Өлеңдер ✍️

  15.07.2021
  163


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Болғанмен байтаққа бас, қоймас өлім

Болғанмен байтаққа бас, қоймас өлім,
Наһан боп, шараң нешік, сарқылса өрің?
Шаукатың шамадан тыс болғанменен,
Үңірейген, өмір бітсе, ордан — көрің.
Ер болсаң, пенделікті барында қыл —
Баста — тәж, астында — тақ, қолда — мөрің.
Андасаң, аларыңнан айбынбайды,
Аты — ажал, алқымыңнан, алса бөрің.
Көңіліңмен кеңесіп кер, қалар қайда —
Көрген сый, тірілікте шыққан төрін.?
Жаралған Мұстафаның үрметі үшін —
Күллісі — бейіш, дозақ, аспан, жерің.
Жаһанның жеңген жауын жеке жүріп,
Кенжесі Шаһариярдың — Әлі шерің .
Үкімінде Сүлейменнің болған тегіс,
Ұшқан құс, жүгірген аң, дәу мен перің.
Алардан, абайлашы, қай біріңнің
Қанша артық қадір, қайрат, тұтқан шенің.
Алладан әмір болған уақытында,
Жұмды көз ол сияқты өңшең ерің.
Солардан сен ғибрат алсаңшы енді:
"Жүруім жарамас, - деп, - бұлай менің".
Тәуба етіп, Тәңірі әмірін тұтын мақам,
Мекке бар малың сатып, көрсің елің.
Айналып Алла үйін, айлап тауап,
Сарып айла сауап үшін алтын, зерің.
Шүкірін ішіп-жеген нығайтуға,
Өтесең, ойла босқа, кетпес терің, —
Жай беріп жаннатынан және де тұр,
Арзанды тыңдар Тәңірім айтқан сенің.
Бұларды жай қылғанмен, жатып алмай
Жан шығар, жылауменен бітпес кемің.
Қамаулы қасқыр, аю, қабыланды,
Жан барда жарағың тап, жарар белің.
Иман — ат, тастихың — ер, қайырың — қылыш,
Тіл - келсап, тасбих — тары, кеуілің — келің.
Олардан өзіңді аман өткеретін,
Көп болсын бедеуіңе берген жемің.
Үгітімді менің айтқан, малғұн бірақ,
Дегізер: "Алдауға елді айтқан ебің".
Ондайды ақымақ айтар, ақылды "аһ!" дер,
Мұнда кім "Алла" десе, онда - бегің.
Мұстажан етер Мәулен, мен дұғада,
Бәріңнің пенделікпен бітсін демің.

1900 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу