Қазақ тілі | Қазақ тіліндегі терминжасам жүйесі

 Қазақ тілі | Қазақ тіліндегі терминжасам жүйесі

Мазмұны

Кіріспе
І тарау. Қазақ тіліндегі терминжасам жүйесі.
1.1. Қазақ тіліндегі терминжасам жүйесінің зерттелуі.
1.2. Термин жасам тәсілдерінің жүйеленуі.
ІІ тарау. Қазақ тіліндегі ішкі термин жасам тәсілдері.
2.1. Қосымша туралы түсінік және оның грамматикалық сипаты.
2.2. Қазақ тіліндегі терминжасаушы жұрнақтар.
Қорытынды.

Кіріспе
Терминдер жүйесі, жалпы терминология жағдайы тілдің лексикалық құрамындағы бүтін бір мәселе ретінде көптен зерттеліп келеді. Оларды шешуде тіл мамандары да, логиктер де, басқа да ғылым салаларының өкілдері де қатысып, еңбектерін арнады.
Терминологиялық лексиканы зерттеуде және оның қоғам үшін мәнін, маңызын анықтауда А.А.Реформатский, В.В.Виноградов, А.Н.Баскаков, Р.А.Будагов, Р.Ф.Журавлев, М.Ш.Гасымов, Б.О.Орузбаева, Н.А.Щеглова, Д.Э.Розекталь, М.А.Теленкова және В.П.Даниленко, Т.Бертогаевтың еңбектерін ерекше атауға болады. Сондай-ақ қазақ түрколог тілшілері А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Е.Аманжолов, С.Кеңесбаев, Ә.Қайдаров, Н.Сауранбаев, Ш.Сарыбаев,С.Исаев,Ө.Айтбаев, Б.Қалиев, А.Аманжолов, Ш.Құрманбайұлының еңбектерінің де үлесі зор.
Белгілі тіл маманы А.А.Реформатский термин мен терминология ұғымының теориялық мәнін ашуға тырысады. Ол термин, ұғым, сөз түсініктерінің өзара байланысы жөніндегі пікірлерді салыстыра келіп, екі түрлі бағытқа тоқталады: яғни терминді белгілі бір затпен байланысты қарайтындар. А.А.Реформатский терминнің басты белгілеріне тоқталады: «термин емес сөздердің мағынасы контексте ашылу керек те, ал термин сөздер контекске тәуелді емес. Термин сөздерге көп мағыналылық, экспрессия жат» – дейді. Ол терминді 1) терминологиялық жүйенің элементі ретінде; 2) жалпы тіл жүйесінің элементі есебінде қарастырады. [1, 46, 54]
Г.О.Винокур терминдер тек зат есім болуға тиісті деген пікір айтады. Яғни термин болу үшін сол сөз заттануы тиіс. Ол, әсіресе , қимыл атауларына назар аударады. Техникалық терминдердің көбі қимыл мен процесс атаулары болып келеді деген қорытынды жасайды. [2,13]
Н.А.Щеглованың еңбектерінен де осындай пікірді кездестіруге болады. [3,89]. В.Н.Прохорова «Актуальные проблемы современной русской лексикологии» деген еңбегінде терминге мынандай анықтама берген: «Термин- бұл арнаулы қолданыс саласындағы ғылыми немесе өндірістік-технологиялық ұғымның атауы болып табылатын және дифинициясы бар сөз немесе сөздер тіркесі» [4,10]
Термин жөнінде бұдан да басқа пікірлер бар. Атап айтқанда, энциклопедиялық сөздіктердің өзінен мынадай анықтаманы кездестіруге болады.
«Термин- рим мифологиясында шекара құдайы. Термин– терминалдар құрметіне арналған мейрам» дегенді аңғартады. Сонымен бірге термин- шекара, шек деген ұғымды білдіретін латын сөзі. Бұл-1980 жылы Мәскеуде жарық көрген бір томдық «Советский энциклопедический словарьда» берілген анықтама.
О.С.Ахманова «Словарь лингвистических терминов» деген еңбегінде: «Термин (ағыл.) дегеніміз- арнайы ұғымдар мен арнайы заттарды белгілеу үшін жасалған «қабылданған, енген және т.б.» тілдегі арнайы (ғылыми, техникалық т.б.) сөздер мен сөз тіркестері» деген пікірді айтады [5,15]. Термин жөніндегі осындай пікірлерді қуаттай отырып, Д.Э.Розенталь мен М.А.Теленкова терминнің бір ғана мағына беретінін айтады. Тілдегі сөздердің бірсыпырасы көп мағыналы болып келсе, термин жалқы мағына береді, -дейді. [6,16]
Академик І.Кеңесбаев пен профессор Т.Жанұзақов терминнің о баста латын тілінің «шек», «шекара» деген сөздерінен пайда болғандығын айтады. Яғни: «Ғылым мен техниканың, көркемөнер мен қоғам өмірінің алуан түрлі саласына байланысты қолданылатын тұжырымдарды білдіретін сөздер мен сөз тіркестері, атау сөз»- деген пікірге келеді. [7, 17]
В.П.Даниленко өзінің «Русская терминология» еңбегінде орыс тілі терминдерін дұрыс түсіну үшін ең алдымен «Орыс тілі» деген күрделі, жиынтық ұғымның құрамына кіретін элементтер арасындағы иерархиялық байланысты айқындап алудың қажеттілігін айтады. Осындай иерархиялық тізбекте тектік ұғымды, автордың айтуынша, «жалпы ұлттық орыс тілі» деген ұғымды білдіреді. Бұл ұғымға осы тілдің функционалдық тармағы болып табылатын «жалпы әдеби тіл», «диалектілер», «қарапайым сөйлеу», «жаргондар» тобы кіруге тиісті. Ал орыс тілінің терминдер жүйесін автор жалпы әдеби тілдің функционалдық тармағы болып табылатын ғылыми тіліне жатқызады. Осы тілдің лексикалық құрамына жататындығын айтады. [8] Шындығында терминдерді жалпы әдеби тілдің тармақтарының бірі ретінде қарастыратын болсақ, онда өзіне тән табиғатын ескермеген болар едік. Біріншіден, терминдердің пайда болуы әлеуметтік қажеттіліктен туады, адам өміріне ғылым мен техника келді, оны жасаушы топ пайда болды. Олардың жұмыс үстінде бір-бірімен қатынасатын, пікір алысатын тілінде ғылымдық жаңа ұғымдарды білдіретін, сол кәсіппен айналысатындар ғана қолданатын сөздер пайда болды. Осының нәтижесінде мұндай ғылыми ортаның тілі жалпы әдеби тілдің басқа функционалдық тарамдарынан өзгешелене бастады, сөйтіп әдеби тілдің бір тарамы ғылым тілі дүниеге келді.
Бұл тіл-терминдер жүйесінің жасалатын көрігі, өмір сүретін ортасы. Өйткені, терминдер ғылым мен техниканың дамуынан, осы қажеттіліктен туғандықтан оның табиғатын, ерекшеліктерін тілдің өзіне ғана тән имманенттік себептермен түсіндіруге келе бермейді. Мысалы, жалпы әдеби тіл лексикасының дамуында болып жататын семантикалық өзгерістер терминологиядағы, ғылымдағы дамумен байланысты болса (экстралингвистикалық себептердің нәтижесі болса), лексиканың басқа қатпарындағы семантикалық өзгерістердің пайда болуына көпшілігінде лингвистикалық себептер әсер етеді.
Терминдік лексикадағы сөз тудыру мәселесі де лексиканың басқа топтарынан өзіне тән ерекшелігімен сараланады. Осы факторды, терминологиялық лексиканы айқындауды ескерусіз қалдыруға болмайды.
Жоғарыда айтылғандардан терминология жүйесін түсіндіруде біріне-бірі қарама-қарсы екі мәселенің бірлігін байқауға болады:
1) терминдік сөздерді жалпы әдеби тіл құрамына қосып, соған тән өлшемді қолдансақ, терминологияға тән функционалдық, басқа да қасиеттеріне нұқсан келетін сияқты; 2) керісінше терминологияны жалпы әдеби тіл жүйесінен шығарып, оны белгілі бір тілдік жүйеден бөлек қарауға тағы да болмайды. Өйткені терминология тілдің лексикалық құрамының бір тармағы, оның ішінде әдеби лексиканың бөлшегі болып табылады.Терминдер әдеби тілдің ішіндегі ғылыммен байланысты ұғымдарды білдіретіндіктен ғылыми тілге материал болады. Соған қызмет етеді. Осы ортада дамиды.
Сондықтан терминологиялық лексиканың тек өзіне ғана тән лингвистикалық ерекшелігіне байланысты мәселелерді тек лексика өмір сүретін табиғи орта- ғылым тілінің құрамында қарастырғанда ғана дұрыс шешуге болады. Термин сөздер тек осы ортада ғана терминдік қасиетке ие болады, өзінің негізгі қызметінде наминативті-семасиологиялық функцияда жұмсалады, тек жеке ұғымның атауы бола алады, яғни терминдік моносемантизмнің жасалуына жағдай жасайтын бірден-бір орта ғылым тілі болуы керек.
Терминдер тілдік бірліктер, материалдар негізінде қолдан жасалады. Ол қандай да бір механизмге сүйенген шығармашылық әрекетті талап етеді. Сондықтан терминологиялық қорды құрайтын кез-келген терминдік бірліктің жасалуы, қалыптасуы, орнығу сатылары бар. Оны жан-жақты қарастыру, терминмен қоса терминшіге, яғни термин жасаушыға қойылатын талаптарды ондағы шығармашылық әрекеттерді де айқындау терминжасам жүйесі үшін қажетті шарттардың бірі болып табылады.
Қазақша терминдерді жасаумен тек тілшілер немесе журналистер айналысады. Сондықтан осы уақытқа дейін көптеген салалардың терминологиясы дайын терминдерді алумен ғана шектелді. Термин шығармашылығы, терминжасам тебиғаты барлық сала мамандарына қатысты екендігі қазақ терминологиясына енді-енді күн тәртібіне қойылып, қолға алына бастады.
Бұл салаға қатысты көршілес орыс терминологиясы бізге қарағанда әлдеқайда ілгері дамыды деуге болады. Осы тұрғыдан келгенде орыс терминологиясын қалыптастыруға тек тілшілер ғана емес, әр саланың мамандары үлес қоса бастады. Олар тек терминологияны ғана емес, әр саланың терминжасам ісін қолға алып, терминдердің бірізділігін, жүйелілігін қамтамасыз етіп, терминологияны жаппай қалыпқа келтіруге ден қойды. Тіпті алғашқы жиырмасыншы жылдары орыс терминологиясын зерттеуге мамандығы инженер Чаплыгиннің араласуы да орыс терминологиясындағы бұл сұрақтың өзекті мәселеге айналуына түрткі болды.
Батыс елдерінде терминологияның сала ретінде орны жеке ғылыми жұмыстарда қарастырылады әрі терминология арнайы сала ретінде әбден орныққан. Соның салдары болар, көптеген ғылыми терминологиясы дамыған елдерде терминологияның әр түрлі мәселесіне қарасты ғылыми еңбектер көптеп кездеседі. Тіпті, олар тіл білімі сияқты салалармен қатарлас, терезесі тең ғылыми саласы ретінде қабылданып, дамып, қалыптасып келеді. Бұл батыс елдеріндегі терминологияның жағдайы.
Қазіргі қазақ терминологиясының термин жасап, термин қалыптастыру ісі өзіндік ерекшеліктерге толы болып отыр. Атап өтсек, қазақ терминологиясы бірнеше жылдар бойы қалыптасқан кірме терминдерге толы. Қазіргі кезеңде сол қалыптасқан терминдердің өзі қазақшаға аударылып, қазақ тіліндегі нұсқасын қалыптастыру ісі қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бұл әрекет бір жағынан, пікірлер тұрғысынан қолдау тауып жатса, екінші жағынан, сынға ұшырап, терминдердің қолданысындағы жарыспалылықты тудырып отырған фактор ретінде әрі тілді бүлдіруші әрекет ретінде бағаланып жатыр. Екінші бағыттағы пікірлердің туындауына дұрыс аударылмаған терминдердің себеп болып отырғандығын айтып өту керек. Дегенмен, осындай қарама-қайшылықтарына қарамастан, соңғы кезеңде қазақ тілінің термин жасау жүйесі қолға алынып, қазақ терминологиясына бірқатар сөздер жаңа ұғымдарға ие болып, жаңа сөздер мен терминдер жасалды. Бұл қазақ тілінің сөздік қорын, әрі терминологиялық қорын байыта түсіп, терминологиялық қордағы кірме терминдердің санын азайтуға қалыптасқан қазақ тіліндегі терминдер аз да болса үлес қосып отыр деген сөз.
Қазақ терминжасам жүйесі мен терминжасам көздері термин шығармашылығының жүру үрдісі, өзіндік тарихи даму сатылары бар қалыптасқан жүйелердің қатарына жатады.
Көз жеткізгеніміз-терминжасам жүйесі біраз уақыт тоқырауларына қарамастан, өзіндік тәжірибесі бар жүйе.
Терминдерді ұлт тілінде қалыптастыруға нақты, саналы, батыл әрекет қажет. Әзірге бұл әрекетпен санаулы сала мамандары айналысып отырғандығын, бұл тұрғыдан бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің қызметі ерекше екендігін айтып кеткен дұрыс. Оның үстіне, бұл бағытты көпшілік түсіне алмай отырғаны да жасырын емес.
Термин әлі де өзіндік табиғатын зерделей түсінуді қажет ететін күрделі тілдік бірлік.
Ұлттық терминологияны қалыптастырудағы олардың басты бағыты-ішкі термижасам көздері екендігі белгілі болып отыр. Сондықтан ішкі терминжасам көздері мен оған әсер етуші факторлар да жан-жақты айқындауды, іс жүзінде ескеруді қажет ететін мәселелердің қатарына жатады.
Жұмыстың өзектілігі. Терминологияның шешуді қажет ететін сұрақтары бар. Олардың шешілуіне ықпал ететін өзекті тақырыптың бірі- қазақ тілінің терминжасам көздерін айқындап, жан-жақты жүйелеп беру. Ал біздің бітіру жұмыстарымыздың негізгі өзектілігі- терминжасам көздерін айқындау болып табылады. Бұл терминжасам жүйесін толығырақ түсіну үшін де өзекті болмақ.
Жұмыстың нысаны. Қазақ терминологиясындағы терминжасам көздерінің зерттелу тарихы. Қазақ тілнің термин жасау мүмкіндіктері, термин жасауға қабілетті ішкі терминжасам көздері. Жалпы сипаттағы қосымша, жұрнақ туралы түсінік және олардың топтастырылуы. Термин жасауда қолданылатын жұрнақтар.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты – қазақ тілінің терминжасамдағы морфорлогиялық тәсілдерін талдап көрсетіп, оның ана тілінде терминжасау мүмкіндгнің барлығын нақтылай түсу, тілдің ішкі тарминжасам жүйесінің терминдік қоры мен жалпы тілдік қолданыстағы сөздік қорды байытудағы рөлін көрсету. Осы көрсетілген мақсаттарға жету үшін мынадай міндеттер туындайды:
- қазақ тліндегі ішкі терминжасаушы жүйенің қазақ терминологиясындағы зерттелу тарихын сатылай көрсетіп, оларға жан-жақты шолу жасау;
- қазақ тіліндегі ішкі терминжасам көздерін талдай отырып, жалпы жүйесін көрсету;
- морфологиялық тәсілмен жасалған терминдерді анықтау;
- қосымшалар және олардың қызметі туралы түсінік;
- термин жасаудағы жұрнақтардың рөлін анықтау.
Жұмыстың материалдары. Жұмыстың басты нысаны ретінде терминжасам көздері, терминдердің морфологиялық тәсілмен жасалуы қарастырылды. Сол мақсатта зерттеу жұмысының негізгі талдау материалдары ретінде қазақ тілінде жасалып, қолданылып, қалыптасқан терминдер пайдаланылды. Терминологиялық сөздіктер қолданылды. «Терминологиялық хабаршыдағы» материалдармен қамтылды. Терминжасам үрдісінің теориялық негізіне сүйену үшін терминология саласындағы А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Ө.Айтбаев, Б.Қалиев, Ш.Құрманбайұлы т.б. көптеген қазақ ғалымдарының және А.А.Реформатский, А.В.Суперанская, Н.Володина сияқты орыс ғалымдарының ғылыми еңбектері мен мақалалары негізге алынды.
Жұмыстың теориялық мәні. Терминжасам көздерінің анықталуы тек терминология саласы үшін ғана емес, қазақ тілінің қолданыс аясын айқынырақ көрсету тұрғысынан да маңызды. Сондай-ақ ұлттық терминологияны дамыту, төл терминдерді қалыптастыру бағыты нақтыланып, оның тілді дамытудағы тиімділігін ашып көрсете түсу үшін терминжасам тәсілдерінің зерттелуі қажет. Терминжасам тәсілдерін бір ізге салып, жүйелеу үшін осы бағыттағы жұмыстардың қызметі ерекше. Терминжасам тәсілдері, әсіресе, морфологиялық тәсілі талданып, жүйеленуі сонымен бірге термин сөздер табиғатын айқындай түсу үшін де пайдалы.
Жұмыстың практикалық маңыздылығы. Жұмысты мәтін талдау жұмыстарын жүргізуде, терминология, арнаулы лексика, грамматика салаларына байланысты арнайы курстарды оқытуда, морфологиялық талдау жұмыстарын жүргізуде пайдалануға болады.
Жұмыстың әдістері. Жұмыста негізінен талдау және жүйелеу, салыстыру әдістері қолданылды. Аталған әдістер негізінен жұмыстың мақсатына, зерттеу нысанына сай келеді.

1 ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТЕРМИНЖАСАМ ЖҮЙЕСІ.

1.1 Қазақ тіліндегі терминжасам жүйесінің зерттелуі.

Қазақ тіл білімінде осыған дейінгі еңбектерде айтылып зерттеліп жүргендей, қазақ тілінің термин жасау тәсілдері бұған дейін де сөз етіліп келеді. Олар әр салаға қатысты ғылыми еңбектердің зерттеу нысанына айналып сол сала терминдерінің жасалу жолдарын сипаттауда жан-жақты қарастырылды.
Ал оның алғашқы зерттелу кезеңіне келсек, қазақ тілінің терминжасам жүйесінің қай кезеңнен бастап қолданысқа еніп, пайдаланыла бастағанын нақты мерзіммен көрсетіп беру қиынырақ. Бұл кез келген сала терминдерін зерттеуге ден қойған еңбектердің қай-қайсысында да солай көрсетіліп жатады. Дегенмен, терминдер қатары сонау ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ортасы мен соңында-ақ практикалық тұрғыдан қолданыс тауып, ғылыми айналымға көрініс бере бастады. Өйткені тілімізге ғылым мен техникалық атаулардың үлкен қарқынмен еніп, жаңа терминдердің көптеп жасала бастаған кезеңі осы кезең. Бұған дәлел сол кезеңдерде алғаш жарыққа шыққан термин сөздер мен олардың арнайы тәсілдермен жасалуы. Нақтырақ айтсақ, тікелей терминжасам шығармашылығымен айналысқан ғалымдардың қатарына А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Әуезов сынды белді зиялыларымыз еңбектерін брінші кезекте атай аламыз. Себебі А.Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы» мен «Оқу құралдарындағы», М.Жұмабаевтың «Жалпы педагогика» (1922) оқулықтары мен ондағы сол кезеңде қолданыс тапқан терминдер аталған пкірімізді дәлелдей түседі, әрі көптеген тілшілердің осындай пікірге келуіне де осы дәйектер негіз болып отыр. М.Әуезовтің де терминология мәселелерін зерттеуге атсалысқанын көрсететін тағы бір дәйек-жазушының 1917 жылғы «Ғылым тілі» атты мақалалары [34].
Термин жасалуының өзіне келсек, кез келген термин белгілі бір дәрежеде ғылыми негізге сүйеніліп жасалады. Айтылған пікірлер тізбегін сол кезеңдерде жарық көрген нұсқалары дәлелдей алады.
Бірақ бұл айтылғандарға қарап, терминжасам көздері, жаңа терминдер тобы тек кеңестік дәуірде ғана қазақ тілінде қолданыс тапты деген біржақты көзқарастармен келісуге болмайды әрі кеңестік дәуірмен байланысты бағаланып та жүрген болатын. Әрі мұндай пікір тек терминология саласына ғана емес , тіл білімінің басқа салаларында қолданылып келді. Бұған қатысты С.Ақаевтың монографиясындағы терминологияның даму тарихын зерттеген тарауларында да мынадай пікір келтіріледі: «Тілде термин сипатты сөзжасау дәстүрі бұрыннан болғанымен, оның арнайы сөз тобы ретінде қарастырылуы- ғылымның хатталу тарихымен байланыстылығы негізінде, «қазақ ғылыми терминологясының алғышарттары октябрь революциясына дейін де болды» деп оны негізінен және сөзсіз түрде Қазақстанда кеңес үкіметінің орнауымен келген ғылымға теліп қана қарау жөн болмаса керек. Өйткені әрбір сөз жаңа пайда болғанда дерексіз, күрделі түсінікті деректендіруші, термин қызметін атқарып, уақыт өте ұғымдық қырлары ашылып, жатталып, қатардағы жай сөзге айналары белгілі» [9, 11]
Демек, аталған пікірдің өзі де терминологияның, ғылымның бастау кезеңдеріне қарасты айтып өткен тұжырымымызды нақтылай алады.
Көптеген басқа тілдер сияқты жаңа сөздердің жасалуының көзі болсын, терминдердің жасалу көзі болсын ол халықтық лексика болып табылады. Сондықтан ХХ ғасыр басында қолданылған терминдік атауларға осыған дейін арнайы «термин» деп айдар тағылмаса да тілдің сөздік қорында қолданылып қалыптасқан сөздер екіндігі белгілі. Бұл жөнінде әр сала терминдерін зертеген ғалымдар өз еңбектерінде орынды пікірлер айтады. Айталық, философия саласының терминдерін зерттеген еңбегінде С.Әлісжанов философиялық терминдердің қайнар көздері жөнінде: «Халықтық философияның қай түрі болмасын ұрпақтан-ұрпаққа негізінен ауызша тарады. Солай бола тұра олар философиялық мәні жоғалмаған, өзгертілмеген күйде бізге жетті. Түйіп айтар болсақ, халықтық философия қазақ философиялық ұғымдарының қайнар көзі іпеттес. Оның әрі ауызша дамуының негізгі арқауына айналды»,- деп көрсетеді. [10, 22]
Осыған ұқсас пікірді психология терминдерін зерттеген диссертациялық жұмыстарында С.Исақова: «Халықтың бай ауыз әдебиетінен халықтық психологияның бастапқы көрінісін көре аламыз»,- дей келе, өз пікірін одан әрі: «Психолог ғалымдарымыз айтып жүргендей, қазақ халқының ұлттық психологиялық өресінің дамуына ел аузындағы мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, толғаулар, термелер сияқты халықтың ауыз әдебиеті зор үлес қосты. Оның негізгі арқауы- қазақша ойлау жүйесі»,- деп жалғастырады.
Аталған пікірлердің қай-қайсысы да қазақ терминологиясының терминологиялық қорын құрайтын терминдердің қайнар бастауы халықтық тіл, оның тарихы мен дәстүрі, ұлттық болмысы деген қорытынды жасауға жетелейді. Демек, бұл жоғарыда аталып өткен терминологияның қалыптаса бастау кезеңін тек кеңестік дәуірмен ғана байланысты қарамау керектігі жөнінде тұжырымды нақтылай, дәлелдей алады.
Қазақ тіліндегі жаңа сөздердің өзі ХІХ ғасырдың аяғынан бастап қарқынды түрде жүргізіле бастаған оқу-ағарту жұмыстарына байланысты әрі газет-журналдардың шығарылуымен байланысты тілдік айналымға ене бастады. Еске сала кетсек, бұл кезеңдерде «Дала уәләяты», «Түркістан уәләяты» сияқты газеттер шығып тұрған еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіне шолу жасайтын оқулықтар мен оқу құралдарына сүйенсек, сол кездің өзінде, 1916 жылға дейін-ақ қазақ даласында баспа ісі дамып, 200-дей кітап басылып шыққан екен. Сонымен бірге ХХ ғасырдың басында 1911 жылы шыға бастаған «Айқап» журналы мен 1913-1918 жылдар аралығында шығарылып тұрған «Қазақ» газетінің де ел ішіндегі жаңалықтарды барлық жағынан баяндап тұрудағы маңызы айтылады [9,260].
Бұл тұрғыдан ғалымдар еңбегіне жүгінсек, терминолог-ғалым Ө.Айтбаев өз монографиясында: «ХХ ғасырдың бас кезіндегі мерзімді баспасөз тек қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктерін сарқа пайдаланумен ғана шектеліп қойған жоқ, сонымен бірге жаңа ұғымды бейнелеуде бөтен тілден сөз алу процесін де мықтап дамытты ....»,- деп көрсетеді [12, 48].
Осы мәселе жөнінде ғалым пікірін нақтылай түсіп, өз мақаласында қазақ терминологиясының даму тарихын 5 кезеңге бөліп қарастыра келіп, оның ХІХ ғасырдың соңынан 1910 жылға дейінгі алғашқы кезеңі жөнінде былай деп көрсетеді: «Қазақ тілінде термин жасаудың тарихын, қолда бар деректерге сүйене отырып, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жүрміз. Мұның өзіндік негізі бар» шынында да сол кезеңде шыққан «Дала уәләяты» мен «Түркістан уәләятының газеті», «Қазақ» газеті және «Айқап» журналы тәрізді басылымдар тілге тиек ететін біраз деректер береді. Мұнда терминдік пішінге ие болып, тұрақты атаулық қызмет атқара бастаған жекелеген сөздерді кездестіреміз. Бұл ретте «Қазақ» газетінің орны айрықша [13, 6].
Ал ғалым Б.Момынованың еңбегінде «Қазақ» газетінің қоғамдық лексиканы қалыптастырудағы маңызды қызметі, ондағы жаңа қолданыстар жөнінде: «Сонымен, қазақ газеті бетіндегі оқу-білім, халық ағарту саласына қатысты атаулар үш деңгейде көрінеді: ертеден келе жатқан араб-парсы сөздері және авторлар қолтумасы – жаңа қолданыстар мен соны сөз тіркестері»- деп бағаласа [14, 75], монограиялық зерттеуіндегі: «.... «Қазақ» газетінен бастау алып, нормаланып, терминге айналған сөздерге мысал келтірейік: 1930 жылдардағы терминдер жүйесінде -ды//-ді қосымшаларының активтенгенін «Социалды Қазақстан», «Индустриалды ел», «Аграрлы ел» , т.б. осы есептес атаулар мен тіркестерден байқауға болады», - деген пікірі «Қазақ» газеті сияқты ХХ ғасыр басындағы баспасөз құралдарының термин қалыптастырудағы маңызды қызметін дәлелдей түседі......
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 894



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?