Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  98


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Жоқ іздеймін

-Оу, менің мұңды елесім, қайдасың?
Менің жалғыз жақыным жалғандағы,
Көңілімнің сайрандар арман бағы.
Арман-бақтың алмасын кім ұрлады,
Жанымның тұнығын кім ойрандады?
Шынымен жоғалдың ба, мұңды елесім,
Тым құрыса қоштасарға бір келерсің?!
"Кінәларға хақың жоқ, айыптауға,
Сен мені жалықтырдың, үндемесім..."
-Жаным-ау, елес едің, мұңды едің ғой,
Мен-дағы малтып жүрдім дүрмегінде ой.
Елеспен кім етене боп көріпті,
Жаныңа не керегін білмедім ғой!
Сонда ғой деп
Қайғының қара орманын
Кезіп көрдім.
Шаршадым.
Таба алмадым.
Тым болмаса перінің қыздарындай
Тұрағыңды айтып та жоғалмадың.
Сордың дәмі келеді таңдайыма,
Сағынады мендей боп Ай зарыға,
Сенің бір хабарыңды білем ме деп
Әркімнің жабысамын шалғайына:
Менің мұңды елесімді көрдіңдер ме?!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу