы мен өздігінен істеу дәрежесі: қазақтың ою-өрнектерін зерттеп, олардың қолданылуын бақылау, оның мән-мағынасының маңыздылығына көз жеткізу.
Жұмыстың нәтижесі: зерттеу жұмысының нәтижесінде ою-өрнектердің қолданылу аясын анықтап, ата-бабамыздың ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырған ою-өрнектердің маңыздылығын түсіну
Қорытынды: қазақтың ою-өрнектері сонау ғасырдан жеткен жай таңба емес, бұл халқымыздың оюмен жазылған шежіре-тарихы. Ою-өрнек көнермейтін, заман ағымына қарай өзгеріп, жаңарып отыратын қолөнер туындысы.
Кіріспе
Ою ойғанның ойы ұшқыр
Халық даналығы
Қазақ ою-өрнегі-ғасырлар бойы дамып келе жатқан өнер туындысы. Халқымыздың қай қолөнер саласын алсақ та, ою-өрнектер өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, белгілі бір тәртіппен орналасқанын көреміз. Оюлардың ежелден келе жатқан нұсқаларында элементтер құстың, гүлдің , жануарлардың түрін тұспалдап тұратыны белгілі. Күні бүгінге дейін ұлтпен бірге жасап келе жатқан ою-өрнектердің мән-мағынасын, түрлерін, олардың атауларын бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Міне, сондықтан жас ұрпақтың есінде жүрсін деп, мен қазақтың ою-өрнегін ғылыми жұмыс етіп алдым.
Ою дегеніміз-өрнектің бір түрі. Қазақтың ою және өрнек деген қос сөзі біріге келіп, латынша орнамент деген ұғымды білдіреді. Оның мағынасы сәндеу, әсемдеу, дегенді білдіреді. Осы сәндеу, әсемдеудің бір түрі, яғни хайуанат, жан-жануар және өсімдік белгілері мен мүшелері. Геометриялық фигуралар іспеттес элементтердің үнемі ырғақты қайталанып, симметриялы орналасқан өрісі мен құрылымын ою деп атаймыз. Ою белгілі бір затты ою (тас, темір, ағаш), кесу (ағаш, сүйек), тілу (былғары, тері), қию (қағаз, мата) тәсілдері арқылы жүзеге асады. Ойылған, кесілген, тілінген, қиылған оюды екінші бір затқа кіріктіріп, жымдастырып, жапсырып, желімдеп әшекейлейді. Ою күнделікті тұрмыста үй жиһаздары- сырмақ, текемет, көрпеше, сандық, кебеже, жүкаяқ беттерін, киім-кешектерді, қабырғаларды т.б. безендіруде қолданылады.
Бұл ғылыми негізгі жобаның негізгі мақсаты -ою-өрнектердің түрлерін анықтай отырып, тарихын білу, өю-өрнектердің атауларын анықтау, өмірде пайдаланылуы туралы мағлұмат беріп, ұсыныстар жасау.
Қазақтың ою-өрнегінің даму тарихы
Қазақтың ою-өрнегінің өзіне тән даму жолы мен тарихы бар. Ол тарих сонау көне замандардан, сақ, андронов мәдениетінен басталады. Тарихи-ғылыми деректерге жүгінсек, қазақ халқының ою-өрнек өнері ежелгі замандардан бастау алып, қазақ жерін мекен еткен көшпелі тайпалар өнерінің ықпал әсерімен сан ғасырлар бойы қалыптасып, өзіне тән белгілі бір жүйеге келгенінен білеміз. Бұған дәлел қазақтың алғашқы ою-өрнек үлгілерінен андронов, сақ, ғұн, үйсін мәдени мұралары.
Ою сонау заманнан ұрпақтан ұрпаққа ауысып бүгінге жеткен. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, бұл өнер бізге ежелгі көшпенділерден жеткен. Бұған дәлел Андронов мәдениетінде сазбалшықтан өрнектеліп жасалған құмыра.
Ежелгі ғалымдар Геродот, Страбондардың айтуынша, сақтар мен массагеттер киімдерінің өзіндік бір ерекшелктері болған. Тақияның немесе бөріктің төбесі үшкір болып келеді, сонау ерте заманның етікті былғарыдан, ал сырт киімдеріне ою-өрнектің орнына аңның, құстың шынайы бейнелерін салдырған, жылтырауық бастырмалар таққан. Геродоттың жазуы бойынша, сақтар найзаларының, садақтарының ұшын, қылыштарын, бас киімдері мен жалпақ белбеулерін алтын мен мыстан жасаған.
Қазба жұмыстары кезінде сақ қорғандарынан алтыннан, қоладан, ағаштан, теріден жасалған қолөнер туындылары мен зергерлік бұйымдарда, яғни ежелгі қолөнер ескерткіштерінің барлығында дерлік ою-өрнек бейнеленген. Көне дәуірдегі шеберлер аңның қиялдағы немесе шынайы бейнелерінен сан түрлі мүсін жасаған. Жан-жануарлар мен аңдар, құстар бейнеленген мүсіндерді не қолөнер туындыларын скифтердің «аң стиліне» жатқызуға болады. Оған мысал ретінде Грифонды (мифтік ұғымдағы құстар) алуға болады.
Сақтар негізінен киіз үйде тұрған, әдетте қоныс тепкен жерлерін айналдыра қоршап, саз балшықтан айналдыра дуалдар тұрғызған. Олар жерлеу рәсіміне байлданысты киіз үйге ұқсастырып қорғандар тұрғызған. Қорғанның биіктігі 10 метрге жуық, ал ені 150метрдей жерді алып жатыр.Сақтар киізден жасалған үйлері мен биік қорғандарын көшпелілерге тән өзіндік үлгідегі сәулет өнері деп айтуға болады.
Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың өздеріне тән керамикасы мен қолөнері болған.Олардың ою-өрнекпен әшекейленген құмыра ыдыстары ерекше көз тартады.
Көшпенділерді қоршаған табиғи орта, мал өсіру, диқаншылық кәсібі, сондай-ақ көктемнің алғашқы күндерінен бастап гүлдейтін бәйшешектер, қызғалдақтар мен қазақтың кең даласында өсетін мыңдаған өсімдік түрлері бейнелеу өнерінде шеберлердің дүниетанымын байытты. Ғасырлар бойы табиғат қас шеберлерге небір тамаша туындылар сыйлады. Көктемнің алғашқы күндерінде жерден жаңадан бүршік атып шыққан өсімдік-жаңа өмірдің басталуын білдіреді. Көктемде түркі халықтарының бәрі тойлайтын Наурыз мейрамында жаңа шыққан бидайдан тағам пісіріліп, дастарханға қою дәстүрге айналған, сол сияқты бидайдың пішіні бейнелеу өнерінде көрініс тапты.
Орта ғасырдың ең құнды туындысы ХІ-ХІІ ғасырда Тараз қаласының маңында тұрғызылған Айша-бибі кесенесі. Бұл сол дәуірдің сәулет өнеріндегі ең үздік өнер туындысы. Басқа күмбездерге қарағанда Айша-бибі ескерткішінің бейнелеу ерекшелігі барлық қабырғалары мен мұнаралары геометриялық, өсімдік және аралас өрнекті кірпіштермен қаланған. Қабырға кірпіштерінде кездесетін ою элементтерінің құрамында «тоғызтөбе», «гүл», «жапырақ», «қошқармүйіз», «төртқұлақ» ою-өрнектерінің нұсқалары көрініс тапқан. Ою-өрнектерді тұңғыш зерттеген ғалым Төлеутай Бәсенов: «Айша-бибі кесенесін құрайтын алпыс түрлі ою-өрнек біздің тарихымызда ерекше орын алады»,- дей келе, сол алпыс түрлі ою элементтері Айша-бибі кесенесінде ғана толық кездеседі»,-дейді.
Садық Қасиманов пен сәулетші Төлеутай Бәсеновтің ою-өрнектер туралы жазылған ғылыми еңбектері бұл өнер түрін өз тарихы, даму жолы, заңдылықтары бар тұтас сала ретінде қарастырды.Осы салаға бүгінгі таңда үлес қосып жүрген білікті шебер, суретші Сапар Төленбаев.Ол тұңғыш рет екі мыңнан астам қазақ оюларының сабақтас түрін жасап, өндіріс орындарына енгізді.
Қазір егемендік елдің қолөнер туындылары басқа қырынан жаңа көрініс тапты, ол жаңа түрге, жаңа мазмұнға ие болуда.
Ою-өрнек өнерінің маңызы бүгінгі таңда арта түсуде.
Ою-өрнек түрлері
Бүгінге дейін түбегейлі жүйеленген жоқ. Ғылымда ою-өрнекті зооморфтық (хайуанаттық), көгөріс (өсімдік), геометриялық деп үш топқа бөлу немесе бұған космогониялық, астральдық, ғарыштық деп төртінші топты қосу жүйесі бар. Келесі бір ғалымдар тобы барлық ою-өрнек түрлерін физикоморфтық және биоморфтық деп екі ғана топқа бөліп қарастырады.
Қазақ ою-өрнегіндегі негізгі элемент- «Қошқармүйіз» немесе «Мүйіз».
Бұл өрнек ежелгі түркі тайпаларының барлығында негізгі мәнер ретінде кездеседі.
Қошқардың екі мүйізін бейнелеген жеке оюлар, бірте-бірте малдың немесе аңның төбесін, құлағын, тұмысығын елестетеді, бұлар қошқар мен маралдың мүйізі тәрізді оюлар. Мүйіз тектес оюлардың барлығын қосып, «мүйізоюы» деп атауға да болады. Олар: «қошқармүйіз», «арқармүйіз», «аймүйіз», «сыңармүйіз», «қырықмүйіз», «маралмүйіз», «көркеммүйіз», «сынықмүйіз» т.б.с.с. Бұл өрнектердің негізгі элементі мүйіз тәрізді болып келсе де, бейнелеу мәнеріне қарай, күрделене түсіп, әр қилы мазмұнда әр түрлі көріністі білдіреді.
Бәрімізге белгілі бүгінгі күнге дейін ою-өрнектің 230-дай атауы бар. Олардың ішіндегі ең көп тараған және талай ою-өрнектің негізі болған элемент «мүйіз» тектес ою-өрнек, басқа ою-өрнектердің дені осы оюдың негізінде жасалып, тек атаулары өзгеріп отырған. Ал 230-дай ою-өрнек қазақтың ұлттық төл атауларына ие.
Оюдың мән-мағынасы
Ою-өрнек өнері-қазақ халқының ауыз әдебиеті секілді мәдени шежіре. Мақсат, болашақ ұрпақтарымызға ұмыт болып бара жатқан осы өнерді таныстырып қана қоймай, оны қолөнер, сурет, сәулет өнері және өндіріс салаларына ендіре отырып осы өнерді қайта жаңғырту.
Оюдың өзіндік мән-мағыналары ерекше болады.
Оюдың әрбір элементінде, көркем өрісі мен құрылымында терең мағына, үлкен мән бар. Оларды қалай болса солай қиюластыра салғаннан тамаша ою шықпайды. Әр ою композициясы белгілі бір мақсатқа, мағына, мазмұнға құрылады. Қыздардың киіміне салынатын ою бір басқа да, жігіттер шапанының жиегін көркемдейтін ою одан өзгеше. Ұзатылған қызға арналып басылған текемет пен сырылған сырмақ, тігілген көрпе түрлері, олардың бояулары да өзгеше болып келеді.
Мысалы: қыс киіміне салынатын ою басқа, ер баланың шапанының жиегін көркемдейтін ою бір бөлек болады.
Қошқармүйіз элементінен құралған төртқұлақ оюы текемет, сырмақ ортасын, сандық, кебеже, жүкаяқ беттерін, батырлар сауытының жотасын, қалқандарының сыртын, кейде шалбардың тізе тұсын әсемдеуге қоданылады.
Енді ою-өрнектің түрлері мен олардың мағыналарын түсіндіріп өтсек дейміз.
«Қошқармүйіз» өрнегінің мағынасы туған жер төсін толтырған отар-отар қой деген халықтың арман тілегін, молшылықты білдіреді. «Қошқармүйіз» -ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қойдың құлағын долбарлайтын тағы бір шолақ мүйіз тәрізді екі буын шығып тұрады. Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық пішіні аңғарылады. Текеметте, сырмақта, басқұрда, алашада, кілемде, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдардың барлық түрінде кездеседі. Киізден жасалған бұйымдарда бұл ою түсті шүберектермен ойылып, құрақ, яғни аппликациялық өрнек түрінде де тігіледі.
«Сыңармүйіз»- «қосмүйіз», «қошқармүйіз»- оюдың тек бір жақ сыңарын ғана бейнелейтін өрнек түрі. Әдетте, «сыңармүйіз оюы үй жиһаздары мен тұрмыстық заттарға, сондай-ақ киім кешек, қару-жарақ т.б. бетіне салынатын ою-өрнектің бәрінде кездеседі. Және текеметті, сырмақты әшекейлейтін, олардың жиегіне жүргізілетін өрнектің бір түрі.
«Қырықмүйіз» ою-өрнегі- бір-біріне жалғаса, тармақтала қосылған, көп мүйізден құралған ою-өрнектің бір түрі. Ол көбінесе дөңгелек не төртбұрыш ішінде бейнеленеді, кейде ағаш бұтағы тәрізді тармақталып, жайылып бейнеленеді. Бір-бірімен қосылға бірнеше тармақты көпмүйізді оюлардан құралады. Негізінен, «қошқармүйіз» ою-өрнегінің символдық мәні бақыт-береке, байлық, мал жанының көбеюі. Тұскиіз, тон, кежім, сырмақ, текемет, сәулет өнерінде молырақ кездеседі.
«Сынықмүйіз»-морт сынған тіктөртбұрыш жасап, төрт рет ішке қарай иіледі. Бұл ою-өрнек кілемдерді, шилерді, басқұр мен алашаларды , сондай-ақ әр түрлі бұйымдарды безендіру үшін пайдаланылады, ал сырт көрінісі малдың сынған мүйізіне ұқсайды.
«Төртқұлақ»- ою-өрнегінің төрт тармағы зооморфты немесе өсімдік оюларынан құралған, ортасы крест бейнесін жасайды. Бұл өрнек ең көне оюларға жатады. Бұл оюлар, кебежеге, жүкаяққа, аяққапқа, батырлар шапанының жауырынына, шалбардың тізе тұсына салынады.
«Үшқұлақ», «үшжапырақ»- ою-өрнектері барлық қолөнерге тән үш мүйізді, үш тармақты болып бейнеленеді.
«Түйемойын»-ою-өрнегі түйенің мойнына ұқсап, тармақталатын мүйіз оюы.
«Су өрнегі»-деп әрбір өрнекті бөліп тұрған жолақты айтады. Су өрнегі екі қатар сызық аралығында ирек сызық жасай отырып, дөңгелек, төртбұрыш, бейнелер жасайды. Су өрнегін «бессаусақ», кейде «бесгүл» деп те атайды.
«Қосалқа» ою-өрнегі әшекейлі тізілген мойынға салатын моншаққа ұқсас болып келеді. Қазақ оюларының ішіндегі ең көп тарағаны оюдың түрі. Ою-өрнек алқаның, сырғаның, жүзіктің көзіне салынып, көбінесе зергерлік бұйымдарда пайдаланылады.
«Табақ» ою-өрнегі деп айналасында «су» өрнегін жүргізе отырып, ішіне күрделі оюлар салып өрнектеу тәсілін айтады. Мұндай оюлардың құрамында гүл, шырмауық, миа шөптері бейнеленеді. Олар тұскиізді, аяққапты, дөңгелек үстелді өрнектеуде кездеседі.
«Сұңқармүйіз» оюы қонақжайлылықты білдіреді.
«Қосмүйіз» оюы өмірде жұбы жазылмасын дегенді ұқтырады.
Қазақ қолөнерінде қолданылатын түстердің символдық мәні бар: көк түс- аспанның, қызыл түс- оттың, күн көзінің, ақ түс- жастықтың, көктемнің символы.
Қорытынды
Бұл ғылыми жобадан кейін мынадай қорытындыға келдім. Ою-өрнек ескірмейді, ол заман ағымына қарай өз дәуіріне сай өзгеріп, жаңарып, жаңа туынды ретінде өмір сүреді. Қазақ ою-өрнегінің басты ерекшелігі-шеберлер оны қанша түрлендіріп пайдаланса да, бастапқы ұлттық нақышын, мәнерін сақтап қалатынын атап айтқан жөн.
Бүгінгі таңда көркейген жаңа мазмұнға ие болған, өмірімізден өзінің лайықты орнын алған бұл өнер саласын өткеннің ескерткіші ғана емес, күнделікті тұрмыс тіршілігіміздің ажарын ашатын рухани құндылық ретінде қарауымыз керек. Ол сонау ғасырлар қойнауынан жеткен жай таңба белгі емес, бұл халқымыздың оюмен жазылған шежіре-тарихы. Ендігі міндет сол тарихты, өнердің өрісін кеңейту. «Өнерлі өрге жүзер» демекші халқымыздың қолтаңбасын көркейтетін, жоғалтуға жол бермейтін өнерлі ұрпақ болайық. Келешекте қазіргі киім үлгілерін сәндеуде, кілемшелерді тоқығанда және сәулет өнерінде осы ою-өрнектерді қолданса деген ұсыныс жасағым келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері.Алматы: Өнер, 1987. 113 б.
2.Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері.Алматы: Өнер, 1987. 121-бет
3.Өмірбекова А.Ш.Қазақтың ою-өрнектері //энциклопедия. Өмірбекова М.Ш. Алматы: «Алматыкітап» ААҚ, 2003-284 бет
4.Сейіт Кенжеахметұлы «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті».Алматы «Алматыкітап», 2006 жыл
5. «Қазақ халқының дәстүрлі өнері». Алматы «Алматыкітап» ААҚ 2004жыл
6.Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар 2008 жыл, №7 (43) 49-бет
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру