Өлеңдер ✍️

  08.06.2026
  16


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Балташы Құрман

 


Мезгіл алға өрлеген,
Жұтып өткен жылдарды.
Аталарды көрмеген
Бүгінгілер құр қалды.


Байлық, мансап іздеумен
Болмаушы еді жұрт әлек.
Сол шалдарды біз деген
Көріп қалған ұрпақ ек.


Бейне таудың жартасы
Таудай болып тұрған сәл.
Белбеуінде балтасы
Қыстырулы Құрман шал.


Езуінде - насыбай,
Болмай сөзбен әлегі.
Қиындыққа жасымай
Жүретұғын нар еді...


Болса да ісі қиын-ақ,
Кезі жоқ-ау болдырған.
Бөренеден қиып ап
Үй салатын сол Құрман.


Жалғыз оның жұмысы
Он адамға баланар.
Қажымайтын бұл кісі
Секілді бір қара нар.


Ақылман боп жүрмесе,
Ауырлықтан тайған ба ол?
Омырауына бірнеше
Орден таққан майдангер.


Бүгін нала күйдемін,
Көңіл кейде шерменде.
Тозып кеткен үйлерін
Құрман шалдың көргенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу