Өлеңдер ✍️
САРЫБЕЛ
(Айдалып бара жатқанда )
Абылай аспас Арқаның сары белі,
Есіл бойын жайлаған қазақ елі.
Қырық мың жылқы су ішсе ылайланбас,
Аюлы мен Нияздың Қаракөлі.
Күнбатысқа көлденең аққан Нұра,
Тұс-тұсынан оған құяр өзен-жыра.
Исі аңқыған Арқаның сай саласы,
Бірің – нәр, бірің – қорек, бірің – шипа.
Есіл аққан тау-таудың арасынан,
Тасқыны асып төгілген шарасынан.
Аюлы мен Ереймен, қош есен бол,
Бел жылыған барғанда панасынан.
Ботақара, Шағантау, қаласың да-ай,
Ереймен мен Бұғының арасында-ай.
Тоғыз жасар Дәулетім жылап қалды,
Тірі жүрген қасқырдың баласындай.
Қош аман бол, Сары Арқа, өскен жерім,
Кір жуып, кіндігімді кескен жерім.
Тартысып ертелі-кеш ұлықтармен,
Шұбырып маңдайымнан аққан терім.
Япыр-ай,. нем бар еді көлге барып?
Дұшпаннан кек алмадым, сайран салып.
Барамын ішқұса боп, амал бар ма,
Теңбілкөк пен ақ сауыт үйде қалып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter