Мағжан Жұмабаевтың "Шолпы" өлеңіндегі шолпының түрлері, тәрбиелік мәні


Ы. Мұхамеджанов атындағы

негізгі мектебінің 7 - сынып оқушысы

Бисенғалиева Мейірім

Жетекшісі: Қаражанова Бибігүл Төлегенқызы

қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі

Тақырыбы: “Мағжан Жұмабаевтың “Шолпы ”өлеңіндегі шолпының түрлері және тәрбиелік мәні”

“Мағжан Жұмабаевтың “Шолпы ”өлеңіндегі шолпының түрлері және тәрбиелік мәні” атты ғылыми зерттеу жұмысына

Пікір

Ғылыми зерттеу жұмысында 7 - сынып оқушысы Бисенғалиева Мейірім Мағжан Жұмабаевтың “Шолпы” атты өлеңіндегі қазақ халқының көне, шашқа тағатын әшекей бұйымы - шолпының түрлерімен танысып, шолпының тәрбиелік мәнін зерттеуді мақсат еткен.

Ғылыми жұмыстың бірінші бөлімінде жалпы Мағжан Жұмабаевтың лирикаларына және “Шолпы” өлеңіне тоқталып кеткен. Екінші бөлімінде қазақтың ұлттық зергерлік өнеріне тоқталып, шашқа тағатын көне әшекей бұйым шолпының түрлеріне шолу жасаған. Шолпының тәрбиелік мәнін аша білген, шолпының өзіндік қасиетін сипаттап жазған. Ақын - жазушылар мен сазгерлердің шолпы туралы шығармаларымен таныстыра кеткен. Өзіндік зерттеу жүргізген.

Бисенғалиева Мейірімнің бұл зерттеу жұмысын қазақ тілі, әдебиет, тарих сабақтарында, тәрбие сағаттарында қосымша материал ретінде пайдалануға болады.

Ғылыми жұмысты оқи отырып оқушының алдына қойған мақсатына жеткенін байқауға болады.

-2-

Мазмұны

І. Кіріспе ------------------------------------------------------------------------- 5 бет

ІІ. Негізгі бөлім ----------------------------------------------------------------- 7 бет

2. 1 Мағжан Жұмабаев – лирик ақын. --------------------------------- 6 бет

2. 2 Мағжан Жұмабаевтың “Шолпы” өлеңі -------------------------- 7 бет

ІІІ. Зерттеу бөлімі: -------------------------------------------------------------- 8 бет

3. 1 Қазақтың ұлттық зергерлік өнері. -------------------------------- 8 бет

3. 2 Шолпының түрлері, жасалу жолы.-------------------------------- 11 бет

3. 3 Шолпының тәрбиелік мәні. ------------------------------------------- 13 бет

3. 4 Ақын - жазушылардың, сазгерлердің шолпы туралы жазған

шығармалары. ----------------------------------------------------------------- 14 бет

ІV. Қорытынды ---------------------------------------------------------------- 16 бет

V. Пайдаланған әдебиеттер тізімі.------------------------------------------- 16 бет

VІ. Қосымша ---------------------------------------------------------------------- 18 бет

-3-

Аңдатпа

Ғылыми жобаның негізгі мақсаты:

Мағжанның “Шолпы” өлеңі арқылы қазақ халқының көнеден қалған әшекей бұйымы екенін дәлелдеу;

Шолпының түрлерін анықтап, оның тарихи құндылығын зерттей отырып, тәрбиелік мәнінің өте жоғары деңгейде екенін дәлелдеу:

Ғылыми жобаның гипотезасы: Қыз баланың шашына тағатын ұлттық әшекейлерді пайдалану арқылы ұлттық салт - дәстүрімізді сақтау, жаңарту.

Ғылыми жобаның зерттеу кезеңдері:

1. М. Жұмабаевтың “Шолпы” өлеңі арқылы халқымыздың тарихи құндылығы саналатын шолпының тәрбиелік мәнін дәлелдейтін ауыз әдебиеті үлгілерінен мәліметтер жинастырдым.

2. Шашқа тағатын ұлттық әшекей түрлерімен таныстым, жасалу жолын білдім

3. Жинаған әдебиеттерді талдадым.

4. Шолпының сән үлгісі ғана емес, өзіндік салт - дәстүрі бар екенін дәлелдедім.

5. Ұлттық әшекей - шолпы туралы жазған ақын - жазушылардың шығармаларымен таныстым, өз шығармаларын шолпыға арнаған сазгерлердің әндерімен таныстым.

6. Өзіндік пікір, тұжырым жасадым.

Ғылыми жобаның зерттеу әдісі: Тақырыбымды ашу барысында М. Жұмабаев шығармаларына тоқталып, ауыз әдебиеті үлгілеріне шолу жасалды. Өзіндік тұжырым жасала отырып, салыстыру әдісі де қолданылды..

Ғылыми жобаның жаңашылдығы: М. Жұмабаевтың “Шолпы” өлеңі арқылы қазіргі заманғы құрбыларымның бұл ұлттық әшекей бұйымын орынды пайдалануында өзіндік пікірімді айтпақпын. Ұлттық салт - дәстүрімізден алшақтамауға, құрметтеуге, жаңартуға шақырамын.

-4-

І. Кіріспе

Зерттеу жұмысының өзектілігі:

Дауылпаз ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірден өз орнын анық тауып, артына өшпес мол мұра қалдырғанын анық білеміз. Оның лирик ақын екені де баршаға аян. Лирикалық өлеңдері де өте мол. Қазіргі таңда Мағжан жырлары кеңінен насихатталуда. Мектеп бағдарламасынан да білеміз. Мағжанның “Шолпы” атты өлеңінде қазақ қызының өн бойына жарасқан әшекей бұйымдарының бірі – шолпыны өте таза шынайы суреттеуі байқалады. Сондықтан Мағжанның “Шолпы” өлеңін оқи отыра, халқымыздың тарихи құндылығы саналатын шолпының тәрбиелік мәні мен оның түрлерін кеңірек таныстыра кетуді жөн көрдім.

Зерттеу жұмысының мақсаты:

Мағжанның “Шолпы” өлеңі арқылы қазақ халқының көнеден қалған әшекей бұйымы екенін дәлелдеу;

Шолпының түрлерін анықтап, оның тарихи құндылығын зерттей отырып, тәрбиелік мәнінің өте жоғары деңгейде екенін дәлелдеу:

Зерттеу жұмысының міндеттері:

o Мағжан Жұмабаевтың “Шолпы” өлеңін оқып талдау;

o Шолпының түрлерін анықтап, жасалу жолына тоқталып, зерттеу жұмыстарын жүргізу;

o Шолпының тәрбиелілік мәнін ұғыну;

o Жиналған материалдарды бір жүйеге келтіру;

o Шолпы туралы жазған ақын - жазушылардың, сазгерлердің

шығармаларымен танысу;

Ғылыми жобаның зерттеу әдісі:

- Жинақтау, топтау;

- Салыстыру;

- Өзіндік ой топшылау;

Болжам: Егер біз Мағжан Жұмабаевтың “Шолпы” атты өлеңін кеңінен насихаттасақ, бұл ұлттық әшекей бұйымның қазақ қыздары арасында кеңінен қолданысқа енуіне жол ашар едік.

Нәтижесі мен қорытындысы:

o Шолпыны тек қана қыз балалар мен бойжеткендер тағады;

o Қазақтың әшекей бұйымы шолпының сыңғыры қара ниетті күштерден сақтайды;

o Шолпы арқылы қыздың жасын, әлеуметтік тобын, қай жақтан екендігін аңғаруға болады;

-5-

Ғылыми жұмыстың практикалық қолдану салалары: Тақырып негізінде жинақталған материалдар тарих, қазақ тілі, әдебиет пәндерінде қосымша ретінде қолдануға болады. Тәрбие сағаттарында пайдалануға болады.

- Қандай зергерлік бұйымды ұнатасың?- десе, көп адамдар сақина мен сырғаны атайды. Ал мен Мағжан ақын жырлап өткен шолпыны ұнатамын. Осы жұмысым арқылы оны дәлелдегім келеді.

ІІ. Негізгі бөлім

2. 1 Мағжан Жұмабаев - лирик ақын.

Әдетте Абайды философ ақын,

Мағжанды лирик ақын дейміз.

Абай ақылдың ақыны да,

Мағжан сезімнің ақыны.

(С. Мұқанов)

Мағжан Жұмабаев поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс. Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында - ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді. «Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет тұрғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған» Мағжанның осындай қасиеттерін, ішкі шығармашылық құдіретін жұрттан бұрын байқаған әрі аса жоғары бағалаған Мұхтар Әуезов: «Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай… Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп жазды. [5. 264]

Мағжанның таза махаббат тақырыбына арналған лирикасы — аса көркем мұра. Табиғатынан жаны сұлу сыршыл ақын адамның ең асыл сезімін жеткізуге келгенде ғажап шеберлік танытады. "Сүй, жан сәулем", "Сен сұлу", "Жұлдызды жүзік, Айды алқа қып берейін", "Шолпы", т. б. өлеңдерінде Мағжан адамға тән осынау ұлы сезімді аса биікке көтере жырлайды. Ақынның лирикалык қаһарманы үнемі ғажайып сезімнің кұшағында жүреді. Шын сүю — Мағжанның ұғымында әрі ләззатты, әрі азапты күй. Қуанышы да мол, азабы да аз болмайтьш сезім. Ақынның сезімі кіршіксіз мөлдір. Сонымен бірге ол махаббатқа шексіз адал. Сүйген жанының бір сәттік қуанышын ол патшаның тағына да, дүниенің малына да айырбастамайды. Сүйген жары үшін не қиындыкқа да төзуге даяр. "Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін" өлеңі дәл осындай кіршіксіз махаббаттан туған шығарма.

-6-

Сүйгеніне қол созған ғашық жан: Кел, жұлдызым, жылжып кана жібектей,

Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін, — деп, жүрек сырын ақтарады. Оның ғашығы — сөзі сиқыр, шашы толқын, күлкісі күміс табақтай сыңғырлаған ғажайып сұлу. Ақын осы сұлулыққа жету жолында бәрін де құрбан етуге даяр ғашық жанының бар сезімін тамаша суреттермен, бейнелі кестелермен береді. Лирикалық кейіпкерінің "көз жасынан меруерт тізіп", тіпті аспандағы жұлдызды жүзік, айды алқа етіп ғашығына сыйға тартқызады. Мағжан — қазақ өлеңінің көркіне көрік қосқан, саздылығы мен әуезділігін әсемдеген ақын. Жоғарыдағы өлеңдерінің бәрінде де ол қарапайым өмір кұбылыстарын әсем суретке айналдыра жырлайды. [5. 241]

2. 2 Мағжан Жұмабаевтың “Шолпы” өлеңі

"Шолпы" өлеңінде Мағжан өлеңдеріне тән ерекше бір әуезділігі айқын көрінеді. Соған тоқталып өтейік.

“Шолпы” өлеңі

Сылдыр, сылдыр, сылдыр…

Қанымды қайнатты құрғыр.

Шық - шық жүрекке тиеді,

Күлпара талқан боп сынғыр.

Сылдыр, сылдыр, сылдыр…

Өзекті өртеді құрғыр.

Әдейі іргеден жүреді,

Сұлу қыз санадан солғыр.

Сылдыр, сылдыр, сылдыр…

Жүректі тандырар құрғыр.

Кеудені кернеді жалын,

Сәулем, періштем, тез кір!

Сылдыр, сылдыр, сылдыр…

Есімнен аудырды құрғыр…

Лебізіңнен еріп барамын,

Жаным - ай, жақында, қол бер!

Сылдыр, сылдыр, сылдыр…

Талдым, қалды сүлдер.

Сыбырға айналды сылдыр,

Сылдыр, сылдыр, сылдыр… [7. 84.]

-7-

"Шолпы" өлеңіндегі: Сылдыр, сылдыр, сылдыр, Қанымды қайнатты кұрғыр. Шық - шық жүрекке тиеді, Күлпәра талқан боп сыңғыр, — деген жолдардағы қазақ қызының шашына таққан шолпысының сыңғыры әркімнің құлағына қазір де жетіп тұрғандай әсер береді. «Шолпы» өлеңінде бір жағын әзіл, бір жағын шын етіп, ақын киіз үйді айнала жүретін ауыл қыздарының шаштарына таққан шолпы сылдырының көңіл ынтықтырар әсерін жазады:

Сылдыр, сылдыр, сылдыр...

Өзекті өртеді құрғыр.

Әдейі іргеден жүреді

Сұлу қыз санадан солғыр!

Сылдыр, сылдыр, сылдыр

Жүректі жандырды құрғыр.

Кеудені кернеді жалын,

Сәулем, періштем, тез кіp!

Риза болып, сүйсінген көңіл көрінеді. Шолпы сылдырлаған сайын естушінің жаны кіріп, құлағы да, жүрегі де елеңдеуде. Бұрынғы ауыл тұрмысының осы кішкене бір этнографиялық суреті қазірдің өзінде көңіл толқытады. Шолпы иесінің сұлу кескіні көз алдыңызға келгендей. Ал шолпы сылдыры нақ бір шақырықтай естіліп, тындағанның діңкесін құртып - ақ тұрғандай көрінеді. [5. 76]

ІІІ. Зерттеу бөлімі

3. 1 Қазақтың ұлттық зергерлік өнері

Қазақ даласында көркемдік тұрғыдан жетілген зергерлік өнер алғашқы темір дәуірінде пайда болған.

«Зергер» парсы тілінен ауысқан «Зәргәр» сөзі. Парсы тілінде алтыннан, күмістен суырып, созған жіңішке сымды «зәр» дейді.

Халық арасында зергерлер өте жоғары құрметке ие болып, елдің сүйікті адамына айналған.

Көптеген археологиялық қазбалар мен этнографиялық зерттеулер Қазақстан жерінде ерекше шеберлікпен жасалған бұйымдарды бізге жеткізді. Қарғалы қазынасынан табылған әйелдің бас киімі, түйенің мүсіні салынған алтын жүзік, алтын сырға, Ақтас – 1 қорымынан б. з. 2 - 5 ғ. Жарқырауық тас орнатылған сырғалар табылған. Бұл бұйымдарды әшекейлеуде де қазіргі заманда қолданылып жүрген барлық техникалық тәсілдер қолданылған. Ежелгі сақ, ғұн, үйсін зергерлерінің қолымен жасалынған жүзіктерде, білезіктерде, алқаларда шолпыларда «мүйіз» оюының түрлері, арқардың басы кездескен.

-8-

Зергерлер негізінен қоғамның барлық әлеуметтік топтарының сұранысына ие болған әйелдердің әшекей бұйымдарын жасауда эстетикалық жағынан емес, сондай - ақ діни - идеологиялық, әдет - ғұрыптық, салт - дәстүрлік маңыздылықтарын да ескеріп отырған. [ 10. 54]

Зергерлік бұйым түрлері де бірнеше түрлерге бөлінген. Соған тоқтала кеткенді жөн көрдім:

1. Шашқа тағылатын әшекей бұйымдар.

2. Қолға тағатын әшекей бұйымдар.

3. Мойынға және кеудеге тағатын әшекейлер.

4. Иыққа тағатын әшекей бұйымдар.

5. Белге тағатын әшекей бұйымдар.

6. Аяққа тағатын әшекей бұйымдар. [13. 25.]

Мойынға және кеудеге

Белге тағатын

-9-

Зергерлік – өте ерте заманнан келе жатқан өнер. Алтын - күміс әшекейлі бұйымдарды жасаумен әуестенушілерді зергер деп атау бүкіл Орта Азия халықтарында ерте кезден - ақ қалыптасқан. Қазақ шеберлер зергерлік өнерін біліп, бірақ алтын - күмісті өздері қорытып, өндіре алмаған. Сондықтан оларды көрші орыс мемлекеттерінен сатып, айырбасқа алып отырған. Кесек күміс пен алтын оңайлықпен табылмағандықтан ол кездегі қазақ зергерлері көбінесе алтын, күміс ақшаларды қайта балқытып немесе ол күйінде пайдаланған. [11. 11]

Ел арасындағы халық шеберлері түрлі көркем, нәзік істерді қарапайым әдіспен орындайды. Көбінесе білезік, өңір жиек, сақина, сырға, тіс шұқығыш (бұрын алтын, күміспен орнектеп жасап, қалтаға салып жүретін), қиықша, қоза, шолпы, алқа, қапсырма, сәукеле түйреуіш, мық, ілгек, сағат бау, үзбе, түйме, түйменің сабағы, бұрама, деңбет (дөңбет), кемер белдік, кісе сияқты адамның өз бойын әсемдейтін заттарды жасады. Ыдыс - аяқ, ағаш төсек, ер - тұрман, қару - жарақ, жазу жабдықтары, темекі салғыш, насыбай шақша, опа сауыт, домбыра, қобыз, сырнай және т. б. алуан түрлі жиһаздарды әшекейледі. [10. 71]

Қорыта айтқанда, барлығы да зергерлік бұйымдардың халық шеберлері – зергерлердің эстетикалық және шеберлік дағдыларын танытады. Әшекейіне қарай әйелдің жасын, әлеуметтік тобын, қай аймақтан екендігін ажыратуға болады. Мысалы, ауқатты отбасынан шыққан әйелдің әшекейлерінде бағалы тастардан көз салынған алтын әшекейлер көп кездеседі. Олар күрделі көркемдік шешімдерімен, техникалық жағынан мінсіз орындалуымен ерекшеленеді. Бай, ауқатты жерден шыққан әйелдер зергерге бірыңғай нақышта жасалған әшекей бұйымдарының толық жинағына тапсырыс бере алады. Бардам жердің қыздары салмағы үш келі шамасы күміс әшекейлер тағынған. [12. 113]

3. 2 Шолпының түрлері, жасалу жолы.

Қыз - келіншектердің өздері қандай көрікті болса, үстіне киген әсем киімі, тағынған сәнді бұйымдары оларды тіпті құлпыртып жібермейді ме?! Қазақ халқының да зергер, ұсталары ерте заманнан - ақ түсті металдардан сан алуан бағалы бұйымдар жасап, нәзік жандылардың көркіне көрік қосқаны, бізге жақсы мәлім. Этнограф ғалымдардың пайымдауынша, солардың ішінде әйел әшекейлері – қазақ қолөнерінің асыл мұрасы

Шолпы — әйел әшекейлерінің ішінде сәнді әрі күрделілерінің бірі. Қазақ арасында оның түрлері өте коп. Шолпыны сән - әшекей ретінде, сондай - ақ оның салмағының әсерінен шаш ұзын болып оседі деп таққан. Мұны байлықтың, баршылықтың белгісі деп те санаған. Қазақ салтында шолпыны қыздар мен жас келіншектер тағады, ал егде тартқан әйелдерге ерсі болса керек. Ал білезік - сақиналарды қарт әйелдер де сала береді.

-10-

Шолпыны о баста әйелдер қара ниетті тылсым күштерден қорғану үшін тағып жүрген. Халық адамның жарты жаны шашта болады деп, оны қорғау мақсатында шолпы, шашбау таққан. Кейде олардың салмағы 3 кг - ға жеткен. [10. 110]

Шолпылардың жалпыға бірдей ел арасына көп тараған түрлерінің мынадай аттары бар:

1. Қоңыраулы (сылдырмақты) шолпы: Қоңыраулы шолпы біріне - бірі тізбектелген бірнеше ромбы бейнелес күміс құтышалардан құралады да, олардың ішіне сылдырмақтар салынады. Құтышалардың сырты әр түрлі өрнектермен безендіріліп, бұрыш - бұрышына күлтелі меруерт, моншақ, теңгелерден салпыншақтар үзбелінеді. Қоңыраулы шолпылардың әрбір детальдарын ұстап тұратын алтын, күміс алақандары бар. Құтышалар мен салпыншақтар көптігіне қарай, біріне бірі төгіліп, ажарланумен қатар шылдырлап, сыңғырлап дыбыстар шығарып тұрады. [11. 63]

2. Қозалы шолпы: Жас қыздар үшін кішкене күміс тиындарды үзбелеп қозалы шолпы жасайды. Оның сыңғырлаған үні әдемі жарасып тұрады. [11. 72]

3. Қос үзбелі шолпы: Үзбелі, қос үзбелі шолпылар көбінесе арналып соғылған әшекейлі шаш теңгелерді, ақша теңгелерді біріне бірін үзбелеп жалғастыру арқылы жасалады. Бұлардың алақандары екі бұрымға екі бөлек жасалып, не әр бұрымға екіден төрт бөлек болып жасалады. Теңгелер мен теңгелердің арасындағы үзбелер кейде лента сияқты күміс баулықтарды дәнекерлеп ұстау арқылы, кейде теңгелерді тесіп шығыр еткізу әдісімен тізбеленеді. [11. 58]

4. Көзді шолпы (асыл тас қондырылған): Қақталған күмістен үш бұрышты немесе сопақша пішінді етіп жасалады да, ортасына асыл тас орнатылады. Төменгі үлкен тұмаршасының етегіне шынжырлап немесе үзбелеп соғып, сөлкебай тіркелген бірнеше салпыншақ тағылады. [11. 93]

5. Көп үзбелі шолпы: күміс, алтын тиындарды көптеп тізіп, үзбелеп жасаған

шолпының бір түрі.[11. 69]

6. Сағат баулы шолпы: лента немесе тері пұшпағын алып, оны сағат баулы етіп сызып, ұшына темір, я болмаса күміс тағады.[11. 97]

7. Маржанды шолпы: мақпал, шұға, барқыт, мауыты тәрізді көк, қызыл, қара түсті әсем маталардан тігеді, бұрымның жуандығына қарай жасайды, кестеленіп әсемделеді, оған маржан, моншақ та тағады, күміс шеттіктермен де әшекейлейді.[11. 102]

-11-

8. Шынжырлы шолпы: шынжырдан тізбектелген және оюмен бедерленген қаңылтырлардан тұрады. Шолпының ұшында күміс салпыншақтары болады.[11. 113]

9. Меруертті шолпы: көк, жасыл, қызыл, қара түсті мақпалдардан жасалады. Оның өң жаң бетіндегі мақпалдың айнала шеті, екі жақ басы алтын күміспен зерленеді. Мақпалдың ортасына ою - өрнектің ұнасымды түрін пайдаланып, ақ мерует тізеді.[11. 46]

10. Ақықты шолпы: күмісті немесе тиынды қолдан соғып, домалақ немесе сопақша етіп жасап, ортасына ақық орнатқан. Өте бағалы шолпы.[11. 88]

11. Тізбелі шолпы: әшекейлі шаш теңгелерді, ақша теңгелерді біріне біріне тізбелеп жалғастыру арқылы жасалады.[11. 109]

12. Алтын шолпы: алтыннан соғып, ортасына асыл тас орнатқан өте бағалы шолпы. Дәулетті отбасының қыздары таққан.[11. 115]

13. Күміс шолпы: қолдан күмісті соғып, әшекейлеп ою салып, асыл тастармен безендірген. Дәулетті, орта дәулетті отбасы қыздары таққан. [11. 76]

Бұл заттарды қалай жасалатындығын әңгіме етейік:

Әйел әшекейлерін жасағанында қазақ шеберлерінің пайдаланылған негізгі түсті металдары: күміс, алтын, қола, жез. Бұрындары қаза даласындағы сәндік бұйымдар Ресейдің, Қытайдың күміс, алтын ақшаларынан жасалынды. Тіпті, шетелдермен сауда дамыған тұста қытайдың қой тұяқ, тай тұяқ жамбылары мен поляк күмісі де қазақ шеберлерінің қолына түсіп, содан сәндік көптеген заттар жасап шығарылды. Ол кезде дәулетті адамдар алтын мен асыл тастарды өздері тауып беріп тапсырыс беретін.

Зергерлікті жұмыстың орындалу әдістеріне қарай: техника жолымен преске, қалыпқа салып қысу, балқытқан металдарды арнаулы қалыптарға қүю, бір металға екінші металды оюластырып жапсыру, тұтас металдың бетін ою, сызу арқылы өрнектеу, металдарға алтын, күміс жалату, металды қақтау, қуыстау, жұмырлау, домалақтау, шашақтау сияқты бірнеше түрге бөледі.

Қазақ шеберлерінің күміс бұйымдарды жасағанда кеңінен қолданған зергерлік тәсілдері: отқа қыздырып соғу, балқытылған металды қалыпқа құю, кептеу, тыныкелеу, қаралау, темір бетіне күміс шабу, сымкәптеу, сіркелеу, жұқа күміс әшекейлердің астынан бедерлі қадаубастармен батыра ұрып бедерлеген, бізбен безеу, күмістеу, алтындау, дәнекерлеу, оймалап, асыл тастардан көздер орнатып жасаған. [10. 63]

-12-

Негізгі материал ретінде тіл - көзден, пәле - жаладан сақтайтын тылсым күші, қасиеті бар деп танылған алтын, көбінесе күмісті пайдаланған. Бірақ алтынның қасиеті басқа металдарға қарағанда ерекше деп есептелген. Сәндік бұйымдардың көбіне металдан жасалуы да осыған байланысты болған.

Анасын, әйелін, қызын ардақтаған қазақ халқы олардың ішкі жан дүниесінің мөлдірлігімен қатар сыртқы келбеті мен тұлғасының да сұлу болғанын қалаған.

Зергерлік бұйымдардың көздеріне шеберлер ақық (агат), теңбіл тас (сланец), перуза (бирюза), маржан (коралл), лағыл (рубин), янтарь сияқты асыл тастарды пайдаланған. Әр зергердің өз қолтаңбасы болған «шебердің қолын» соған қарап таныған.

Дәстүрлі қазақ тұрмысында тастарға деген оң көзқарас бүгінге дейін сақталып отыр. Інжу көзге түсетін катарактыны, янтарь зоб ауруын емдейді десе, маржан көз бен тіл тиюден сақтайды, қарғыстан қорғайды, перуза бақыт әкеледі дейді. Зейнет пен қуаныш тасы деп танылған ақық тас қай кезде де үлкен сұранысқа ие болған. [10. 103]

3. 3 Шолпының тәрбиелік мәні.

Бұрынғы кезде ата - бабаларымыз қыз баланы қорғап, періштедей аялаған. Қыз баланы кішкентайынан әдепті, инабатты етіп тәрбиелеген. Дана халқымыз бойжеткендерін пәле - жаладан, жамандықтан аулақ ұстап, сақтандырған. Осының бәрі қыз баланың қасиетін биіктетіп, сұлулық бастауына көтерілуіне жол ашады. Ерте замандағы Қыз Жібек, Баян сұлу, т. б. қазақ қыздары ерекше сұлу болған. Себебі, олар өз сұлулықтарын сақтап, қос бұрымын бұландатып жүрген.[3. 180]

Қымбат әшекей бұйымдарды (сырға, жүзік, сақина, білезік, алқа, тұмар, шолпылар) қалай тағу қажет, оның өзіндік қатаң қағидасы бар. Соның бастыларының бірін талдап түсіндірсек, қазақ қыздарының басына үкілі сәукеле киіп, құлағына алтын сырға тағуы, саусағына сақина, білегіне білезік киюі, беліне белдік буынып, шашына шолпы қадауы олардың парасатының биіктігін, эстетикалық талғамының жоғарылығын танытады. Кейде бұрымға тағылған шолпы мен шашбаулардың салмағы үш келіге дейін жеткен, сөйтіп ол қыздардың жүрісі мен бойын тік ұстау мәнерін қалыптастырған. Сонымен қатар, шолпы бойжеткеннің бойында ойлылық, зерделілік, биязылық тәрізді қасиеттерді қалыптастырады.[12. 156]

Шолпының тәрбиелік мәні де зор. Жас қыздарға аналары: «Секеңдеп қатты жүруге болмайды. Шолпыңның сылдырлаған дауысы қатты естілсе, сені әдепсіз қыз екен деп айтады» деген сияқты тәлім – тәрбие беріп отырған.

Бойжеткен қыз баланың жүрісін, қимылын түзеу үшін қоңыраулы шолпыны бұрымына таққан. Содан қоңыраулы шолпы таққан қыз бала үй арасында жүргенде, жүгіргенде, күлгенде ол сыңғырлап дыбыс беріп, үйдегі үлкендер

қалжыңын қойып, әдеп сақтаған, бойжеткен жұрт назарын өзіне аударғанына

-13-

ұялып, жүгіріп, секіруін тиған. Шолпыны қыздарға мезгілсіз жүрмеуі үшін де

тағып қояды. Өйткені, кешкілік оның сыңғыры қыз баланың әлі далада қыдырып жүргенін жан - жағындағыларға «хабарлап» тұрады деп санаған. Сол себептен қазақ қыздарының мезгілсіз уақытта далада жүрмеуіне де көп көңіл бөлген. [10. 95]

Шолпыға байланысты наным - сенімдер.

Қазақтар адамның шашын кез келген жерге тастамайды. Олар әйел шашының ұшында тіршіліктің күші бар деп есептейді. Осы наным - сенімге сәйкес қыздардың шашын қимай, бұрым етіп өсіріп қояды. Оның ұшына шолпы, шашбау байлайды

Қазақтардың ежелгі наным - сенімі бойынша, бұрымдағы шолпы сыңғыры бойжеткенді қара ниетті күштерден қорғауға көмектеседі деп ойлаған.

Халық арасында «Адам жанының бір ұшы шашының арасын мекендейді» деген наным сақталған. Сондықтан да шолпының ұшына бәле – жаланы маңайлатпайды деп қоңыраулы сылдырмақ тағатын болған.

Бұрымға тағылған шолпы сыңғыры қара ниетті күштерден қорғауды көздеген. [3. 118]

3. 4 Ақын - жазушылардың, сазгерлердің шолпы туралы

жазған шығармалары

М. Жұмабаевтың “Шолпы”өлеңінде сәндік бұйым шолпы деталінің өзі бейнеге айналып, құбылып тұратын медиум, оның дыбыстық белгісі ынтызар сезімді туғыздырады, сөйтіп шолпы интимділік символына, қарым - қатынас деталіне айналады

«Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын» деп, Абай айтқандай, шолпының қазақы танымда сұлулық символы болумен қатар махаббатты да айқындайтын символ болып табылатындығы мәлім.

Білектей арқасында өрген бұрым

Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін.

Аласыз қара көзі айнадайын,

Жүрекке ыстық тиіп салған сайын,

-14-

Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді,

Тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын?

Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,

Болады осындай қыз некен - саяқ.

Піскен алма секілді тәтті қызды

Боламын да тұрамын көргендей ақ.

Егерде қолың тисе білегіне,

Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.

Бетіңді таяп барсаң, тамағына,

Шымырлап бу енеді сүйегіңе. [9. 56]

М. Әуезовтің «Абай жолы» романында шолпы Тоғжан бейнесін, шолпының үні махаббат сезімін ашатын деталь ретінде көрініс тапқан:

«Сылдырлаған Шолпысы, әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді» - деп шебер суреттеген. [2. 154]

Қазақ халқының халық ауыз әдебиетімен салыстыра кетсек, «Алпамыс батыр» дастанында Алпамыс батырдың Гүлбаршын сұлуға айтқаны:

Заманында тағыпсың,

Тіллә шолпы, жар – жар - ау,

- деп жырланатын жыр жолдары да осыған дәлел.[3. 132]

Алтынбек Қоразбаев ағамыздың мына өлең жолдарынан заманымыздың көрікті, ұзын шашты қыздары таққан шолпының сыңғыры естілетіндей сезіледі. “Шашбаулым” әнінен үзінді:

Сыңғыр шолпы шашбаулым,

Жарасады таққаның.

Осы сәнің тұрғанда,

Қаламаймын басқаны.

Сүйіншілер жеңгелер,

Шашбаулы қыз келді деп. [4. 50]

Сол сияқты қазіргі заманғы «Арна»тобының орындауында жүрген «Сенің қою қара шашың» әні сағындырған қыздың бет бейнесін, шолпысының сыңғырын береді.

-15-

Әнші - сазгер Марат Омаров пен Құдайберген Қазыбаевтің «Қыз сыны», Р. Тайманов пен Исрайыл Сапарбаевтың «Қазақ қызы» әндері сұлулық, нәзіктік символы ретінде бұрымды қыздарды үлгі еткен.

Қорытынды

Зерттеу жұмысымды қорытындылай келе, Мағжан Жұмабаевтың “Шолпы” өлеңі арқылы шолпының тәрбиелік мәнінің өте жоғары екеніне көзім жетті. Шолпыны қолдану қыз балаға үстеме сұлулық пен нәзіктік беретінін білдім.

1) Шашқа тағатын ұлттық әшекей шолпының түрлерімен танысып, олардың жинағы жасалады.

1) Халқымыздың шолпыға байланысты туған қазақ қызына берілетін тәрбие және ырымдарымен таныса отырып, өзімізге келешекте есте ұстайтын салт - дәстүрін жинадым.

2) Шолпының жасалуына байланысты зергерлердің тәжрибесімен таныстым.

3) Өзіндік сараптама жасадым.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987ж. 25 бет

2. Әуезов М. “Абай жолы” роман – эпопеясы І том Алматы. 1989 ж 154 бет

3. Әлімқұлов Б, Әбдіраманов Е «Әдеби этнографиялық таным»

Алматы «Санат»2009ж. 180бет

4. «Әндер жинағы» Алматы «Аруана» 2009ж. 50бет

5. Әшімханов Д. “Бес арыс” Алматы. “Жалын” 1992 ж. 264 бет

6. Жұмабаев М. “Таңдамалы”. А 1992

7. Жұмабаев М. “Сүй, жан сәулем” Алматы “Атамұра” 2002ж. 84 бет.

8. Кенжеахметұлы С. «Жеті қазына» Алматы: «Ана тілі» ЖШС. 2005ж. 120 бет

9. Қанатбаев Д. «Бұрым» өлеңі «Қазақ әдебиеті»газеті 2006жыл 56 бет

10. Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Қазақстан, 1969ж 71 бет

11. Маргулан А. Х. Казахское народное прикладное искусство. Том. I - III. Алматы: Өнер, 1986, 1987, 1994

12. Тохтабаева Ш. Ж. Казахские ювелирные украшения. Алма - Ата:

Өнер. 1985 113 бет.

13. Шойбеков Р. Н. Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі. Алматы: Ғылым,1991; 54 бет

Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу