Өлеңдер ✍️

  12.06.2026
  55


Автор: Оралбек Бек

Сөз соңы

 


Қу тағдыр кетсе толып түрлі ақпарға,
Шешуі бұдан қиын жұмбақ бар ма?
Таппайсың тал бесігін айтарыңның,
Ойыңды жөргекке орап құндақтарда.


Өртейсің кейде өзекті, адасасың,
Топырлап ағарады қара шашың.
Жолаушы қара нарды көлік еткен,
Қайда жүр? Іздейсің де бал ашасың!


Жойылды жоңғар, қалмақ дегенменен,
Жайт та көп абыздарым елеңдеген.
Жүрек бар батырда да кәдімгідей,
Мақсаты, арманы бар көрем деген.


Қара нар имеңдейді күн ұзаққа,
Кетумен бір ізі алға, бір ізі артқа.
Жол алыс, қас қылғанда шілде шыжып,
Батырға кезікпеді дұрыс ат та.


Тар кеуде сағынышқа тұншыққанда,
Не дауа шіркін тірлік қырсыққанға.
Отбасын, ойлап жалғыз тал тұяғын,
Соқпады Тайлақ батыр Түркістанға.


Жаңалық Түркістаннан тарайды анық,
Келетін сан тараптан жолаушы ағып.
Әттең-ай, дәл сол күні Дербіс батыр,
Жүр еді бауырына сұрау салып.


Базары қайнап жатқан нән қаланың,
Танырсың арқаланған қайсы адамын.
Қып-қыттап жеңге тыққан бөденесі,
Гүжілдеп сарттар алған жарты алаңын.


Хиуа мен Хорасаннан келгендер бар,
Керуенге жансыз болып енгендер бар.
Не керек, "олинг, олинг" деп қиылған,
Қима қас, атлас көйлек кигендер бар.


Әйтсе де, Тайлақ жайын білмеді ешкім,
Қурайын сыңсытқандай сұр белестің.
Қалыңға соқпай жалғыз бара жатты,
Қара нар сиқындай боп түнгі елестің.


Қиналмай кімдер білген өмір нарқын,
Соңында қалған сусып небір нар құм.
Балбұлақ жайнаң қаққан, күміс шашқан,
Баурайы Қаратаудың қоңыр салқын.


Қара нар осы тұсты бетке ұстады,
Көп болған шөлден бойын дерт қысқалы.
Таудың бір қуысынан шыққан жарық,
Шам емес, үлкенірек отқа ұқсады.


Ештеңе ер Тайлақтың ойында жоқ,
Түнеген талай қалың қорымға кеп.
Зер салып, себеп іздеп көрмеп еді,
Шығатын зираттардан жалынға көп.


Біз қазақ, зират көрсек қадірлейміз,
Саусағын шошайтқанға "сабыр" дейміз.
Арада жүз жыл өтсін, мың жыл өтсін,
Қайтсе те әруақтың қамын жеймін.


Сондықтан, зираттан біз қорықпаймыз,
Бабалар барда ешқашан торықпаймыз.
Шаршаған топырағын басқа жастап,
Ес жиып, қуат алып, солықтаймыз.


Ада ғой жасандықтан қабір жаны,
Жатқанның бәрі әулие қорымдағы.
Бет сипап шүкіршілік айтты батыр,
Сонымен бүгінгі жол дамылдады.


Жерге тік салбыратып қаба жалды,
Түн түсті көрінбейтін табан алды.
Басына бір бұлақтың келіп Тайлақ,
Шөгерді еш күдіксіз қара нарды.


Түймейтін көкірекке жалған долбар,
Батырлар қашаннан-ақ аңғал жандар.
Пайымы қанша күшті болғанымен,
Тағдырдың тылсымына таң қалған бар.


Жайғасты су ішкізіп қара нарға,
Жануар қара нарға баға бар ма?
Не десін жалғыз серік сол болған соң,
Әзірге басқа деуге шама бар ма?


Етсе де қылмыңдаған түлкісі ермек,
Батырда әрқашанда ұйқы сергек.
Қуысқа жалын шыққан қараған жоқ,
Кеудеден жаман ойды сілкісем деп.


Белгісіз қашан жетпек туған жерге,
Бір тамшы кіндік қанын жуған жерге.
Көңілде сартап болған сағынышы,
Сол үшін бар жігері буған белге.


Тайлақты кейде өкініш қаумалайды,
Алдына неше сауал жаймалайды.
Қу жаны қаруластан жырақтатып,
Есіне түсірмепті-ау толған айды.


Қайран күн! Осы болды-ау шатасқаным,
Қамады содан шыққан қапасқа мұң.
Әйтпесе, жүрмес пе едім асып-тасып,
Үш жүздің жиып-теріп адасқанын.


Апыр-ай, Дербіс қайда, Саурық қайда,
Олардан хабарсыз ел даурықпай ма?
Қасқарау, Малайсары, тама Есет,
Тайлағын іздеп бір күн шаңғытпай ма?


Деп ойлап өксіп қалды қайран Тайлақ,
Жастық шақ - артта қалған сайранды ойлап.
Ешқайда кетпейтіндей көрінген-ді,
Жағасын жайлау еткен ақ ақмаңдай бақ.


Таңның да саңы осы кез белгі берді,
Боз перде тау басынан кергіленді.
Қуыста жанған түнгі от та сөніп,
Анықтап Тайлақ оны енді көрді.


Ол жақтан ешбір зират байқалмады,
От қайда, жалын қайда, шайтан қане...
Қайдан жүр жоңғар, қалмақ, бұл қуыста,
Таң қалып батыр себеп айта алмады.


Ит жоңғар, қазақ сенің ермегің бе,
Құнығып қызыл қанға шөлдедің бе?
Тоса бер ажалыңа қу жаныңды,
Келдің не, біздің елге келмедің не?!


Есіріп, неге сонша талтаңдайсың,
Бұл жақтан бәлкім әлі жар таңдайсың...
Тасадан оқ ататын мен емеспін,
Шық қане, жоңғар қайсың, қалмақ қайсың?!


Ер Тайлақ кер садағын қолына алды,
Қайтерсің жебе ұшында соры барды.
Кетті тау арқалы оқтан төңкеріліп,
Астында жауыз жаудың оны қалды.


Тұлпардай көсілетін шапқан сайын,
Оңтайлы иыққа іліп оқшандайын.
Азуы ер Тайлақтың қышырлады,
Жемтігін арыстандай тапқан дайын.


О, міне, жеттің жоңғар арманыңа,
Қош келдің ит пен құстың орманына.
Жат солай жемтік болып қазағымның,
Жыланы, құмырсқасы, тарғағына!..


Жау жағы сасқалақтап қарбаласып,
Опыр да топыр болды жанталасып.
"Әруақ, көрден шыққан әруақ" деп,
Қалғаны кетті зытып таудан асып.


Шарлаған көкбөрідей сай мен қырды,
Тайлақтың қарқылынан тау жаңғырды.
Қара нар боздау айтып аспан жаққа,
Қанша жыл содан бері ай қаңғырды.


Соққан жел кейде осылай ән айтады,
Сыңсиды, тыңдағанды мұңайтады.
Қаратау қайталайды жаңғырықты,
Ырғыздың құлақ түріп қурай, талы.


Әлқисса, содан қанша ғасыр өтті,
Түрленіп тағы талай тасыр өтті.
Асаудай арпалысқан ақпараттар,
Түрілген құлақтары жасық етті.


Қосылды сан сұраққа сансыз жауап,
Жіберген асығыста арсыз қалап.
Етегі Қаратаудың жетім бұлақ,
Сүйегі сырқыраған жалғыз дарақ.


Не дерсің уақытқа кері ақпайтын,
Өзі боп ешкімге де кінә артпайтын.
Сарқылған сабырына үкі тағып,
Жүр дейсің өзін өзі жұбатпай кім.


Аңызды аңыз ғой бұл дегенменен,
Бір мысқал шындық жатар еленбеген.
Телеудің хас батыры Тайлақ жайын,
Өрнектеп көпке ұсындым өлеңменен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу