Өлеңдер ✍️

  11.06.2026
  41


Автор: Оралбек Бек

ТӨРТТАҒАНДАР 1

 


Аспан асты шыққан көздей аларып,
Келеді атып тағы бір таң сызданып.
Мұның да бір кесепаты бар анық,
Жан жараңа жіберетін тұз жағып...


***
Шиқылдата суырса да өтіңді...
Шыдаудай-ақ шыдадық қой, бәріне!
Бұл күндері адамнан ит өтімді,
Жауап қайда берер арғы, бергіге...


***
Сырыңды айтпа, не де болса күле біл,
Ештеңе де біте қоймас жылаумен.
Қатал әке секілді екен бұл өмір,
Жон арқаңнан бір-ақ тартар дыраумен.


***
Қасақана түсінбейтін ештеңе,
Надандар бар шыққандай бір үңгірден.
Орындықта қалғығанды дос деме,
Су ішетін құдығына сіңбірген.


***
Жетім төбет түс көреді, түсінде,
Қара қаншық есінейді, қыңсиды...
Пәтуа жоқ сөзі менен ісінде,
Кесапаттар сағат санап өршиді.


***
Өтірігін лақтырады уыстап,
Қоқыс көмей мүләйім көз байбатша.
Көк бөдене жүр арқасы құрыстап,
Төбел шашын түйіп тастап қалмақша.


***
Бәріңнің де үлбіреген... жаның бар,
О, ақындар, дүниеауи дарындар...
Неге гүлге... үйірсіңдер, білмеймін,
Пайдасы жоқ "ақылды" отқа жағыңдар.


***
Көре алмаған жамандасын, даттасын,
Қағар дейсің оған қандай бақ қасын...
Шыбын екеш шыбын да үйір шырынға,
Ол да дәулет келіп қонған басқа шын...


***
Қаталасаң жақсылыққа қатала,
Көкбақалар қабырғаңа бата ма?! -
Қалың халық қол жайғанмен биікке,
Аспан бұлттан арылмаса не шара!?.


***
Бастарынан бағы ауған
пақырлар,
Сендердің де жарық күнге қақың бар.
Құдай бәрін көріп тұр ғой, алайда,
Көрмейді оны көкірегі соқырлар.


***
Қиындыққа жауырынды тоса біл,
Тісі оның өткір де емес аса бір.
Адам бәрін өзі қолдан жасайды,
Дейді сосын тағдырымның тасы ауыр.


***
Жетім баққа бай-мырзалар кірмейді,
Салпаңқұлақ қарны тоқ ит үрмейді.
Азандаған мешітке де бәрібір,
Бұл өмірді сүрме мейлі, сүр мейлі.


***
Болсын, мейлі, ойың қанша. қорғасын,
Түсі суық табыттардан қорқасың.
Сұп-суық жел шыбықсыз-ақ тоғытты,
Сай-жыраға қаңбақтардың қаңқасын


***
Ескертудей ескертті ғой Жаратқан,
Ескертумен келеді әрбір таң атқан.
Бірақ, оны тыңдаған бір пенде жоқ,
Нән балықтар бас алмайды шабақтан.


***
Жер біреу-ақ! Туған жерің осы жер!
Осы жермен бар мәселең шешілер.
Дүркіреуден еш пайда жоқ жігіттер,
Күркіреуден шыққандардың қасына ер!


***
Өткеніңді түтіп көр де, бағамда,
Қажетсің бе, мына шіркін қоғамға.
Қара сөзді қылқылдатып ішетін,
Қиқым өмір керек емес адамға.


***
"Болат кездік қап түбінде жатпайды",
Болар бала есті сөзді жаттайды.
Ессіздер бар есек мінсе мәз болған,
Бастан кеткен мисыздарда жоқ қайғы.


***
Тынбай іздеп ғасырлардың жаңқасын,
Ғалымдарды айт, шұқылаған жер тасын.
Қаздар қонып, үйрек ұшқан көзінен,
Атасының тауып алса қаңқасын.


***
Жылқылар-ай, сүйген үйір-ортасын,
Қасылаған бір-бірінің арқасын.
Бұл сауалды неге маған артасың
Неге менің сауатымды сарқасың.


***
Әлденеге тұрған еді оқталып,
Тау басында қара бұлттар топтанып.
Кетті кенет бәрі бірдей шашылып,
Ар жағынан күн де шықты шоқтанып.


***
Мойыл түннің сәлдесіне оранып,
Ақ қайың тұр көздерінен соры ағып.
Сұп-суық жел жапырағын жұлып жеп.
Қалды лезде тырдай болып тоналып...


***
Шатырлаған найзағайға қосылып,
Қара күз де келді, қалқам, осыны ұқ?
Дайынсың ба, енді мұздақ жүреді,
Ештеңеңді қала алмайсың жасырып.


***
Сығалаған есіктен де тесіктен,
Малға, жанға, табиғаты өшіккен.
Енді, міне, аяз бүркіп танауы,
Қызылмұрын қыс та тұрды бесіктен.


***
Бетін емес, сипап қойып сақалын,
Отыр діншіл,
мешіт созып мақамын.
Бәтшағарлар ұмытады сүйегін,
Саудаға сап жерін, көрін, Отанын.


***
Ұқсап туса өздерінен сұраңдар,
Неге есекше ақырмайды құландар?!.
Қылығымен құмыра ғой қарғалар,
Кездескеннің бәрін жұтқан жыландар...


***
Үкілі хат! Үмітің ғой ол деген,
Қанат қағып келер көкпен, жерменен.
Жақсы хабар қолға тисе бір сәтте,
Жүректегі мұң да кетер, шер де өлер...


***
Сумаңдаған қырқаға да, сайға да,
Қызыл жалынға оранып тұр айнала... -
Жылан тілдер жалаңдайды айырдай,
Жасап алған аспанды әке, айды аға.


***
Өсек шіркін қызылтұмсық ит қой бір,
Сабағынан жұлынатын құйттай гүл.
Сенімдіні сезікті етпе, қарағым,
Ақ жүректің ақ жағасын жыртпай жүр!


***
Көп іздендік қолымызға шам алып,
Бақыт, таңы атсын деп шын жаңарып...
Сайлау бітті... Біреулер жүр қабарып,
Біреу... кетті өлі судай сазарып.


***
Боран шіркін ұлып-ақ тұр тоқтамай,
Ажалды жан, шықтың ба, әлде, жоқ қарай?!
Жауға шапқан жақсы еді ғой бұдан да,
Ұшатынын білмесең де оқ қалай.


***
Соғыс жұлып кетті қолдың жартысын,
Ойланған жоқ батыр одан арғысын...
Екінші қол жатыр әлі жұлқысып,
Дәл осыны үлгі тұтар қай кісің!..


***
Соқыр, мылқау... бермесе де нақты ақпар,
Ешқашанда қартаймайды соқпақтар.
Заман-ұршық, алтын жібін иірген,
Оған деген құрметіңді сақтап қал.


***
Көлеңкелер минут сайын ұзарып,
Міне, тағы, бір күн батты қызарып.
Көше бойлап перілер жүр қап-қара,
Бүркеніштен көрінбейтін жүзі анық.


***
Бөрі мінез... бүлкектедік атта көп,
Сүйем жерді бере алмаймыз жатқа деп.
Патша-тауыс... адам ауыш бұл күнде,
Ақырында жауап бердік сотқа кеп...


***
Сең бұзылды! Бәрі құдай қолында!
Той боп жатыр оңың менен солыңда!..
Тоймен бірге "дертке дауа" заң шықты:
«Бір адамнан басқа ешкімге табынба!».


***
Өтіріктің жағы неге сембейді,
Көзі барлар неге оны көрмейді?!
Отыз жылдық ұйқы солай, өйткені,
Кәрі-құртаң, икемге еш келмейді...


***
Көкбөрі ғой қазағымның ұл-қызы,
Төрт жасында-ақ болған ерлік жұлдызы.
Сол сәбиді "ат!.." деп бұйрық бергенге,
Таң қалыпты барша халық, жер жүзі!


***
Жалған атақ неге керек білмеймін,
Бұл күндері жүр ғой дейсің үрмей кім.
Машхар таңда жауаптысың өзіңе,
Өзге тері ішінде өмір сүр мейлің!


***
Тәртіп қайда алған ата, анаңнан,
Бесігіңе шуақ шашқан ақ арман.
Басың түсіп ортасына тізеңнің,
Бұл не сиқың азып-тозған, тоналған.


***
Арпалысып көріп пе едің ажалмен,
Жалған өмір атты тісті тажалмен.
Ең қиыны адам екен жыртқыштың,
Қызыл тілі өзіне өзі қазар көр!..


***
Айтпасақ та, тоңып қалдық біз бүгін,
Баққа қарай оңтайлаумен түз гүлін.
Күз белгісі осы шығар, кеудеңнен,
Шайқап жатса бір тамшы жас жүз жылым...


***
Кем емес еш дайындалған дарыннан,
Борсық, шіркін, қаймықпайды қалыңнан.
Тұщы етіне қамшы тисе семірген,
Түрін көріп айырыласың сабырдан.


***
Патшалардан асқан судыр болмайды,
Қатыгездік те оны жаудан қорғайды.
Қанаттының ең жаманы сауысқан,
Өлмес күнін көрген түтіп торғайды...


***
Жігіт жүрмес астыменен жеңілдің,
Мігіт жүрер үстіменен ауырдың.
Қамал бұзар тектілер бар, айт, айтпа,
Сұсын алған суы қатты темірдің.


***
Әйелге тән аһ ұру да, жылау да,
Себебін де болмайды одан сұрауға,
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Десең болды - шырай қосар шырайға!..


***
Ойын, бойын, түзей білген таралып
Жігіт үшін екі мақсат бар анық.
Бір іс үйде, бір іс түзде, біл мұны,
Еркек болсаң қалма ошаққа қамалып!


***
Төрткүл дүние - бәрі өзіңнің еркіңде,
Ой тасташы арғың және бертінге.
Бұл даланы уысында ұстаған,
Батырларым тұрған-ақ қой сертінде!


***
Суық хабар байлап қойсаң жатпайды,
Көркем сөздер мақсат қойсаң ақтайды.
Сенімнің де сарабдалы, сыны бар,
Сортаң жерді нарлар ғана жоқтайды.


***
Ақ бұлттарға қара бұлттар жамырап,
Көк аспанның түсі өзгерді азырақ...
Көп өткен жоқ, күміс қылыш жарқ етті,
Қорасына кетті сүңгіп қозы, лақ.


***
Қарайсың да зират жатқан қиянға,
Берілесің нәті ащы қиялға.
Кейбір пенде білді ме екен, тұщы еті,
Тіске басар болатынын шымалға!?.


***
Бірді бірге жау еткен де шегара,
Болмашыны дау еткен де шегара.
Біліп тұрып ақты қара дегізген,
Ал, қараны, ақ еткен де шегара!


***


Басқа өрген ақ шаш, ол да сиреді,
Тәбеттің де табылмады сүйгені.
Кеміріктен сорпа сауған қасқаңның,
Осы болды тағдырынан түйгені!


***


Шығармаған ешқандай бір бүлікті,
Бұл ағашты содыр дауыл жұлыпты.
Жанға сая, кетті қанша көлеңке,
Қушеке жел неге мұнша желікті.


***
Міз бақпастан аспан төрін айналып,
Тазқара жүр бір сойқанды ойға алып.
Құшақ жетпес қос қанаты қалғандай,
Көк аспанның кіндігіне байланып.


***
Болар іске үлкені еткен төрелік,
Өз алдына дәстүрі бар ел едік.
Өзге салтпен қайда кетіп барамыз,
Алтын топшы* қалды ма, шын көнеріп.


***
Құрт шығады неге шырын алмадан,
Дүниеде қанша ойсыз бар надан.
Ақылдының шатасқаны түк те емес,
Ақымақтар ақыл айтса - сол жаман!


***
Тау сілкініп кейде бойын жазады,
Жабылардан заты айғыр да озады.
Домбырамның қос ішегі долданса,
Шабыс тілеп менің де арқам қозады.


***
Иір-шиыр жолмен жеке жортады аң,
Қас батыр бар топты жалғыз жайпаған.
Қағаз, қалам емес жаугер мақсаты,
Оқымысты, кетші шығып ортадан.


***
Толқын атып асып-тасқан арнадан,
Теңіз мұңы шамшырақ қой жанбаған.
Жүрегіңнің қобалжуын басады,
Жалғыз шумақ ерлік жайын толғаған.


***
Көңілдің де наласы бар жұптайтын,
Өзек те бар сыбағасын ұрттайтын.
Біле білсең күнің де бар батпайтын,
Таңың да бар күрсіністен атпайтын...


***
Жарлық бердің түсінбейтін еш адам,
Бейбіт елге оқ атқызып тасадан.
Ортаға шық түзу болса бір сөзің,
Шыға алмасаң мұндай істің несі адал?!.


***
Қарусызға атой салу не керек,
Ойламаңыз іс еттім деп керемет.
Ережеге сай келмейді ол ешқашан,
Миға қағып алсаң дағы шегелеп.


***
Қашты кенет таудың басы бұлаңдап,
Тұрушы еді аспан жақтан сыр аңдап.
Әр бұрыштан шықты өсекші жұлдыздар,
Кірпіктерін ашып-жұмып сылаңдап...


***
Құм түтейді, жердің беті қып-қызыл,
Ыстық желдің тілі бүгін тіпті ұзын...
Төрт бүктелген түйелердің шудасын,
Шоқ жалатып, түтіп жатыр отты жын...


***
Қазақ жері қасқыр түкті қайда да,
Аспаны ашық, күн де жаңа, ай жаңа..
Қазақ жері кейбір нойыс айтқандай,
Болған емес ешқашанда айдала...


***
Қараңғылық түсті міне, күн батып,
Сапарласым мұң да жетті түн қатып.
Ыстық жел жүр бағаналар сымдарын,
Тұмсығымен түртіп қалып жырлатып.


***
Алар ма екен жүрек, бауыр, жан демін,
Әлде, бәрін, бұзар ма екен әлдекім...
Үміт, сенім, жұбататын сезімді,
Қиялдағы кездесуім бар менің.


***
Сезім-сезім, болмаған еш олжалы,
Көріпкелдің келді айтқан болжамы.
Бәдәуидің тонын киген қу көңіл,
Сапарынан қайтар ма екен бұл жолы...


***
Бөлме үнсіз, сезім де өлді, тыныштық...
Дем жетпейді, ауа қайнап тым ыстық.
Үміт үркіп терезеден ол кетті,
Бұл жайында жақ ашпауға тырыстық.


***
Ессіз тағдыр түк қалдырмай жалмады,
Иықта да, баста да түк қалмады
Сұлбама бір қарады да таң қалып,
Қу тәңірдің шошайды бас бармағы...


***
Қиқар тағдыр ғашықтарды қосқан ба,
Өзек болсын бұл жыр да бір дастанға.
Еріп кетіп таңғы арайдай сәулеңе,
Ауадай боп қалдым қалқып аспанда.


***
Табиғатта белгіленген жотасы,
Сезімнің бар шырқау шегі нотасы...
Білесің бе, бәрінен де ең күшті,
Жүрек екен махаббаттың атасы?


***
Оралбек 'Бек


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу