10.06.2026
  73


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Сегіз сері

 


(Лирикалық поэма)


Сегіз сері, сен ердің,
Теңдесіңе келер кім?!
Дәуір өтсе – қазақтан
Сені тумас келер күн.
Жеті өнерлі жігіттен
Бір өнерін асырған
Сегіз қырлы өнерлім.
Шашасына шаң жұқпас
Тұлпар-тұлға ері елдің.
Дария ақыл, дана ойлы
Арнадан асқан кенерлім.
Тереңге түпсіз көз салған
Данышпаным да кемелдім.
...Қақса – жұқа тесілер,
Қағып, тескен бұл кәуір.
Бұл кәуірдің қылығы
Жаныңа салған мұңды ауыр.
Қазанатты серік қып,
Қолға ұстатқан қандауыр.
Бұлықсыған ерлерден
Бұл-бұл ұшқан күн, дәуір.
Ата айырмай ағайын
Болып кеткен бір бауыр...
Сегізге тағдыр өң берген,
Өң берген және жөн берген,
Бес қарулы ер етіп,
Ақыл мен қуат тең берген.
Беліне қылыш тағынып,
Алдына найза өңгерген.
Қорамсақта сұр жебе
Көздесе тиген дөп жерден.
Құлдырай қашқан қорқау жау
Құтылмас Сегіз мергеннен.
Талыс таспа адырна
Білекке қуат, дем берген.
Алтын сапты айбалта
Жан алған қарсы келгеннен.
Атай төсте – торғауыт,
Торғауытты ерің – зор хауіп.
Найзаны Сегіз салғанда
Талайлар қалған шаң қауып.
Сой ердің сегіз қыры бар
Сары алтын сабыр сыры бар,
Жарасқан жампоз тұлғада
Тоғысқан қадір қыруар.
«Ошыбайлап» ұран салатын
Керейдің Сегіз – ұлы нар...
«Ағатайлап» шабатын
Исатай мен Махамбет
Сүйсінген оған түрі бар.
Қазақтың үш Жүзінің
Кіші Жүз – кенже сыңары.
Әлімұлы, Байұлы,
Жетірудан тұрады.
Еділ, Жайық – ен сулар,
Атырау – теңіз – тұрағы.
Беріш атты бір ата
Байұлынан шығады.
Исатай мен Махамбет
Сол Беріштің шынары.
Кіші Жүздің қос батыр
Жауға салар қыраны.
Айқайлап жауға шапқанда
Астында тұлпар – жануар.
Күндердің күні болғанда
Қамауда жатқан хан Жәңгір
«Мұрсат бер!» деп жалынар,
Икемге келсе қорқау хан
Исатай неден тарылар?
«Мұрсат бердім итке!» деп,
Қасында серік Махамбет,
Исатай батыр илікпей
Махамбет бұған қамығар.
Есілден жеткен ер Сегіз
Осы бір сәтте табылар,
Ерлігі сонда танылар.
Иегін артып кәуірге
Жәңгірдің көрер таңы бар.
Ашынған басын бұл қырқар.
Садаға кеткен сарбаздың
Сайғағы болған сүмбіл тал.
Бекіністен жеткен әскері
Қоршаған сонда ұрымтал.
Ұрымтал жерде ұрыс сап,
Исатай жауға бір іңкәр.
Бөлінбей «Беріш» атам!» деп,
Жіксіз жігіт қатар боп,
Жолдасы болған Сегіздің
Исатай мен Махамбет,
Ерсары мен Қалдыбай
Есіміне ел елеңдер,
Үбі батыр Қабыланбай,
Балуан Тәни дегендер,
Мұз жастанып, қар кешіп,
Жолбарыс етін жегендер.
Солардан артық ер Сегіз,
Керейдің ұлы кемеңгер,
Атырауда тарлан ер,
Шапқында болған ардақ ер,
Ақбұлақтың басында
Айқайлап ұран салған ер,
Шүберекке жан түйіп,
Шүйіліп соққан найзагер,
Атқан оғын еңіретіп,
«Қайда дұшпан, қайда?!» дер –
Танылған Сегіз майданда ер.
Хандар киген мәуіттен.
Атына тоқып салған ер
Домбыраны қолға алып,
Жырын айтқан толғап ер,
Мақпал қызға ғашық боп
Жүрекке лүпіл қонған ер,
«Назқоныр» мен «Гауһартас»
Ғашықнама болған ер,
«Сегіз қырлы сері!» деп
Ардақтаған қолдап ел,
Ол отырған жайдақ ер
Хан тағына теңелген,
Сегіз сөзі тұрғанда
Ханның өзі көнерген.
Сегіз сөйлеп кеткенде
Сан жүйріктер бөгелген.
«Сөйлесін Сегіз ер!» десіп,
Шешеннің тілі кеберген.
Тура сөздің кестесі
Әдемі Майқы шеберден.
Беріш Балқы, Егіз би
Орын алған төменнен.
Сегіз сайыс келсе де
Жеңетін Сегіз өнермен.
Исатай мен Махамбет
Кетпеген сол бір кемелден.
Көңілінің кеңдігі
Озатын атқан жебеңнен.
Жалпақ елге тұлға боп
Белгі еді соққан Керейден.
Ағзамнан асып атағы
Арылмаған мерейден.
Жүрген ізі қайда бар? –
Мұнар күн мен ай куә,
Сегіздің өңін көргенде
Дұшпаны болған қайғыда.
Досына дала көңілі
Мінезін жомарт жайды да.
Үстіне келсе дұшпаны
Үркіткен айбар, айбыны, ә!
Жүрген ізі қайда бар? –
Оған куә Нарын құм,
Бекетайдың басында
Дұшпанға сес боп тарылдың,
Ұйлығып қалса қалың қол
Алауындай жағылдың.
Исатай аттан түскенде
Қасыңнан қашпай табылдың.
Бабажанұлы Қарауыл
Сұрынан ықты қаныңның.
Торғауыт оққа төтеп кеп
«Құтылып енді кетет!» деп,
Қамалаған көп кәуір
Жықса да атын астында
Исатай салды ұрыс кең.
Жаяулап жүріп Исатай
Ашына білек түріскен.
Қамалаған кәуірлер
Мылжалап кетті қылышпен..
Кісінеу әуен атыңның
Тізгіні терге малынды,
Қамалған кәуірлер
Қауып қалды шаңыңды.
Исатай ерің мерт болып,
Сындырды кәуір сағыңды
Құзғындар қаптап төбені
Соқтырды ғой саныңды
Қолбасшыдан айрылып
Азалы елің сабылды.
Қызыл қарын жас бала,
Қаралы қатын, шал-шауқан
Қорқаулардан шабылды.
Найзаға қара байлатып,
Түн жапты ғой таңыңды.
Жанқожа ерге жақын боп,
Қайта салдың барыңды.
Қолың қанды кек аңсап,
Жігерің жауды сағынды.
Талықсып кеткен әл-қуат
Сағынды қырды сағымды.
Өрелі биік болған соң
Сүймедің аласаруды.
«Көкпардай болар жерім!» деп
Ойладың болашағыңды,
Қорғадың солайша арыңды.
«Алашқа жаным – құрбан!» деп
Саз еттің толарсағыңды.
Желкесінде Жайықтың,
Ен төсінде Еділдің,
Ерлігі қалған серімнің.
Ақбұлаққа аял ғып,
Қайғымен бармақ кемірдің.
Бір қонақ болар тірлікте
Ызасы етіп жебірдің.
Айналып соқпас күн туып,
Исатайдай еріңнің
Азасы батып жаныңа
Найзасы сүйеп егілдің:
«Айналайын, Ақбұлақ,
Айналақтан жағаңда,
Сенен артық өлкені
Бұл әлемнен табам ба?!
Сенің келіп жағаңнан
Исатай атын суарған
Сенің келіп жағаңнан
Ғашығым талай су алған...!»
Сарбаздарға сайғақ боп
Сүмбіледе сүмбіл тал қалған.
Исатай, Үбі батырлар
Кәуірге жем боп жалманған.
Қайыпқали сұлтандар
Болмады қолға қару алған.
Халқын сатқан хан Жәңгір
Жатқа құл боп арбалған,
Қол жинамақ Махамбет
Хиуаға сеніп алданған.
Төбеңнен ұшқан тұрымтай
Тоз-тозыңа таң қалған.
Сүйегі сыздап қамды елдің
Бозторғай шырыл салғаннан.
«Кішкентай» күйі зар болып
Дәрменсіз қазақ шамданған.
Имансыз өлген көп ерлер
Ит-құсқа жемтік, нәр болған.
Бытырап қалған бос елді
Қоса алмай сендер дал болған.
Атырау безіп Аралдың
Арасын кезіп сандалған.
Садақты кезеп Сырда да
Алашты жиып қамданған.
Талғажау малта нәр қылып
Түспеген ерден, шабдардан.
Торғауытың тер болып,
Қабағыңа шаң қонған.
Иір бұтақсыз бұл Алаш –
Батқандар талды қарманған.
Түс қашып жүріп, қан жұтып,
Заманға зарлап, қарғанған.
Аса алмай жал-жал жарлардан.
Болашақты ойлап, бақ безіп,
Не көрдің мына жалғаннан?!
Аманат еткен үніңе
Жеріміз қайсы жалғанған?!
Иесін таппай ән-жырың
Икемділерге қармалған.
Қырандар қонған тауларға
Ителгі – солар қарманған.
Мұраңды талап алғанда
«Ерлігі» сол-ау бар болған!
Алыпсың әман аруақты ер,
Биіктеп озған нарлардан!
Мінәжат, тағзым, Тау бабам,
Алаштың арын даулаған,
Адырна тартып, атылған
Жебеңдей ғасыр заулаған.
Тұлпардан қалған түк бар деп,
Тәуетем жеріңе аунаған.
Өткен де кеткен заман-ай,
Жылдарың аққан арада-ай,
Қыранды туған Маманай,
Тумаса екен қарабай.
Алашта туған ұрпаққа
Атағың кетсін тарап-ай.
Сегізін Алаш ұмытса –
Жығылған шығар жалауы-ай!
Қазаққа тұлға Сегізсің,
Телегей толқын теңізсің,
Жалғыз-ақ емес Маманай,
Алашқа жері жағалай,
Сегіз атыңды пір көріп,
Шаңырақ сайын бір сәби
«Сегіздей бол!» - деп емізсін!


ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ


«Қызылжар» газеті. 5 бет.
Қараша, жылқы жылы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу