Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  51


Автор: Ұлықбек Есдәулет

БАЛҚАРАҒАЙ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Қылқанды бұтақтары қарқарадай,
Қасқайып қабақта тұр балқарағай.
Басында жаңғақ қағып бiр бала отыр,
Төменге әлсiн-әлсiн қорқа қарай.
Топырлап түсiп жатыр жаңғақтары,
Бар шығар қорғасындай салмақтары.
Қарық боп көзi тұнды сол баланың,
Құмарлық ешнәрсенi аңдатпады.
Жаңғақты болар көздiң құрты деуге,
Мiнiп ап бiр бұтақты сiлкiгенде,
Шарт етiп сынып кеттi iлкi демде
Салмақ па, әлде тағдыр ырқымен бе?
Құлады жерге қарай зулап бала,
Көрген жұрт тұрып қалды шулап қана.
Ешбiрi тырп ете алмай қалды сасып
Жаңғақты мақтағандар қу жақтана.
Құлады бала сол бiр қилы шақта,
Тағдыры сыяр ма оның жыр кiтапқа?
Зымырап жерге жете берген кезде,
Iлiнiп қалды бала бiр бұтаққа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу