Өлеңдер ✍️
Сен де жүкті...
Сен де жүкті...
Өлеңге мен де жүкті.
...Салмағын екеумізге тең бөліпті.
Бұл не деген құдай-ау, кереметің
Ұмыттырған бір сəтке пенделікті.
Сен əйелге айналып, мен өлеңге...
Мейірлене қараймыз кең əлемге.
Аспантауың əне, тұр! Бір кездері
келін болып барғансың сен ол елге.
...Бар адамның ете гөр, жанын ізгі,
Жақсы екен ғой, сұрасқан хəлімізді.
Есіңде ме, атаға сəлем салып,
Қуантқаның ауылды – бəрімізді.
Қартайғанмен əкеміз қажырлы еді.
Көз алдымнан кетпейді қазір де өңі.
Жас сəбидей жаны пəк жарықтықтың
Басына барып қайттық жаз ілгері.
Шешем де шертілмеген шежіре ғой,
Төгілген жанынан мұң, көзінен ой.
«Шал кеткен соң, қадірім қашты»
деп жүр,
Қартайған ғой, оңай ма, шөжіген ғой.
Сарқыт алып келетін тойдан апам...
Қоңыр қозым деуші еді қойдағы атам...
Осындай мейірімді мəрмəр-бұлақ
«Шіркін-ай, қайда бар?» деп, ойға
батам.
Мен де жүкті өлеңге,
Сен де жүкті...
Жер бетінен жояйық, пенделікті.
Біріміз жыр, біріміз ұл əкеліп,
Екеуі де болсыншы елге құтты...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇