Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  152


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ГАУДЫҢ БАҒЫ

Саздарын шертіп жалғанның,
Сан жылдың көрген талғамын.
Саяңда жатып алаңсыз,
Сабаққа дайындалғанмын.
Көктемде бұлбұлыңменен,
Қосылып əнді салғанмын.
Қартайған бүкір теректер,
Хабарсыз достан дерек бер?
Қалыпты сиреп,
ол қалай?
Қаршыға жүндес желектер.
Жапырағын жайған жас қайың,
Өздерін өздері бөлектер.
Сайранмен сауық құрған жай,
(Десеңші əн мен жыр қандай!)
Болғанмен думан үздіксіз,
Жүретін құмар бір қанбай.
Əн айтып маған аялдап,
Əкпішті қыздар тұрғандай.
 Келгенімді білгендей,
Тербеді мені бір демде ой.
Тіл бітіп бұтақтарына,
Теректер болды жүргендей.
Тұрымтай көзді Тұрсынкүл,
Тұмадан су ап күлгендей...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу