Ұлттық ойындар арқылы қазақ тілін үйрету


«М. Ломоносов атындағы орта мектеп» КММ


ОРЫНДАҒАН: Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанабаева Д. К.


ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫС


Тақырыбы: Ұлттық ойын арқылы қазақ тіліне үйрету.


 

МАЗМҰНЫ


КІРІСПЕ


1. Ұлттық ойын арқылы қазақ тіліне үйретудің теориялық негіздері


1. 1. Қазақ тілін оқытудағы ойынның рөлі


2. Қазақ тіліне үйретудің әдістемелік негіздері


2. 1. Қазақ тілін үйретуде ұлттық ойындарды ақпараттық технологиялар арқылы оңтайландыру ерекшеліктері


2. 2. Қазақ тіліне үйретуде ұлттық ойындарды ақпараттық технологиялар арқылы оңтайландыру ерекшеліктері.


ҚОРЫТЫНДЫ


 

КІРІСПЕ


Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының 7 - бабында мыналар атап көрсетілген: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тiлi.». Конституцияға сүйене отырып, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заң қабылданды. «Тіл туралы» заңға сәйкес 4 - бапта: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот iсiн жүргізу және iс қағаздарын жүргізу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Үкімет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттік тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық - техникалық жағдайларды жасауға; қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшін көмек көрсетуге мiндеттi». [1]


 

Жалпы алғанда қазақ тілін дамытуға байланысты көптеген бағдарламалар қабылданып, іске асуда. Айталық, қазақ тілін білу деңгейін бағалаудың “Қазтест” жүйесін енгізу бойынша нақты жұмыстар жалғасын табуда. Соның ішінде “Азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін Қазтест жүйесі арқылы бағалау технологиясы” атты мемлекеттік стандарттар бекітіліп, осы стандарттарға сәйкес келешекте мемлекеттік қызметке келетін үміткерлерден мемлекеттік тілді білу қатаң талап етілетін болады. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірқатар заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ та, мұның бәрі әлі де болса мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде жеткіліксіз. Мемлекеттік тілді дамытудың инновациялық - технологиялық жүйесін одан әрі жетілдіре түсу керек. Қазақ тіліндегі түрлі бағдарламаларды орналастыру, жүйелеу, дамыту ісі жаңа технологияларға сай ғылыми тұрғыда сарапталуы үшін Әлеуметтік - лингвистикалық ғылыми - зерттеу орталығы тынбастан еңбек ету керек. Сонымен қатар, тіл мамандары тіл үйретудің түрлі әдіс тәсілдерін пайдалана отырып, өзге ұлт өкілдеріне, бастауыш сынып оқушыларына байланысты тиімді әрі жеңіл тәсілдер ұсынса нұр үстіне нұр болар еді.


 

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» және «Тіліміздің – мемлекеттік қызметте де, өндіріс те де, ғылымды да, білім беруде де орыс тіліндей болып қолданылуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеу керек» - деген елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тұжырымдары бар. Тіл үйрету ісі алдыменен балабақша, соның ішінде бастауыш сыныптан бастау алады. Мектепте оқушының білім фундаменті қалай қаланса, соған байланысты өмір жолы да жалғасады.


Қазіргі уақыттағы білімнің жаңа үрдісі қарқын алып, 12 жылдық білім беруде эксперимент жүргізілуде. Елбасының 2011 жылғы халыққа жолдауында «Енді 10 жылдан кейін мектеп бітірушілерінің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деп көрсетті. Жолдаудың негізінде аталмыш нәтижеге жету үшін ұстаздар қауымы жұмыла жұмыс істеуі керек. [2, Б. 9]


Зерттеу жұмысының объектісі: Орыс сыныптарына қазақ тіліне үйрету процесі.


Зерттеу жұмысының пәні: Қазақ тіліне үйретудегі ұлттық ойындарды пайдалану.


Зерттеу жұмысының мақсаты: Ұлттық ойын арқылы орыс сыныптарына қазақ тіліне үйретудегі ұлттық ойындарды пайдалануды теориялық негіздеу және әдістемелік қамтамасыз ету.


Зерттеу болжамы: Қазақ тіліне үйрету нәтижелі болады, егер оның барысында қазақ мәдениетінің маңызды компоненті ұлттық ойындар пайдаланылса, онда қазақ тілін қазақ халқының мәдениетімен үйлесімділікте қызығушылықпен және жақсы меңгере алады.


 

Зерттеу міндеттері:


- Қазақ тіліне үйретуде ойындардың рөлін анықтау.


- Ұлттық ойын арқылы қазақ тіліне үйретуде ұлттық ойындарды пайдаланудың ерекшелігін анықтау.


- Қазақ тілін үйретуде ұлттық ойындарды ақпараттық технологиялар арқылы оңтайландыру ерекшеліктерін сипаттау.


Қазақ тілі — әлеуметтік, рухани - адамгершілік, эстетикалық тәрбиенің қайнар көзі. Балалардың сөйлеу мүмкіншіліктерінің даму барысында қазақ тілінің оқыту мен тәлім - тәрбие берудегі рөлі күннен күнге арта түсуде. Қазақ тілін (кез келген басқа да тілді) сөздерді, сөйлемдерді, диалог, монолог үлгілерін механикалық қайталай беру жолымен емес, жалпы белсенді түрде сөйлеу арқылы үйрету керек. Бұл тұрғыда ұлттық ойындардың рөлі ерекше.


 

1. Ұлттық ойын арқылы қазақ тіліне үйретудің теориялық негіздері


1. 1. Қазақ тілін оқытудағы ойынның рөлі.


 

Тіл дамыту мәселесі – күрделі әрі ұзақ жүргізілетін процесс, сондықтан орыс балабақшасындағы қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту жұмыстарында алдына белгілі бір мақсат қойылады. Сабақта тіл дамыту жұмысын белгілі тақырыптарға негіздей отырып тілдік процесстің төмендегідей басты мәселелерін үйрету үйретуге болады. Ол мәселелер мыналар:


- Белгілі бір тақырыпты оқытуға байланысты баланың сөздік қорын дамыту.


- Тақырыпта кездесетін жаңа сөздерді үйрету.


- Мағынасын ұқтыра отырып, оларды жасайтын формаларды (жұрнақтарды) меңгерту.


- Ауызша сөйлем құрауға үйрету.


- Ойын жазбаша сауатты жеткізе білуге дағдыландыру.


- Сөз бен сөзді байланыстыруға, ауызша ойларын жүйелі әңгімелеуге жаттықтыру.


Ойын дегеніміз не? Ойын — қоғамдық тәжірибені қалыптастыру бағытындағы іс - әрекеттің бір түрі, яғни тәртіпті, өзін - өзі басқаруды жетілдіреді. Адам тәжірибесіндегі кең тараған дамыту ойынының қызметі: ойынға тарту, рахат беру, демалдыру, қызығушылығын тудыру [5, 52б].


Заман талабы екі тілде сөйлеуді одан әрі орнықтыру, қазақ тілін үйренгісі келетін басқа ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді меңгерту, сол сияқты балабақшаларда қазақ тілін оқытудың сапасын жақсартудың міндеттері қойылады: Қазақ тілі сабақтарында көздейтін мақсат балаларға жалаң сөз жаттау емес әрбір сабақта үйренген сөздерді ауызекі сөйлеуде, сөйлем құрамын дұрыс қолдана білуге үйрету.


Тіл үйрету барысында әрбір сабақта ойын түрлерін және өзара сөйлесу үлгілерін қолданған дұрыс. Сабақ барысында ойын элементтерін дидактикалық материал ретінде пайдаланудың пайдасы бар.


Ойынның сабақ барысында басты мақсаты – білім беруді ойынмен ұштастыру. Баланың ойынға белсенді түрде қатысуы оның ұжымдағы басқа да әрекеттерін айқындайды. Ойын бір қарағанда қарапайым құбылыс не әрекет сияқты болғанымен, ол ұжымдық әрекет. Ойын арқылы бала неге үйренеді:


- Қисынды ой - қабілетін дамытады;


- Өздігінен жұмыс істеуге үйренеді;


- Сөздік қоры байиды, тілі дамиды;


- Зейіні қалыптасады;


- Байқампаздығы артады;


- Өзара сыйластыққа үйретеді;


- Ойынның ережесін бұзбау, яғни, тәртіптілікке баулиды;


- Бір - біріне деген бала сенімі артады достыққа, ынтымақтастыққа баулиды;


- Сабаққа қызығушылығы артады.


Сабақ барысында оқушының тілін дамытатындай, коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыратындай ойындарды қолданылады. Олар: «Кедергіден өту», «Кім болам?», «Асауды ұстау», «Аударыспақ», «Вагондарды құрау», «Қай әріп жоғалды», «Лоторея ұту», «Жасырынбақ», «Атын айт», «Түсін таны», «Орнын тап»т. б. ойындар


Әр ойын сабақ мақсатына сай қолданыс табады.


«Кедергіден өту» ойыны. Интерактивті тақтадан «кедергілер» көрсетіледі. Әр кедергінің өз тапсырмасы тақтадан көрінеді. Тапсырмалар топқа беріледі. Осылайша ойын соңында кедергілерден өтіп мәреге жеткен топ жеңіске жетеді.


«Вагон құрау» ойыны. Әр топқа бірнеше вагондар беріледі. Әр балаға 1 вагоннан. Вагонның артындағы тапсырманы орындаған оқушы вагонды ретімен тақтаға келіп іледі. Қай топтың вагондары алдымен құралса, сол топ жеңіске жетеді.


«Атын айт» ойыны. Интерактивті тақтадан бір - бірімен араласқан бірнеше суреттер тұрады. Оқушылар кезекпен шығып суреттерді «белгісі» арқылы топтан себебін түсіндіреді.


«Тапқырлық» ойыны. Суреттер беріледі де, сол заттың атын атау керек.


«Біздің үйіміз» ойыны. Топ өздері тұрғысы келетін үйдің сұлбасын сызады немесе суретін салады. Одан кейін осы үйді салу үшін материалдарды анықтап алады. Осылайша ойын өмірмен байланыста болып, оқушы құзыреттілігін дамытуға септігін тигізеді.


Қазақ тілін үйренуде қазақ тілін тек теориялық тұрғыдан ғана емес, білімін практикалық өмірде кеңінен қолдануы маңызды рөл атқарады. Бұл үшін бала бойында, біріншіден, айтар ойын жасқанбай жеткізе білуі, екіншіден, сөйлемдерді дұрыс құрастыра алуы, үшіншіден, сөйлеу мәдениетінің нормаларын сақтап сөйлеу дағдылары мен білім біліктері болуы керек. Демек, мұның барлығы қазақ тілін сапалы, тиімді әдіс - тәсілдермен оқытқанда ғана жүзеге асады.


Бастауыш сынып оқушыларын қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытуда болашақ мамандарды мемлекеттік тілде іс жүргізу мен қызметтік қарым - қатынас жасай білуге дағдыландыру ғана емес, оларды халқымыздың салт - дәстүрін танып - білуге, құрметтеуге баулу да негізгі мақсаттардың біріне саналуы тиіс. Өйткені, қазақ тілін оқытудың ұлттық дәстүрмен сабақтастығы тіл үйренушіні өз мемлекетін сүюге, оның дәстүр - салтын құрметтей білуге игі ықпал жасайды.


2. Қазақ тіліне үйретудің әдістемелік негіздері.


2. 1. Қазақ тіліне үйретуде ұлттық ойындарды ақпараттық технологиялар арқылы оңтайландыру ерекшеліктері.


 

Ақпараттық технологияларды қолдану арқылы білім беру барысында оқушының зейіні, есі, қиялы, ойы мен тіл байлығы артып, шығармашылық қабілеттерінің дамуына ықпалын молынан тигізеді. Ақпараттық технологиялар арқылы оқушыларға қазақ тілін оқыта отырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуды ескеруде, жан - жақты ерекшеліктерін қарастырған орынды. Егер кешегі күні дәстүрлі сабақ берудегі қатысымдық үрдісте мұғалім тек қана ақпарат беріп, оқушы ол қатысымдық үрдіске белгілі бір жағдайларға байланысты кіріге алмайтын болса, ал бүгінгі таңда ақпараттық технологияны қолдану арқылы берілетін сабақта оқушы мұғаліммен үнемі қатысымдық әрекет жасап, екі жақты байланыс жүзеге асады. Ал бұл әрекет осы негізде жалғасын тапса, ертеңгі күні оның жемісті нәтижелер беретіндігі күмәнсіз.


Қазақ тілін оқыту үрдісінде ақпараттық технологияны қолдану ең алдымен оқушылардың қазақ тілі пәніне деген ынтасын, қызығушылығын арттырады. Қазіргі кезеңде Қазақстанда әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағытталған жаңа талаптарға лайықты білім беру жүйесі жүзеге асып келеді. Бұл бағыт оқу – тәрбие үрдісінің педагогикалық теориясы мен іс - тәжірибесін мәнді өзгерістермен халықаралық білім беру деңгейіне көтеруді көздейді.


Ақпараттық технологияны қолдану мұғалімге не береді?- деген сұрақ туындайды. Ақпараттық технологияны қолдану мұғалім үшін тиімділігін келесі жағдайлар сипаттайды:


- Оқушының білімін қысқа уақытта бағалай алады.


- Білім сапасын арттыра алады.


- Оқушының білімін кез келген уақытта бағалай алады.


- Уақытты үнемдейді.


- Оқу материалын визуализациялауға көмектеседі, әсіресе бүгінгі компьютерлік бағдарламалардың анимациялық мүмкіндіктеріне орай бастауыш сынып оқушыларына елестетуге қиындық туғызатын құбылыстар мен процестерді көзбен көру және есту мүмкіндігін қамтамасыз етеді..


Ал, ақпараттық технологияны қолдану оқушыға келесі мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:


- Оқу материалдарын жиі қайталау мүмкіндігі.


- Шығармашылық шеберлігінің артуына жағдай туғызады.


- Оқуға деген қызығушылығын арттырады.


- Көрнекті түрде тапсырмаларды орындай алады.


- Қайталау мүмкіндігін кеңейтеді.


- Орындаған жұмыстарының қателерін бірден көруге мүмкіншілік тудырады, өзін - өзі бағалауға дағдыландырады.


Біздің ойымыз бойынша, болашақта мұғалімдердің еңбектері өз сабақтарында ақпаратты технологияларды пайдалану арқылы тиімді және нәтижелі болады, өйткені ақпараттық технологиялардың оқу материалын оқушыларға жеткізудегі мүмкіндіктері жылдан - жылға артып барады. Олар: интерактивті тақталар, мультимедиялық презентациялар және тағы басқа түрлері. Қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі, сол қоғам мүддесіне, техника мен ғылымның даму деңгейіне сай болу керек.


 

Осыған орай зерттеу мәселесі бойынша әр түрлі ақпарат көздерін, ғылыми әдебиеттерді қарастырып, саралай келе бастауыш сынып кезінен балаларды ұлттық ойындармен таныстырып, қызығушылықтарын арттыру үшін әр сабақ тақырыптарында ұлттық ойындардың элементтерін ақпараттық технологиялар негізінде түрлендіру қажеттігі туындады. Себебі өзге ұлт өкілдері қазақтың ұлттық ойындары туралы орта буын сыныптарында ғана мағлұмат алады. Егер де бастауыш сынып кезінде қазақтың ұлттық ойындарының аты, ойналу шарттары жайлы құлақпен естіп, көзбен көріп, ойнап жаттықса, жоғарғы сыныптарға барғанда оқушылар ұлттық ойындар туралы мәліметтерді жедел қабылдап, жеңіл меңгеретін болады. Орыс тілді балабақшада қазақ тілін үйретуде ұлттық ойындарды пайдалануды оңтайландыру мақсатында ақпараттық технологияны, оның ішінде Activstudio Professional Edition бағдарламасының артықшылықтарын қолдандық.


 

Білім берудегі интерактивті технология - мұндағы интерактивті сөзі - inter (бірлесу), act (әрекет жасау) ұғымын білдіреді, сабақ барысында оқушының топпен жұмыс жасауға қатыспауы мүмкін емес, бірін - бір толықтыратын, сабақ барысында барлық оқушылардың қатысуын ұйымдастыратын оқыту барысы.


Флипчарт – бұл бірнеше қажетті беттерден тұратын негізгі жұмыс аймағы. Бұл аймақта презентацияны құруға және оны көрсетуге қажетті құралдардың барлығы көрсетіледі. Бірнеше флипчарттарды бірден ашып, бір флипчарттан келесі флипчартқа, объектілерге сілтемелер қоюға немесе объектілерді бір мезетте келесі бетке көшіруге болады. Флипчартты басу құрылғысынан шығаруға немесе әр түрлі форматтарда экспорттауға болады [13].


2. 2. Қазақ тіліне үйретуде ұлттық ойындарды ақпараттық технологиялар арқылы оңтайландыру ерекшеліктері.


 

Орыс тілді мектептерде бастауыш сынып оқушыларын қазақ тіліне үйретуде ұлттық ойындарды ақпараттық технологиялар арқылы оңтайландыру мақсатында Activstudio Professional Edition V3 бағдарламасы негізінде жасалған Электрондық ресурстарда пайдаланылған тақырыптар мемлекеттік емес тілді мектепте жүргізілетін бастауыш сыныптарының қазақ тілінен күнтізбелік жоспардан алынды. 1 сыныпта 2 тоқсанда «Ойыншықтар», 2 сыныпта 3 тоқсанда «Ойыншықтар дүкенінде», 3 сыныпта 4 тоқсанда «Ойыншықтар дүкенінде» тақырыптарын басшылыққа алып, ойын түрлерін ұсындық.


 

Қазақ тілінің мұғалімдері бұл ресурста берілген ойын түрлері бастауыш сынып сабақтарында қолданғанға келесі артықшылықтарын атап өтеді:


- Оқушылардың алған білімдерін еске түсіруде;


- Жаңа сабақтан алған білімдерін бекітуде;


- Есте сақтау қабілеттерін дамытуға;


 

Әсіресе, «Қыз қуу» ойынын атап өтуге болады. Себебі, өте қызықты, тартымды етіп құрылған. Балалар тақтаға шығып суреттерді қозғалтуға құлшынып, тақырыпқа байланысты үй тапсырмасын тексеруде де қолайлы. Мысалы: сөздік бойынша сөздерді тексеруде. Тағыда атап өтетін жайт, ойын жүргізілетін орынның мүмкіндігі. Яғни, көлемі кіші кабинетте де ұйымдастыру қолайлы.


Бәйге. Ойын көгалда өткізіледі. Ойынға 3 - 5 жаяу, бір салт атты адам қатысады. Ойын жүргізушінің әмірімен 20 - 30 шаршы метр алаң белгіленеді. Осы белгіленген алаң ортасына ойынға қатысушы 3 - 5 жаяу мен бір салт атты жігіт шығады. Жаяу ойыншылардың мақсаты – ат үстінде отырған адамды жерге аударып түсіру. Ойынның шарты бойынша жаяудан қашқан атты осы белгіленген алаңның сыртына шығып кетуіне болмайды. Ойын жүргізуші жаяуларға аттыны аударып тастау үшін 10 - 15 минут уақыт белгілейді. Осы уақыт ішінде аттыны жаяулатпаса ойынға жігіттердің келесі тобы шығады.


ЕСКЕРТУ: жаяулар аттының атына тиісуіне болмайды, тек оның өзін ғана аударып алулары керек [14, 100б].


Біз оны заманға сай ақпараттық технология арқылы тақырыпқа сай өзгерттік. Үш қатардан үш оқушы (үш қатарды үш топ ретінде қатыстыруға болады) ортаға шығып, мұғалімнің жасырған жұмбақтарын шешулері тиіс. Белсенді, дұрыс жауап берген оқушы жеңімпаз атанады.


Сылдырдан қорқады,


Шошынып жортады. (Қоян)


 

Апам оған жем бергенде,


Цип - цип деп шақырад.


Кіп - кішкентай сап - сары боп,


Жүгіреді безілдеп. (Балапан)


Мұртын сипап күн бойы,


Бетін сусыз жуады.


Тысырды аңдып түн бойы,


Тышқанды көп қуады. (Мысық)


 

Тәтті көрсе бас салар,


Айнымайды баладан,


Үп - үлкен бос жасқанар,


Кіп - кішкентай арадан. (Аю)


 

«Теңге» алу. Балалар ұлттық ойын түрлерімен, олардың жаттығу әдістерімен жақын танысады. Өздері ойнап жаттығады. Қимыл - қозғалыс икемділіктері артып, денелерін ықшам алып жүруге дағдыланады. Шапшаң қимылдауға, жүгіру кезінде қосымша жаттығулар жасауға үйренеді.


Мазмұны. Ойыншылар санау арқылы 2 - 3 топқа бөлініп, топтар алаңның бір шетіндегі сызықтан кейін тұрады. Әр топтың алдында 15 - 25 м жерде ойыншылар саны қанша болса, сонша “теңгелер” (құм салған қалташалар) жатады. Одан 15 - 25 м қашықтыққа белгі қойылады.


Ойын басқарушының “ Бір! Екі! Бастаңдар!” деген бұйрығынан кейін, әр топта бірінші тұрған ойыншылар жүгіре жөнеледі. Көп кідірмей, бір “теңгені” алып, белгіні айналып, екінші баланың алақанына соғу арқылы ойын кезегін береді де, өзі тізбектің соңына барып тұрады.


Ойын осылай топтағы барлық бала ойнап шыққанша жалғасады. Ойын шартын бұзбай ойнаған және ұйымшылдық пен шапшаңдық көрсеткен команда жеңген болып саналады.


Ойынның ережесі. Командалар саны балалардың көп, не аз болуына байланысты болады. Әр команда 6 - 7 баладан болуы мүмкін. “Теңгені” тоқтамай, тез алып өту керек.


Бұл ойынды ойдағыдай өткізу үшін алдын ала балалар мынадай жаттығулар жасауы керек:


- жүгіріп келе жатып, жатқан заттарды іліп алу;


- сәл еңкейіп жүгіру;


- жүгіріп келе жатып, екі қолды жерге кезек тигізу [15, 11б].


Біз оны математика пәнімен байланыстыра отырып, әр теңгенің астына суретті есеп бердік. Берілген есептің жауабын тауып, қазақ тілінде айтуы керек. (Мысалы, екі аю қосу бір аю тең болады үш аю)


 

Соқыр теке. Ойынға қатынасушылар жиылып, ала - қотан тұрғаннан кейін, бір қыздың не бір баланың көзін байлап, қолына бір метрдей жас шыбық беріп, ортаға шығарады. Ол:


Қараңғыда көзім жоқ,


Тиіп кетсе сөзім жоқ.


Қайда кеттің, қалқа жан,


Жетектейтін өзін жоқ.


Қолға түскен құтылмас,


Қала бермек көзім боп, - деп келіп, «Соқыр текеге» тиіп қашып жүреді. Осылай ойнап жүргенде «соқыр текенің» қолына түскен ойнаушы ұтылады да, екеуі орын ауыстырады.


«Соқыр теке» мен оны түрткілеп қашып жүрушілердің өрісін мөлшерлеп сызып қояды [15, 62б].


Біз оны есте сақтау қабілетті дамытуға сай етіп құрастырдық. Интерактивті тақтада берілген суреттердің орналасу ретін есте сақтап, мұғалім жасырған суретті табуы керек. Мұғалімнің белгісімен оқушылар көздерін жұмып, белгімен ашуы тиіс. (Мысалы, кез келген ойыншықтың суретін сандықтың артына жасырады, оқушылар қай ойыншықтың суреті жасырылғанын және де сол ойыншықтың түсі қандай, құлағы ұзын ба, құйрығы бар ма деген сұрақтарға жауап бере отырып, суреттеп береді)


 

Ханталапай. Асықпен ойналатын ойынның бір түрі. Ойынды үлкендердің басшылығымен жас балалар ойнайды. Ойынға қатынасушы балалардың санына шек қойылмайды. Олар ойын жүргізушінің айналасына жарты шеңбер құрып отырысады. Ойын жүргізуші қолындағы асықты «хан талапай» деп ортаға қарай шашып жібереді. Отырғандар тез - тез жинап алулары керек. Кім аз жинап алса, сол жеңілген болып есептеледі. Ойынның мақсаты – балалардың жылдамдығын жеделдету, нерв жүйелерін шыңдау, тілін дамытып, ойда сақтау қабілеттерін жетілдіру [15, 9б].


 

Біз оны көз тартымды суреттер арқылы безендіріп, балаларды әдемілікке тәрбиелегіміз келеді. Интерактивті тақтада суреттер беріледі. Мұғалім оқушыларға суреттерді бір уақытта ашып көрсететінін ескертіп айтады. Оқушылар бейнеленген суреттерді естеріне сақтап, аталған сурет қай асықтың артында жасырынғанын табу керек. (Мысалы, мұғалім оқушылардан пілдің суреті қай асықтың артында жасырынғанын сұрайды, оқушылар өз жауаптарында асықтың орналасқан тұсын толық әрі нақты айтып беру керек, яғни жоғарыдағы екінші асық)


Қыз қуу ойыны. Ойын айдалған жерде, болмаса шөптесін көгалдарда өтеді. Ойынға бір қыз, бір жігітпен қатысады. Келесі қатынасатындар да екіден болуы керек. Ойынға әркім өз атымен қатысады.


ОЙЫН ЕРЕЖЕСІ. Ойын басталмас бұрын ара қашықтығы бір - екі шақырымдай екі көмбе белгіленеді. Бірінші көмбенің сызығында тұрған атты жігіт өзінің арт жағында он адымдай жерде тұрған қыз жанынан өтіп шыққан кезде ол да қызды қуып жетіп, құшақтап сүюі керек. Одан екінші көмбеге жеркен беттен кері қарай өзі қашады, енді қыз оны қуа жөнеледі.


Егер қыз оны қуып жетсе, онда жігітті қамшының астына алады. Осылайша келесі қыз - жігіт шығады, олар да осылай қайталайды. Ойынға қатысушылардың барлығы жүріп өткенше ойын жалғаса береді [14, 105б].


Біз оны қозғалыс ойындарымен байланыстырып, қалам арқылы жылжытып көз алдарында кімнің жеңгенін байқайтындай етіп ойластырдық. Ортаға бір қыз бала және ұл бала шығып өзара тақырып бойынша алған білімдерін ойын арқылы көрсетеді. Интерактивті тақтада бейнеленген ойыншық түрлерін ұл бала қазақ тілінде атауы керек. Белгіленген мәреге жеткенше дұрыс жауаптар беру керек. (Мысалы, қыз бала ойыншық атауын орысша атап, қалам арқылы ат үстінде отырған қыз бейнесін алдыға жылжытады, ал ұл бала сол аталған ойыншықтың атауын қазақ тілінде атап, ат үстінде отырған баланың бейнесін жылжытады. Осы тұста мұғалім ойынды күрделендіріп, сөзден сөз тіркесін, сөз тіркесінен сөйлем құрастырғызуына болады)


 

Қамшы ойыны


Ол үшін бәріміз үлкен шеңбер болып тұрамыз. Музыка ойнайды. Қамшы шеңбер бойымен қолдан – қолға өтеді. Музыка тоқтағанда қамшы кімнің қолында қалса, сол баланың оң жағындағы және сол жағындағы балалар қарама – қарсы жүгіріп келіп, қамшыны алу керек. Қамшыны кім тез алады, сол жеңімпаз болады.


Біз оны қайталау сабағында қолданамыз. Бәріміз үлен шеңбер болып тұрамыз. Музыка ойнайды. Қамшы шеңбер бойымен қолдан – қолға өтеді. Музыка тоқтағанда қамшы кімнің қолында қалса, орысша сөздің аудармасын айтады.


 

ҚОРЫТЫНДЫ


Халық ойындары тек көне заманда ғана емес, күні бүгінге дейін өзінің жалғасын тауып келе жатқан құбылыс. Бірақ ол кезде бала ойындары жеке балалар арасында, тиісті бас қосу себептері кезінде, көшпелі елдің жаңаша қоныстануы сәттеріндегі топтарда ойналған. Бүгінгі күні ұлттық ойындардың сабақтарда қолданылу маңызы мынада. Ол зеректілікке, білгірлікке, тапқырлыққа баулиды. Бізге мұра етіп тапсырып кеткен бабаларымыздың асыл қазыналары қазақтың ұлттық ойындарына деген өзге ұлт өкілдерінің көзқарасын өзгертіп, құрметтеуге үйретеді.


 

Қазақ халқының ұлттық мұраларының бірі - ұлттық ойындар. Өйткені, ұлттық ойындар арқылы біз болашақ жас жеткіншектерді рухани сезімге тәрбиелей аламыз. Осындай атадан - балаға мұра болып келе жатқан ұлттық ойындардың атауларын естіп, дұрыс айтып, жазуға үйренеді. Ұлттық нақыштағы суреттерді көру арқылы оқушылардың эстетикалық талғамы дамиды. Ұлттық ойын элементтерін ақпараттық технологиялар арқылы тиімді қолдану 1 - 4 сыныптар арасында өте тиімді деп ойлаймын, себебі тез жазу, оқу, мазмұндау дағдылары толық қалыптаспаған оқушыларды бірыңғай жаттығу жұмысы жалықтырады, ал ойын технологиясы керісінше пәнді сүюге, қызығуға ықпал жасайды. Тілге үйретуге деген бірден бір ұтымды тәсілі деп білемін.


Бастауыш мектепте оқу үрдісінде ақпараттық қатынастық технология құралдарын қолданудағы мақсатымыз оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру болып табылады. Оқушыларда танымдық қызығушылықтың болуы - олардың сабақта белсенді, білімінің сапалы болуына, оқуға жағымды түрткісін қалыптастыруға, оқыту үдерісінің тиімділігін арттыруға, белсенді өміршең позицияны ұстауға мүмкіндік береді.


 

Әдебиеттер тізімі:


1. www. kazakh. ru Амандық Қорғанұлы. Қазақтар және қазақ тілі туралы


2. Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы 2011 ж.


3. 12 жылдық білім. №3, 2009 ж.


4. Бекетова А. Қазақ тілін оқытуда білім сапасын арттыру мақсатында оқушылардың танымдық үрдістерін ойын элементтері арқылы дамыту жолдары. // Педагогика және оқушы психологиясы. №3, 2011. - 25Б.


5. Петров А. В. Активизация познавательной деятельности через игру. – М., 2001.


6. Калмыкова Е. В. Бастауыш мектептегі ойын технологиясы арқылы оқыту. – Алматы, 2007.


7. Көккөзова М., Дәрменқұлова Р. Қызықты қазақ тілі.- Алматы, 2004.


8. Қарапаев С. Музыка сабағын шығармашылық тапсырмалар арқылы оқытуда ойын элементтерін пайдалану //Бастауыш мектеп. - №1. - 2010. – 9Б.


9. Қордабаева А. Ұлттық ойындардың тиімділігі // Ұлағат. - №7. - 2005. – 3 Б.


10. Қашқынбекова Г. Бастауыш сыныпта қолданылатын ұлттық ойындар //Ұлағат. - №3, 2008. - 118Б


11. Оңғарова А. Ойын технологиясының элементтерін қолдану тиімділігі //Қазақстан мектебі. - №12, 2009. - 11Б.


12. www. oouk. vko. gov. kz - Ауелейсена Р. З. Ақпаратты - қатынастық технологияларын енгізу арқылы орыс мектептеріндегі педагогикалық басқаруды жетілдіру


13. www. goroo - korda. kz - Мухаметқалиева Б. Ақпараттық - коммуникациялық технология


14. Төтенаев Б. Қазақ халқының ұлттық ойындары. – А., 1994.


15. Тайжанов С. Т. Қазақ халқының ұлттық ойындары. – А., 2010.


Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу