Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  220


Автор: Есләм Зікібаев

Мен өлем, сен де өлесің, ол да өледі

Мен өлем, сен де өлесің, ол да өледі
Мəпелеп көмесіңдер көрге мені
Өлмей-ақ жүре тұрсам дей береді
Көңілдің құйқылжытып көк дөненін.
Мен де өлем, сен де өлерсің, ол да өледі,
Өлім хақ, келмесін тек көлденеңі.
Жер – біреу, аспан – біреу, қайда сыяр
Шайтан болып кетпей ме өлмегені.
Тағдырдың шырқ айналып дөңгелегі
Бұлдырап көз алдымда дөңгеледі.
Қадалды жүрегіме шоңайнадай
Уақыттың шөгірі мені шөңгелері.
Білдірмей мұң-шерімді реңімнен
Ішім жылап, сыртымнан күлемін мен.
Алмағайып күндерде мидан емес,
Кетсем деймін бір демде жүрегімнен.
Туу, өлу – заңдылық, əлем ісі,
Жүре-жүре бітеді жан өрісі.
Əйтеуір бір ақыры барын біліп
Болса дейсің оның да əдемісі.
Өмірдің өрі бар, бар еңісі,
Туу, өлу – заңдылық əлем ісі.
Жүре бара тарылар жан өрісі,
Бəріне де əзірсің,
тек əйтеуір
Болса дейсің өлімнің де əдемісі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу