Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Нар баласын қарпып сүйер.
Ата балаға сыншы.
Баласыз ана — гүлсіз алма.
Жетімге жеті бидай да тамақ.
Ананың сүті—бал,
Баланың тілі — бал.
Ағайын — алтау,
Ана — біреу.
Ана алдында — құрмет,
Ата алдында — қызмет.
Атаның құны, ананың сүті
Жігіт көркі - өнер.
Ер дәулеті — еңбек.
Кітап - алтын қазына.
Күндес көргеннің қызын алма.
Әкесіне тартып ұл тумас,
Шешесіне қарап қыз тумас.
Ел-елдің бәрі жақсы,
Өз елің бәрінен жақсы.
Аққу айдынын аңсайды,
Адам туған жерін аңсайды.
Бақа көлін сүйеді,
Бұлдырық шөлін сүйеді,
Ер жігіт елін сүйеді.
Адам елінде көгерер,
Қоға көлінде көгерер.
Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады.
Ағайынға қарап бала өсер,
Қарағайға қарап тал өсер.
Мыңның түсін танығанша,
Бірдің атын біл.
Екі жақсы қосылса,
Өлгенінше дос болады,
Екі жаман қосылса.
Өлгенінше қас болады.
Ерегескен ел болмайды,
Есептескен дос болмайды.
Жаман жолдастан жақсы дұшпан артық.
Досың дос болғанға шаттан,
Дұшпанмен дос болудан сақтан.
Дұшпан күлдіріп айтады,
Дос жылатып айтады.