Өлеңдер ✍️
КӨЛДЕГІ ОЙ
Қызуы әлі кетпеген,
Ұяға күн беттеген,
Қызартып суды бояулап,
Көл бетіне бойлатып,
Майда толқын ойнатып,
Самал жел ескен баяулап,
Қиқулаған құстар таппай еш тыным,
Қандай әсем көл жағасы кешқұрым.
Тұңғиық қалқып сәл билеп,
Тербетіп толқын әлдилеп,
Көңілге әсем гүл екті,
Сұлулық көріп елігіп,
Оянған шабыт желігіп,
Бір сезім билеп жүректі,
Көлді көріп ай сәулесі ойнаған,
Көңіліме тәтті сезім бойлаған.
Жүректің болып тілегі,
Осындай айлы түн еді,
Өзіңді алғаш көргенім,
Өмірді мүлде өзгерткен,
Сезімді нәзік көздеткен,
Махаббат сызып өрнегін.
Сәулесінен айдың жүзің нұрланып,
Көзім тоймай қарай бергем ұрланып.
Жүректі сезім тербеткен,
Әрбір сәт тәтті шербеттен,
Сол күндер қайта оралмас,
Бөтен бір сезім ерсе де,
Хор қызын әкеп берсе де,
Өзіңдей ешкім бола алмас,
Амал қанша болса тағдыр өктем тым,
Жүректі езер сағыныштан өткен күн.
Еркін Оралбайұлы 8.08.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇