Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  98


Автор: Аманхан Əлімұлы

Кезiнде келiп қалған қақпа тұстың...

Кезiнде келiп қалған қақпа тұстың,
Қаншама балалықпен баққа түстiм.
Көзiмдi жұмсам болды елестейдi,
Жатаған там қамыспен жапқан үстiн.
Алыстау сол бiр кезден iргем бүгiн,
Қанша рет содан берi түрлендi күн.
Түсiме жиi енедi қалғып кетсем,
Ен тоғай, Сырдария, бүргендi құм.
Мезгiл-ай, құлын шақты алып қашқан,
Бұл күнде ақтаңдағың шалып бастан, –
Қалада ауыл жақты ойлаймын көп,
Қазақы жанымменен қалыптасқан.
Қалалық менен мəңгi шықпайды ендi,
Көңiлiм таза шалған шықтай белдi.
Тас қала сезiмiмдi қатқылдатып,
Уақыт төзiмiмдi нықтай келдi.
Аңсаймын ауылдағы ызғын шақты,
Қағып тұр желi суық күздiң бақты.
Бойымды билеп алған бұл сағыныш,
Келмейдi əңгiмеге тiзгiн қақты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу