«Қазақ» газеті – Алаштың ұлттық мінбері. Қазақ тілі, 10 сынып, таратпа материал.
Талқылау сұрақтары
- «Қазақ» газеті туралы не білесіз?
- Оның қызметі, мақсаты қандай болды деп ойлайсың?
- Аталмыш газетте қандай тақырыптарда мақалалар жазылды?
Оқылым тапсырмасы.
Газеттің №1 санында оқырмандарға арналған мынадай ғибратты үндеу жазылған: «Жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі газет. Халыққа газеттің керегі қандай екенін айтып өткеніміз ұнамсыз болмас. Әуелі газет – халықтың көзі, кұлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ.
Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп басшылық айтып тұрады.
Үшінші, газет – халыққа білім таратушы.Олай дейтініміз газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетікпекші.
Төртіншісі, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады.Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі.Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, солғұрлым газет-журналдары көп».
Газеттің аты мен міндеті туралы былай деп жазыпты:«Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың ардақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенше істеп кетелік».Газетте ХХ ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, қазақ шаруашылығының жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған құнды материалдар жарияланды.
Газеттің бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы шын мәніндегі ұстаз-педагог мәдени-ағартушылық мәселелерімен көбірек айналысты. Әлихан Бөкейханов көбіне саяси-экономикалық, Міржақып Дулатов өнер, тарих жағына көбірек көңіл бөлді.
1-тапсырма.
Газеттің маңызды құрал екеніне қалай сендіреді? Сендіру мақсатындағы тіркестер, тірек сөздерді жазыңыз. |
Газеттің қандай басты қызметтері туралы атап айтты? Әр қызметін бір сөйлеммен жазыңыз. |
Газетке не себепті «Қазақ» атауы берілді? |
Газет қызметкерлері қандай бағыттарда жұмыс жасады? |
2-тапсырма.
Оқушылар осы мәтіннен публицистикалық стильдің лексикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктерін айқындап жазыңыз.
Тілдік ерекшеліктері | Мәтіннен мысал, дәлел |
Лексикалық ерекшеліктері (Неологизмдер. Авторлық жаңа қолданыстар болуы. Сөздердің ауыспалы мағынада қолданылуы. Лексикалық қайталаулар. Фразеологизмдер. Мақалдар мен мәтелдер.) | |
Морфологиялық ерекшеліктері (Осы шақ мағынасындағы етістіктердің ерекше қызмет атақаратындығы) | |
Синтаксистік ерекшеліктері (Хабарлы сөйлем. Сұраулы сөйлем. Бұйрықты сөйлем. Лепті сөйлем. Толымды және толымсыз сөйлем. Жалаң және жайылма сөйлем.) |
Дескриптор.
- Мәтін мазмұны бойынша сұрақтарға жауап береді.
- Мәтіннің тілін талдайды.
- Лексикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктеріне мәтіннен мысал келтіреді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды