Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  83


Автор: Бауыржан Үсенов

ҚҰШАҒЫҢА АҒАЙЫН ЖҰЛДЫЗ БОЛЫП...

Ғашықтарда қалайша болсын айып,
Төреші ғып кімді енді, жөн сұрайық.
Болмашыға келіспей екі жерде,
Қиратардай отырмыз томсырайып.
Қуат алып сендегі от еріннен,
Мен бақыттың шыңына көтерілгем.
Иілгім кеп тұрса да қыңыр мінез
Кері тартып отыр ғой етегімнен.
Аяулым-ау, ақ құсым алтын қанат,
Қажытпашы жанымды, салқын қарап.
Тып-тыныш көл бетінде дауылсыз-ақ,
Сенсіз менің қайығым қалтылдамақ.
Уәж айтып Арман тұр күлісі – елес ,
Арандатар ойға әкеп ұрыс, егес.
Айыпты мен, бірақ та байыпташы,
Сенікі де сәл-пәлдеу дұрыс емес.
Мінезімді содан соң сен ретте,
Өзіңді де, мені де еңіретпе.
Жанбай жатып бықсыған махаббаттар:
Онсыз да аз боп жатқан жоқ төңіректе.
Қалай кетпек дауысым желге адасып.
Жалған емес жан сырым келген ашып.
Күлші, қалқам, керімсал құшағыңа
Жұлдыз болып ағайын жерге ғашық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу