Өлеңдер ✍️
АЛМАТЫНЫҢ КӨШЕЛЕРІ
Әр ғимарат өткеніңді саралап
Тұрған нәзік жүрегіңді жаралап.
Классик боп жүргендей күй кешемін,
Алматының көшелерін аралап.
Тектіліктің жалғастырып ұлы ісін,
Бұл жалғанның іздеп келем дұрысын.
Алматыға бағыт-бағдар алмаған,
Өткен жиырма сегіз жылым құрысын!
Бірізділік – талапкердің талабы,
Кітап – ақыл-парасаттың шарабы.
Шығармашыл жасты жақсы көреді,
Өзін биік санағандар тарабы.
Руханияттан жырақ кету – ар маған,
Жырдан басқа дүниеге көз салмағам.
Жақсартуға тырысқан өз ағзасын,
Алматының көшелерін шарлаған.
Материалдық мәселеден бездірген,
Арбатында жайлылықты сездірген.
Республика алаңында сыр шертіп,
Бір құдірет көшелерді кездірген.
Кептелісте құрып біраз уақытың,
Қол жетпестей сағым болар бақытың.
Жазушылар одағының алдында
Бекжандармен қатар тұру – жақұтың.
Шайханада Бақытқа жыр оқыған
Жас ақындар сөз шарттарын тоқыған.
Ұйқас, буын, бунақ жайлы ой тербеп,
Бір-бірінің кемшілігін шоқыған.
Алматыны шексіз сүю – айыбы,
Анықталса қаңғыбастар байыбы.
Таудан құлап кеткен меруерт тасыңдай
Өмірде жоқ қаламгердің зайыбы.
Ұлы істер қателіктен құрылар,
Ұлағатқа аттың басы бұрылар.
Бір тылсым күш жетелейді Кеңсайға,
Ағырапқа айналдырған ұлылар.
Бірін-бірі сыйлағанмен тірілер,
Бәрібір де пенделігің білінер.
Әрбір күнін аңыз қылып өткізген
Жер астында жатыр, шіркін, ірілер!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇