Өлеңдер ✍️

  01.07.2021
  152


Автор: Фариза Оңғарсынова

Биліктіге айтылар сөз

Шырқыраған заман-тордағы
қара халықтың қорғаны
хандарға сәлем бермесем,
алдына емпеңдеп келмесем,
жыр-семсеріммен жерлесем,
көңілімде зілдің болғаны.
Мәз болмай майлы түгіңе,
құлақ сал елдің үніне.
Жаттарың жалпаң қаққанға
қарындағы майдай жібіме:
қашаннан не бір хандардың
жалтақтық жеткен түбіне.
Ойыңмен барлап қарашы
билеріңнің түріне:
көз тоқтамайды біріне:
көре қалса жат малды
құйрығын қысар бүгіле
өңшең қайыңқапталды
жинап алыпсың ініңе.
Көзің неге түспейді
сырттан мінез іріге?
Арлан боп жалғыз айтар дау
көрінсем деген сайқалдау
саясатыңның түрі ме?
Ел басына күн туса,
өз басыңа сын туса,
мыналарыңның бірі де
ортақтаса алмас жүгіңе –
сүйенесің сонда кіміңе?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу