Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  130


Автор: Азамат Тасқараұлы

Есіл мен елес №2

Мені арбаған елес қайда, жол қайда,
Тұман көшкен өзен үсті,
Тоңды Ай да...
Қарашаның қырау-қырау кірпігін
Сыбызғы ғып ойнап берсем
болмай ма?
Қайылмыз-ау,
Қаяу мұңнан шақ па ұрттар?
Біз жайлы да дүбәрә бір дақпырт бар.
Көгенімді ағыт тағы алып кет,
Ақ маясын теңдеп алған ақ бұлттар.
Тебегенге бір құрығын кезер түн,
Ерте есейіп, татқан едім сөз өртін.
...Маған ғана тиесілі өмірді
Шашып-төгіп кетсем дағы өз еркім!
Алабөтен бөледі ме жол әнге,
Күз боп ұшқан жапыраққа обал де...
Есіл бойы отырған кім ес-түссіз,
Мен бе,
Ол ма,
Қараша ма, жоқ, әлде?!.
Кім болса да бұлақ-бұлақ төгіпті,
Келдік,
Көрдік,
Ал, не бітті, не бітті?
Құшақ-құшақ гүл сыйлағым келгенде
Келсап-келсап күдіктерім тоғытты.
Шүкір деген шене едік біз азға да,
Өлең деген өмір ме, әлде жазба ма?!
Ойда жоқта ғашық болған жан көрсең,
Орғыл-орғыл оның сырын қозғама.
Дәмін сезбей жүрген шақта күлкінің,
Көңілімнің сен жамадың жыртығын.
...Құшып-сүйіп ұйықтап кетсем
арман жоқ
Қарашаның қырау-қырау кірпігін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу