Оқшы ата - киелілер ордасы
ЫБРАШЕВА Жанерке Ғалымжанқызы
Ы. Жақаев атындағы №244 орта мектебінің
11 «А» сынып оқушысы
Жетекшісі: ҚАЙТЕНОВА Қалдыгүл,
«Өзін - өзі тану» пәнінің мұғалімі,
Шиелі ауданы, Қызылорда облысы
Оқшы ата - киелілер ордасы
Қойнауы құпияға толы Сыр өңірінде көненің көзі де, бүгіннің өзі де бар. Қасиетті Сыр топырағы бүкіләлемдік тарихта өзіндік орны бар өлке. Ата - бабамыздың ежелден кіндік қаны тамып, ұрпағын өрбіткен киелі мекенінде бүгінгі кезеңде жадыңнан өшпейтін асылдың сынығындай небір мұраларымыз бар. Ежелгі өркениеттің белгісі ретінде сыры кетсе де сыны кетпеген ғажайып тарихи ескерткіштер мен мазарлар соның куәсі. Осындай тарихи мұраларды қорғау - халқымыздың сан мьң ғасыр бастан кешкен тарихын, мәдениетін, өнерін, салтын, тілін қорғау деген сөз.
Осы бағытта тарихи - археологиялық және сәулеттік ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, сондай - ақ жұртшылыққа олардың құндылығы мен маңызын таныту, жас ұрпак тәрбиесіндегі алар орнын арттыру жөнінде біршама іс - шаралар жүргізіліп отыр. Міне, осындай мұрағаттардың бірі - Оқшы Ата мазары, ал тарихи мәліметтерге сүйенсек, ол оғыз - қыпшақ заманының жәдігері болып табылады. Кезінде ұланғайыр іс тындырып, тіршілікке тұтқа бола біліп, кейінгі ұрпаққа ұлағатты үлгі еткен ұлы бабалардың аманатына адалдықты сақтау адамдық та, азаматтық та асыл парызымыз.
Қазақстан - көне ескерткіштер мен тарихи - мәдени мұралар мекені. Сақталған қалалар мен обалардың орындары, қорғандар мен кесенелер кезінде сәулет өнерінің үлгілері болғандығын дәлелдесе, сол ескерткіштер қатарына шежірелі Қызылорда облысының Шиелі ауданы аумағындағы Оқшы Ата қорымы жатады. Олар бұл күндері орта ғасырлық өнер үлгісінде салынған тарихи ескерткіштер ғана емес, сол ерте замандардан бері жергілікті халықтың қасиет тұтар, зиярат етер киелі орны болып та келді.
Ресей империясына бодан болған отарлық кезінде, әсіресе Қазан теңкерісінен кейінгі дәуірде қазақ өлкесінде ислам дініне қысым жасалып, бірнеше ұрпақ өкілдері рухани таным - білімнен қол үзіп қалғаны мәлім. Дегенмен, өз заманында халқына шапағаты мен шарапатын тигізген бабалардың есімдері мен еңбектерін, құдіреті мен рухын ел - жұрты жүрегімен, жанымен аялап келгені шындық.
Шиелі өңірінде Оқшы Ата, Есабыз бабамыз жайында ел аузындағы деректер ұрпақтан - ұрпаққа жеткен аңыз - әңгімелер баршылық. Бірақ, олар ғылыми дерек болмағандықтан энциклопедияларға кірмеген. Аталарымыздың үлкен әулиелік қасиеттер туралы ата - әжелеріміздің айтқан әңгімелерін естіп жүрдім. Әулиелердің қасиеті, кейінгі ұрпақтарға тиізген шапағаты әлі тиянақты зерттеліп жинақталған жоқ. Сондықтан осы істі болашақта қолға алып зерттесем деймін.
Ішкі жан дүниеңді тазартып, рухыңа тың күш - қуат үстеп, пәни өмірге жаңа туылғандай пәк періште – сәби күйге енудің ақиқат жалқы жолы – ұлық әруақтардың қасиетіне бас ұру. Тек солай еткенде ғана Жоғарғы Ақыл - ой иесі – ұлы жаратушы Тәңір иемізге жақындай түсеріміз хақ!
Оқшы Атадағы 7 әулие шартты ұғым. Қазақта қашаннан - ақ 7 саны қасиетті саналғандықтан алынған. Бәлкім, бұл киелі орында мәңгілікке жаны жай тапқан тұғырлы тұлғалар бұдан да көп шығар.
Біз Сырдариядай өмір өзегіне айналған өзен бойын мекен еткен бабаларымыздың тіршілігімізге жан да, нәр да берген шапағатты Сыр Ананың ақ сүтін емген ұрпағымыз. Оңтүстік шығысымыздағы барша тарихтың тілсіз куәсі қарт Қаратауымыз әрі кемеңгерліктің белгісі болса, әрі арқа сүйер айбар - айбатымыздай. Ал, күллі жер жаһан мойындап, қадыр тұтқан қос әулие, қос заңғар Қожа Ахмет Иассауи, Арыстан Баб және Қорқыт бабаларымыздың әруақтары, түсінігіміз бен терістігімізде халқымызды қанатының астына алып, желеп - жебеп тұрғандай. Арқалы таланттардың қайнар көзі іспетті осынау құтты да құдіретті топырақ, арғы - бергі дәуірлерде ғылым, өнер, әдебиет пен мәдениетте небір тамаша тарландарын дүниеге келтірді.
Тегінде, қазақ халқының тағдыры мен тарихында біздің киелі Сыр өңірінің алар орны айрықша зор, оның әр уыс топырағы, әр бұтасы, әр тасы сан алуан ғибратты шежіре - сырға тұнып тұр.
Осы орайда Сыр бойынан шыққан абзал азаматтарымыздың бірі Оқшы Ата мазарында мәңгі ұйқыда жатқан, бұл күндері басына кесене салынған 7 әулие және оның қадір - қасиеті жайлы жинастырған құжаттарым бойынша төменде сөз етпекпін.
Арғы аталарымыз туған тілін, салт - дәстүрін, дінін, барша қадір - қасиетін қылау түсірмей, уақыттың тар жол, тайғақ кешулерінен асылындай ардақтап алып өтіп, жүрегінің лүпіліндей аялап, көзінің қарашығындай сақтап, бүгінгі ұрпаққа аманат еткен осынау тарихи өлкеде Өмір толассыз жалғасып жатыр.
Ендеше, тарихымызды ақиқат шындық тұрғысынан жаңадан танып, білуге деген қазіргі жаппай ділгірлік құптауға тұрарлық.
Сыр бойы сырға бай. Онда сан ғасырлардан бері аты әлемге әйгілі болған ұлы тұлғалар ғұмыр кешкен, атасақ санап тауыса алмаспыз. Амал не, солардың дені жете зерттелмеген, өмір дерегі тапшы. Мәселен, Шиелі өңіріндегі ел ауызында «Жеті әулие қорымы» атанған Оқшы Ата мазараты туралы біз не білеміз? Онда кімдер жерленген және олардың қандай қадір - қасиеттері болған? Түркістанда Қожа Ахмет Иассауидің кесенесі салынғанға дейін бұл орынның елге еңбегі сіңген елеулі дара тұлғалар жерленетін ұлттық пантеон болғандығы жайлы нақты деректер бар ма?
Егер рухтары әлгі жерден бақилыққа тұрақ тепкен Оқшы Атаның оғыз - қыпшақ дәуірінің, ал Есабыз әулиенің, Бала би мен Досбол бидің бергі кезеңнің танымал тұлғалары екендігіне қайсыбір деңгейде көз жеткізсек, осындағы көне қабірден ақырғы қоныс тепкен Асан Ата туралы не айта аламыз? Сол сияқты Ғайып Ата, Қыш Ата және Кітап Ата кімдер? әйтеуір сұрақ көп.
Соңғы кезде көптің көкейін мазалаған сауалдарға жаппай жауап іздей бастағандаймыз. Алдарыңыздағы мына еңбек те сол бағытта жасалған ілкі қадамдардың бірі ғана. Мұнда халық арасында әруақты әулиелер мекені ретінде танылған, жұртшылық әрдайым айырықша киелі қасиеттеріне тәу етіп, табынатын Оқшы Ата мазаратының көне құпиясын ашуға және белгілі - белгісіз жәйттерді жұртшылықтың назарына жеткізіп, жетілдіріп, толықтыруға талпындым.
Шиелі жерінде Жөлектен 7 шақырымдай жерде тұрған ескерткіш - Оқшы Ата. Сыр бойы халқы Оқшы Атаны әулие санайды. Бұл оны Ысқақ бабтың баласы деп танығандықтан туған ұғым болуға тиіс. Оқшы түркі тайпаларының арасына ислам дінін таратқан әулие больш шығады. Оқшы батырдың шын аты Көген түп екен. Елден қыз қоймай калмақ батыры оның қарындасына да қол салмақ болады, сонда Оқшы Ата арпаның қылтығымен атып, калмақ батырын өлтіріпті. Содан Оқшы батыр атаныпты.
Оқшы Ата ескерткіші көп зерттеуді қажет етеді. Ол туралы тарихи мәліметтер өте аз, ғылыми зерттеулер жоқтың қасы. Бірақ Оқшы Ата қала орнының көне дәуірлерден болғандығы даусыз. Олай болса, сыр қалаларын IX - XI ғасырлардағы оғыз - қыпшақ тайпаларының мәдениетімен сабақтастыра зерттеу қажет.
Кейбір әңгімелерде бұл мазарды калмақтарды салғаны туралы айтылады. Бірақ бұл жаңсақ пікір. Тарихи айғақтарға жүгінер болсақ, Оқша Ата қорымында аты шулы Асан қайғы, XIX ғасырда. ғұмыр кешкен Досбол датқалардың сүйектері жатыр. Оқшы бабамыз X - XI ғасырларда оғыз ұлысы немесе Қазан Салардың хандығы кезінде өмір сүрсе, онда мазарда жатқан сол ұлы бабамыздың бейіті XI - XII ғасырдың ескерткіші деп айтқан дүрыс.
Оқшы Ата әулиелер мазарының тарихы сонау арыдан басталады. Кейбір ғылыми деректерге ден қойсақ, осы қасиетті мекеннің бұдан мың, мың жарым жыл бұрын - ақ бабаларымыздың жамбасы тиген жер екені байқалады.
Ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаев атап көрсеткендей, ХІҮ ғасырда Қожа Ахмет Иассауидің даңқты кесенесін Ақсақ Темір салғанға дейін осы Оқшы Ата жері ежелгі Тұран, Оғыздар мен Түркі - қыпшақтарының игі көсемдерін, әулие көрегендерін, батырлары мен шешендерін жерлеген қорымы болған екен. Оқшы Ата, Есабыз, Асан Ата, Ғайып Ата, Қыш Ата, Досбол би - сияқты ұлылар - халық зердесінде қалып отыр.
Сыр бойы халықтарының тарихы, біздің ата - бабаларымыздың тарихы. Оқшы Ата бабамыз ғұлама ғалым Ә. Қоңыратбаевтың дәлелдеуі бойынша XI ғасырда өмір сүріп, осы өңірді жаудан қорғаған батыр болған. Халык қамы, халық болашағы үшін арпалысып өткен ұлы тарихи тұлға.
Ә. Қоңыратбаев: «Оқшы - Оғыз - қыпшақтың ұлы ханы Қазан Салардың батыры, әрі қару - жарақ соғатын ұстасы, шебері еді» - дейді. Ғалым бұған қоса Оқшы Ата 1043 жылы қайтыс болып, қазіргі өз атымен аталатын «Оқшы Ата» мазаратында жерленген деген тұжырым жасайды.
Әуекең айтқандай Оқшы атаның ұстаханасы болған Бестам қазіргі «Жиделі» өндірістік кооперативінің теріскей жағасындағы мәдениеті өркендеген сол кездегі ұлы Жібек жолы бойына орналасқан қалашық Бестам – Бастам аталған. Мұның өзі Оқшы қыпшақ кезінде басты елді мекен болғанын бірден аңғартып тұр.
Қандай болған күнде бұлтартпайтын шындық сол, Оқшы бабамызды аса киелі, әруақты адам екендігі, ондаған ғасыр бойы қасиетті мекеннің «Оқшы Ата» аталып, халық әруағына бас иіп, табынып, осынау құрмет
ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып, киелі орынға айналып келуі тегін емес.
Қазақ ауыз әдебиетінің аса білгірі, профессор Әуелбек Қоңыратбаев Оқшы атаны оғыздар дәуірінің ұрпағы санайтын. Ал халық нақылында бұл кезең қазақты қансыратқан Сыр бойындағы қалмақ хандығының тұсы деп айтылады Ол қазақтың малға да, жанға да ие бола алмаған кезі еді. Қалмақ ханы қазақтардан күніне бір екі мал, өрімдей жас қызын алдырып отырады екен. Өзі бір ұсқынсыз, бақаның денесіндей беті бұжыр – бұжыр болыпты. Онысын өзіне білдірейін деп ауыл адамдары асқа шақырып, шарайна алдырып бір – бірінің келбетін көрісіп ханға қарай ысырыпты. Кезегі келген хан айнаға қарамастан ажарлылар ажар базарына кеткенде, мен бақ базарына кеткенім деп айнаны өзінен өткізіп жіберіпті. Сірә, бұл сөзіне қарап, қалмақ халқының ақылсыз еместігін тануға да болады. Қалмақ халқының жер қайысқан қолы болған. Хан хақарлы болған соң тәртіп те күшті екен.
Сол ғасырда бір қария қызына серік қылып Көгентүп есімді жетім баланы асырап алады. Көгентүп өзге балалардай емес, зерек бірақ тұйық болған екен. Кейін өсе келе Түркістан маңынан, арпа орып алып келіп жүреді. Бір күні таңертең шал Көгентүпке:
- Шырағым, сен кетіп бара жатырсың, кезек біздің қызға да жақындап қалды. Қалмақ ханы сен кеткен соң жалғыз қызымызды алып кетсе не істейміз?- дейді.
Сонда әлі балаңдау Көгентүп тұрып:
- Нақ солай қарындасымды алып кетіп жатса, менің есімімді үш қайтара атаңыздар, бір амалын істермін, - деп арпа алып келуге жол тартып кетіпті.
Бірер күн өткен соң Қалмақ ханы шал мен кемпірдің қызын алып келуге бұйырады. Ханның шабармандары кемпір шалды шулатып қызды алып кетеді. Қыздан айырылған қариялар жылап отырып, Көгентүпті еске алады, баланың айтқаны бойынша, Көгентүп есімін үш рет қайталайды. Осынау көш жердегі қариялардың жан айқайы Түркістанда арпа орып жүрген Көгентүптің құлағына шалынады. “ Не де болса зәбір қалмақ ханынан келді – ау” деп ойлаған Көгентүп өсіп тұрған арпаның қылтығын алақанына салып құран оқып, жебе етіп, “Құдайдың оғы болып атыл” деп үрлеп жіберген екен. Сонан қалмақтың ханы өліп, басшысыз қалады. Басшысыз қалған қалмақ әскерлерінің абдыраған сәтін пайдаланып, қазақ батырлары мен сарбаздары жау әскерлерін тықсыра қуады, ойсырата жеңеді. Осы соғыста Мәмек батыр да шайқасқан екен. Қалмақ ханы өлгеннен кейін, оның әскері жеңіліске ұшыраған соң жұрт шуылдасып, « ханды мен өлтірдім, ол менің қарғысымнан өлді» деген молдалар да шығыпты. Он үш жасар Көгентүп те осы топтың арасында болады. Халық алдына шығып: « Мен сонау Түркістанда тұрып, хан зорлығы құлағыма жеткен соң қолымыздағы арпаның қылтығымен атып едім. Нанбасаңдар хан денесін сойып, жүрегін қараңыздар» депті. Сонда жиылған жұрт әділдікпен шешейік деген шешімге келіп, хан денесін сойған екен. Оның жүрегін алып көргенде қадалып тұрған арпаның қылтығын көріп, халық Көгентүптің сөзіне көз жеткізіпті. Содан бала есімін құрметпен «Оқшы» атаған екен. Халықты езіп келген ханды өлтірген Оқшыны батыр есебінде бүгінге дейін дәріптеп келеді. Оқшының аруағы күшті адам болған, халық аузында оның ақындығы да болған деседі. Құралайды көзге атқан мергендігі бар екен.
Әруақты жанның киесін беріректе де көрген жандар бар. Мәселен, Шиелідегі Оқшы атаның мазарының тұсын жанамалап, 1900 жылдардан кейін темір жол салынбақшы болған. Теміржолды төсеп қойған күннің ертеңіне жол қопарылып қалыпты. Бұл жолды қайта салуға әрекеттенген екен, оқиға қайталаныпты. Жергілікті халықпен ақылдасып, болмайтынына көздері жеткен соң жолды қазіргі жері бойынша орағытып салыпты.
Оқшы атаның күн батыс жағында үлкен, тамырын кеңге жайған сексеуіл тұр. Сол сексеуілді отынға алмақ болып балталағалы жатқанда, кәрістің көз алдында сексеуіл арыстан бейнесіне енген екен. Зәре – құты қалмаған ол алды – артына қарамай қашып, ендігәрі беттемейтін болыпты. Негізінде, Оқшының айналасындағы әр бір сексеуіл әр адамның басына шыққан белгі дейді, отын алуға, сындыруға болмайды делінген.
Оқшы мазарының маңы әруақты жатқан киелі, қасиетті жер. Осы маңда біз білетін Оқшы ата, Есабыз ата, Асан ата, Қыш ата, Қайып ата, бір ауыз сөзімен елге төрелік айтқан, халқы, ел үшін қамқор, пана бола білген Досбол датқа, Бала би, аталарымыз жатыр. Әр қайсының әралуан тарихы бар. Оның көбісі бізге жете бермеген. Оқшы ата мазарының күн батыс жағында үлкен мешіт болған екен. Оған 500 – 600 адам сиятын. Кеңес өкіметі тұсында мешіт бұзылған.
Мықтылығына тәнті болып кірпішін алған, ағашы шірімейді екен, шыршадан жасалған деп, құрылыс материалы ретінде ойрандаған. Бұзуға ешкім дауаламаған соң, «комсомолсыңдар» деп бір жігіттің қасына үш бала беріп, қиратқан екен. Төртеуініңде бүгінде үрім – бұтағынан дым қалмаған. Ал құрылысқа пайдаланған мешіт кірпіші еріп, ағашы түкке жарамай қирап кеткен. «Ойнама сен әруақпен, әруақ ұрар әр баппен!» деген аталы сөз осындайдан қалса керек.
Тағы бір қасиеті, Оқшы ата мазарының оңтүстік беткейіндегі көл суы түрлі жараларға, атап айтқанда қотырға ем деп жүр. Оқшы ата қайтыс болған кезде жерлеуге алып келе жатқан адамдар көлден өткенде оның терең суы тобықтан – ақ келіпті. Ел жерлеп, кері қайтқанда тереңдігінен адам жүре алмай, айналып өткен. Бұл да болса құдіреттің күштілігінен болар.
Сыр өңірі қашаннан - ақ ақын - жыраулар мен шайырлардан, данышпан би шешендерден қалған асыл мураларды көздің карашығындай сақтап оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып отырған. Солардың ішінен ел жүрегіне ұялап ұмытылмай келген ең құнды үлгілерінің бірі - Бала бидің қасиетті қазынасын зерттеп білу басты мақсатымыз.
Бала би шешен ойға жүйрік, тілге шебер, тапкыр, маңызды мәселе шешуде адамгершілігі мен көптің көңілінен шығып отырған. Жас кезінде Бименбет атанып, кейін есейе келе билікке араласқан ол «Бала би» деген атқа ие болады. Әкесінен ерте қалып оның інісі Арғынбайдың тәрбиесінде өседі. Бала би мен Досбол шешен аттары қатар шығып, бірге жүрген кісілер. Бала би Досболдан үш - төрт жас үлкен екен. Бала би билік айтқанда қолға қарамайтын, ар мен адамгершілікті бағалайтын жаны жомарт, көңілі мәрт жайсаң жан екен. Әділдікке жүгініп, қазақтың датқасы деген дәрежеге ілінген.
«Датқа» - парсы сөзі, тілек, әділдік. XIX ғасырда хан сарайындағы жоғарғы лауазымды атақ болған. Датқа хандағы төртінші дәрежедегі адам, билерден жоғары, бірақ хан әміріне бағынған. Бұл лауазым Орта Азия халықтарының ықпалды ру басыларына және әдет ғұрып, салтын жақсы білетін шешен, батыл адамдарға берілді.
Қара қылды қақ жарған би, шешендердің бірі - Досбол Қорлыбайұлы (1800 - 1890) Кезінде жүйрік, шешендігімен даңқы шыққан Досбол бар өмірін халқы үшін сарп етіп, ел намысын қорғаумен өткізген. Көп жасаған өмірінің ішінде ол талай қиыншылықты, азапты бастан кешіріп Қоқан хандары билігі кезінде қазақ ауылдарына жасаған олардың қысымдарына қарсы тұрған, олардан алым - салық жинатпай бектер мен ханынан әртүрлі айламен құтылып отырған. Халқының елдігін, бірлігін нығайтуға ерекше көңіл бөлген. Досбол бала кезінен еті тірілігімен қатарға ілініп ел арасындағы билік дау - дамайға жастай араласқан. Бала бидің ұлағатты әңгімелері, үлгі сөздері кезіңде көп болса керек, бірақ олардың бәрі жетпеген. Халқының адал перзенті, көш басшысы, терең ойлы, дарынды, ардагер бабаларымыздың әділдік, тапқырлық шешендіктері кімге де болса, әсіресе жастарға өнеге болары сөзсіз.
Содан бері қанша уақыт өтсе де әруақты батыр бабамыздың жерленген кесенесін халық күні бүгінге дейін күтіп, атын бойтұмардай қастерлеп келеді. Оқшы Атаның ұстаханасы болған Бестам - Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан қала болған.
Сонымен, «Оқшы Ата» әулиелер мазараты тарихи көнеден басталатын үлкен де қасиетті орын. Сондықтан бұл орын белгілі адамдарды жерлейтін пантеон болған деген дерек те шындыққа жақын. Осы ұлы бабаларымыздың Шиелі жерінде, біздің ортамызда жатуы - ауданымыздың халқына, азаматтарға әрі демеуші күш, әрі үлкен жауапкершілік жүктейді.
Оқшы Ата туралы кезінде жерлесіміз жазушы Оразбек Сарсенбайұлы кітап та жазды.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді халқымыз. Қазіргі уақытта ортамызда жатқан осындай киелі кісілерді ардақтап, күн сайын есімізге алып отыру, ескерткіштерін сақтау - ұрпақтардың игілігіне қызмет етері даусыз. Ал бұл ретте осы кісілердің кесенесін, тек бір ғана қорымды емес, күллі зират біткенді күтіп ұстау - тірілердің парызы. Қызылдиқан ауылының Октябрьдің 60 жылдығы көшесіне Есабыз есімдері берілуі бабалар рухы алдындағы игілікті іс болды. Халқымыздың осы сияқты қастер тұтар азаматтарының аттарын берер көшелер әр ауылда бар. Ақтоған, Қазақстанның XXX жылдығы елді мекендеріне Досбол, Бала би есімдері берілді.
1995 жылы тамыз айында Оқшы Атадағы жеті әулие мазарлары жаңғыртылып, ас беріліп бабаларға құран оқытылды. Халқымызда «Әруақ сыйлаған азбайды» деген мақал бар. Осылайша Ұлы құдірет жүктеген тарихи міндеттерін жер бетінде жүзеге асырған ол тұлғалар нағыз аңызға айналады. Ал, біз үшін өткеннен ұлағатты сабақ алып қайсы бір қателіктерді қайталамау мақсатында әруақтар мен ата - бабаларымыз өсиеттеріне шындап ден қойып, кешегі күндердің жаңғырығын жадымызда сақтағанымыз абзал. Тіршіліктің тамыры меңгілікке тынымсыз соқсын десек өмірдің үйлесімді үндестігін, сабақтастық заңдылығын сақтауымыз ауадай қажет.
Егеменді ел болған бүгінгі күнімізде көпшілік жағдайларда ескеріле бермеген ұлттық тарихи зерде, ұлттық жадымыз бен ұлтық сана, ұлттық рухымызды әрбір ұлт азаматының қанына сіңіріп жадымен бірге жаратылғандай жағдайға жеткізу бүгінгі болмысымызбен ертеңгі болашағымыздың алдында тұрған, үнемі тұра беретін, өзінің мән - маңызын өмірбақи жоймайтын барынша байыпты, қасиетті қағида.
Ғайып – Ата, Қыш - Ата, Оқшы - Ата, Есабыз - Ата, Асан - Ата, Кітап - Ата, Қабыл - Ата бабаларымыз бен Бала - Би, Торғай, Тұрсынбай, Баубек, Тұрғанбай, Мыңбай датқалар мен басқа да әруақтар өздері өмір сүрген дәуірде айырықша қолтаңбаларын қалдырып, табиғат пен Алла - тағалла берген дарын - қуаттарына сай ғұмыр кешкен тұлғалар.
Ел аузындағы ден қойсақ Оқшы - Ата мен Есабыз Атаның бір мазарда жайғасуларының сыры бар сияқты. Айтсақ, Есабыз бабамыз ауырып дүние салар сәтте Оқшы - Ата түсіне кіріп: - «Ей, Есабыз, сенде бір әруақты жан едің, мен жалғыз жатырмын қасыма келсеңші»,- деп аян бергенде, Есабыз әулие – «Ол жер шөлейт қой, болашағы қалай болар екен?»,- депті. Сонда Оқшы - Ата – «Екеуміз осындағы әулиелермен күш қосып суландырып, нуландырмаймыз ба»,- деп жауап қатса керек.
Міне, сол әулиелер қасиетінің арқасында бір кездегі шөл, шөлейіт жер бұл күндері өзені мен көлдері суға, нуға толып тұр. Әулиелердің ақ тілегі қабыл болды деген осы.
Сөз жүйесін бүгінгі болмысымызға, яғни осы Оқшы Ата мазаратын тәртіпке келтіруге ат салысқан жандары жайсаң ардақты азаматтардың соңғы жылдары бітірген істері жайлы арнайы айтсам деймін. Өйткені, ата - баба өсиеттерін пір тұтқан бір шоқ ұлтжанды ағаларымыз қысқа мерзімде ауқымды жұмыс жасады, ауызбірліктің үлгісін көрсетті.
Қысқаша шолып өтсек – барлық әулиелер кесенелері жөнделіп, тәртіпке келтірілді. Өте көне, сонау ІХ ғасырдан сыр тартатын Ғайып Ата кесенесі жаңартылды. Есабыз Атаның жайы жаңадан салынды. Ел - жұрт болып қаржы жинап Оқшы Ата мешіті салынды. (Шиеліде үлкен мешіт - медресе салынып Оқшы Ата атымен аталуына байланысты бұл мешітке Есабыз аты берілді.) Мешіт жанынан шырақшылар тұрғын - үйі, алыс - жақыннан арнайы келіп бірнеше күн болғысы келетін ағайындар жатып тұратын жай салынды. Электр жарығы берілді, жол, көпір істелінді. Досбол, Бала - Би датқалардың кесенелері арнайы жобалармен салынып шықты. Бұл жұмыстармен қатар Бірқазан, Сұлутөбе маңында Сыр халқының абзал азаматтары, кезінде ел - жұртының тыныштығына қорған бола білген Көкмұрын, Жаназар бабаларымызға ескерткіш - кесене салынды, ас берілді. Міне, осы жұмыстардың жалғасы болып, бүгінгі күні жеті әулие жатқан Оқшы Ата орталығына халқымыздың бірлігін, еліміздің тыныштығын, ауызбіршілігін, береке - бақытын армандаған бабалар өсиеті мен арман - тілектерінің нақты іске айналғанын айшықтайтын арнайы Ескерткіш - Белгі қойылды.
Халқымыздың Үш, Жеті деген сандарды қастерлейтін әдет - ғұрпына сай бұл белгі де Үш ұстыннан тұрғызылды. Қазақтың қара шаңырағы саналатын Сыр елінің ерлігі мен елдігін, ұлттық бірлігін нығайта түсуді мақсат тұтқандай 14 метр биікке бой көтерген Үш ұстынның төбесіне қазақтың қасиетті шаңырағы орналастырылды. Бүкіл ғұмырларында армандаған мақсаттарының бүгінгі күні өмір шындығы болғанына куәгердей Үш ұстынның түп қазығын айналдыра жеті белгі жасалынды.
Қазақ халқының көне заманғы жылнамаларынан бастау алып Сыр бойы аталған тарихи Түркістан мен қасиетті Арал аймағындағы қалың елдің өмір жолы нағыз елдік пен бірліктің шежіресі іспеттес десек артық айтылмағаны. Өйткені, ғасырлар қойнауына терең бойламай - ақ «қазақ» аталған бертінгі дәуірдің өзінде есімдері әлемге әйгілі ғұлама ғалымдар, ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, ердің құнын екі - ақ ауыз сөзбен шешкен дана билер, қалың жауға қарсы жалғыз шапқан хас батырлар аз болмаған. Бұл жерде олардың аты - жөндерін тізбектеп жазып жатудың қажеті жоқ. Тек, әр - бір тарихи қайреткердің қадірі өз кезінде халқына қаншалықты қызмет атқарғанына байланысты болатынын ескерсек, олардың әрқайсысы да кейінгі үрім - бұтақ құрметіне лайық екенін көреміз.
Ғалам дамуын ой - елегінен өткізсеңіз кемеліне келген елдер өз тарихының әрбір бетін қастерлейді, халқының басып өткен жолдарын айшықтауға септігі бар үлкенді - кішілі деректің бәрін де есепке алады, тиісті бағасын береді. Бұл қоғам дамуының талас тудырмайтын талабының басты тарауы.
Оқшы Ата мазаратындағы Есабыз Ата мешіті 1994 жылы 21 қараша күні пайдалануға берілген. Мешітті салуға басшылық жасаған: Ахметов Жақсылық пен Жаниязов Лепес сынды азаматтар.
Осы ашылған жылдан бастап, «Есабыз Ата»мешітінің имамы халық қалауымен Ғани қажы Мақұлбек ағамыз болған. Имандылықтан арнайы дәріс алған Ғани аға 2006 жылдың желтоқсан айынан, 2007 жылдың қаңтар айына дейінгі бір ай мерзім ішінде қажылыққа барып қайтқан.
Соңғы уақыттағы Оқшы Ата мазаратындағы ауыз толтырып айтатын жаңалық, ол «Оқшы Ата имандылық үйінің» салынуы. Имандылық үйі 2008 жылдың сәуір айында басталып, 2009 жылы маусымның 27 күні пайдалануға берілді. Оның сапалы бітуіне бір кісідей қаржылай қолдау көрсетіп, жомарттық жолында жарысқан: Мұрат Үдербаев, Мұрат Мұханбетов, Тілеуберген Шаутай, Бағлан Манарбаев, Нұрлыбек Нәлібаев, Әбдіманап Шорабаев сынды ағаларымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
«Оқшы Ата имандылық үйі» бес бөлмеден тұрады:
1. Имам бөлмесі
2. Зиратшылар бөлмесі
3. Шырақшылардың жатын бөлмесі
4. Асхана бөлмесі
5. Қол жуу бөлмесі
Ғимараттың келесі бөлігінде 250 адамдық ас беру бөлмесі орналасқан. Жаздық асхана сыртқа салынған.
Оқшы Ата мешітіне зиярат ету үшін жергілікті халық ғана емес, сондай - ақ Республикамыздың түкпір - түкпірінен көптеген кісілер келеді. Бас имамның бөлмесінде «Тілек» кітабы сақталған. Жан - жақтан келген кісілер осы кітапқа өз тілектерін, қолтаңбаларын қалдырады.
Енді осы Оқшы Ата қорымындағы Қыш Ата, Ғайып Ата кесенелері де қалпына келтірілсе нұр үстіне нұр болар еді.
Мұсылманшылық дегеннің не екеніне ой жіберіп, имандылықтың қадір - қасиетін сезіне бастаған бүгінгі күні киелі орындарымызды ардақтау әрбір азаматтың, әрбір мұсылманның міндеті болуы керек екенін әрқашан есімізден шығармауымыз керек.
Аталмыш әулиелер кешенін қорғауда, оның орналасқан аумағын жөндеп, белгі қоюда Киелі Сыр жұртшылығына белгілі М. Үдербаев, Б. Каримов, О. Байділдаев, М. Қожабеков, Т. Әлімқұлов, Ү. Бексалов, Ә. Ізтілеуов, М. Жантөреев, Ш. Қалдабергенов, Ү. Балатаев, С. Алшынбаев сынды иманды азаматтар бар күш - жігерін жұмылдырды. Мұндай іс - шара бүкіл жұртшылықтың көңілінен, өрісінен шығып, Қызу қолдау тапты. Оларға сол үшін мың да бір алғыс! Дегенмен, бұл атқарылған істер алдағы діттеген мақсаттармен салыстырғанда теңізге құйған тамшыдай - ақ деп санаймын. Себебі келер күннің үлесінде әлі де осы бағытта межелеп отырған міндеттер баршылық.
Сырдың әрбір перзенті осындай киелі топырақта дүниеге келгенін мақтан тұтары даусыз. Сондықтан туған жеріміздің тарихи тағылым беретін қандай да бір орындарының қадір - қасиетін одан әрі арттыра түсіп және де оған тек республикамыздың ғана емес, бүкіләлемдік қауымның назарын аударып, рухани мәнін терең таныта білуіміз қажет. Келешек күндердің белесіне біздер көпшілік қауым жұмыла отырып төмендегідей іс - шараларды белгілеп отырмыз. Яғни, аты аңызға айналған Оқшы, Есабыз, Ғайып, Қыш аталардың киелі мекендерін сәулеттендіру, қорымның ішкі бет жағын жөндеп, жолдарын ретке келтіру жалпы алғанда, тарихи ескерткіштердің мәдени, тәрбиелік маңызын арттыру.
Оқшы ата әулиелер мазараты – бір қарағанда шағын мекен болғанмен, бүкіл қазақ жеріндегі, қала берді Орта Азия аумағындағы аса қасиетті орындардың біріне саналады. «Оқшы Ата» мазараты Қожахмет Иассауи кесенесі салынып, сол жерге қазақтың зиялы азаматтарын жерлей бастағанға дейінгі Сыр бойы халқының игі көсемдерін, әулие көрегендігін, батырлары мен шешендерін жерлеген пантэон болды деген пікірлерін растай түсетін сияқы. Шын мәнісінде бұл тарихи шындық.
Бүгінгі өмір талабы халықтың рухын асқақтату, ұлттық сана сезімін өрлету болса, ата - бабаларымыздан қалған рухани байлығымызды, мәдени - тарихи орындарымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, оны қадірлеп, қастерлеу біздің қасиетті борышымыз.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Атамекен М. Аяпұлы, Н. Қасымұлы Алматы 1998 жыл
2. Есабыз әулие Ө. Әбдіраман, Ж. Ысымұлы Алматы 1997 жыл
3. Бала би Қ. Маханбет Қызылорда 2000 жыл
4. Оқшы Атадағы 7 әулие Қ. Маханбет 2003 жыл
5. Ертедегі ескерткіштер Т. Қоңыратбаев Алматы 1996 жыл
6. «Шежірелі Шиелі» Қ. Әбдешұлы Алматы - 2000 жыл
7. Қуаныш Махамбет, «Бала би»Қызылорда, 2000жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру