Қазақ тілі | Көркем аудармадағы баламасыз лексика

 Қазақ тілі | Көркем аудармадағы баламасыз лексика

Мазмұны

Кіріспе .......................................................................................

1 тарау Көркем аударманың лингвомәдени мәселелері
1.1 Көркем аударма – дербес шығармашылық туынды.................
1.2 Көркем аударманың мәдени-танымдық қызметі......................

2 тарау Көркем аудармадағы баламасыз лексиканың берілуі
2.1 Баламасыз лексика және лакуналар ұлттық мәдениеттің көрінісі
2.2 Баламасыз лексиканы аудару амал-тәсілдері .........................

Қорытынды ...............................................................................
Пайдаланған әдебиеттер тізімі.................................................
Пайдаланған дереккөздер тізімі................................................

КІРІСПЕ
Аударма – әрбір мемлекеттің, әрбір халықтың рухани мәдениетінің ажырамас бөлігі. Адамзаттың тіршілігінде рухани мәдениеттің қалыптасып, дамуы негізінен ел мен елдің өзара қарым-қатынасы, түрлі саладағы байланысына бағытталатыны айқын.
Аударманың міндеті мен мақсаты – үлкен, кең ауқымды. Көркем әдебиет аудармасында туған тілдің байлығы мен сұлулығын қорғау, әлемдік әдебиеттің ұлы жауһарларындағы құндылықтардың бәрін игере білу және оны сол рухта, биік деңгейде өз ұлтына жеткізе білу арқылы айқындалады.
Көркем аударманың мәселелері әрқашанда тек қана жазушы-аудармашыларды емес, әдебиетші, лингвист ғалымдарды қызықтырған. Себебі ол әртүлі мәдениеттердің, ұлттық әдебиеттердің бір-біріне ықпал етуінің дәнекері. Жалпы көркем аударманың қай жанры, қай түрі болсын әлем мәдениетін көркемдік тұрғыдан меңгеру болып табылады. Бір елдің әдебиетін аудару барысында оның тілдік байлығымен, ұлттық әдет-ғұрып, салтымен, тарихымен, болмыс-бітімімен, табиғатымен, басқа да өзіндік ерекшеліктерімен танысу арқылы олардың мәдени-тарихи үрдісінің диалектикасын үйрену басталады. Көркем аудармадағы ең күрделі және қызықты мәселе – ол сөз таңдау, әсіресе фондық лексиканы басқа тілге аударылуы.. Жұмыста баламасыз лексика, оның түрлері, басқа тілге аудару тәсілдері қарастырылады. Баламасыз лексика тікелей ұлттық (материалдық және рухани) мәдениетімен байланысты, сол себетен аударылатын тілде эквивалентсіз болып табылады. Бұл көркем аударманың лингвомәдени мәселесінің бірі. Осы орайда көркем аудармадағы лексиканы зерттеу – бітіру жұмысының өзектілігін құрайды.
Зерттеу нысаны – қазақ тілінен орыс тіліне және орыс тілінен қазақ тіліне аударылған көркем әдебиет туындылары.
Жұмыстың мақсаты – көркем аудармадағы баламасыз лексиканы белгілеп, оны аудару әдіс-тәсілдерін сипаттау.
Бітіру жұмысының міндеттері:
- көркем аудармаға қатысты әдебиеттермен танысу;
- баламасыз лексиканың түрлерін айқындау, осы лексиканы белгілеуде ғалымдардың пікірлерін тұжырымдау;
- көркем аудармадағы айқындалған лексикалық бірліктерді жүйелеу және топтастыру;
- қазақ және орыс тілдерінде жазылған шығармалар мен олардың аудармаларындағы ұлттық-мәдени ерекшеліктерінің сақталуын талдау және лакуналарды белгілеу;
-аудармашының лингвоэтникалық құзыретінің белгілерін қарастыру;
- баламасыз лексиканы аудару әдіс-тәсілдерін сипаттау;
- екі тілдегі туыстық атауларының жүйесін салыстыру және оларды аудару амал-тәсілдерін талдау.
Дереккөздер: қазақ тілінде жазылған көркем шығармалар (Әуезов М.О., Есенберлин І., Мұқанов С., Нүрпейісов Ә., Мүсірепов Ғ., Жұмаділов Қ. ) және олардың орыс тіліне аударылған мәтіндері; орыс тілінде жазылған көркем шығармалар (А.Пушкин, Л.Н. Толстой, А. Толстой, А. Чехов, И. Тургенев, А. Бунин, Н.Погодин ) және олардың қазақ тіліне аударылған мәтіндері. Сонымен қатар халық ауыз әдебиетінің үлгілері (эпостар) пайдаланды.
Зерттеу әдістері. Бітіру жұмысында салғастырмалы, контрастивті, материалдарды жаппай іріктеп жинақтау әдіс-тәсілдері қолданылды. Сонымен қатар бақылау, баяндау, жүйелеу, сипаттау және контекстуалдық талдау әдістері басшылыққа алынды.
Бітіру жұмысының материалдары ретінде қазақ және орыс тілінде жазылған көркем шығармалардан жаппай іріктеп жинақтау әдісі бойынша 200 ден астам реалий-сөздер жинақтап алынды. Жоғарыда аталған әдістер мен амал-тәсілдерінің негізінде шығармалардағы баламасыз лексика және олардың аудармада берілуі талданды.
Алынған нәтижелер: көркем шығармалардан 200 ден астам лексикалық бірліктер жинақтап алынды, баламасыз лексика жүйеленіп топтастырылды және олардың қазақ және орыс тілдерінде (аударманұсқаларда) берілу амал-тәсілдері талданды. Қазақ және орыс халықтарының ұлттық-мәдени ерекшеліктері қарастырылды.

1 ТАРАУ. КӨРКЕМ АУДАРМАНЫҢ ЛИНГВОМӘДЕНИ МӘСЕЛЕЛЕРІ

1.1 Көркем аударма –дербес шығармашылық туынды

Аударма – ұлттық және әлемдік мәдени үрдістернің бастапқы нышандарының бірі. Бұл арқылы ол белгілі бір халықтың және онымен қарым-қатынастағы басқа да елдердің әр дәуірдегі мәдениеттің тарихи және ұлттық ерекшеліктері саналады. Адамзат тарихында бір-бірінен тілінің бөлектігіне қарай топтасқан адамдар қауымдастығы қалыптасқаннан-ақ әртүрлі тілді қауымның, топтың өзара түсінісіп, тілдесуіне дәнекер болатын «қостілді» адамдар-тілмаштар пайда болған. Жазба аудару қалыптасқан тұстан бастап-ақ тәржіма халықтың мәдени-қоғамдық өмірінің алуан тіршілігімен қатар өріліп, біте қайнасып жататын күрделі құбылысқа айналды.
Көркем әдебиет – айырықша күрделі жанр. Оның әдебиет қисынынан туындайтын жазушылық шеберлік, әр жазушының қаламгерлік даралығы (ситлі) мен таланты, эстетикалық функцияны, мазмұн мен пішінді жеткізудегі жазушының танымдық-психологиялық қабілет-деңгейі сияқты сан алуан проблемалары бар. Көркем әдебиет тілінің де өзге функционалдық стильдерге қарағанда иірімі мол, ол оның негізгі қызметі – эстетикалық функциясымен тығыз байланысты. Бұл – арнаулы ақпаратты әдебиеттен басты айырмасы. Көркем әдебиеттің екінші және маңызыды белгісі – оның образдылығы, жалпыхылықтық тілдік қордағы элементтерді пайдалану мүмкіндігінің болуы. Белгілі ғалым Е.Жанпеисовтың пікірінше, бұл - «көркем шығарма тілінің өзіндік табиғатын, өзіндік сөз қиюын айқындайтын» басты факторлар /1, 24/.
Көркем әдебиет стилінің әдебиеттік, тілдік ерекшеліктері аударма әдебиетке де тән. Белгілі бір халықтың тілінде жазылған әңгіме, повесть, роман – сол халықтың ұлттық көркемөнері; туындының эстетикалық функциясы, прагматикалық сипаты – баршасы тілді иеленуші халықтың рухани-мәдени ұлттық танымының үрдесінен шығуды көздейді. Көркем аударманың тілі де сол мақсатқа бағындырылады.
Көркемөнер ретінде аударма әдебиет жеке адамға ақиқат өмірдің сырлы суретін барыншы жеткізуі керек. Көркемделіп жасалған ақиқат дүниенің бейнесін жасап шығаратын құрал – тіл. Тәржімашының алдында екі жақты, бір бірінен ауыр, екеуінің де таразысы тең қос міндет тұрады:
- тұпнұсқаның мазмұнын, сюжетін, тұпнұсқа а вторының негізгі идеясын мүмкіндігінше толық сақтау;
- аударылатын тілдің табиғи заңдылықтарын, нормаларын қадағалау.
А.М.Алдашева көркем аударманың мынадай айырым-белгілерін ұсынады:
а) көркем аударма – ойлаудың образдылық типінің жемісі: демек, мұндак индивидуалдық даралық, шығармашылық ізденіс бар; бірақ
ә) ізденістің шеңберіне шек қойылады, өйткені аудармашының алдында жатқан мазмұны-құрылымы дайын мәтін шығармашылық еркіндікке жібермейді;
б) көркем аударма да төл әдебиет сияқты эстетикалық қызмет атқаруы керек;
в) көркем аударма да төл әдебиет сияқты тұшымды, кедір-бұдырсыз оқылуы қажет;
г) сондықтан аудармада қазақ тілінің табиғи күйі, сөз қолдану, емлелік нормалары сақталуға тиіс /2, 26/.
Кез келген аударманың ең негізгі қағидасы –ол аударма мәтінінің сапасы, демек аудару үрдісінің нәтижесі, аударманың түпнұсқаға мағыналық жақындығы. Сондықтан аудармашының әрекетінің нәтижесі – аударма мәтінінің тұпнұсқаға экивалентті, сәйкесті болуы. Бірақ қазақ әдебиетінің классиктері жасаған аудармаларда қаламгерлік алшақтықтар-айырмашылықтар бірден көзге түседі. Ал әр шығарманың өз белгісі, өз сыпаты болуы – шығармашылық ізденістің жемісі. Әрбір жазушының өз тілі, стилі бар; жазушы даралығы арқылы тілдік құралдар, сөз қазынасы өзгеше ұжымдасады, өзгеше дәнекерлеседі. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында оқиғаны баяндау, суреттеу тәсілдерінің қатарында, мәселен, бірнеше синонимдерді ілестіре, қатар қолдану, көркемдік құралдарды үстемелеп пайдалану, көркемдік мақсат үшін ретті тұстарында контекстуалды синонимдер жасау амалы көп. «Абай жолындағы» Барлық тұлғасы сай келген қарасұр жігіт, сонау сұлу болмаса да ұнамды, сүйкімді; Жігітек ішіндегі намыскер, отты, пысық жігіттердің бірі; Келбетті маңдайы ақшылданып, айқындап тұр; Әнінде ашық, айқын бір келісті сарыннан басқа, үзілмей ілескен, майда рахат саз, бір күміс лебіз толқын бар деген суреттеулер М.Әуезов аудармаларында жоқ. Осы мәселе аударманың негізгі проблемасы – сөз таңдау қағидаларымен тығыз байланысты. Себебі аударманы бағалаудың екіжақты межесі – түпнұсқаның коммуникативті-функционалдық белгілерін (мазмұнын, идеясын, автордың стилін) сақтау және екінші тілде оқитындардың қабылдау ерекшеліктерін ескеру. Алайда, М.Әуезов өзі қазақшалаған проза мен драмаларда сирек қолданыстағы сөздерді (қасарман, сыбайы, құшнас, жорталар) балама етеді; тың образдар жасайды (тастай тылсымдай, тілі суырылған жыландай, күнгірт жүзді); қазақ тілінде функционалды баламасы бола турса да, түпнұсқадағы кейбір сөздердің және сөз тіркестерінің сөзбе-сөз баламасын жасауды да байқап көреді (друг сердца – жүрек досы; капризное воспитание – айнымалы тәрбие; человеческое чувство – адамдық сезім т.б.). Мысалы:
- Голубчик, ты погляди на небо – оно ведь каменное» (Н.Погодин «Аристократы»)
- Жаным-ау, аспанға қарасаңшы, тастай тылсыдай ғой (ауд.М.Әуезов).
- Недобрую шутку сыграл англоман со своим сыном; капризное воспитание принесло свои плоды (И.Тургенев «Дворянское гнездо»).
- Ағылшын құмар әке ұлын мазақ еткендей із қалдырды; айнымалы тәрбие өзінің жемісін бермей қойған жоқ (ауд.М.Әуезов).
Сөйтіп, түпнұсқаның эстетикалық-көркемдік құндылығын сақтау және қазақ тілінің нормаларын қадағалау міндеттеріне сәйкес көркем аударма жасаған қазақ қаламгерлері-аудармашыларының шығармашылық ізденістеріне тән ерекшеліктер мынадан көрінеді:
- аудармашылар жаңа сөз, фразалар үлгілерін қалыптастырады; түпнұсқадағы тұлға-бітімі тосын реалий атауларының қазақша немесе орысша баламаларын береді;
- екншісі - образды орамдар, эмотивтік қалдар жасауға қатысты: көркем аудармадағы жалпыхалықтық образдылық элементтері, яғни пайымдау мен ұлттық бітімнің, мәдени ерекшеліктердің негізінде жасалған халықтық образды стереотиптер, тұрақты тіркестер қолданылады;
- үшіншіден, аудармашы түпнұсқадағы теңеулерд, фразалардың, паремиялардың экспрессивтік күш-қуатын әлсіретпеу
Көркем аудармадығы сөз таңдау лексика мен фразеология жүйесін байытуға ықпал етеді. Мысалы, аударылып жасалып, көркем аудармадан тарап, тіл қолданысына сіңіскен немесе потенциалды элемент ретінде тіл айналымына түсуі әбден мүмкін «тың сөз туындылары» өте көп /3,6/. М.Әуезов атаған тың сөз туындылары – қазақшаға аударылған жеке сөздер, тұрақты тіркестер: гүлалқа – венок (М.Әуезов); тұспалдама – намек, сыбыршы – суфлер, құлақша қағаз – этиткетка, бірсүйер – однолюб (Ғ.Мүсірепов); патшаханым – императрица, пида – пешка (Ә.Кекілбаев); қалтқы – перегородка, тері жақы – кожаный пиджак, мапа былғары – перчатки (Ғ.Орманов) деген жаңа қолданыстар аударма үлгісінде жасалғандар.
Көркем аударманы талдау мәселесі - әдебиет ғылымы мен тіл ғылымының ұштасқан жерінде қарастырылуға тиіс, терең стильдік талдауды қажет ететін күрделі сала. Мазмұны, идеясы, сюжеті, құрылымы дайын мәтінде тілдік құралдардың еркін қолданылуы; аудармашы-қаламгердің жалпыхалықтық қордағы сөздерді, фразаларды пайдалануы, өз тарапынан жаңа сөз тұлғалары мен тың тізбектер жасауы – көркем аудармадағы ойлаудың образдылық типінің нәтижесі.

1.2 Көркем аударманың мәдени-танымдық қызметі

Мәдениет-ұлт-тіл үштігі бір-бірімен тығыз байланыстағы ұғымдар. Ұлт мәдениеті мен ұлт тілі – ұлт тұтастығының негізгі белгісі. Мәдениет – ұлттың тарихи даму бойында жинақтаған материалдық-рухани құндылықтарының жиынтығы. Мәдениет – қоршаған ортаны, әлемді жай, сырт көзбен бақылау немесе қоршаған ортаны бейімделу емес, жеке адамның, халықтың өз ұлттық-этникалық ерекшеліктері арқылы айнала дүниеге реакция жасауы, оны өз ұлттық мінез-құлқы, пайымы, шұғылданатын кәсібі арқылы білуі, алған таным-пайымдауын бағалауы. Әрбір ұлттың өзіне тән таным-пайымы, қоршаған ортаға қарым-қатынасы тіл арқылы танылады. Тіл – халықтың болмысы, жаратылысы, ол мәдениетпен тығыз байланысты: тіл мәдениеттің дамуын, қалыптасуын, деңгейін көрсететін, мәдениеттің ажырамас бөлігі. Тіл – ойды жеткізудің негізгі құралы, сонымен қатар тіл – материалдық-рухани мәдениетті танып-білудің, ұлт мәдениеті көрінісінің, ұлт мәдениеті өмір сүруінің негізгі арнасы, белгілі бір халықтың мәдениетінен ақпаратты жинақтау және сақтау (аккумуляция) қызметін атқаратын басты форма. Демек, тіл арқылы мәдениет суреттеледі, рухани және материалдық мәдениеттің барлық белгілері тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетеді.
Қазіргі уақыттағы болып жатқан ғаламдану үрдісі көптеген ғылымдарда, соның ішінде лингвистика ғылымында антропологиялық зертеулердің көбеюіне ықпал етуде. Сондықтан да лингвомәдениеттанулық ынтымақтастықтың дамуына мәдениетаралық байланыстың белсене түсуі интеграция үрдісенен байқалады. Лингвомәдениеттанудың негізгі мәселелері көптеген ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған: А.А.Потебня, Ю.М.Лотман, Д.С.Лихачев, В.Н.Телия, В.А.Маслова және т.б. Олардың еңбектерінде лингвомәдениеттану лингвистикадағы антропологиялық парадигма өнімі ретінде дамиды. Антропологиялық парадигманың қалыптасуы тіл бірліктерінің (сөз, фразеология, мәтін т.б.) ұлттық мәдени семантикасын адамға мойын бұруға және оның мәдениеттегі орнына көңіл бөлуіне әкелді. Бұндай бетбұрыс мәдениеттегі адам мен оның тіліне көңіл бөлінетін лингвомәдениеттануды алдынғы қатарға қояды. Бұны В.Н.Телия өз зерттеуінде көрсетеді: «Лингвокультурология ориентирована на человеческий, точнее – на культурный фактор в языке и на языковой фактор в человеке. Это значит, что лингвокультурология – достояние собственно антропологической парадигмы науки о человеке, центром притяжения которой является феномен культуры» /4, 222/.
Жаңа ғылыми пән ретінде лингвомәдениеттанудың теориялық негізі В.В.Воробьев еңбектерінде іргетасы қарастырылған. Оның пікірінше, лингвомәдениеттанудың нысанына адам жасаған материалды және рухани мәдениетті жатқызуға болады, яғни «тілдік әлем көрінісін» құрайтын артефактілер жүйесін жатқызады /5, 95/
Аударма саласындағы лингвомәдениеттанудың теориялық мәселелеріне тоқтала келіп, А.М. Алдашева былай дейді: «Лингвистикалық мәдениеттнау саласы – этнолингвистикамен де, лингвоелтанумен де ортақтасқан ғылым; лингвомәдениеттанудың әрбір тілдік единицаның белгілі бір халықтың төл элементі, халық тілімен жасасып келе жатқан өз сөзі; өзгелерден ауыс-түйіс емес, өз меншігіндегі сөз, сөз тіркесі, афоризм, мақал-мәтел екендігін дәлелдейтін белгі қайсы; ұлттық «бет-пішін» бар деп есептелінген сөз ұлттық, әлеуметтік, этникалық, саяси адамгершілік, тұрмыстық нормаларынан қандай мәлімет жеткізе алады дегенді зерттеуге назар аударады» /2, 122-123/.
В.А.Маслова лингвомәдениеттанудың нысанын нақтылап, лингвокультуремаларды былай бөледі:
1. баламасыз лексика және лакуналар (лингвоелтану нысаны);
2. мифологиялық тіл бірліктері: тілде бейнеленген мәдениеттің әдет-ғұрыптық формалары, аңыз, ғұрып сенім;
3. тілдің паремиологиялық қоры;
4. тілдің фрезеологиялық қоры;
5. эталондар, стереотиптер, символдар;
6. тілдік метафора мен бейнелер;
7. тілдің стилистикалық қатпары;
8. тілдік мінез-құлық;
9. сөйлеу этикеті саласы /6, 37/.
Көркем мәтін оқырман әрқашан тани білмейтін ақиқатты өмір туралы мәліметтер бұлағы болып табылады. Әсіресе , бұл өзге тілдік оқырманға қатысты, өйткені, көркем мәтін автордың туған мәдениетіне тән ақпаратқа қанық болады.
Мәдениетаралық байланыстың танымал формасының біріне көркем аударма жатады. Дарынды автор туғызған көркем мәтін сол жазылған тілдің фонетикасы, лексика мен грамматикалық құрылысы ерекшелігімен ғана емес, содай-ақ, сол тілдің өзіндік экспрессивті-стилистикалық құралдар жүйесін көрсетіп, тілдің жарқын «кескінін» салады. Сонымен бірге әрбір көркем мәтін өзінің стилистикалық кодымен де ерекшеленеді.
Аударма мәтінде жасалған ақпараттың барлық қажетті жақтарын сақтау үшін аудармашы грамматика, лексика мен стилистиканы жақсы білуімен қатар, тарихи-мәдени әрі лингвомәдениеттанулық сипат туралы базалық білімі болуы қажет. Сонымен қатар тіл мен ұлттық мәдениеттің арасындағы тарихи-этникалық сабақтастықты, тұтастықты бірнеше тілдегі жазба нұсқаларды жетік оқи алатын, тілдер мен мәдениеттердің қыр-сырына үңілген адам жітірек байқайды. Мәдениеттегі айырмашылықтар әртүрлі тілдердегі сөздердің денотаты бірдей болса да, коннотативтік семантикасының (сөздің эмоционалды бояуы) әртүрлі болуына ықпал етеді. Мысалы, өзбек жазушысы Т.Пулатов өзбек тіліндегі куёш және түрікмен тіліндегі офтоб сөздері мен солнышко сөздерін салыстыру арқылы әр халықтың ұлттық ерекшеліктерінің тілде белгіленуіне тоқталады. Оның пікірінше, жылдың көп бөлігінде күннің аптап ыстығының астында еңбек ететін халықтар ешуақытта күнді образды түрде солнышко деп айтпайды, ал өзбек, түрікмен халықтарының сұлулықты айға теңеуі орыс халқы үшін көркем-образдылықтың соншалықты дәл, ұтымды белгісі емес («Литературное обозрение». 1976.№8. -109б.). Ал В.А. Маслова төмендегідей қызық фактілер келтіреді: жапон тілінде қарапайым лексика мүлдем жоқ деуге болады. Сондықтан жапон тіліне аударушылар Ф. Достоевскийдің «Идиот»,
А. Чеховтың «Дура» деп аталатын шығармаларының аттарын өз тілдерінде беруде көп қиналады /6, 5/. Немесе туыстықты, жақсы көруді образды беру үшін орыс тілінде сердце сөзі арқау болатын тіркестер көп қолданысқа түссе, қазақ ұғымында осындай қасиет-сапаларды беруге бауыр сөзінің семантикалық өрісі жұмсалады. Әр халықтың тіліндегі бұндай айырмашылықтар ұлттық бітім мен мәдениеттің өзгешеліктеріне тәуелді.
Белгілі ғалым, аудармашы Г. Бельгер «Қан мен тердегі» қызыл қарын жас немере дегеннің орыс, неміс тілдеріне внук; даңғұр-дұңғыр болды да қалды дегеннің грохот, шумно болып аударылады /7, 265/. Ал «Казахское слово и проблемы перевода» атты мақаласында ол көркем аудармада кездесетін көп қиындықтарға тоқтала отырып былай дейді: «Казах сделал из своего слова культ. В этом можно убедится, постигнув мудрость и красоту речений биев Толе, гусиноголосого Казбека, вникая в поэзию акынов-жырау... Переводил я года три назад очень любопытную, познавательную книжку Дильды Матайқызы. Наткнулся на главку «Жеті амал», где перечисляются семь примет времени года: күннің тоқырауы, айдың тоғамы, мұздың қатуы, киіктің матауы, үркерлің батуы, қарашаның қайтуы, тоқсанның кіруі. После долгих распросов, поисков и толкований я перевел эти семь примет времени так: солнцеворот, новолуние, ледостав, сайгачий гон, уход Плеяд, улет казарок, смена Плеяд и Луны. Сретенье» /8, 11-12/. Осы айтылғанның барлығы көркем аударманың басқа аудармаларға (ресми қағаздар, жарнама мәтіндері, ғылыми мәтіндер т.б) қарағанда эквивалентті болуы қиынырақ. Сапалы аударма жасау үшін тәржімашының энциклопедиялық білімі, қаламгерлік шеберлігі, сол ұлттың мәдениетін, әлемді қабылдауда өзіндік ерекшеліктерін, салт-дәстүрін және аударма жасалатын тілдің стилистикалық қыр-сырын толық меңгеруге тиіс. Себебі көркем аудармада тек қана семантикалық ақпарат берілмейді, сонымен қатар эмоционалды, экспрессивті және эстетикалық ақпараттар берілуі тиіс.
Адам факторының тілдегі көрінісін, тіл мен сол тілді иеленуші адамның (тұтас бір халықтың) ойлау-пайымдау қабілетінің арасындағы байланысты, ұлттық мәдениеттің ұлт тіліне ықпалын зерттеуде аударма әдебиет көп көмек жасайды. Аударма әдебиетті түпнұсқамен салыстыру бірнеше тілдерде бар универсалды бір ұғым, образ, стереотиптер үшін жұмсалатын тілдік единицалардың ұлттық – мәдени құндылығын дәлірек танытуға мүмкіндік береді.
Ұлттық-этникалық мәдениеттің ерекшеліктері, ұлттық бітімнің және рухани құндылықтардың ұлттық сипаттары адам санасында орныққан символдық, образды-метафоралық, ойды көркемдеп жеткізуге эталон-үлгі болатын тілдік единицалардың семантикасынан, ішкі нысанынан байқалып тұрады. Ұлттық мәдениет әсіресе коммуникативтік актіге қатысушылардың сөз әдебінен, адам келбетінің, психологиясының суреттелуінен, уақыт пен кеңістікке, іс-қимылға қатысты атаулардан, туыстық, ресми-бейресми қарым-қатынастардың баршасынан да белгі береді. Айталық, кез келген көркем туындының баяндау тәсілінің басты тіні – диалог, кейіпкерлердің өзара сөйлесу әрекетінде бейвербалды амалдар көп кездеседі. Сөйлесудің бейвербалды амалдары сөйлеудің ырғағы, дауыс мәнері, диалогтың мазмұнына қарай қол, көз, иық, бас сияқты дене мүшелерінің қимылы, ымдау сияқты паралингвистикалық амалдар. Паралингвистикалық ерекшеліктер халықтардың барлығына тән және олар – этнос мәдениетінің бір көрінісі. А.А. Сейсенованың пікірінше, «паралингвистикалық амалдардың ішінде ең көп тарағаны – дене қимылдары. Кинемалардың арасында бастың қимылдары да этикет ұғымымен ұштасып жатады, мәселен, бас иді, бас иіп сәлемдесті деген әрекетті білдіретін сөз тізбектерді сәлемдесу рәсімі мен қарым-қатынас процесінде ұлттық-мәдени ерекшеліктерді үстейді. Ал иіліп сәлем беру және иіліп тағзым ету этнокинемалары қазақтың қыз-келіншектерінің үлкендерге ізет пен ілтипат білдіру мақсатында қолданылады» /9, 25/. Демек, бейвербалды амалдар дене мүшелері (лат. соматизмдер) арқылы жасалады, сондықтан да кез - келген тілде соматикалық фразеологизмдер бар, бірақ олар көп жағдайда сәйкес болмайды.......
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 964



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі