Өлеңдер ✍️
ТӨРТТАҒАНДАР (44)
Тозақты айтып сарсытып тың құлақты,
Жібереді біреулер сандырақты.
Арғы жақты көргендей басын тығып,
Жетістіріп жүргендей бергі жақты.
***
Бар дейді ғой, арақтың бұлағы да,
Жетпіс хор қыз дайын тұр құмарыңа.
Айтқандары молданың рас болса,
Өзі неге кетпейді жұмағына.
***
Сыздауықтай бұттағы көлкілдепсің,
Бос мылжыңнан басқа түк өндірмепсің.
Айтшы молда, тіліңмен тоғыз қарыс,
Кімге, нені, сиқырлап сендірмексің!
***
О дүниеде ұғым жоқ ала - құла,
Шөңге де жоқ кіретін табаныңа.
Айтыңдаршы, тағатсыз әуреттерін,
Хор қыздары лыпамен жабады ма?!
***
Қарап тұрсаң көп екен жөнсіз қайғы,
Бір сыздаған жүрегің мың сыздайды.
Көздеп тұрып уыстап тас атсаң да,
Шайтан неге меккеңнен таусылмайды.
***
Билетпеді ешқашан жатқа бойын,
Құс жолымен қанатын қаққан ойым.
Мен әрине, тілемсек молда емеспін,
Садақа мен ойлайтын ботқа жайын.
***
Тәңір берсін, жөнімен өмір берсін,
Бар тілегім болашақ көңілденсін.
Қисық қыңыр уағыз неме керек,
Жүрегіне адамның сенім берсін!
***
Саумал ауа сүйетін тар маңдайым,
Көресісін көруге әркез дайын.
Менен бұрын өткендер айтып кеткен,
Маңғаз жолмен жүрейін, балпаңдайын.
***
Сырымды айттым сырмінез тал, қайыңға,
Сынсыз жүкті жотама артайын ба!
Бұраң белім қасымда бірге жүрсе,
Сандуғаштың ұясы таңдайымда.
***
Желі де бар соғатын майда керім.
Дінсіз жолым жайдары қайда менің.
Бет сипаған бабамның ақ батасын,
Көк Тәңірге қол жайып алған едім.
***
Мені сүйген қыз-қырқын болған бұрын,
Бірге ән салған арқалап арман жүгін.
Ал, бүгін ше!.. Қайда сол нәркес көздер,
Мына жалған көрсетті-ау, жалғандығын.
***
Өтеу керек, қанша екен парызыңыз,
Молда, имамға тиісті қарызыңыз.
Бұйырмайды, әйтпесе, жұмақтағы,
Суша ағатын шарап пен сары қымыз.
***
Солқылдайды жас шыбық жағалауда,
Қайран жастық, көркіңе дауа бар ма?!
Перизаттай кекілін жел сипаған,
Тұрысқа таң қалмауға шама қайда.
***
Көгілдір көк тұрғанда күліп саған,
Жақсы екен ғой шындықты ұлықтаған.
Одан дұрыс, құлдықты уағыздайтын,
Діншілдерді қоғамға жуытпаған!
***
Ұясында шыныққан бөлтіріктің,
Мінезін айт, көзіндей көп түріктің.
Қайсарлығы таяққа үйренбейтін,
Нағыз өзі, өзі ғой текті ұрықтың!
***
Қазақ несін жеп қойды бұл пенденің,
Тірі тұлып секілді сұм пенденің.
Неге сендік отыз жыл бір кісідей,
Ертегі айтқан сөзіне жын пенденің!
***
Бала сатқан жатырдан кімді көрдік,
Жаңалықтар кетті ғой сұмдық өрбіп.
Саудагердің, білдік те, кім екенін,
Айтуға тіл бармайтын мұңды болдық!..
***
Ай мен күнді шулаттық, ән шығарып,
Ғашықтардың сезімін қамшыладық.
Өкінішке көмілді көбісі оның,
Жанарына жас емес, қан шыланып.
***
Тар соқпақпен өзім де жүріп көргем,
Қуат алып түйгені білікті елден.
Өлілерден тірі көп байқағаным,
Кезек күткен өлуге, күйік шерден.
***
Тәңір өзі жаратқан сәтті пішіп,
Күн-перзентін аспан тұр тәтті құшып. -
Дөңгеленіп ай шықты сол сұлуға,
Ғашықтығын түгескен дерт қып ішіп.
***
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter