Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  142


Автор: Есләм Зікібаев

АТАҢДЫ, ҚҰЛЫНЫМ, КҮТІП АЛ

Қызығың шығып,
Қылығың ашылып үлгермей,
Тосыннан жеткен ғаламат болды бұл нендей?
Қырық күн тұрмай бақилық ғұмыр кешкенің –
Қырқыңнан енді шығарамыз деп жүргенде.
Арман-ай, арман –
Арымайтұғын тепең көк
Əне де міне,
Əне де міне...
Жетем деп,
Қуып жүргенің қалыңнан қашқан түлкідей
Кете береді,
Кете береді бекер боп.
Кете бардың-ау көгі – көк қалпы, ағың – ақ,
Жаралған қалпы періште кейпі, жаның пəк.
Арамдығы жоқ,
Жамандығы жоқ пендеге
Əкең мен анаң, ағаларың қалды аңырап.
Бауырымыз бар деп алыста жүрген қос тəтең,
Жанын беретін, жанын ап.
Екі атаң менен екі əжең əне езіліп,
Егіліп отыр,
Күле алар қалай жадырап?
Ағаларының артынан ерер аппағым,
Күн өткен сайын талпына берер аппағым!
Бəрінің бүгін көңілін жебеп көтерер
Сөз іздеп едім,
Қиналдым...
Бірақ таппадым,
Қуантып келіп,
Суалтып кетті аппағым.
Арман, тірлікті айтушы-ақ едік егіз деп,
Тіршілік – думан көрінетұғын теңіз боп.
Тау ішіндегі тұнжырау баққа, құлыным,
Сағынған шақта барармыз талай сені іздеп.
Алаламайтын жақынды, досты, қасты да,
Періште күйі Тəңірім өзі тосты ма?
Үф еткен желден, күмп еткен жерден сақтаушы ек,
Қалай қиямыз қара жер, қардың астына?!.
Қырық күндік ғұмыр – сен ала алмаған қайқаңдай,
Қас қағым сəт пе, өте шыққаны-ай байқалмай.
Көріндің дағы, өң менен түстей жоқ болдың –
Ата, əже деп, папа, мама деп айта алмай.
Қаптады-ау көп ой,
Атпады-ау ұзақ таңым да,
Сəуле сезім-ай айналған аппақ сағымға,
Көрсетпей кетті ізі-түзін де, шаңын да...
Егіліп қалған көңілімді кім көтерер
Жүрегім жара, еңсем езілген шағымда.
Сендер бар кезде кетпейтұғындай мазам көп,
Жайнап жүрсеңдер, көңілім жүдеп, азар ма ед?
Үлгермей қалдым құрбаның болып кетуге,
Қашан ойладым азалы өлең жазам деп.
Жерге əкетті ме, көкке əкетті ме самұрық,
Жоқтығыңды енді мойындағандай жан ұғып.
Іздесек-тағы таппайтынымызды сабылып
Біліп отырмыз, атаңның, Тəңірім, орнына
Сəби қалпыңда сені алып кетті жаңылып.
Өзің жатыр деп, сезіп жатыр деп біздерді,
Мүлгіген баққа мүжіліп қалып сені іздеп,
Едіге бар деп келіп тұрамыз сағынып.
Фəни жалғанның құты бар, кейде жұты бар,
Жарқырай бермес,
Менің де Күнім тұтылар.
«Үш күн өткен соң көрге де үйренер» деген бар,
Оған дейін ғой торқалы жерде жата тұр,
Өлмеген пенде жүре береді шерменде,
Уақыты жетіп ажал-аждаһа келгенде,
Алдынан шық та атаңды, құлыным, күтіп ал!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу