Өлеңдер ✍️
Төрттағандар (12)
Бұл дағдарыс адамзатқа сын болды,
Таң қалдырған әлемдегі күллі елді.
Шоқындылар шоқындымен соғысып,
Уақыттың қабағына мұң қонды.
***
Күнге қарап қанаттары жазылар,
Бөлмедегі гүлдің де айтар назы бар.
Өсімдікте тіл жоқ деме, адамдар,
Гүлдер сырын гүлдер ғана ұғынар.
***
Ақылымнан адастым ба білмеймін,
Қиын екен өзіңді өзің ұғу да.
Өмір бойы жүре алады күлмей кім,
Сүңгігендей ағысы жоқ жылымға.
***
Шыңғысханды жауыз етіп жіберген,
Қан уыстап туылыпты деген сөз!
Ендеше ақтар тарихыңды көнерген,
Оның сырын білсін әрбір көгенкөз.
***
Жаман болып тумайды ешкім анадан,
Қоңыздың да түйсігі бар түсінсең.
Сөз айтасың шыққандай бір қорадан,
Өмір сүрдің қандай мақсат үшін сен!..
***
Бұлттан шыққан күн болуды сұраған,
Жүрек шіркін бәріне де шыдаған.
Сыздаудың да түр түрі бар, не білсін,
Қиындықтар сансыратқан бұл адам.
***
Үміт жібің үзілді ме көңілім,
Жасырмашы, неге мұнша бұлдандың,
Жоғалғандай бой түзейтін сенімің.
Күйгелек боп кеткеніңе таң қалдым.
***
Соғыс күйін шертіп жатыр бір адам,
Әуенінен ажал иісі аңқыған.
Құлақ тіктеп дертіп жатыр бір адам,
Жүзжылдықта айнымаған қалпынан!..
***
Имамдардың иманы да сұйылды,
Молдалардың "жиғаны" да сұйылды.
Жұмақтағы қор қызына шүйгігіш,
Жамағаттың қабақтары түйілді...
***
Мешіттерден үміт кетті сансырап,
Саясаттан "ұры" ит кетті қансырап.
Өлімді айтып шырын сорған шырақшы,
Түсемелдер... енді қалай шалқымақ!
***
Құл басыңды күнге қарап тосып көр,
Не дейді екен шекеңдегі тесіктер...
Көріне ме шарап аққан өзендер,
Сауап сауып сарнап жатқан мешіттер.
***
Жаман ойлап қалып жүрме, жүр мейлің,
Жақсыны айтып жақ талды ма білмеймін.
Үруден де жалыққан бір иттей боп,
Ит өмірді жүр ғой дейсің сүрмей кім?..
***
Білмей қалдық нені сүйдік - ұнаттық,
Өтірікке кеттік сүңгіп құлап тік.
Бір бұрышта өксіп қалған пәруана,
Обалды да өкіндірдік, жылаттық.
***
Өмір жайлы жыр да жаздық көлемді,
Сауықтыру үшін мылқау, кереңді.
Сөйте тұра шаңқай түсте шошынып,
Өлім жайлы түс те көрдік... енеңді...
***
Өрнек қуып ойдан ойға оралып,
Қалдық білем тіпті айнып... қарайып.
Адам болып келгеннен соң өмірге,
Ақын емес... адам болып қалайық!
***
Біле білсең өзімізде бар айып,
Әсіре дін санамызда тобарып.
Әсер етпей қойды неге қазаққа,
Әлемдегі болып жатқан жаңалық!
***
Сана тозды, ел де тозды білгенге,
Ей, байбатша! Күлмеңдей бер, күлмеңде!
Жер бетіне алтын сарай салғанмен,
Жер астына жоғалуың бір демде!..
***
"Жаса, жаса, қазағым" деп ұрандап,
Бүгінгі "ерлер" бірін бірі жүр алдап.
Нағыз "бөрі" маймаң қағып кетті ұзап,
Қызыл жоны қыр астында қылаңдап.
***
Кедейліктің шыққан тегі - қара түн,
Ғалымдардың күйін көріп тоңасың.
Саясат жоқ қу өзегін жылытар,
Жапырақ жоқ абыройын жабатын.
***
Қанша батпан қан арқалап мойнына,
Қызыл ту де кетті тарих қойнына.
Аналардың ақ жаулығын биікке,
Көтерейік жасыл тудың орнына.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇