Балықты көлінің орналасуы мен тарихы
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Жаскешу ауылы, Түлкібас ауданы
С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебі
10 сынып оқушысы Лес Ақлима Нұржанқызы
Жетекшісі: Мауленқұлова Гүлжан Пернеханқызы
Қазақ даласының әр төбесі, әр белесі ертегі,
Топырағын басып қалсаң бір ертегі шертеді.
М.Шаханов
Балықты көлінің орналасуы мен тарихы
Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркі Батыс Тянь-Шаньның солтүстік бөлімінде Өгем, Қаржантау, Қазығұрт және Боралдай тау жоталарында орналасқан. Парк Қазақстан Үкіметінің 2006 жылғы, 26-қаңтарындағы №52 қаулысына сәйкес Балықты көлі аумағындағы орман мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік орын болып табылады. Жалпы ауданы 30 гектар. Көлдің тереңдегі 16-17 метр. Балықты көлінің Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы, Жаскешу елді мекенінде орналасқан.
Аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылынан батысқа қарай 20 шақырым, Састөбе темір жол стансиясынан 12 шақырым жерде, Арыс өзенінің оң жақ жағалауында Жібек жолында орналасқан. Балықты көлі ғалымдардың болжамы бойынша Мезозой эрасында пайда болған деген дерек бар.
Біздің ата-бабаларымыз бұл жерді қазақ халқының басына түскен қасіретті оқиға «Ақтабан шұбырынды» кезінде жоңғар шапқыншылығында туған жерді азат етуде көрсеткен ерліктері үшін еншіге алған екен.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы Жаскешу елді мекені, Алатау мен Қаратаудың арасында орналасқан, өзен-бұлағы мол, жері құнарлы, табиғаты бай өңір. Сондықтан да бұл өлкені «Екінші Швецария» немесе Қазақстанның «жаңа Зеландиясы» деп халық бекер атамаған. Солардың ішінде Жаскешу ауылының тұрған жері ерекші жер жаннаты деп айтуға болады. Ауылдың іргесінен суы мол әрі таза Балықты көлі Үлкен шағыл деп аталатын әктас төбенің астынан қайнап шығып жатыр.
Біздің ата-бабаларымыз алғаш қоныс тіккен кезде Балықты көлінің бойы қалың ағаш, ну қамыс екен, оны қабан, жолбарыс және басқа да жыртқыш аңдар мекен етіпті. Осындай шұрайлы жерге орналасқан ата-бабаларымыз мал шаруашылығымен бірге егін шаруашылығымен де айналысқан. Оған куә Балықты көлінің басынан қолмен қазып шығарған Бейбіт, Жаныс, Байыс арықтар деп аталатын канал іздері осы күнге дейін сайрап жатыр.
Балықты көлінің аталуы
Балықты сөзбе-сөз «қала бастығы» деген мағынаны білдіреді. Ежелгі түріктің «балық» яғни «қала» деген сөзінен шыққан. Шынында да Балықты көлінің орналасқан жері, айналасы, қолайлығы жағынан еш жерге тең келмейді.
Балықты көлі Ұлы Жібек жолы бойымен ілгері-кейінгі өткендердің таңдайын қақтыратын болған.
Көл бойындағы көк майсалы тау-талды, ақ және көк теректі сазды алаңдарға шатыр тігіп демалатын жолаушылар, керуендер көп болған. Бұл тұстағы жүздеген қайнар бастаулардан бұрқырап шығып жатқан судан мейір қандыра сусындап, жолға арналған алуан түрлі ыдыстарына құйып алып, сапарға шығады екен.
Балықты көлінің тарихы 1780-1790 жылдары Барлыбай қарт Қартқожа, Малкелді, Жалкелді және Ниязбек деген ұлдарымен көшіп келеді. Олар Балықты көлінің солтүстік шығысынан орын тепті.
Барлыбай қарт көшіп келгенде өзенде балық өте көп болған екен. Балығы көп көлді Барлыбай қарт «Балықты» деп атаған екен.
Табиғаттың көркін ажарландырып, жер бетін саялы баққа айналдыратын байлық көзі – су. Су – табиғаттың айнасы.
Су деген тіршіліктің қамы емес пе,
Су деген табиғаттың жаны емес пе,
Су жоқ жерде өмір жоқ, ол ақиқат,
Күміс – су қара жердің сәні емес пе.
(М. Хакімжанова)
Балықты көлі суының емдік қасиеттері
Зерттеу барысында көл мезазой эрасында пайда болған деп есептеледі. Судың құрамын зерттеген кезде құрамында сутегі дитеритрид бары анықталған, яғни ауыр суға жатады. Суы ішуге жарамды. Су негізінен жер астынан шыққан мыңдаған бұлақ көздерінен шыққан судан пайда болған. Ғалымдардың айтуынша жер асты мұхитының жер бетіне шығып жатқан жері. Бұлақ суы мұздай, суық, тап-таза, мөлдір, шипалық қасиеті мол. Суы демітпе ауруына мыңда бір ем. Денеге шыққан жараға, құлақтан құлық ағуына қарсы, полеартрит ауруына ем. Жергілікті тұрғындардың аяқ-қолы сырқырап ауырғанда бірнеше күн осы көлге шомылғаннан соң аяқ-қолының ауырғаны сап тыйылғанын жыр етіп айтып отырады.
Ел арасында мынадай аңыз әңгімелер бар. Ертеде осы өңірдегі малдың денесіне жаман жара шығып, індеттен малдар қырылып қалады. Ал осы суға тоғытылған бір отар қой жарасынан құлан таза айығады.
Балықты көліндегі «Қазан шұңқыр» деп аталатын бастауды әулиелі, киелі жер деп тәу етуге келушілер де көптеп кездеседі. Оған себеп, ел аузындағы аңыздар болса керек. Ертеректе Жамбыл облысындағы Билі көлден батқан жылқы осы «Қазан шұңқырдан» шыққан деген аңыз бар. Сондықтан бұл бастау «Қамбар әулие» деп аталады. Ал тағы бір аңыз бойынша, бір кездері шұңқырдан қазанның 4 құлағы көрініп, тұрыпты деп аңыз етеді. Соңғы кездері шұңқырдан қазанның екі құлағын көрдік дейтіндер де кездесуде. Ол үнемі көріне бермейді. Ал сол қазанның құлағын көрген адамның тілегі қабыл болады деседі. Тағы бір кереметі, су түбінен жарыс шығып жатқан бұл шұңқырдың суы жанды нәрсе тәрізді әсер етеді. Егер алыстан қарап тұрсаң тып-тыныш жатады. Ал адам жақындаған сайын бейне бір жан біткендей түбінен суы бұрқырап қайнап шыға бастайды. Сынамақ болып алыстай бастасаң, ол да ашуы қайтқандай момақанси қалады.
Міне, осындай ғажап мекен соңғы кездері қамыс құрақпен, қоқыстың астында қалып барады. Кеңес Одағы өмір сүрген уақытта «Завета Ленина» колхозы мен «Красная звезда» колхозының жұмысшылары бірігіп, жылда көктем айында көлдің айналасын, қураған ағаштарды, су ішіндегі балдырларды тазалап отырған. Сонымен қатар бастау көздерін ашып отырған. Күні бүгінге дейін осы бұлақтың суын Шарафкент, Балықшы және Жаскешу ауыл тұрғындары ауыз суға пайдаланып келеді.
Табиғаты, жануарлар және өсімдіктер дүниесі
Балықты көлінің табиғаты тамаша. Бірақ соңғы кезде адамдардың салақтығынан, табиғатқа немқұрайлы қарағандықтарынан балықты көлінің маңы экологиялық аймаққа айналып отыр. Осыған байланысты Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің №76 орамының мемлекеттік инспекторы Кашапов Құлсүлейменнің сіңірген еңбегі зор. Балықты көлінің айналасында өрік, жабайы долана, емен, жылауық тал, алхор ағаштары бар.
Жануарларға келетін болсақ, азайып құруға айналып бара жатқан құстар бөдене, қырғауыл, дегелек, жабайы үйрек, қасқалдақтар бар. Балықты көлі маңында жырқыш құстардан жаман сары кездеседі. Сонымен қатар қырғи, қаршыға, киелі үкі де кездеседі.
Балықты көлінде мекендейтін балықтар түріне келетін болсақ, балықтардың 9 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Балықты көлінде сазан, майшабақ, кеңмаңдай, тұқы, қаракөз және ерте кезде патшалар балығы аталған (патшалар арнайы алдырып жеген) маринка деген балық бар.
«Бұлақ көрсең көзін аш» деп аталарымыз айтып кеткендей көл жағасындағы ірілі ұсақты бұлақ көздерін тазартып, мөлдір де кәусар бұлақтың емін-еркін ағуына оқушылар да өз қол ұштарын беруде. Бұл оқушыларды мектебіміздің биологы Еркебаева Нағима ұйымдастырып, көл жағасы беткейлерінде отырғызылған жеміс ағаштары мен тал-теректерінің күтіміне жерін қопсытып, бұтағын бұтау жұмыстарына қолғабыстарын беріп, жауапкершілікпен қарап жүр.
Балықты көлін халықаралық туризм көзіне айналдыру.
Ауданымыздың табиғат жағдайы туристік бағыттарға өте қолайлы екенін ескере отырып және туристерді қабылдап, оларға халықаралық талаптарға сай қызмет көрсетудің мүмкіндіктері бар екені, ауданымыз арқылы темір жол, автотранспорт жолы өткенін ескере отырып, келесі туристік бағыттарын ұйымдастыруға болады деп есептеймін.
Бағыты: Ұлы Жібек жолымен. Бұл бағыт облыс орталығы Шымкент қаласынан басталып тараз қаласына дейін жалғасады. Ұзақтығы – 80 шақырым.
Сайрамнан шыққан жолаушылар Машат асуына жеткенде оның әсем табиғатын тамашалайды.
Түлкібас өңірінде ең үлкен өзен – Арыс өзені. Оған таулардан ағып шығатын үлкенді-кішілі елуден астам өзендер, бастаулар, бұлақтар құяды. Осы өзендердің бірі Балықты көлі.
Қосшағыл жоталарының (үлкен шағыл, кіші шағыл) Оңтүстік бөліктерінің терең шығысындағы тас арасынан шығып жатқан бұл көлдің суы мол, табиғаты сұлу, жағасы әр түрлі өсімдіктерге, аңдарға толы. Жергілікті халықтың айтуына қарағанда оның жағасында небәрі 70-80 жыл бұрын жолбарыс жортып жүрген көрінеді, ал қазіргі кезде балықты көлі суы қара балыққа толы және терісі өте бағалы су тышқандары бар.
Түлкібас өңіріне батыстан келіп кеткен жолаушылардың келесі аялдамасы Қарақшы тауының батыс бөліктеріндегі биік төбеде орналасқан Қарауыл төбесі. Осы Қарауыл төбеге шыққан жолаушыларға Түлкібас өңірі алақанда жатқандай болып көрінеді . Көне көз қариялардың айтуына қарағанда бұл төбеде кезінде тастан қаланған мұнара болған. Осы мұнарада отырған қарауылдар Түлкібас өңірін бақылап отырған және Арыс өзенін жағалай жүрген керуен жолының тыныштығын сақтап, күні - түні ағылған керуендерге жол көрсетіп тұрған .
Қарақшы Қарауыл төбеден шығысқа қарай жол тартқан жолаушылардың тоқтайтын келесі бекеті ортағасырлық Шарафкент қаласы болады. Балықты көлінің сол жағасында, оның Арыс өзеніне кұяр жерінде орналасқан бұл ортағасырлық қаланың көлемі үлкен, ондаған шаршы километр жерді алып жатыр. Шарафкентке келген жолаушылар ортағасырлық қаланың орталық бөлігін көріп, тамашалайды, осы қаланың әр түрлі бөліктерінде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен танысып, оздері де қазбаға қатыса алады. Әсіресе, цитодельдегі биіктігі 7 м келетін платформаның үстіне салынған бекіністі көріп тамашалайды, ортағасырлық құдықтың суын ішіп, шөлін қандырады, қазбадан табылып жатқан аса құнды заттарды көріп, ата-бабаларымыздың шеберлігіне тамсана таңдана қарары сөзсіз. Шарафкенттен шығып Балықты көліне жолы түскен жолаушылар Балықты көлінің әсем табиғатының құдіретіне бас иеді және Балықты көлінің емдік қасиеттері туралы естіген кереметтерін коп уақытқа дейін ұмыта алмай айтып жүреді.
Қорыта айтқанда Балықты көлін елге, шетелден келген туристерге көрсетер, таныстырар жерлері жетерлік.
Өңірді туризм орталығына айналдыру үшін Туризм және спорт, білім және ғылым, мәдениет министрліктері біріге отырып, көптеген шараларды атқаруы тиіс. Сөзіміздің басында айтып кеткеніміздей туризмді дамытуға бірден-бір септігі тиетін инфрақұрылым жоғары деңгейде емес.
Туризмді дамыту тұрғындардың тұрмысына да оң әсер етері анық. Жергілікті тұрғындар қолөнермен айналысып, кәдесыйлар жасаса, ұлттық нақышта ою-өрнектер салынған бұйымдарды, тоқылған кілем-кестелерді туристерге ұсынса, жұмыссыздық азайып, халықтың тұрмысы жақсарары мәлім. Яғни, мемлекеттің абырой танымалдығын, экономикалық-әлеуметтік жағдайын арттыратын туризмның жергілікті тұрғындарға да пайдасы көл-көсір. Балықты көлінің туризм орталығына айналғандығын қалайтынымыз да сондықтан.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
- Алатау мен Қаратау қауышқан жер. Ұжымдық жинақ.
Алматы ҚАЗ ақпарат 2002 ж.
- Жаныс Байыс шежіресі 2009 ж.
- Түлкібас ауданы тарихынан қысқаша деректер.
- Түлкібас ауданының мұрағат құжаттары.
- Оңтүстік Қазақстан облысының мұрағат құжаттары.
- Жер судық аты – тарихтың хаты. Алматы «Балауса баспасы» 1994 ж.
- «Тарихыңды танып біл» Әзімхан Садуақасұлы Алматы 1996 ж.
- Ел аузынан: Мәуленқұлов А. – аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары. Бердалиев А. – Тұрар атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебінің директоры.
- Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құжаттары.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру