Өлеңдер ✍️
ЖОҒАЛҒАН САҒЫНЫШ
Ұмытып барамыз біз сағынышты,
Алыстан хабар күтер шағым күшті.
Тездетіп ғаламтордан хабар алып,
Кездерім сағынатын шағыл құшты.
Ол рас, жоғалтық біз сағынышты,
Ақ кептер, хабаршымыз шағын құсты.
Тез хабар әкелетін телефонға,
Біржола болғандаймыз бағынышты.
Айлап күтер хабарды, сағынышты,
Шыдайтын кінəламай жазымышты.
Хат күтіп алаң болып жүретұғын,
Аңсаған жүректегі сағым ұшты.
Ия, қазір үлгермейміз сағынып та,
Келеді хабарлама ағылып та.
Хат жазсаң қалам алып ақ қағазға,
Сырттан күлер бағалап тағылыққа.
Хабарды алушы едік хаттан оқып,
Өтпейтін хат келгенше қатқан уақыт.
Хатты оқып ұзақ күткен көңіл көншіп,
Сағыныш тəтті дəмін татқан бақыт.
Жүректер сағыныштан отқа күйіп,
Жаймаушы ек құпияны жатқа қиып,
Салмай- ақ ғаламторға сағынышты,
Кетуші ед(і) бір парақ хатқа сыйып.
Еркін Оралбайұлы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇