Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1862 - 1916)


Орынбасар Сара

187 М. Шоқай атындағы қазақ орта мектебінің 6"а" сынып оқушысы

Рахметова Жадыра Сәндібекқызы

187 М. Шоқай атындағы қазақ орта мектебінің тарих пәні мұғалімі

Қызылорда қаласы

Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1862 - 1916)

ХІХ ғасырдың ортасына таман Ресей империясы Арал аймағы арқылы бүкіл Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алу үшін өз әскерін даярлай бастады. Сыр өңірін басып алу арқылы патша өкіметі бірнеше стратегиялық жағынан маңызы бар жоспарларын жүзеге асыра алатын еді.

Патшалық Ресейдің Орталық Азия елдеріне жақындай отырып, бүкіл Түркістанды (қазіргі Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Орта Азиялық республикалары - авт.) бағындыруы үшін ең алдымен - Сыр бойын жаулап алуы керек болатын. Сыр өңірінің тоғыз жолдың торабында орналасуы, Арал теңізі мен Сырдария өзені арқылы Түркістан өлкесіне етене ену мүмкіндіктерінің артуы, бұл өлкенің әскери - стратегиялық маңызын еселеп арттырды.

Ресей билігінің қазақ жерінде классикалық үлгідегі отарлау саясатын (мемлекеттік басқару жүйесін жою, қазақтың байырғы шұрайлы жерлерін келімсектер мұқтажына тартып алу, тіл мен дінінен айыру стратегиясын қолдану) жүзеге асырғаны белгілі.

Ел тарихындағы алмағайып кезеңде басқыншыларға әрі олардың шексіз озбырлығына қарсы бағытталған қазақ халқының қарсылығы бір сәтте толастаған емес. ХІХ - ғасырдың 30 - 70 жылдарындағы ұлт - азаттық қозғалыстың алтын діңгегі іспетті ең ірі көтерілісті қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы (1802 - 1847 жж.) басқарды. Бұндай күресті Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлы (1774 - 1860 жж.), Сыздық сұлтан Кенесарыұлы (1837 - 1910 жж.) өрістетті.

Даңқты қолбасшылардың отаршылдарға қарсы азаттық күрестеріне рухани қолдау көрсетіп, халықты біріктіру ісінде діни ағартушы - оқымыстылар аянбай қызмет еткені мәлім.

Мемлекеттілікті қалыптастыру, іргесін бекіту, халықтың рухани мәдениетін, дүниетанымын жетілдіру, сауаттандыру, әлеуметтік жағдайын көтеру жұмыстарымен айналысқан олар, отаршылар ықпалына қарсы күрескен, имандылық пен білімділікті насихаттаған, құнды шығармалар жазып, ғажайып туындыларды дүниеге келтірген ғұлама - ағартушылар мен қайраткерлердің ұлтымызды ұйыстырудағы рөлі орасан болғаны бүгінде тарихи шындық.

Сыр елінен шыққан ағартушы ұстаздар философия, грамматика, лингвистика, шығыс тарихы мен әдебиеті, астрономия және т. б. жаратылыстану салалары бойынша кәсіби білікті болған. Бұлар негізінен Мекке, Медине, Бағдат, Шам, Ыстанбұл, Каир, Кабул, Герат, Хиуа, Хорезм, Үргеніш, Самарқанд және т. б. мәдениет орталықтарында оқыған. Өңір халқын ағартуда Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінің орны ерекше болды. Медресе түлектерінің қатарында Сыр өңірінде өздерінің дербес мешіт -

медресесін ашқан ағартушы - ұстаздар көптеп саналады. Солардың бірегейі ахун, дін қайраткері, ғұлама ұстаз - Қалжан ахун Бөлекбайұлы.

Қалжан ахунның арғы тегі Ақтөбе облысының Жаманқарағай деген жердегі табын руынан шыққан. Әкесі Бөлекбай жігіт кезінде Қарақалпақстандағы туыстарына келіп сол жерде үйленіп қалып қояды. Кейін Қарақалпақстандағы қазақ жұртына басшылық жасайды. Хиуа хандығының бегі болады. Хиуа халқының Бөлекбай батырдың ел басқарудағы шеберлігі мен хан алдында аса беделді болғанынының бір ғана көрінісі Қалжан ахун, діни сауатты, өз заманының көзі ашық, заңғар тұлғасы бола білген Бөлекбай атамыздың 77 жасқа келгенде көрген баласы екен. Дүние есігін ашқан сәбиге "Қалмұхаммед" - деп ат қойған ата - анасы кейін оны еркелетіп "Қалжан " атап кетеді. Сол заманның үрдісі бойынша Бөлекбай батыр Қалжанды жеті жасынан бастап медресеге беріп, сауатын аша бастаған. Қалжан ахунның шариғат қағидасы бойынша кәмелетке қарған он үш жасында әкесі Бөлекбай дүниеден өтеді. Баласының зеректігі мен алғырлығына қанық Бөлекбай батыр дүниеден өтерде, артында қалғандарға Қалжанға ары қарай білімін жалғастыруға көмектесулерін өсиет еткен. Ерінің бұл өсиетін құп алған анасы Қалжанға жетімдік көрсетпей, оның оқуын жалғастыруға аналық бар қамқорлығын жасайды."Білім инемен құдық қазғандай " демекші Қалжан ахун Хиуа, Бұқарадағы діни медреселерде тағы төрт жыл білімін шыңдап он жеті жасында айтулы Көкілташ медресесіне оқуға қабылданады.. Көкілташ медресесінде он жыл, яғни жиырма жеті жасына дейін тапжылмастан білім алған Қалжан ахун негізгі оқуы шариғат және заң саласын толығымен тәмәмдап, оларға қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шығады. Араб, парсы, шағатай тілдерің еркін меңгерген Қалжан атамыз сол медреседен "Ахун " атағын иемденеді. "Ахун " мұсылмандық діни лауазым - баулушы ұстаз деген мағына береді.

Қалжан атамыз поэзия саласының тұнығынан тұшына сусындағаны да көп айтылады.

Ахун шығыстың ұлы шайырлары Рудаки, Омар Хаям, Фердауси шығармаларын мән - мағнасын терең ұғынып, жатқа айтатын болған. Ахунның өзінің де өлең жазатын ақындық қасиеті болғаны мәлім. Бізге жеткені бірер шумақ қана.

Бұған қарап Қалжан ахунның ақындық қасиеті болмаған деген түсінік қалыптаспау керек. Қалжан ахунның ақындық ерекшелігі жайында Шәмсия апамыз былай деп жазады "Ол молда ғана емес, ақын да еді. Бірақ оның өлеңдерін айналасындағылар түсіне бермейтін, негізгі ол өзі үшін ғана жазған болуы керек. Оның қолжазбалары сол бойымен жоғалып кеткен.

Сөйтіп халқы оның ақындығынан бейхабар қалды. Ислам дінінен сусындаған жер бетіндегі озық ойшыл ғалымдардың еңбегімен жете таныс, төрткүл дүниеге іргелі оқу ордасы ретінде танымал болған айтулы медреседе діни ілім мен дүние ілімді қатар меңгерген ғұлама Қалжан ахунның өлеңдерінің түпкі мағынасы сол уақыттағы қарапайым халыққа түсініксіз болуы әбден мүмкін. Мысалға әлемнің жаратылысынан хабардар Қалжан ахунның ел аузындағы бір шумақ бәйітіне назар аударып көрелік.

Осы жер жұмыртқадай дөңгеленген,

Әуелде оның өзін төртке бөлген.

Төртеудің үшеуі су, біреуі құр.

Бекер деп кім айтады кітап көрген,- делінеді.

Жерді төрт бұрышты - деп, оны көк өгіздің мүйізіне іліп қойған шаман дінімен қалған түсінік. санасына әбден сіңіп қалған көпшілік адамдардың ахунның осы тәрізді өлеңдерін түсіне қоюы екі талай болғаны шындық шығар. Сол замандағы мұсылман бұлағы араб әлемімен байланыста болған айтулы Бұхарадағы Көкілташ медресесінде оқыған Қалжан атамыз жайлы деректер бойынша байқайтынымыз ол өзі оқыған оқу орнынан тәлім ала жүріп, қосымша шәкірттерге де дәріс берген. Көкілташ медресесін толығымен тәмәмдап шыққаннан кейін қазақ жеріне келген Қалжан ахун Қазалы аймағына қарасты ауылға молда ретінде орналасады.

1902 жылы темір жол құрылысы басталып, көптеген жұмысшылар сол жұмысқа қамтылған. Әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған ауыр жұмыс. әрі тамағы аш жұмысшылар маңайдағы ауылдарға келіп тоқты - торымын азық - түлігін тартып алып кетеді екен. Осындай зорлық көре бастаған ел адамдары Қалжан ахунға келіп, арыз шағымдарын айта бастайды. Халқым

бұл жүріп жатқан жұмыс түрі келешек ұрпағымыздың алысын жақын етеді. Сондықтан оған ренжімеңдер деп елді ауызбірлікке шақырған екен.

1905 жылы жол құрылысы аяқталып, стансаларға жұмыс істеуге жақын елді мекендерден адамдар келе бастайды. Жұрт жан - жақты барып елді - жерді көріп, керек жарағын алып. ұсақ сауда - саттықпен айналысқан адамдар болған. Сол кездің ірі саудагері Иманқұл деген кісі күйген қыштан стансаға жақын биік жерден ірі сауда үйін салдырады. Кейіннен Мәскеудегі Морзов деген ірі фабрикатпен дос болып, бұл жақтан мал терілерін вагонмен жөнелтіп, орнына азық - түлік қантшәй, құрылыс материалдарын алып отырған. Кейіннен бұл сауда үйі клуб болды. Онан спорт мектебі кейінен мешіт болды. Кезінде Иманқұлмен ақылдасып Қалжан ахун мешіт салуды қолға алады. Шалбас мұнарасының дария бет жағынан қатарынан екі кірпіш күйдіретін пеш зауыт жасайды. Айнала ну қалың шеңгел арасынан түйемен кетіп бара жатқан адам көрінбейді екен. Кірпіш күйдіруге сол шеңгел отынды пайдаланған сөйтіп мешіт құрылысы 1910 жылы басталған екен. Жан - жақтағы елден ұсталар жиылған. Архитектураның сәулетін өзі көрген шығыс үлгісінде Қалжан ахунның өзі көрсеткен дейді. Айнала қышпен өріліп ортада қатар үш күмбез орнатылған ұшар басы айшықталған. Күмбездің алды үлкен қақпа, оның әшекейі түрлі өрнекпен өрнектелген. 1912 жылы құрылысы аяқталмай қалған. Бірақ бала оқыту тоқтамаған. Қалжан ахун алғаш елге келгенінде білімімен генерал - губернатордың құлағына шалынып, губернатор дереу шақыртады. Алайда Қалжан ахун өз елінде қызмет жасайтынын айтып хат жазып жібереді. Ахунның шәкірттері көптеп саналады. Тереңөзектік Мұхаммед Рахым Алшынбайұлы, Сейткерей Үсебайұлы, өз балалары Уамық пен Мағымар. Сыр еліне аты мәшһүр болған Тұрмағанбет Ізтілеуұлы да болған. Соның ішінде Тұрмағанбет Ізтілеуұлына Қалжан ахун Бұқарадағы өзі дәріс алған Көкілташ медресесіне жолдама хат берген. Қалжан ахун 1916 жылы дүниеден өткен. Бүкіл ел жиылып басына төбесі жартылай жабық кесене салған. 1937 жылы" Халық жауы " нәубетінде мешіттің қасындағы шағын ауылда Қалжан ахунның бибісі Зейнеп немересімен қастарында Сыздық молда мен Рысқал әже отырған. Бір күні он шақты адамдар ысқыра айқайлай келіп мешітті бұза бастайды. Әлсіз жандар не істесін, шығыс үлгісімен оюлап салған қақпасын, үстіндегі үш күмбезін қиратады. Сонан кейін Қалжан ахун жатқан кесенені бұзбақшы болады, сол кезде Зейнеп әжей асықпай барып кесененің аузында тұрып, мені өлтіріп сонан соң бұзыңдар дейді. Қанша қаражүрек болғанымен іштеріндегі бірлі жарым адамның ықпалымен олар кесенені бұзбай кетіп қалады. Көп ұзамай Уамық оларды Өзбекстанға алып кететін болады. Қалжан ахунның барлық кітаптарын қолжазбаларын үлкен сандыққа салып кесененің төр жағына қояды. Сол қолжазбалар мен кітаптар алпысыншы жылға дейін сақталған. Кейін әркімдер алып кеткен екен. Қалжан ахун салдырған мешіт темір жол бойында сол қалпында тұр. Кешегі асыра сілтеу заманында белсенділік көрсеткен тұста оны ешкім бұза алмаған. Қиратып қыш кірпішін алмақ болғандар көре көзге мерт болған. Қалжан ахун оқу - ағарту саласын дұрыс жолға қою арқылы ең бастысы халықтың сауатын ашып, жұртшылықтың білімін көтеріп күннен - күнге оқу ағарту жолымен дами бастаған елдерден кем қалмауына барынша күш салған. Қалжан ахун халқының сауаттылығын жоғарылату арқылы әлеуметтік жағдайын да дұрыстауды мақсат еткен. Жалпы сауатты елдің болашағы үлкен екенін, көзі ашық әлемнің ғылымынан хабары бар ғалым жақсы түсінген. Қалжан ахунды барша ел жұрт төбесіне көтеріп құрметтеген.

Сондықтан да тәуелсіздігіміздің тірегі исламның мешіт, медреселері ғана емес өзге де інжу маржан асыл құндылықтарын ардақтау, оны игеру, қорғау ілгері дамыту бүгінгі ұрпақтың үлкен міндеті болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

[1]Қалжан ахун "Ақмешіт апталығы" газеті №17 27 сәуір

[2]"Сыр елі" Қызылорда облысы энциклопедиясы - 289 бет

[3]"Қалжан ахун" Шамсия Уамыққызы Қалжанова Алматы "Самат"- 2002 жыл

[4]Менің атам "Ленин жолы" газеті 1990 жыл, 22 қараша

[5]"Сырдың сырлы сыры" кітабы - Тынышбек Дайрабай Алматы 2005 жыл

Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу