Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  107


Автор: Темірше Сарыбаев

АЙ ТҰЯҚТЫ АТТАР-АЙ...

Сеңсең бөркін әзер тіктеп ақ қардан,
Қарт Алатау қарай қапты қапталдан.
Ат қосқанның кеудесінде тәтті үміт,
Ат қосқанның жүрегінде тәтті арман.
Бүгін – бәйге! Сыналады бақ талай,
Жатыр алқап жап-жасыл боп тақтадай.
Қазақтардың өлі қанын тулатқан,
Ай тұяқты, алмауыттай аттар-ай!
Өңкей тұлпар! Ойға салсаң, төске өрлер,
Арғымақтың алдын орап, кеспеңдер!
Бойымызды самал болып сергітсін,
Жүйріктердің екпінінен ескен жел!
Жібер бүгін, жібер бүгін, тежеме!
Желдей ұйытқып жету қажет межеге!
Қалың топтан қара үзгенше біреуі,
Ғазиз жаның тағат тауып,төзе ме?!
Бол-бол бала, бол-бол бала, бол бала,
Жұлдыздай ақ, қыран құстай сорғала!
Озу керек, озу керек қалайда,
Мақсатың да, мұратың да – сол ғана!
Бол-бол бала, бол-бол бала, бол бала!
Әй, әнебір күрең төбел ышқынды-ау,
Суырылып шығу үшін күш қылды-ау.
Атқа да ортақ қасиет қой, тәйірі,
Қарау болса қарсыласын пысқырмау!
Беу, ананың аттың басын іркуі-ай,
Ауыздығын бос тасташы, ей, жұлқымай!
Сәл еркіне қоя берсе бедеуді,
Шаң қаптырып кетер еді, шіркін-ай!
Мынасы не, мынасы не, обал-ай,
Жал-жаясы таралмапты, тола май!
Арбаторы осы шығар, асылы,
Аяқтары солтаң-солтаң сомадай!
Шығар, шығар, шығар шетке, алып қал!
Бұған – ерте! (Біз танысақ – анық мал)...
Жаратуы жетпеген-ау, байғұстың,
Қанаты жоқ, қараға еріп қалықтар!
Бәрін көктеп көтерілді қарагер,
Шап-шап бала, шап-шап бала, шаба бер!
Орынынан ошарыла тұрды жұрт,
Қиқу салып қол бұлғайды саған ел!
Шап-шап бала, шап-шап бала, шаба бер!
Қарқынынан қара дауыл соқтырып,
Күрең қалды... үздік кетті көк күлік!
Көрінді әні, көмбенің де төбесі,
Сейілді әні, көңілдегі көп күдік!
Пай-пай, мына ақтанкердің алқымы-ай,
Қалай қарап тұра аларсың шалқымай!
Арқаланып, аруақтанып алдың-ау,
Көкбөріден атпен туған халқым-ай!
Осы болсын өздеріңе енші өлең,
Айналайын, әзиз халқым, мен сенен!
Басындағы байлығын да, бағын да,
Жұлдыз-пырақ жүйрігімен өлшеген!
Туа бітті дүлдүл құмар, дос құмар,
Хас тұлпарды дүрсілінен топшылар!
Ат дегенде асын жерге қоятын,
Жер бетінде сендей халық жоқ шығар?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу