Қазақ газеті елдіктің жаршысы


Тусупбекова Жанар Куанышевна

Қарағанды облысы Осакаров ауданы

«Осакаровка кентінің №1 орта мектебі» КММ

қазақ тілі мен әдебиеті

пәнінің мұғалімі

Жобаның тақырыбы: «Қазақ» газеті – елдіктің жаршысы

Мақсаты: Алаш жұртының алдаспанына айналған «Қазақ» газетіндегі Алаш идеясы мен көтерілген елдік мәселелердің маңызын ашу.

Міндеттері:

1.«Қазақ» газетінің шығу тарихымен танысу.

2.Газеттің ұстанған бағыт-бағдарын, мақсаттарын сараптау.

3.«Қазақ» газетінде басылған Әлихан Бөкейханов көсемсөздеріндегі елдік мәселесін талдау арқылы ой қорыту.

4.Алаш мұрасын жас ұрпаққа оқытудың тәрбиелік тиімділігін зерделеу.

Өзектілігі: Өзінің туған тарихы мен әдебиетін, тағылымы мол әдеби мұрасын таныған және астарлы ойды терең ұғына білген ұрпақ қана елдің әлеуметтік-саяси өмірін жаңғырта алады.

Мәселе: Алаш қайраткерлері әдеби мұрасының ұрпақ тәлім-тәрбиесіндегі алар орны қандай?

Күтілетін нәтиже: «Қазақ» газетінің Алаш елі тарихында алған орнын зерделеу арқылы жас ұрпақтың саналы әрі рухани жан дүниелері кең тұлға болып қалыптасуына ықпал ету.

Жұмыстың практикалық маңызы: Жоба барысында тақырыптық, мазмұндық тұрғыдан талданған деректер үйірме, арнайы курс жұмыстарына жәрдемші құрал бола алады.

КІРІСПЕ

Алаш және «Қазақ» газеті

Халықтың өткен өмірі жалпы қоғамдық мәні бар тәжірибе ретінде қорытылып, белгілі бір дәрежеде ұлт игілігіне асқанда ғана құндылыққа айналады. Онсыз өткен тарих мәнсіз әңгіме ғана болмақ. Егер біз Алаш қозғалысын ұлт тарихында ерекше орны бар құбылыс ретінде ғана бағалаумен шектелсек, онда оны түсіне алмаған ұрпақ болып шығар едік. Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытылып, жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы мен Алаш жұртының алдаспанына айналған «Қазақ» газеті - сол дүниетанымдық тарихтың өзегі.

Осыдан дәл ғасыр бұрын 1913 жылдың 2 ақпанында қазақ даласында тарихи маңызы зор, алаш тарихындағы рухани сілкіністі оқиға орын алды. Дәл осы күні дүниеге алты алаштың жоқтаушысына айналған «Қазақ» газеті келді. Жылдар бойғы езгіден қажып, рухани қалжырай бастаған қазақ даласында ұлттың еңсесін көтеруге үндейтін, ұлттық идеяны насихаттайтын «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі осы күні жарық көрді.

«Қазақ» – қоғамдық-саяси және әдеби газет. 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап Орынборда аптасына бір рет, 1915 жылы аптасына екі рет шығып тұрған. Таралымы 3000, кейбір мәліметтерде 8000-ға жеткен. Бірінші редакторы – әйгілі ғалым, жазушы қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы - қоғам қайраткері, жазушы Міржақып Дулатов, бастырушысы - “Азамат” серіктігі болған.

Өткен ХХ ғасыр басында ұлт мұраты, ел мүддесі қатаң сынға түскен кезең болғандықтан, сол тұстағы зиялы қауым өкілі қазақ жұртының да өркениетті елдердегідей сауатты болуын тілеп, ең бастысы ұйқыға кеткен қоғамның саяси сауатын ашуға белсене кіріскен болатын. Осы бағытта ұлттың жоғын жоқтайтын, байтақ далаға қоныстанған ел арасына ендеп кете алатын, сол арқылы ұлттық идеяны, бостандық пен бірлікті насихаттай алатын баспасөздің рөлі ерекше сезілген еді. Мұндай мақсат-мұратты 5 жыл ғұмыр кешіп, 265 нөмірін жарыққа шығарып үлгерген "Қазақ" газеті шебер орындап шықты. Басылым туралы Мұхтар Әуезов: "Қазақ" газеті - ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жинап, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа тура келді. Бұл тұтынған жолда "Қазақ" газеті өз міндетін дөп атқарды", - деп жазады.

Біз осы зерттеу жұмысы арқылы Алаш аспанының астында дүниеге келген тұңғыш ұлттық-демократиялық, саяси-қоғамдық басылым «Қазақ» газетінің негізгі мақсатымен, тұтқан жолымен танысып, бүгінгі таңдағы қазақ басылымдарымен үндестігін талдамақпыз.

1

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

2.1. «Қазақ» газетінің шығу тарихы

Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Райымжан Мәрсекұлы және басқалар бастаған алдыңғы қатарлы қазақ оқығандары жалпыхалықтық газет ашумен 1905 жылдан айналыса бастады. Алдымен олар «18 ақпан жарлығы» шығысымен "Қазақ" газетінің басты ұйымдастырушысы, қамқоршысы әрі негізгі авторы Әлихан Бөкейханұлы өздерінің саяси талаптарын әйгілі «Қарқаралы петициясына» тізіп жазып, осы жарлыққа қол қойған орыс патшасының атына поштамен жөнелтеді.

Петицияның 3-тарауында: «Қазақ халқының қазіргі мұқтажын айқындау үшін қазақ тілінде газеттер басып шығару қажет, ол үшін бастапқы цензурасыз баспахана ашуға және газет басуға рұқсат сұрау емес, құлақтандыру тәртібін орнату керек болады» деп жазылған еді.

Тарихи деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ газетін шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы берілген.

«Қазақ» газетін метрополияның Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскіге дейінгі университеттерінде білім қуып жүрген қазақ студенттері жаздырып оқығаны туралы деректер кездеседі.

Оксфорд университетіндегі Орталық Азияны зерттеу қоғамының пікірінше, «Қазақтың барлық маңдайалды жетекшілері оның «Қазақ» газетінің қызметкерлерінің арасында жүрді, оның ішінде М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, А.-Х.Жүндібайұлы, М.Тынышбайұлы және тағы басқалар бар...». «А.Байтұрсынұлы және басқалар өздерінің қазақ тарихы, қазақ фольклоры және лингвистикасы туралы зерттеулерін жариялады. Жалпы «Қазақ» газеті өте жоғары ғылыми деңгейге жетті» деп есептейді Оксфорд университетінің зерттеушілері.

Әйтсе де «Қазақ» газетінің құрылтайшылары ағартушылықпен қатар, негізі 1905 жылғы «Қарқаралы петициясына» жазылған саяси мақсаттар мен мүдделерді де, оның ішінде стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырғысы келді.

Петицияда көрсетілмеген маңызды мүдденің бірі - газеттің атауы. Ол туралы «Түрік баласы» газеттің екінші санынан бастап «Қазақ тарихы» айдарымен жарияланған тізбекті мақаласында былай деп жазды: «...Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» (Түрік баласы. Қазақ тарихы. «Қазақ» газеті, 16 ақпан, 1913 жыл, № 3).

2

2.2. Алаш идеясын үндеген басылым

Шындығында "Қазақ" газетінің басты мақсаты "есігін тарс бекітіп, қалың ұйқыға кеткен" жұртты түндіктен сәуле болып кіріп, ояту болатын.

Газеттің басына ақ орда қондырылып, түндігі жарық көрінуіне еркін ашық қойылып, есігін "Қазақ" күзетуі газеттің тұтқан жолы мен көздеген мақсаты не екендігін айтып тұр.

«Қазақ» газетінің ұстанған бағыт-бағ¬дарына келсек, газет шығарушыларының бірі Міржақып Дулатұлы 1918 жылғы 258-санында жарияланған «Орда гербі (таңбасы)» деген мақаласында тоқталып, былай дейді: «Киіз үй - киіз туырлықты қазақ халқы. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: түндік жарық кіретін жол, есік түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол есігі еркін болмасын делінген еді. Түндіктен түсетін жарыққа өнер-ғылым енгізілген еді. Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағында күшті болған себепті қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын деген мағына еді. Үйдің есігі «Қазақ» деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі болсын, әрі жат жұрт жағынан күзетшісі болсын делінген еді. Қазаққа деген игілік нәрсені енгізу жолында газет қызмет етсін, сырттан келетін жамандық болса, күзетші орнында газет қызмет қылсын делінген еді».

«Қазақ» пен оның құрылтайшыларының орта және ұзақ мерзімге жоспарлаған мақсаттарына келсек, олар мыналар:

- Қазақтардың 1907 жылғы 3 маусым заңымен жойылған сайлау және сайлану құқығын қалпына келтіру;

- Келімсектерді қоныстандыру арқылы отарлау саясатына қарсы тұру және тәркіленген жерлерді қазақтарға қайтарып алып, меншікті жері ретінде заңдастыру;

- «Ауыл мектептеріне қазақ әліппесін енгізу, осы мектептерде балаларды ана тілінде оқыту» және «Болыс кеңселері мен халық соттарында ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу» арқылы астыртын және ашық орыстандыру саясатына төтеп беру;

- Дала өлкесіне заң жүзінде земство (жергілікті басқару) тетігін енгізу мен дамыту арқылы жаңа қазақ мемлекетінің негізін салуды бастау;

- Қазақтарды әскери қызмет етуге заң арқылы міндеттеу, сол арқылы қазақтар үшін қазіргі заманның әскери ілімі мен қару-жарағына жол ашу.

Алдына міне осындай мақсат-мүдделерді қойған «Қазақ» газеті мен оның құрылтайшылары мақсаттарына монархиялық билік дәуірінде қантөгіссіз күрес жолымен жетуге ұмтылды. Алайда, отаршыл империя заманынан аман шыға білген «Қазақ» газеті совет өкіметінің Қазақстанға билік орнатуға тырысқан алғашқы күндерінде-ақ – 1918 жылдың наурызында біржола жабылды. Көп ұзамай оның құрылтайшылары мен авторларының басым көпшілігі саяси қуғын-сүргін кезінде атылып кетті.

3

2.3 «Қазақ» газетінде басылған

Әлихан Бөкейханов көсемсөздеріндегі елдік мәселесі

«Қазақтың» тұң¬ғыш нөмі¬рінде жария¬лан¬ған оқырманға арнау мақаланың авторы – Әлихан Бө¬¬¬кейханов «Құрметті оқушылар!» деп басталатын мақа¬ласында: «Әуелі – газета халықтың көзі, құ¬лағы һәм тілі...; «Екінші – газета жұрттың әулет басына қызмет ететін нәрсе...; «Үшінші – газета ха¬лыққа білім таратушы... «Төртінші – газета халықтың даушысы...» – деп, оның қа¬тардағы адамдардың ар-намысын қорғайтын құрал екенін көрсетеді.

Әлихан Бөкейхановтың көсемсөзінде ерекше орын алатын 1913 жылғы «Қазақ» газетінің № 9, №10 «Үшінші дума һәм қазақ», №23 «Дума һәм қазақ», №19, №25 «Төртінші дума һәм қазақ» атты мақалалары. Тақырыбы бір бұл үш мақалада бір ғана қазақ халқына қатысты бірнеше проблема қозғалған. Бірініші мәселе: қазақ халқының өз билігін өзі пайдалана білмеуі. Бұл білім аздығының тағы бір белгісі. Өз құқықтарын өздері білмеген қазақ халқы осылайша жапа шеккен. Қазіргі таңға дейін аса үлкен кемшілігіміз болып табылатын халқымыздың заң білместігі ұлт болу, дамыған мемлекет болу жолында тоқырауға ұшыратарын Әлихан Бөкейханұлы осыдан қанша ғасыр бұрын айтып өткен. Екінші мәселе: Малдың соңынан жүретін қазақ, бар байлық малда деп ойлайды. Бірақ олар сол арқылы артта қалып барады. Әлихан Бөкейханов осы жерде: «Бұл тіршілік үлкен талас, бір бәйге: жүйрік алады, шабан қалады. Жүйріктік ақыл, ұсталық, жаһитшілікте. Еріншек – езге жол, бәйге, сыбаға, мүше жоқ. Үшінші мәселе: «Сайлау» мақаласында қозғалған мәселе, қазақ халқының өзара даудамайы, өзара бірін-біріне сатқындық жасауы. Мақалада Әлихан Бөкейханов: «Әке баладан, аға ініден, туған туысқаннан айырылып, бірі атқа, бірі асқа сатылып сандалады», дейді. Ал, төртінші мәселе: сайланатын ауылнай, би болсын, олардың пара алуы жайлы мәселе.

Әлихан Бөкейхановтың аузынан шық¬қан, қала¬мынан құйыл¬ған, «Қазақ» газетінің бе¬тінде жарияланған мынадай қанатты сөздері де кімнің болса санасына сәуле тү¬сіретіні күмәнсіз.

*Талас-тартыс жоқ болса – өмір абақтыға айналар еді;

*Жұрт әділ болмай, жұрт ісі алға баспайды;

*Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ын¬тымақ қана;

*Ұлтына, жұртына қыз¬мет қылу – білімнен емес, мі¬незден;

*Адам баласы – нәпсінің құлы: маңдайы тасқа тимей тоқтамайды;

*Мансапқұмар ел – ке¬мел¬дікке жетпеген ел;

*Жер десе, дірілдемей болмайды: жер мәселесі – негізгі өмір мәселесінің ең зоры;

*Еуропада газета – өмір айнасы: өмірде не бол¬са, бәрі газетадан көрі-ніп тұрады. Газетаны оқып жұрт өзін өзі көреді, өзін өзі танып, біледі.

*Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.

4

ҚОРЫТЫНДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ. Жүз жылдықтың алғашқы жартысындағы қазақ зиялыларының жеке басының қасіретімен қатар өрілген қызметі өзінің бірегей құбылыс ретіндегі тұжырымды деңгейімен ғана емес, азаматтық Һәм адамгершілік деңгейімен де осы заманмен үндес», - деп ерекше бөліп көрсеткен еді.

Алаш қозғалысының әлеуметтік істердегі салған арнасы азат Қазақстан мұраттарымен сабақтас болса, рухани, шығармашылық мұраттары көркем шығармашылығымызбен кіндіктес.

Алаш қозғалысына қатысқан азаматтардың басым көпшілігі ұлт мүддесіне арналған күнделікті аршынды іс, қарымды әрекеттермен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, ғылым, аударма салаларында орасан бай мұра қалдырды. Осы идеялар қазақ әдебиетінде бұрыннан бар үлгілермен қоса жанрлық формалар арқылы жүзеге асырылып, роман, драма, публицистиканың соны түрлері туды. Әлем әдебиетінің классикалық шығармалары аударылды. Сөйтіп, әсіресе Абай сабақтарын нысана тұтқан, бұрынғы озық дәстүрлерді жалғастырған жаңа сапалы Алаш ұранды әдебиет тарихымыздағы ерекше кезең болып табылады.

Ал Алаш көсемсөзін ұрпақ санасына сіңірудің дәл қазіргі күні ауадай қа¬жеттігі бірнеше себептерге байла¬нысты. Біріншіден, Алаш қайрат¬кер¬лері ел тәуелсіздігі мен азат¬тығы туралы кемінде 70-80 жыл ілгерірек ойлаған. Бүгінгі күні тә¬уелсіздікке тұғыр болатын ойлар¬ды, идеяларды Алаш мұралары¬нан табамыз. Олар жазған көсем¬сөздердің, айтқан ойлардың зор ықыласпен қабылданып, қажет¬тілікке айналуының сыры осында.

«Қазақ» газеті жарық көрген уақыт ішінде өзі көтерген міндетті аса табысты орындап, ұлттық-демократиялық даму жолындағы алға қойған өз мақсатын ғаламат орындап шыға алды. Сол кездің өзінде тәуелсіз ел болуға үндеген, ұлт мұратын ұрпаққа аманат еткен алаш баспасөзінің атасы өзінен кейінгі баспасөз қадіріне қатысты үлкен даңғыл ашты. Ондағы айтылған ойдың, ұлттық, алаштық идеяның әлі күнге өзегін жоймай келе жатқаны да соның жарқын айғағы. Өзі айтпақшы «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола алған алаштың алдаспан газеті халық жадында ұдайы жаңғырып, тәуелсіз елдің тірлігімен қазіргі таңда да сабақтасып тұратынына еш дау жоқ.

Әлихан Бөкейхановтың: «Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деп түйіндейді. Тәуелсіздік туы асқақтай желбіреген сәтті Ұлт көсемі көруіне тағдыр жазбаса да, міне, бүгін біз, ұрпақтары көріп отырмыз.

5

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ербол Тілешов «Алаштың жолы», Астана, 2008 ж.

2. Ермек Балташұлы «Әлихан Бөкейханов және «Қазақ» газеті», «Орталық Қазақстан» газеті, 2 ақпан 2013 ж.

3. Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімалар, публ. мақалалар

және әдеби зерттеу. Алматы, 1991 ж.

4. «Аңыз адам» журналы, №11 саны, 2010 ж.

5. Дастан Кенжалин «Ұлт жаршысы «Қазақ» газетіне 100 жыл», «Егемен Қазақстан» газеті, 31 қаңтар 2013 ж.

МАЗМҰНЫ

І Кіріспе

Алаш және «Қазақ» газеті ................................................................................ 1-бет

ІІ Негізгі бөлім:

2.1.«Қазақ» газетінің шығу тарихы...........................................................2-бет

2.2.Алаш идеясын үндеген басылым.........................................................3-бет

2.3.«Қазақ» газетінде басылған Әлихан Бөкейханов

көсемсөздеріндегі елдік мәселесі........................................................................4-бет

ІІІ Қорытынды ......................................................................................................5-бет

Пайдаланылған әдебиеттер

Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу