Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  92


Автор: Жанат Әскербекқызы

Жарлауға біткен жалғыз тал...

Жарлауға біткен жалғыз тал,
Жабықпағы ызғардан.
Жадырауы нұрдан-ды,
Тітіркенуі бойынан –
Тамырында сыз қалған.
Бақ болар нұры бұлданды.
Көктеуге ынтық бұтағы
Бұғынған бүрін аша алмай,
Тіршілік лебін шаша алмай,
Ап-ауыр ойдан бас алмай,
Теңселді... сосын тұлданды.
Төбеде – аспан күңіреніп,
Төменде өзен тебіреніп,
Тамырымен тал ырғалды,
Түңіліп сайқал жалғаннан,
Күдерін үзіп таңдардан,
Ажал алдына мың барды,
Ажалдан қапы мың қалды...


...Жарлауға өскен жалғыз тал,
Қайтейін, мен де жалғызбын.
Жабығып жүрмін жатырқап
Шалабын жұтып сары күздің.
Бал жұтып едім тәтті деп,
Дәру боп жанға батты деп,
Таңдайға у боп татыды,
Дертті етіп кетті ақыры,
Тәңіріне мұңын шағып жүр,
Жалғанның шерлі ақыны...
Шыңырауда тұнған ой-тұмам,
Лайлар екен қай күнәм?!
...Сүйеуге сені жоқ шамам,
Жарлауға біткен бейкүнәм!!!



25.06.96. Өскемен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу