Бақыттың мәні


ШҚО, Көкпекті ауданы, Көкжайық орта мектебінің

11 сынып оқушысы Бекбердинова Ақмаржан

Жетекшісі: Г. С. Доспанова, өзін - өзі тану пәні мұғалімі

Мақсатым:

Өмірдегі орнын түсіне білетін, терең білімді, жан - жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасу.

Міндеттері:

1. Отанды, ұлтты, тілді сүю;

2. Шығармашылықпен жұмыс істей білу;

3. Қоғамдағы өз орнымды таба білу.

Жоспар

І. Кіріспе.

ІІ. Негізгі бөлім.

а) Қазақстандағы және жекелеген елдердегі бақыттың халықаралық индексі (БХИ);

ә) Бақыттың мәні.

ІІІ. Қорытынды.

«Бақыт дегеніміз – адамның өзіне өзі разы кезі» (Максим Горький)

І. «Өзін - өзі білген – ер бақытты, өзін - өзі билеген ел бақытты» деген халық мақалын бүгінгі айтар ойымның түп қазығы етіп алмақпын. Неткен даналықпен, көрегендікпен айтылған сөз! Туған елің, Отаның құлдықта болса қайдағы бақыт?! Құлдықтағы ел төгілген тердің, еңбектің жемісін еш уақытта көре алмайды, ой еркіндігі туралы айтудың да қажеті жоқ. Құдайға шүкір, «мың өліп, мың тірілген» қазақ тәуелсіз ел болды. Ғасырлар бойы аңсаған бақыт құсы қолымызға қонды. Қазақ халқы бақытты құсқа теңейді, оның мәні неде? Құс қолға оңайшылықпен қонбайды, қонған екен оны аялай білмесек, баптай білмесек, қадірін білмесек қалай ұшып кеткенін білмей қаламыз. Бақыттың шалғайынан басып, күшпен ұстап тұруға болмайды, - деген екен ұлы ойшыл Сайф Сараи.

Қазіргі уақытта техника мен технологиялардың қарқынды дамуы жағдайындағы жаһандану дәуірінде мемлекетте әлеуметтік - экономикалық жаңғырту саясатын жүзеге асыру арқылы ізгі қоғамға қол жеткізу басты мәселе болып отыр. Қоғамды өзгертуші күштің бірі адам болғандықтан, қоғамның ізгілігі адамдардың игілігінен, адами іс - әрекеттерінен, олардың өркениеттік озық үлгілері бойына сіңіруінен және өзіндік болмысын сақтап қалуынан негіз алады. Осы тұрғыдан Елбасы Н. Ә. Назарбаев әлеуметтік - экономикалық жаңғырту саясатындағы он бағыттың бірі ретінде «Қазақстандағы адам капиталының сапалы өсуіне» баса назар аударды.

ІІ. Бақыттың халықаралық индексі (БХИ) адамдардың әл - ауқаты мен қоршаған орта жағдайын бейнелейтін индекстен тұрады. Оны 2006 жылы New Economics Foundation ұсынған.

Индекстің басты мақсаты – жан басына шаққандағы ІЖӨ - ді есепке алмастан, ұлттың әл - ауқатын бейнелеу. Бұл индексте адамдардың түпкі мақсаты бірінші кезекте бақытты және дені сау болу керек деген басты шарт ретінде алынады.

БХИ адамдар ұзақ және толыққанды өмір сүргісі келеді, ал елдер қолда бар ресурстарды ойлы пайдаланып, қоршаған ортаға нұқсан келтірмей, өз азаматтарының әл - ауқатын барынша жақсартуға қол жеткізу үшін мүмкіндіктердің бәрін жасауға ұмтылады деген жалпыға бірдей қағидаларға негізделеді.

БХИ үш көрсеткіш негізіне есептеледі:

● Адамдардың өз өміріне қанағаттануы;

● Өмірдің күтілетін ұзақтығы;

● «Экологиялық іздер» (адамның табиғатқа ықпалы).

БХИ бойынша республика Чехиямен (38, 3) және Украинамен (38, 1) бір топта тұр және Латвияны, Ресейді, Беларусьті және Данияны, АҚШ - ты, Люксембургті және БАӘ - ні басып озды. Бұл индексте Қазақстан оң динамикаға ие.

Өмірдің мәні туралы айтқанда, біз оралмай кете алмайтын бір ұғым бар. Ол — бақыт туралы ұғым. "Өмірдің мәні оны бақытты етіп өткізуде" деген тұжырымның кез келген адамға түсінікті әрі жылы естілетіні содан болса керек.

Бақыт дегеніміз — өзі болмысының шарттары мен адамның кең ауқымды ішкі қанағаттанушылығына сәйкес келетін, өмірінің толыққандылығы мен маңыздылығын, өзінің адамдық мұратына жету күйін көрсететін моральдық сана ұғымы. Бақыт мұраттың сезімдік - эмоциялық формасы болып табылады. Бақыт ұғымы белгілі бір нақты объективті жағдайды немесе адамның субъективті күйін сипаттап қана қоймайды, сонымен бірге адам өмірінің қалай болуы керек екендігі, ол үшін ненің игілікті бола алатыны туралы түсініктерді де саралайды. Осыған байланысты бақыт ұғымы нормативті - бағалық сипат алады. Бақыттың мазмұны әр адамның өз өмірінің мұраты мен мағынасын қалай түсінуіне байланысты.

Бақыт сондай - ақ тарихи және ұлттық шарттылық сипатта көрініс береді. Моральдық сана тарихында бақыт адамның тумысынан иелік ететін құқығы деп есептелген мезеттер болса да, іс жүзінде қоғамда езілген елдердің бақытты өмір сүруге тырысу әрекеттері аяусыз жанышталып тасталатын жағдайлар, жеке адамның бақытына тосқауыл болатын тарихи оқиғалар да аз болмайды.

Қазір бүкіл прогресшіл адамзат қауымы қабылдаған демократиялық қағидалар біздің өмірімізге де мықтап ене бастады. Тұлғаның мүддесі қоғам мүддесінің астында тапталып қалмайтын болды. Бірақ бұл жағдай жекенің мүддесі үшін қоғам зардап шеге берсін дегенге апарып саймаса керек. Ол екеуінің арасындағы байланыстар табиғи, бірін - бірі толықтырып отыратын болуы керек. Қоғам бақытты болса ғана адам бақытты. Ал қоғамның бақыты оның әр мүшесінің бақытынан құралады.

Ал шығармашылық жұмыстармен айналысатын адамдардың өз бақытын ерінбей, жалықпай, маңдай терін сыпыра еткен еңбегінен табуының мысалдары айшықтырақ көрінеді. Олар үшін еңбек үрдісінің өзі — құлшынысқа, ләззатқа толы аса жоғары эмоциялық күй. Олар еңбекті ешқашан "ауыртпалық" деп санамайды, "қиындық" немесе "азап" деп есептемейді. Шығармашылық жұмыспен айналысатын адам үшін әр жаңа туынды жасаудың өзі бір ғажайып сырлы дүниеге, нұрлы әлемге сапар шегіп келгенмен бірдей болып көрінеді. Әрине, шығармашылық еңбек ететіндердің халыққа танымал болатыны, олардың құрметке тезірек бөленетіні рас. Дегенмен барлық адам шығармашылық жұмыспен айналыса алмайды десек те, жұмыстың барлық түрін шығармашылықпен, шабытпен істеуге болатынын да жоққа шығаруға болмайды. Фабрика станогында, егінжайда, қызмет көрсету саласында немесе қатардағы көп мекеменің бірінде өз міндетін құлшыныспен атқарып жүрген адамдар баршылық. Еңбек еткісі келген адамға еңбектің кез келген түрі құлшыныс тудырады. Мұны саудасы жүріп тұрған кәсіпкер де, машинасы жүріп тұрған жүргізуші де, егіні жайқалып өсіп келе жатқан диқан да, бір жерден кен қорын тапқан геолог та жақсы біледі. Еңбектен бақыт табу үшін әркімнің кәсіпті дұрыс таңдауы, оны сүйе білуі керек. Сондай - ақ еңбек мотивпен істеледі, оның ынтасы болуы керек. Түпкілікті мақсат пен нәтиже айқын болса, адам еңбегінің болашақ жемісін көре алса, кез келген әрекет шығармашылық үрдіске айналады, кез келген адам құлшына еңбек ететін болады.

Бақыт деген — адамға оның өзінен жоғары тұрған, белгісіз бір күштердің сыйы емес. Бақытты болу немесе бола алмау — адамның маңдайына бұйырған үлес немесе тағдырына алдын ала жазылып қойылған бағдарлама да емес. Бақытты болу әр адамның өз еркі, демек, бақытты бола білу әр адамның өз қолында.

Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсат тек кездейсоқ рақат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында, адамның өз мінез - құлқын, іс - әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағытталып отыруында, - деген екен ұлы ғұлама Әл - Фараби.

Тәуелсіз елімізде адам капиталын байытудағы басты құндылықтар ретінде патриотизм, мораль, адамгершілік, толеранттық, физикалық және рухани даму, заңға бағынушылықты, ана тілін, көптілікті көрсеткен болатын.

Бұл аталғандар бақыттың негізін құрайды деп ойлаймын. Ұлы ғұламаның айтқандарына Елбасының адам капиталын байытудағы алып отырған құндылықтары сай келіп отыр. Шынайы бақыт – надандардың емес, ең алдымен білгірлердің сыбағасы, - деген екен К. Г. Паустовский. Кез - келген ғұламаның бақыт туралы айтқанын алып қарасақ біздің еліміздегі шынайылыққа келіп тұр. Шынайы бақыт білгірлердің сыбағасы десек «Оқудың күтілетін ұзақтығы» бойынша да еліміз ең жоғарғы маңызға ие – 15, 1%. Қай жағынан, қай бағытта болса да Қазақстанда азаматтардың толық бақытты болуына барлық жағдайлар бар. Зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесі бойынша да көш бастаушы позициядамыз.

ІІІ. Көкжайық ауылы тұрғындарының арасында бақыттың мәні атты сауалнама өтілді. Пайызға шаққанда адамдардың 95% 1 - інші орынға отбасын, денсаулықты және рухани үйлесімділікті қояды, қалған 5% 1 - ші орынға материалдық құндылықтарды қояды. «Сіз бақыттысыз ба?» деген сауалға «иә» деп жауап берушілер 100%.

Сөзімнің түйіні ретінде А. М. Кирхенштейннің «Көп жасау - деннің саулығы, бақытты болу - адамның өз қолындағы ісі» деген сөздерін айтқым келеді. Барлығымыз бақытты болуға лайықтымыз. Баршаңызға бақыт тілеймін!

Пайданылған әдебиеттер:

1. Ақыл ақылдан қуат алады. Даналық дәстүрлері: «Аударма» баспасы. «Астана» газеті.

2. Егеменді Қазақстан газеті. 2012 жыл, 15 қыркүйек.

Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы.

3. «Өзін - өзі тану» оқулықтары. 9 - 10 сыныптар. «Алматы» баспасы. 2010 ж.

Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу