Өлеңдер ✍️

  15.05.2023
  51


Автор: Иоганн Вольфганг фон Гёте

Айға

(1769)

Сіңлісі Күннің,— Айысың,
Назсың бір жүрген жабығып,
Күміспен шеккен шәйісің,
Тұрасың тұман жамылып.
Жетер тек түнгі қиядан
Аяқты кербез басқаның.
Құс кетсе таңда ұядан
Оянған мен бір қасқамын.
Шоласың жаһан аумағын,
Соқпағын кезіп, қияның.
Ұшыршы бірге, ау, жаным,
Шалқысын оттай қиялым!
Көрінбей тыңшы дұшпанға,
Түн кезіп мен де келейін,
Қалықтап алыс аспанда,
Әйнектен жарды көрейін.
Тым құрса түнде бір көріп,
Сағыныш уы басылсын.
Мүсірке мені, нұр беріп,
Жарқ етіп көзім ашылсын.
Көрінді әне,— жатыр ол:
Жалаңаш балтыр, төс қандай!
Қарашы, мені шақырды ол,
Эндимион сені тосқандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу