Өлеңдер ✍️
Сөз
Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегінде болсын көз.
Абай.
Ардақтым, сөз-асылым,
Ащым, тәттім, иықтым.
Ұстап кейде жасырын,
Тіл ұшында ұйыттым.
Арыстаным ішімде
Ойнақ салған кезінде,
Қамалғанмен тісіме,
Тұрдың жанып көзімде.
Еркінсің бұл ғасырда,
Ұш биікке,
Шалғайға!
Жалғап асылды асылға,
Бақыт боп қон маңдайға!
Сөз-аяулым,
Құланым,
Алдаспаным, асқағым!
Балым, нәрім, шынарым,
Шыңым, сырым, дастаным.
Айтар ана тілімде
Уағызым, ұраным!
Кешегіден бүгінге
Жеткен таза бұлағым!
Жүректегі Күн, Айым,
Жанның ауа райы.
Кірер сенің шырайың
Келіссе ойдың шұрайы.
Сен ақпасаң алысқа,
Сен ұшпасаң әуелеп,
Сен озбасаң жарыста,
Сен тұрмасаң мәуелеп,
Сен қылды қақ жармасаң,
Самал болып еспесең,
Қыран бола алмасаң,
Өсірмесең, өспесең,
Батыл,
Тура кеспесең,
Жанарда от боп жанбасаң,
Дау- шарды әділ шешпесең,
Жауыңа лаң салмасаң,
Иітіп,
Жан балқытып,
Татымасаң таңдайға,
Шабыт беріп,
Шалқытып,
Бақ болмасаң маңдайға,
Ұста,
Ұстаз ұмтылып,
Бар ғұмырын арнай ма?!
Сенімен шешен бір туып,
Ақын сені таңдай ма?!
Батыр сені таңдай ма?!
Халқым сені таңдай ма?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇