Өлеңдер ✍️

  19.02.2025
  218


Автор: Жібек Ысқақова

БАҚЫТЫМНЫҢ БАЗАРЫ

Бақытымның базары — денсаулығым,
Денсаулығың барында базарың бар.
«Дені саудың жаны сау» —дейді Қазақ,
Ден сау болса баурайтын ажарың бар.
Бақытымның базары — уайымсыз күн,
Уайымсыз күн жанымның тыныштығы.
Алаңдамай таң атып, күнім батса,
Өмірімнің өтеді тыныш күні…!
Бақытымның базары — жақындарым,
Жақындарым барында күнім жақсы.
Денсаулығы мықты боп, аман болса,
Баға жетпес бақытым, құным басты.
Бақытымның базары — балам менің,
Балам барда қуатым еселенер.
Анам барда бақытым ортаймайды,
Бақытымның базары өсе берер.
Бақытымның базары — бауырларым,
Олар барда мерейім үстем болар.
Бауырларым бақытым, сендер барда,
Қиындықтың біздерден күш кем болар…!
Бақытымның базары — амандығым,
Амандығым үмітім сөнбейтұғын.
Сенімім бар Аллаға, Жаратқанға,
Бұл жанымды уайымнан емдейтұғын…!
Бақытымның базары тарқамасын,
Бақытымен тербелеп алдағы күн.
Жаратқаным жар болсын баршамызға,
Шуақ шашқан күн сыйлап, таңдары нұр…!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Кумыс
Кумыс 23.02.2025 13:47
Жақсы жазылған өлең жолдары екен.Рахмет сізге .Жаңа өлең жолдары күтеміз!

Пікір жазу