Өлеңдер ✍️

  23.11.2021
  154


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Би кешінде

Шаттық күйден өзгені ойлатпаған
сұлу әуен, сырлы саз ойнақтаған
жан дүниені баураса — еліктетіп,
қызығына ешқашан тоймапты адам;
Кетсе егер әсем күй, ән дөңгелеп,
сәніне оның жетпейді сан керемет.
Би алаңды дулатып әуен біткен
адамдармен ойнайды ханкөбелек,
Бәрі бірдей жастығың, кәрілігің,
лебі шарпып өмір-от жалынының,
бір тарының сыйдырып қауызына
өзгертердей тірліктің бар ұғымын
лепіреді асардай арнасынан,
көтереді еңсені сан жасыған —
тұрса-дағы мысқылдап біреулерін
құйтырқы өмір көз салып жар басынан,
Сыйқыр әуен дем салып бұраңдаған,
өзге жайдың ешбірін ұға алмаған.
Жұлқынады жармасып жастығына,
құшақ жайып тұрғандай бұған ғалам.
Сұлу саздан жүрекке от дарыған
би кешінде тумайды жоққа күмән —
бойға қуат құйылып, ойға — шуақ
жарқыраған тірліктің шоқтарынан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу