Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  93


Автор: Аллаберген Қонарбаев

МӘҢГІ АЛАУ БОП

Өмір, өлім қатар тұрды арбасып.
Оқ нөсері қысы-жазы төкті ызғар.
«Қара қағаз» жауып тұрды жалғасып,
«Жылы төсек» болып алды көк мұз қар.
Ақ қайыңдар шашын жұлып құлады,
Демалысы отқа оранған көк түтін.
Тас бітеліп қара жердің «құлағы»,
Көздің жасын көк жүзінде төкті күн.
Танкілердің аяғында тапталып,
Махабаттар қыршын кетті қансырап.
Күлкі қалды қорғасынға қақталып,
Тұман жұтып толықсыды таң шуақ.
Кеп-кешегі дән толқыған егістік,
«Туысқандар моласына» айналды.
Сары жолда сағыныштар ең ыстық
Окоптарда қол-аяғы байланды.
Бас көтерді уақыт та сүрініп,
Көзін ашты армандар да ақ маңдай.
Ал, өлгендер «мәңгі алау» боп тіріліп,
Қан майданнан қайтып келе жатқандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу