Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  90


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ТОРҒАЙ ЖҰЛДЫЗЫ

(Ғазиза Жұмекеноваға)
Аңсап ем көптен бері сұлу әнді,
Сұлу ән!
Қалай-қалай құбылады!..
Ақ басты Алатаудың тас жүрегі,
Сол сазға елтігендей жылынады.
Естімей қайда жүргем... Ғазиза әні!
Тербеді-ау бір тәтті күй әзіз жанды!
Арқадан Алматыға жеттің бе ұшып!?
Бозторғай мекендеген жазираны.
Шолпыңыз шолжаңдай ма,
Сыңғырлай ма?
Гауһар шоқ маңдайдағы –
Күнді ұрлай ма!..
Ақын ағаң барғанда ауылыңның,
Алты ауыз әнін салмай –
Жүрдің қайда?
Жүрдің бе,
Қыз ұзатқан қызғын тойда,
Қызығы қызғын тойдың әлі де ойда.
Аққу құс:
Аспан көркі,
Көл еркесі,
Көл көрсе,
Аққу көңілі бұзылмай ма?
Əн шіркін...
Аңсататын кәусар бұлақ,
Шөліңді қандыратын шыңнан құлап.
Арқаның асқақ әнін сағынғанда,
Осылай ән салып жүр «Ләйлім-шырақ!»
Көмейден күй төге ме,
Бұлбұлың бал,
Үніңе түнде оянып,
Гүл жылынар.
Торғайдың аспанында арман бар ма,
Осындай –
Жанып тұрған жұлдызы бар!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу