Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  295


Автор: Серікжан Қажи

Қажылық

 


Мұсылманның бір парызы –  Қажылық,


Пайғамбардан бергі уәжіп – әз Ұлық.


Жолға шықсаң Мекке жақты бетке алып,


Шаттанарсың , шексіз сауап жазылып.


 


Бар тілегің қабыл болар сұраған,


Арыларсың пенделіктен,  күнәдан.


Жанаттасың  о дүниеде, Пәниде,


Жан болсаң да мың шатасқан, "құлаған".


 


Икрамға оранарсың түймесіз,


(Шын мәнінде Кебін киген күйдесіз).


Ұғынасың тіршіліктің мәнісін,


Кетеріңді "үлдесіз де бүлдесіз"


 


 


Миллион пенде тілі басқа, реңі,


Бір-біріне  ілтипат-қып жүреді.


Лә иллаха илаллаһ дер, Алла дер,


Мінәжаты, бірдей тұма тілеуі.


 


Жеті айналып қасиетті Қағбаны,


Тас атасың шайтанға да жолдағы.


Жан сарайың тазаланар айнадай,


Тым жуықтан сезінесің Алланы.


 


Алла  дейсің,  жанарыңнан жас парлап,


Тәубеңе кеп, бөтен  ойлар қашты аулақ.


Зәмзәмімен шөл басасың ғажайып,


Арафаттың биігінде аспандап.


 


Тазарасың, қайта келіп өмірге,


Қылаудай кір қалмайды бұл көңілде.


 Кешегідей қорқыныш жоқ, үрей жоқ,


Жаратқанның ісі дейсің Өлім де.


 


Асығасың намазыңа, сәждеге,


Қызықпайсың байлық, мәнсап, өзгеге.


Сабыр етіп,  шүкір дейсің   Аллаға,


Тауфик бер деп қандай қиын кезде де.


 


Шүкір, алға жетелейді   әз Үміт,


Сауапты ісің оң иығыңа жазылып.


Мейірімі пендесіне Алланың,


Мұсылманның бір парызы – Қажылық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу