Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты


Атырау қаласы, Еркінқала орта мектебінің

оқушысы Ағзамқызы Наркес

жетекшісі тарих пәні мұғалімі Өтепова Тойған

«Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» (М. Жұмабаев)

Кіріспе

Ұрпақ тәрбиесі қашаннан өз мәнін биік ұстайды. Сондықтан қай заман, қай қоғамда болсын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән берген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, келешек ұрпаққа оқу - білім және тәрбие беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты.

Қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтарына жан-жақты өнегелі тәрбие беру – қоғамымыздың алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі.

Мектеп жеке тұлғаның рухани жан дүниесі мен адамгершілік қасиетінің қалыптасуына жүйелі жолға қойылған тәрбие беру негізінде қол жеткізеді. «Отан - от басынан басталады» дейді халық даналығы. Демек, бала тәрбиесі - Отан мен ел мүддесі. Бүгінгі өскелең ұрпаққа ғаламдастыру дәуірінде өз халқының төл мәдениеті, тілі мен салт - дәстүрін әр оқушының бойына сіңіре отырып, отансүйгіштікке баулу қазіргі тәрбие жүйесінің өзекті мәселесі.

Егеменді еліміздің болашағы жас ұрпақты шыңдап өсіру, білікті азамат болып қалыптасуын қамтамасыз ету - бүгінгі таңда ең басты мақсат болып табылады.

Өйткені еліміздің болашағы жас ұрпақ - ұлттық сана - сезімі оянған, адамгершілігі және рухани ойлау дәрежесі жоғары дамыған, мәдениетті, парасатты, ар - ожданы мол, салауатты, бойында жоғары патриоттық санасы, өз елі үшін мақтаныш сезімі қалыптасқан азамат етіп тәрбиеленуі тиіс

Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас ұрпаққа үлгілі, өнегелі тәрбие беру - қазіргі міндеттердің бірі. Имандылық, ізгілік, адамгершілік, елжандылық және де толып жатқан кісілік қасиеттер мектеп қабырғасында қалыптасады.. Мектептегі оқушы - болашақ Қазақстан азаматы. Олар ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей болып ХХІ ғасыр есігінен еркін еніп жүре алатын дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзін сыйлата алатын, рухани дүниесі бай, интеллект деңгейі жоғары, білімді де білікті болуы шарт. Сонымен қатар, тәуелсіздігіміздің тірегі - білімді әрі саналы, парасатты, жан - жақты мәдениетті, еліміздің еңсесін өркениетке жетелейтін патриот азаматтарымыздың көп болуы әбден керек - ақ...

Еліміз тәуелсіз даму жолына түсе отырып, біртіндеп дамыған, гүлденген өркениетті елдер қатарына қосылуды мақсат етеді. Мұны жүзеге асыратын еліміздің жас азаматтары мен мектеп оқушылары. Білімді еліміздегі халықтың тілін, тарихын, әдеп - ғұрпын сыйлайтын, елі үшін білімі мен күш жігерін аянбай жұмсайтын нағыз азамат, Отаншыл азамат керек.

Тарих – әрбір халықтың өткен өмірі мен жүріп өткен жолының айнасы іспеттес, тәрбиелік мәні зор, жас ұрпаққа өте қажетті ғылым. Қоғамдық өмірде халқымыздың тарихының үлкен рөл атқаратындығы жөнінде Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» деген еңбегінде: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр. Қазақта мынадай мақал бар: «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз»,- деп жазды.

Тарихты білу әрбір адамға қажет болса, өлке тарихын білудің маңыздылығы, өзектілігі одан кем емес. Туған өлке тарихын біле отырып, адам өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы орнын, істейтін қызметін дұрыс анықтай алады. Өйткені әрбір адамның өз туған үйінен кейінгі алтын бесігі - оның алғаш оқитын мектебі. Балалық шақтың алаңсыз тәтті де қызық күндері, өзімен күліп, ойнаған, құрбы - құрдастары әр затқа еліктеп, қызық көріп алыс арманға қол созып, үміт артқан шақ, жамандық атаулыны жадына сақтамай, жақсылыққа бой ұратын бөбек сол бір балалық бал шағын кейін ересек болғанда ұмытпайды. Сондықтан мектеп өмірінің тарихы – жүздердің, мыңдардың өсу, есею адам болу хикаясы десек артық айтқандық емес. Оның әрқайсысы білім ордасымен, әлденеше әр қилы адамдардың шартарапты тағдырымен тікелей байланысты.

Кешегі өзіңіз оқыған мектепке көз жіберіңізші. Мейлі ол аласа ғана шағын қараша үй болар немесе қаладағы көп қабатты еңселі биік зәулім сарай болар, әйтеуір табалдырығын аттап енгеннен оны бітіргенге дейін, құрбыларыңмен ойнап, дүние танып шықтың. Сол бір құрдастарың бұл күнде кең дүниенің талай дүлей күштерін тізгіндеп мініп, бүгінгі қауымның бір мүшесі болып жүр. Қоғам тіршілігіне ілеспейтін, тиісті үлес қоспайтын адам жоқ. Оның ыстығына күйіп, суығына тоңбайтын жан жоқ. Сол кездегі монтиған қара бала құрметті ата болды, немесе ұшып - қонып, тыныштық таппайтын шөпжелке қыз бүгінде ардақты ана, елге ақылшы дана болды.

Олардың әрқайсысына тән мінезі, ешкімнің өміріне ұқсамайтын сыры бар, қанша тыңдасақ та жалықтырмайтын жыры бар. Өмірбаяны өшпейтін із қалдырған, адал істері, ерлік қимылдары ел арасында аңызға айналып, ұрпақ мұрасына қалған осы адамдардың баршасы әр кезде мектеп қабырғасынан тәлім - тәрбие алып шықты. Әрбір мектептің өзіне тән тарихы, қызықты шежіресі, ерекше жәйті бар. Оның құрылуы, орнығып өсуі есеюі өз аймағындағы бүкіл экономикалық мәдениеттің даму процесімен тікелей байланысты. Яғни мектеп өмірі еліміздегі қоғамдық, әлеуметтік өзгерістердің айғағы. Қай мектеп болмасын өз өрендерінің сусынын білім бұлағынан қандырып қана қоймай, өмірге баулып, әр мінезді өжет жандар тәрбиелеп шығарды. Мектеп тарихы - осылардың тарихы

Өлке тарихымен танысу, оқу ғасырлар сырына тереңірек бойлауға ата - бабаларымыз қалдырған кең - байтақ жердің лайықты мұрагері ұлтжанды азамат ретінде өсуімізге мүмкіндік береді. Сондықтан мен өзімнің өскен ауылымның тарихынан көз жібере отырып, сан ұрпақты ұясынан ұшырып, қанат қақтырған білім ордасы - Еркінқала орта мектебінің тарихымен танысуды мақсат еттім.

Менің шығармашылық жұмысымның мақсаты: мектеп тарихы туралы негізгі кезеңдерге көз жүгірте отырып, осында еңбек еткен аға ұстаздар қызметімен танысу. Олардың еліміздің өскелең ұрпақтарын тәрбиелеуге қосқан үлестері, алдарынан дәріс алған шәкірттерінің жеке тұлға ретінде

танылуын саралай келе, өзімнің тәрбиеленіп отырған алтын ұя мектебімнің беделін асқақтату, сол аға ұрпақ өкілдеріне деген тағзымды кейінгі ұрпақ атынан жеткізу.

Шығармашылық жұмысымның міндеттері:

1. Мектеп тарихы туралы мәлімет жинау.

2. Мектептің өсіп - өркендеуіне үлес қосқан, еңбек жолы өнеге болған ұстаздар мен шәкірттер туралы, олардың атқарған істер туралы деректер жинау.

Негізгі бөлім

Мектеп тарихы терең, шежіресі мол. 80жылдық өмір тарихында талай ауыл баласы білім алып, Отанымыздың игілігіне қызмет атқаруға өмірлік жолдамамен аттанды. Өсу - өркендеу жолында талай қиындық пен табысты сәттерді бастан кеше отырып, бүгінгі тәуелсіз елдің талантты балаларын оқытатын мектеп дәрежесіне дейін жетті.

«Өткенсіз келешек жоқ»дегендей Каспий теңізінің Жайық өзенімен тоғысқан жерінде орналасқан Еркінқала аулының сан ұрпағын ұясынан ұшырған, бүгінде өзім білім алып, тәрбиеленіп жатқан мектеп тарихына көз жүгіртер болсақ, мектеп іргесі 1931 жылы қаланған. 1932 жылы мектепке арнап ауыл еңбекшілері төрт бөлмелі үй салып, өз қолдарынан отырғыш, столдар жасап, ауыл баласына оқуға мүмкіндік берген. Алғашқы меңгерушісі Есенбаев Дүйсенбай деген адам болған. 1934 жылы маусым айында тағыда ауыл белсенділерінің көмегімен төрт сынып бөлмесі салынады. Осы жылы жетіжылдық болып құрылады. Мектеп директоры болып Құсайынов Нұрмұхан келеді. Мектеп мұражайында сақталған өзінің жазған естелігінде алғашқы мектептің құрылуы, сол кездегі қиындықтар туралы былай деп жазады: «Алғаш мектеп сынып бөлмелері тек төртеу, әрі тар. 15 мұғалім сабақ береді. Олар отыратын орын жоқ. Парта дейтін парта емес, терезелар сынық. Қысқа дайындалған отын жоқ. Содан сол кездегі колхоз басшысы Қалиев Ермішке, қалалық оқу бөлімінің бастығы Қоғабаевқа және қалалық совет председателіне барып, жағдайды айттым. Бәріде тыңдап, мәселені шешеміз деп шығарып салды.

Сосын қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Сағындықовқа бардым. Осы кісінің басшылық беруімен бұрынғы мектеп үйі мен ортада коридор қалдырып, қарсысынан төрт кластық қосымша үй тұрғызылып, мектеп жанынан 50 орындық интернат жатағын салдық. Мектеп қызметкерлері барынша еңбек етті. Еңбегімді бағалап, маған сыйлыққа ауыл жиналысында тон, қалалық мұғалімдер жиынында велосипед сыйлады. Біз үшін осы күнгі «Волгадан» кем болған жоқ.

1938жылы сәуірде мені облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі Сарманов Идаят шақырып, Жылой ауданына оқу бөлім меңгерушісі болып баратынымды айтты» 1938жылы мектеп директоры Мұқанов Бақтан болады. Осы жылы алыстан қатынап оқитын балалар үшін тағы да бес бөлмелі интернат үйі, 1940 жылы Жылой ауданынан «Бірлік» колхозы көшіп келуіне орай қосымша тағы төрт сынып бөлмесін салады. Мектепке сол кездегі Плотовин (қазіргі Еркінқала) селолық кеңесіне қарасты елді мекендер «Каменный», «Красный моряк», «Ракуша» колхозы,«Тресқайыр», «Қызыл жар», «Жаңа базар» ауылдарының балалары оқыды. Мектеп, интернат үйлерін салуға, материалдық - техникалық базасын жабдықтауға сол кездегі колхоз басшылары көмек көрсетті. Еркнқала колхозының басқарма төрағасы Жексемалиев Баймырза, Ракуша колхозының басқарма төрағасы Есқайыров Наурызбай Красный моряк колхозынан Төлепов Серғазы ауыл тұрғындарын ұйымдастырып, мектепті жабдықтауға атсалысты.

1941 жылы ел басына үлкен қиындық туды. Соғыс басталды. Көптеген мұғалімдер соғысқа аттанды. Соғыс жылдары Жоламанов Дүйсенғали, ШаухаровТоғаш, Сәрсенғалиев Ізғали, соғыстан кейін Мұқанжанов Қабиболла мектеп директоры болды. Бұл кісілердің мектеп директоры болғанын ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз Айтмұханов Хасан ата айтты. « Алғаш 1940 жылы мектепке барғанымда Шаухаров Тоғаш директор болды. Ол кісі Доссордан келді. Мектепте осы кезде оқу меңгерушісі Құсегенова Балжан, тарихтан Аңқылдақов Мұхамед, орыс тілінен Борпиев Салық (Алма Салықованың әкесі)», математикадан Қаражігітов Жапақ, қазақ тілінен Есенов Сүндет сабақ берді. 1947 жылы жетіжылдық мектепті бітірдім»- деп әңгімеледі.

1940 - 1950 жылдары мектепте 15 - 20 мұғалім жұмыс жасаған. Олар: Өтеев Батыр, Ізбасов Сұлтангерей. Мұқтаров Шәмкен, Арыстанова Злиха, Нұғыманова Нұрғаным - оқу меңгерушісі, Қадашов Мұқанәлі - тарих, Өтешов Сұлташ - неміс тілі, Сұлтанғалиев Олжағали - математика, Мәмбеталиева Мария - математика, Тегісбаева Аманғали – орыс тілі, Шариева Ибалы - биология, Тастанов Құсайын - әскери дайындық т. б 1940 - 1950 жылдары Еркінқала орталау мектебі жұмыс жасады. Мектеп үйі 1950 жылы он екі бөлмелі болды.

Еркінқала орталау мектебі Гурьев облыстық (қазіргі Атырау) еңбекшілер депутаттары атқару комитетінің шешімімен орта мектепке айналдырылды. Бұған дейін жетіжылдық мектепті бітірген оқушылар қаланың Жамбыл, Орджноикедзе және Жанкелдин атындағы орта мектепке оқыған. Ауыл балалары үшін қатынап оқу қиын болды. Осы мәселені мектеп ұжымы, ауыл басшылары бірлесе талқылап, Плотовин (Еркінқала селолық) селолық кеңесіне қарасты үш колхоздың орталығынан (Еркінқала, Ракуш, Красный моряк) орта мектеп ашу туралы мәселе күн тәртібіне қойылды. Жетіжылдық мектепті орта мектепке айналдыру туралы колхозшылардың жалпы жиналысы қаулы қабылдады. Гурьев облыстық кеңес атқару комитетінің 1956 жылы 30 тамызда №383 шешімімен Еркінқала орталау мектебі орта мектепке айналды. Орта мектепті алғаш он бес оқушы бітірген. Бұл жылдары мектеп директоры Жексемалиев Ғилаж болған. Оқу - тәрбие жұмысын жақсартуда, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде мектептің мұғалімдері Нысанбаев Әжіғали, Мұқанбетқалиева Қапиза. Оразалина Күлмаш, Әміров Қадірлі; Өтеев Батыр, Жолдыбаев Қомпақай, Тілеуов Қабдеу, Дүйсенғалиев Зайденнің еңбектері ерекше.

Мектеп оқушыларына сапалы біліммен қатар, еңбек тәрбиесін беруде, оларды бағдарламаға сай еңбек құралдарымен жабдықтауда біршама табыстарға қол жеткізді. Колхоздың егіс даласындағы жүгері егістігін баптап күтуге сіңірген еңбектері айтарлықтай. Нәтижесінде еңбек пәнінің мұғалімі

Әміров Қадірлі 1960 жылы «Құрмет белгісі»орденімен наградталды. Бұл мектеп өміріндегі алғашқы жоғарғы награда еді. Мектептегі көркемөнер және спорт жұмыстары да қызу жүргізілді. Хор, домбыра үйірмесіне Тәжіғалиев Б., спорт жұмыстарына Смайылов М. Жетекшілік етті. Осы жұмыстардың іске асуына колхоз басқармасы, еңбек ардагері Өтегенов Хасан, Ильясов Қауанның еңбектері зор.

1960 - 1970жылдараралығы мектеп ұжымы жемісті еңбек етіп, аудан, облыс, республика, одаққа танымал болды. Мектеп көркемөнерпаздары Алматы Москва көрермендері алдында өнер көрсетті. Осы жылдар аралығында мектеп директоры болған Мусағалиев Құттығұлдың, кейін 1966 жылы директорлыққа келген Оразалиев Сәуленің еңбегі болатын. Алғаш мектеп түлектері Хасанов Төлеген, Асанов Нұрнияз мектепті алтын, күміс медальмен бітірді.

Мектеп, әсіресе оқушыларға эстетикалық, еңбек және адамгершілік тәрбиесін беруде көптеген игілікті істер атқарды. Мусағалие Құттығұл басшылық еткен кезде мектептің көркемөнер үйірмесін талантты саз мұғалімдері Ғабдиев Рысбай, Жексемалиев Ғазиз басқарды. Мектеп көркемөнерпаздары 1961 жылдан бастап жылма - жыл облыс біріншілігін жеңіп алып отырды. 1967жылы Москвада өткен Қазақстан өнерінің онкүндігіне қатысса, 1970жылы Алматыда республикалық байқаудың лауреаты атанды.

Мектепте кабинеттік жүйенің алғашқы қадамдары іске асты. Химия, қазақ тілі мен әдебиеті, физика кабинеттері жұмыс істеді. Педагогикалық ұжымның

кәсіптік шеберлігін арттыру, әр мұғалімнің шығармашылық дамуы үшін жағдай туғызу, озат тәжірибелерді пайдаланып, тарату жұмыстарында Оразалиев Сәуленің еңбегі зор.(1975 жылға дейін мектеп директоры болды) Мектеп оқу - тәрбие жұмысында үлкен жетістіктерге жетіп, мектеп аты 1973жылы Гурьев облыстық партия және атқару комитетінің Құрмет кітабына жазылды.

Еркінқала орта мектебінің алдыңғылар тобына қосылуына өзіндік үлес қосқан, әсер еткен сол кездегі Плотовин селолық советі( төрағасы Зайыров Қажы), Ленин атындағы колхоз(басқармасы Түсіпқалиев Шәріп, орынбасары Асанов Тапан, Шәжімов Мұхит) болды.

1975 - 1977жылдары мектеп директоры болып Табанали Қуаныш, Мырзағалиев Инамат қызмет атқарды. 1977 жылдан бастап мектеп директоры болып Тілеумұханов Төлеген қызмет атқарды. Бұған дейін оқу - ісінің меңгерушісі болды. Мектептегі оқ - тәрбие жұмысы одан әрі жетіле түсті. Мұғалімдердің теориялық білімі мен методикалық шеберлігін жетілдіруде мектепте пән мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігі жұмыс жасады. Осы жалдар ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жексемалиев Ғилаж оқу - тәрбие жұмысында елеулі жетістіктерге жетті. 1973 жылы Қазақ ССР Оқу ісінің үздігі белгісі, 1977 жылы әдіскер - мұғалім, 1978 жылы Қазақ ССР - іне еңбегі сіңген мұғалім құрметті атағы берілді. Мектепте алғашқы әскери дайындық кабинеті жасақталды. Алғашқы меңгерушісі Қалекешов Марал болды. Мектеп

Оқушыларының да жетістіктері бағаланды. 1972 - 1973 оқу жылында Бүкілодақтық Артек пионер лагеріне Сисенбаев Мақсат, 1975 жылы Тапанова Гүлзира, Раушвнова Зәмзә демалып келді. 1972 жылы Алматыда өткен оқушылардың республикалық өндірістік ҮІІ жиынына мектеп оқушылары Жақсылықоа Ерғали, Есмұқанова Қалығыз делегат болып қатысты.

1979 жылы мектепті Тастемірова Бәтима алтын медальмен бітірді.

Білім ұясының 1980 - 1990 жылдардағы шежіре беттерін парақтап, ұстаздар қауымының ерен еңбегінің куәсі болдым. Мектеп тарихындағы ерекше айтулы оқиға 1983жылы желтоқсан айында жаңа мектеп үйінің пайдалануға берілуі болды. Жаңа мектеп үйінің ашылуы ұстаздардың бойына қуат, жігеріне шабыт, шығармашылық кезең болды. Мектепте кәсіптік бағдар беру орталығы құрылып, эстетикалық тәрбие берудің үлгі - тірек мектебіне, 1989 жылы сенім тірек мектебіне айналды. Сол кездегі оқу - ісінің меңгерушілері Жолдыбаев Қомпақай - 1983 жылға дейін, Ниязова Лариса - 1983жылы, Ақжігітов Әміржан - 1986 жылы, сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырушылар Ниязова Лариса - 1983 жылға дейін, Әбілова Асылбек - 1983 - 1985жылдары, Есмұқанова Қалығыз - 1985 - 1989жылдары, Нұрышев Ескендір - 1989 - 2006жылдары қызмет жасады. 1986 - 87 оқу жылы алғашқы алты жасар 28 бүлдіршін бірінші сыныпқа қабылданды. Алғашқы мұғалімі Қуанова Бәкиза болды. 1987 - 1989жылдары педагогика ғылымдарының Ы. Алтынсарин атындағы ғылыми институты қызметкерлерімен тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілді. 80жылдары15 пән кабинеті болса, 90 жылдары қазақ әдебиеті, ағылшын тілі, құқық, музыка, информатика кабинеті жасақталды.

Мектеп тарихында оқу тәрбие жұмысының сан - саласын меңгерген, ізденімпаз, оқытудың тиімді әдістері мен шұғылданған ұстаздар еңбектері бағаланды.

Олардың есімдері мектеп өмірінің беттеріне алтын әріппен жазылып, кейінгі ұрпаққа үлгі болады.

Оразалин Сәулен - СССР және Қазақ ССР оқу ісінің үздігі

Еңбек Қызыл Ту ордені, Еңбектегі ерлігі үшін медаль.

Жексемалиев Ғилаж - Қазақ ССР - іне еңбегі сіңген мұғалім

Әміров Қадірлі - Құрмет белгісі ордені

«Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі

Жолдыбаев Қомпақай, Құмаров Жиенғали, ТілеумұқаровТөлеген, Ниязова Лариса, Зинуллин Мұқанбетжан, Аманов Шамұрат, Тастанбекова Әния

«Еңбектегі ерлігі үшін медаль»

Өтеев Батыр, Тілеумұханов Төлеген, Ниязова Лариса, Зинуллина Раш

Мұқанова Алмажа - «Аға мұғалім»атағы Мағзомова Роза, Зинуллин Раш, Хайреденова Люба - Қазақ ССР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Атырау облысы мұғалімдер»энциклопедиясына енген мұғалімдер

Оразалин Сәулен, Жексемалиев Ғилаж, Жолдыбаев Қомпақай, Тілеумұханов Төлеген, Ниязова Лариса, Мұқанова Алмажай, Зинуллин Мұқанбетжан, Аманов

Шамұрат, Тастанбекова Әния

Мектепті алтын, күміс медальдармен және үздік бітірген мектеп түлектері

1. Хасанов Төлеген

2. Асанов Нұрнияз

3. Тастемірова Бәтима

4. Тілеумұханова Гүлжанар

5. Ақжігітова Айжан

6. Тапанова Гүлзира

7. Тілеумұханов Орынбасар

8. Шапауова Гүлбаршын

9. Машанова Гүлбаршын

10. Қайырова Гүлсара

11. Төлепова Гүлжан

12. Ильясова Гүлжазира

13. Хасанова Толқын

14. Рахметуллин Сайран

15. Агашина Жанна

16. Тілеумұханова Гүлсім

17. Біралиева Құралай

18. Қоянғалиева Самал

19. Тапанова Айнагул

20. Рахымберлиева Эльмира

21. Қаюпова Алмагүл

21. Қисметова Камшат

23. Айтмұханова Дидар

24. Айтмұханова Рабиға

25. Әбілова Тәттігүл

26. Мұханбетова Мейрамгүл

27. Жолдасова Мартр

2006 - 2012жылдары мектеп директоры болып Нұрышев Ескендір қызмет жасады. Бұған дейін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. 2012жылдың тамызынан бастап мектеп басшылығына Қисметов Болат келді. Мектебіміздің бүгін келбеті бәріміздің көз алдымызда. Қазіргі заман талабына сай мектеп ұжымы еңбек етуде.

Қорытынды

Өткеніңді білу - бүгініңе сабақ, болашаққа бағдар дегендей мен өзімнің шығармашылық жұмысымда мектебімнің тарихына шолу жасай отырып, көптеген аға ұрпақ өкілдерінің ерен еңбектерімен таныстым. Өткен жылдарда талмай еңбек етіп, шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстаздар еңбегі зор.

Өткенін парақтап, бүгінін сақтап және болашақтың шыңына талпынатын алтын ұя мектебімнің әлі талай белестерден көрінетіне шүбәм жоқ.

Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында оқып жатқан, еңбек етіп жүрген және мектеп партасында білім алып жатқан шәкірттердің мектеп тарихының жарқын беттерін алтын әріптермен жазылатын тың оқиғалармен толтыра түсетініне сенімім мол және соған сенемін.

Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу